Жұма, 17 Мамыр 2024
Өмірдің өзі 7137 0 пікір 16 Қараша, 2014 сағат 08:36

Бақыт Байтыбаева. БІЗДІҢ КӨРШІЛЕР

Бақыт Байтыбаева. Біздің көршілер

(Әңгіме)

Көршілер, жалпы қызық адамдар ғой. Туыстай болып, арасына қыл өтпейтін көршілер болады. Арасына тегене-табақ жүгіріп тұратын көршілер болады. Қыз алысып, қыз беріскен көршілер болады. Араздасып, дүрдараз боп жүретін көршілер болады. Жүз шайысып, бір-бірін көрместей боп, түтігіп жүретін көршілер болады. Мейрам –тойда төрге шапшып шығып, сөз бермейтін көршілер болады. Кісі-қара жиналғанда, көмектесіп, қалбалақтап, жүгіріп жүретін көршілер болады. Қайта-қайта қарыз ақша сұрап, мазаны ала беретін көршілер болады. Есіктен сығалап, әр нәрсені бір сұрамшақтанып жүретін көршілер болады. Бір мәшине шөп артық әкелсе, көре алмастай, қызғаныштан күйіп жүретін көршілер болады. Арақ-шарапты бөлісіп ішпесе, ас батпайтын көршілер болады. Ауласындағы анау-мынау жұмыстарға қолқабыс тигізбесе, өмірін бос өткізгендей көретін көршілер болады. Айналасындағы үйлердің ірілі-ұсақты малдарын ені-түсіне дейін танып, басы ауған жаққа қайқайып кетіп бара жатқан жағынан кері бұрып, ауласына дейін жеткізіп салатын көршілер болады. Қазанына бір шөкім ет түсіп кетсе, маңайдағыларды шақырғысы келіп тұратын көршілер болады. Ат-тонын ала қашып, сәлем беруге ерініп, қайқаң қағып өте шығатын көршілер болады. Құрғақ сөзді сапырып, ши басын сындырмайтын көршілер болады. Әр нәрсені сылтауратып, өсек сөзді сапыру үшін кіріп-шығатын көршілер болады. Бір көргенін жаттап алып, қайта-қайта қақсай беретін көршілер болады. Жақсысын сәл жасырыңқырап, жаманын сәл асырыңқырап ел-жұртқа жария салып жүретін көршілер болады. Сәресін өз үйінде емес, көршінің үйінде ішетін көршілер болады. Көршінің үстінен жаңа бұйым көрсе, көрімдік бергісі келіп тұратын көршілер болады. Енесін жамандағысы келіп тұратын көршілер болады. Келінін мақтағысы келіп тұратын көршілер болады. Көршінің жетіп қалған балаларына қарап, «шіркін-ай» деп тамсанатын көршілер болады. Көршінің жетіп қалған балаларына қарап, қызғаныштан долданып жүретін көршілер болады. Шуылдаған балаларды үйіне шақырып, сүзбе-құрт, кәмпит үлестіретін көршілер болады. Ауласына кіріп кеткен балаларды сықпыртып қуып шығатын көршілер болады. «Атаңа айта бар» деп, ұрты томпиған балаға құрдастық қиқар сөздерді жаттатқызып жіберетін көршілер болады. «Сенің қызың менің ұлыма лайық емес» деп, қырсығатын көршілер болады. «Сенің ұлың менің қызымның бұрымына да татымайды» деп, жауап қайтаратын көршілер де болады. Ауласына кіріп кеткен ұсақ малды табан астында сойып, жеп алатын көршілер болады. Қақпасына сүйкеніп тұрған ірі малды қас қарая жоқ қылатын көршілер болады. Біреудің ауласында жайылып тұрған киім-кешекті көз ала бере, көтеріп кететін көршілер болады. Алысқа кетсе, үйдің кілтін тапсырып кететін көршілер болады. Төркіндеп бара жатса, байының аш қалмауын өтініп, қадағалап тапсырып кететін көршілер болады. Іссапарлап бара жатса, бала-шағасының аман-саулығына қарап тұруды сұрап кететін көршілер болады. Ауруханаға жатып қалса, малымды сен жайғай сал деп, сенетін көршілер болады. Қолым тимейді, жемістерді іс қыларсың деп, бақшасына кіргізіп жіберетін көршілер болады. Соғым сойылса, ішек-қарынға ие болғысы келіп тұратын көршілер болады. Балама қарай салыңыз деп, жұмысына алаңсыз кете беретін көршілер болады. «Біздім үйде сіздің ат, біздің ұнды жеп қойды» деп, шағым айта келетін көршілер болады. Өнім көп шықты, сен алмасаң обал болады деп, ауласына үйіп-төгіп тастап кететін көршілер болады. Көрші жұбайының кәртөпке жерік болғанын естіп, тұқымдыққа қойған кәртөбін, бір түйірін өзіне қалдырмастан түбімен қопарып, апарып тастайтын көршілер болады. Алғысы келіп тұратын көршілер болады. Бергісі келіп тұратын көршілер болады. Біреудің алғанын, біреудің бергенін түгендеп жүретін көршілер болады. Алған нәрсесін қайтарғысы келмейтін көршілер болады. Берген нәрсесін ұмытып кететін көршілер болады.

Алған демекші алғысы келіп тұратын біздің бір-екі көршіміз болған. Алғанда сұрап алса жарайды-ау. Үлкендер жұмыста, балалар сабақта жүргенде, аулаға емін-еркін кіріп, қалағанын алып кете бергенді ұнататыны сондай, отыз жылдан астам көрші болғанда, оларға қой деген біз болмадық, осы алғаным да жетер деген олар болмады. Амандық-саулық түзу болсын деп, бет-жүз шайыспадық. Біз деп отырғаным, әке-шешем. Тек, бақшаны таптап, отап кететіндері жанға бататын. Әлдебір әңгіме қозғала қалғанда, балаларға айтшы, помидордың сабағын үзбей, қиярдың жапырақтарын жапырмай, алманың бұтақтарын сындырмай, малинаның жемістерін мыжғыламай, қарақатты жаныштамай алсын. Бәрі оталып қалса, келесі жылы нені жейміз, дегені бар мамамның сол көрші апайға. Содан бері помидордың сабағы үзілмеді, қиярдың жапырағы жапырылмады, алманың бұталары сынбады, малинаның жемістері мыжғыланбады, қарақат жанышталмады. Ал, кәртөп күзге таман жүйелі түрде қопарыла берді. Ұсақтау шыққан жылы үш-төрт түп қопарылып қалады. Ірі шыққан жылы бір түп те жететін болу керек. Мал жайғап болғаннан кейін, жағатындарың деп әкемнің үйіп қоятын тезек-қиларына да оқтын- оқтын шабуыл жасалып тұрады. Әкем әдетінше: «ой, әкең» дейді де қояды. Мамам сабыр сақтап: «Алатын болсаңдар, шетін кертпей, сындырмай, ұнтақтап, көңге айналдырмай алыңдар» дейді. Шеттері кертілмейтін, сынып, көңге айналмайтын болды. Әкем құрылыста болғасын, аулада төбе-төбе болып ағаш жиналып қалады күз кезінде. Жазғы тұрым, сол төбе-төбе үйілген ағаштар сидиып-сидиып, жетімсіреп қалады. Келесі жылы тағы сол. Одан арғы жылы да. Одан арғысының арғы жылы да. Иттердің бірі қартайып, бірін атып, енді бірі ұрланып жатты. Олардан қалған үйшікке жаңадан әкелген күшіктер иелік етті. Ауладағы бар дүние тасылып жатты. Үй иелері келгенде иттер құйрықтарын бұлғаңдатып қарсы алады. Шәуілдеп жүріп, үйілген отынның, ағаштардың, шөп қораның маңайына ертіп барады. Кінәміз жоқ дегендей біртүрлі жүзбен қарап, көрші үйдің терезін көрсетіп, үріп-үріп қояды.

Үлкендердің үлкен дүниелерін әкетіп жатса, біздердің, балалардың ойыншықтары да тасылып жатты. Жұмысында берілетін сыйақыны алған сайын мамам дүкеннен құшақ-құшақ етіп ойыншықтар әкеледі. Ай соңында соның бәрі көршінің ауласында жатады. Моншақтарым да, кітаптарым да, қуыршақтарым да, басқалары да.

Ақыл кіре бастады-ау деймін, әлде, жалықты ма, әкем жұмысқа кетерде қораға құлып салатынды шығарды. Енді тауық, жұмыртқа, қыстан қалған етік-пималар, айыр- күректер, тырнауыштар мен орақ-балғалар аман қалатын болды. Ағаштар сол кеткенімен кетіп жатты. Шөпті біздің мал көршінің малымен бөлісті. Қи-тезек жиналатын қораға да ілгек ілінді. Оған пысқырған көрші болмады, тышқаннан бетер бір шеті кертіліп жатты. Сөйтіп, алған бағытынан бір мысқал да ауытқымай, тасымал қызметі жалғасып жатты. Үйелмелі-сүйелмелі оншақты баланың алды жетіліп, бірі оқуға кетіп, бірі тұрмыс құрып, бірі қызметке тұра бастағанда, қи-тезек тасу тыйылып, кәртөп қазылуын қойып, бақшаға шабуыл бәсеңсіді.

Тағы бір бас ауру - көмір мәселесі болды. Қыс қатты болғасын, алты-жеті тонна көмір түсіртеді әр жылы. Бала күнімізде сол көмір аулада, қарда көміліп жата беретін. Күн санап кеміп бара жатқанын көріп, әкеміз көмірді ауланың бұрышына қарай ығыстырды. Көмір алған бетінен қайтпай, кемігенін жалғастыра берді. Қақаған қыста құрылыс салып жүретін әкемнің денсаулығы сыр берді. Әкелген алты-жеті тонна көмірді екі үйге бөлісу қиын екен. Оған тағы бір-екі тонна қосылады. Бір кеште аулаға ескі автобустың қаңқасы келді. Есік-терезелерінен айырылған, доңғалақтары айдалаға қаңғып кеткен, түр-түсінің қандай болғаны белгісіз, жауын астында әбден дірдектеп, таттың дәмін тата бастаған, кезіндегі автобустың қаңқасы. Ауланың бір қуысына орналасты. Бұрынғы терезе болған қуыстарға тақтай жапсырылды. Қар астында жатып әбден жаман үйреніп қалған көмір сол қаңқаға кіргісі келмей, әрең көнді. Аула тазарып қалды. Одан сайын тазарта түсейін дегендей, күнде қар жауады. Қар лақтырысып, қармен атысып, қар шығарып, біздер, балалар мәре- сәреміз.

Бірде, таңертең ұйқымыз ашылмай, аулаға шықсақ, көмір қора жақтан ұзыннан-ұзақ, жіп-жіңішке болып созылған, қар үстіндегі қап-қара ізді көрдік. Із ешқайда бұрылмастан, тұп-тура көршінің ауласына кіріп, жоқ болады. Қар жауғанын тоқтатпады. Бір рет пайда болған із де өз дегенінен қайтпай, күнде бізді есік алдында қарсы алатын болды. Түн аязды болғандықтан, қара төбетіміз шөпке кіріп алып, жылынып қалғып кететін болса керек. Әкемнің амалы таусылды. Қара төбет соны сезді білем, жылы орнын көмір қораға ауыстырды. Басталғанына біраз жылдар болып қалған қызық сол кезде жалғасты.

Таңертең әкем далаға шықса, жаңа жауған қардың үстіндегі адамның ізін көреді. Оның қасында еріп бара жатқан төбеттің іздері. Жіп-жіңішке болып сыздықтап кетіп бара жатқан көмірдің ізі байқалмайды. «Бұ қалай?» деп ойланып болғанша, екі үйдің, тойыс, екі ауланың арасын бөліп тұрған шағын торшаның артынан, ноғай ма, шала қазақ па, әйтеуір тілін шайнап па, бұрып па сөйлейтін, көрші, Кәрима апайдың ащы үні шығады:

- Шөңғали, әй Шөңғали... әлде қайда, айтам қайда... шелектер қайда... әпер қайда...

Көрші апайдың не айтқанын ұқпай, әкем аң-таң. Көрші апай қолдарын ербеңдетіп, көмір қора жақты көрсетіп тұр.

Дүние төңкеріліп жатыр десе де, аяқтарын асықпай басатын әкеміз аяңдап көмір қора жаққа барса... түнде жауған қардың бетінен шалқалай құлаған адам денесінің бастырылып қалған ізін көреді. Және оны маңайлап жүгірген төбеттің іздері. «Мені көріңдер» дегендей екі шелек тұр міз бақпай көмір қораның тап алдында. Біріне жартылай көмір салыныпты. Екіншісі бос. Мәселенің мән-жайы түсінікті бола бастады. Шөп арасындағы жылы орнын көмірдің үстіне ауыстырған төбетіміздің ұйқысын бөлген түнгі қонақ онша ұнамаса керек. «Мынау қайсың-ей? деп жөн сұраспақ болып, арс ете түскенде, көрші, Кәрима апай серектей құлапты. Қанша айтқанмен, күнде көріп жүрген жүз таныс көрші ғой, бетін жалап, есін кіргізіп, әйел адамға түнде жалғыз жүрген жарамас деп, ауласына дейін шығарып салыпты. Әкемнің мырс етіп күліп жібергенін көріп, көрші апай әдетінше, шала қазақша, шала бірдемеше бастырмалата жөнеледі:

- Шөңғали дейм, әй, Шөңғали, итің қайда... байламайсың қайда... Жүрегім ұшты қайда... өле жаздадым қайда... итің бетімді жалады қайда... шелектерді әпер қайда...

Құдайы көрші ғой, әкеміз шелектерді толтырып көмір салып, көрші апайдың қолына ұстатады. Түндегі адал қызметінің бұлай жалғасқанын көрген төбет иесіне бір қарап, көрші апайға бір үріп, түкке түсінбесе керек.

Ағаш жонудың шебері ғой, әкеміз жұмыстан келісімен, балта, шапқысын алып, жіңішке ағаштардан жонып, кертіп, бір-біріне қиыстырып, шегелеп, қағып, қара төбетіміздің бойынан сәл асатындай қоршау-қақпа жасап қойды. Оған ұсақ-түйек жиналатын қораның сөресінде есінеп жатқан қара құлып ілінді. Әкем өз-өзіне риза. Әкемнің шеберлігін көріп, мамам риза. Енді аулаға жаңа жауған қардың сәнін ешқандай қара із бүлдірмейді. Оның есесіне...

Таңғы алтыда аулаға шыққан әкемді көрші ауладан шыққан, Кәрима апайдың ащы дауысы күтіп алды:

- Шөңғали дейм, әй, Шөңғали... қақпа қойдың қайда... айтпадың қайда...... пәлтөмді жыртты қайда... жерси пәлтө қайда... наным кетті қайда... айтам қайда, күлме қайда... пәлтом жыртты қайда...

Әкем күле жүріп, көмір қора жаққа барса, кешегі жасап қойған аласа қақпа-қоршау ағаштарының бірінің үстінде желбіреп тұрған көрші апайдың пәлтөсінің етегін көреді. Келген жанға кісімісің деп қарамастан, қара төбетіміз мызғымастан жата берсе керек. Шаруаны енді қақпа-қоршау ағаштары тындырыпты. Екі шелек үйреншікті орнында тұр міз бақпай. Іштері бос. Онсыз да кетік күрек жартылай сынып жатыр жерде.

Қанша айтқанмен бәлен жыл іргелес болған, алаған болғанымен, жау шапты деп аттандайтындай анау-мынау жат қылықтары жоқ көрші ғой. Әкем шелектерге көмірді толтыра салып, Кәрима апайдың ауласына қояды.

- Пәлтөм төлейсің қайда... Жерси пәлтөм қайда... Жиырма жыл болд қайда...

Ықылық ата күлген әкеміз, малақайын басына қисайта киіп, дипломатиялық ұсыныс жасайды:

- Өй, әкең... Көмірді төгіп, шелектерді бері әпкел. Тағы салып берейін.

Көмір шелектер екі аула арасында әрлі-берлі жүгіріскеннен кейін, пәлтө дауы шешілді...

Әттең, өмірдің заңы ғой, ауылды, ауланы, қырық жылдай сырына да, жырына да қанық көршілерді қимаса та, дәм бұйыртып, басқа ауданда тұратын апайым қолына көшіріп алды кәрі шешемізді. Біз көшіп бара жатқанда, әкемнің азан шақырып қойған «Үсенғали» атын қашанда «Шөңғали» деп атайтын Кәрима апай қатты сырқаттанғанына қарамастан, таяғына сүйеніп, аяқтарын әрең деп басып келіп, қақпаға кіруге шамасы келмей, иектері кемсеңдеп «Жолдарың болсынды» айтып, шығарып салды.

Қылықтары қабақ шытқызардай болса да, уақыт өте келе, күліп еске алғызатындай көршілердің болғаны жақсы-ақ.

Көршілеріңіз аман жүрсін.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2124
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2534
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2264
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1641