Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Болған оқиға 6118 0 пікір 7 Қараша, 2014 сағат 11:56

М.Қойгелдиев: Бұл кітап Шыңжаң тарихынан сыр шертеді

«Қыс артында көктем бар» атты бұл кітап ХХ ғасырдың 60-шы жылдары Қытайда болған мәдени революция кезінде құқықтық тұрғыдан ешқандай негізсіз сүргінге ұшыраған, сөйтіп жиырма жасында түрмеге түсіп, өмірінің 17 жылын абақтыда өткізген қазақ жігіті Жұмабек Өсерұлының аянышты тағдырын баяндайтын өмірдеректік естелік.

Кітапты оқи отырып өткен ғасырда отарлық бұғаудағы қазақ халқының басынан кешірген қасіретті тарихтың куәсі болып, Кеңестер Одағы құрамындағы Қазақстан жерінде және Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесінде орын алған қанды оқиғалардың ортасында жүргендей әсер аласыз.

Респонденттің әке-шешесі ағайын-туғандарымен бірге Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданынан 1928 жылы Кеңестік билік тарапынан көрсетілген күштеп ұжымдастыру кезіндегі зорлық-зомбылыққа шыдай алмай, көрші Қытай еліне бас сауғалай қашады. Шекарадан өтерде көптеген туыстарынан және барлық малдарынан айырылады. Аман қалғандары Қытай қазақтарының арасына барып паналайды. 1939 жылы 7-ші қарашада Жұмабек Өсерұлы өмірге келеді.

1949 жылы бастауыш мектепке барып, оны бітірген соң Алтай қаласында орта мектепте білімін жалғастырады. Көзі ашық жігіт жергілікті халық үкіметі мекемесінде қызмет істей жүріп, өзіндей оқыған зиялы жастармен пікірлес болып, мәдени революция әкелген келеңсіздіктердің салдарынан елдің басына түскен ауыртпалықтарды жеңілдету үшін үн көтеріп, жергілікті билікті сынап, жоғарыға арыз жазады. бұл кезде мәдени революция тудырған зор секіріс саясаты салдарынан Қытайда аштық болып, ел экономикасы күйзеліске ұшыраған халде болды. Бір кездері әке-шешесі қашып құтылмақ болған 1928 жылғы кеңес еліндегі солақай саясат тудырған зұлмат 1958 жылы Қытай Халық Республиксында асқан жауыздықпен қайталанып, 1962 жылы еркін ойлы Жұмабек Өсерұлы бір ауыз сөзі үшін оның құрбаны болады.

Мал-мүлкі таланып, өздерінің басына қауіп төнген Қаба ауданының 500-ге жуық қазақтары 1958-62 жылдары көтеріліске шығады. Бірақ көтеріліс аяусыз басып жаншылады. Өлтіргенін өлтіріп, тірі қалғандарын түрмеге жабады.

Жұмабек Өсерұлы бұл көтеріліске қатыспаса да әділетсіздікке қарсы көзқараста болады.  Ол өзінің тергеу кезінде берген жауабында: «Мен болашаққа сенемін, ұлттар ынтымағын сүйемін. Ұлтаралық араздықтың басты себебі бір ұлттың бір ұлтты кемсітуі болып табылады. Ал, өз ұлтым, қазақ халқы туралы айтар болсам, оның біртұтас Республика болу арманы меніңше ешкімді таңдандырмауға тиісті», – деп ашық пікір білдіреді. Осы сөзі үшін 1962 жылы айыпты деп танылып, абақтыға аттандырылады. 1972 жылдың қазанында саясаттағы жылымық әсерінен партиялық рақымшылық жарияланып түрмеден шартты түрде сыртқа шығарылады. Мал бағып, егін егіп еңбекпен жазасын өтейді. Құқығы шектеліп, айдауда болады. 1979 жылы мүлдем босап шығады. Сөйтіп ол үшін қуғын-сүргін 1981 жылы ақталады. Осыдан кейін ел қатарлы өмір сүріп, үйленіп бала сүйіп, ұстаздық қызметін жалғастырады. 2000 жылы атажұрт Қазақстанға келеді. Тәуелсіз Отанға оралған сәтіндегі көңіл-күйін ол: «Ұрпағыңды алып келдім, атамекен!», – деген бір ауыз сөзбен білдіреді.

Осының бәрі Жұмабек Өсерұлының асқақ рухты, жігері жасымаған, елін, жерін сүйген ұлтжанды адам екендігін аңғартса керек. Ол сонымен бірге абақты азабының сан қилы қорлығына мойымай, адами қасиеттерін жоғалтпай, неше түрлі ерлік үлгісін көрсеткен ұйғыр, дүнген, қытай, орыс достарының қандай болғандығын, интернационалистік көзқараспен сипаттап береді.

Кітап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығында даярланды. Жұмабек Өсерұлынан сұхбат алған орталықтың ғылыми қызметкері Әлия Болатхан, Жұмекеңнің магистранттармен кездесуін ұйымдастырған т.ғ.к Шәмек Тілеубаев.

«Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, т.ғ.д., М.Қ.Қойгелдиев

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 324
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 162
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 168
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 166