Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4072 0 пікір 17 Қараша, 2014 сағат 09:29

Астаналық азаматтар «ЕЛ»-ге жиналды

Астанада бір топ азамат бас қосып, елдік деңгейдегі мәселелерді қарауға ыңғайлы ақылдасу алаңын жасақтауға кірісті.

Жаңа клуб - "ЕЛ" ұлттық жобалар орталығы өзінің аса күрделі әрі мемлекеттік деңгейдегі "Әлеуметтік-демографиялық даму жобасын" ортаға салып сараптады. "Жерұйық" аталған жоба елдегі басты үш мәселені шешуге бағытталған: аумақтардың мешеулігі мен жапандалуды еңсеру, әлеуметтік босқындықты жою, баспанасыздық пен жұмыссыздықты заманауи ауылдар мен кенттер салумен азайту. Жобада теміржолдар мен тасжолдар бойы, экологиялық таза әрі адамсыраған аумақтарға салынатын жаңа мекендерге әлеуметтік-экономикалық еркін аймақ мәртебесін беру арқылы әлеуметтік-демографиялық мәселені шешу және шетелдегі қазақтарды келтіру жағдайы қарастырылған.

Клуб отырысына қатысқан экономистер Жангелді Шымшық пен Марат Уатқан, бизнесмен Азат Кәрім, экс-сенатор Уәлихан Қайсар, журналистер Надырбеков Жұмакелді, Жұмамұрат Шәмші мен Мәди Манатбек, жазушы Болат Төлепберген, Желтоқсан оқиғасының ардагері, дизайнер Жанатбек Жақып және Рахат Икибаев, Серік Ерғали жобаны одан әрі үш бағыт бойынша: саяси құрылымдар назарына салу, ғылыми ортада жетілдіру және практикалық үлгісін жүзеге асыру жөніндегі шешім қабылдады.

Ж.Надырбеков аталмыш жоба туралы ел басшысы құлағдар болып, мемелкеттік деңгейде қолға алынуы керек деген уәжін айтты. Экономист Марат Уатқан «бұл жоба идея түрінде керемет, алайда бұны жүзеге асыру базисі, яғни меншік үлгісі Қазақстанда жеткіліксіз, бұған муниципалдық меншік елде енгізілмейінші бұл жобаның жолы болуы қиын» деді. Өз кезегінде астаналық Экономика институтының директоры Ж.Шымшық жобаның уақыт талабына қажеттігі мен маңызын айта келе, бұл бастама ғылыми түрде сарапталып, ресми билік тіліне көшірілуі керектігін және бұған кемі 2 жыл кететінін айтты. Р. Икибаев өз пікірімен қарсы тұрып, «көз – қорқақ, қол – батыр» дей келіп, қазірдің өзінде бір топ азамат Астанада Тұрғын-үй құрылыс кооперативін құрып, оған жер алғандығын, көпқабатты үй салуға кірісетіндіктерін, қажет болса, мұндай заңды формамен басқасын да ұйымдастыруға болатынын және аталмыш жобаның үлгісін осындай жолмен бастай беру қажеттігін жеткізді.

Жобаны талқылау барысында оны үш бағытта: саяси және ғылыми, сондай-ақ практикалық үлгісін қолға алу арқылы іске кірісе беру қажеттігі турасында шешім қабылданды.
"Ел" орталығын одан әрі жаңа жобаларды талдау мен пісіру арқылы жандандыру турасында ұсыныстар білдірілді.

«Абай-ақпарат»

ЖОБАНЫҢ МҰРАТЫ (МИССИЯСЫ):

ҚАЗАҚСТАНДА ЗАМАНАУИ АУЫЛДАР МЕН КЕНТТЕР ҮЛГІСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ.

ЖОБАНЫҢ МАЗМҰНЫ:

- Елде пайда болған стратегиялық жол-коммуникациялық инфрақұрылымды мемлекеттің әлеуметтік-демографиялық мәселесін шешудегі тетікке айналдыру;

- Теміржол мен тасжолдық күрежолдар бойындағы ауылдарды заман талабына сай кенттерге айналдыру немесе жаңа кенттер салу және оларды демографиялық орталықтар ету.

ЖОБА ШЕШЕТІН МӘСЕЛЕЛЕР:

1. Өзін өзі қамтитын жаңа ауыл-кенттер үлгісін дамыту арқылы Ауылға қатысты масылдық көзқарасты жою;

2. Ауылдар мен кенттерді алуан түрлі серіктестіктер мен шаруашылықтар шоғырының әлеуметтік-миграциялық көрінісіне айналдыру;

3. Қалалардағы баспанасыз әлеуметтік босқындар есебінен өзін өзі қамтитын ауылдық тұрғындар қалыптастыру;

4. Шетелдік қазақтарды келтірудің тиімді тетігін жүзеге асыру;

5. Қазақстандық мазмұндағы ауыл шаруашылық өнімдерін өндірудің алғышартын жасау;

6. Иен дала мен аумақтарды игеру – жапан кеңістікті мемлекеттендіру.

Жоба кентінің қысқаша сипаты:

- 1000-5000 тұрғындық кент;

- 1-3 орта мектеп;

- 2-10 балабақша;

- Жастарға арналған жатақхана;

- Балалар үйі;

- Қарттар үйі

- Аурухана;

- Орталық сумен, жылумен қамту;

- Мәдениет үйі;

- Стадион;

- Шаруашылықтар мен кәсіптер;

- Кәсіптер орталығы/Орта-техникалық колледж;

ЖОБАНЫҢ САТЫЛАРЫ:

1.ҚАНАТҚАҚТЫ ЖОБА РЕТІНДЕ АСТАНАНЫ АЙНАЛДЫРА 10 КЕНТ САЛУ НОБАЙЫН ҰСЫНУ;

2. ӨҢІРЛІК ДАМУ АГЕНТТІГІ АРҚЫЛЫ ЕЛ АУМАҒЫНДА 100 КЕНТ НОБАЙЫН ҚОЛДАУ ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ;

3.1000 КЕНТТІ ДАМЫТУ ҮШІН ЖЕРГІЛІКТІ ЖОБАНЫ ӨҢІРЛІК ДАМУ ОБЪЕКТІСІНЕ АЙНАЛДЫРУ.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1942
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2153
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1781
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1533