Сенбі, 11 Мамыр 2024
Дін 4754 0 пікір 19 Қараша, 2014 сағат 12:19

ҰЛТТЫ ДІН МЕН ДӘСТҮР САҚТАП ҚАЛАДЫ

Діни басқарманың Астанадағы ғимаратында жазушы, драматург, қоғам қайраткері, дін жанашыры Төлен Әбдік қонақта болды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен елдік мұрат, мұсылмандық өнеге, адамгершілік құндылық, дін мен дәстүр сабақтастығы жайлы әңгіме өрбітті.

Шағын салиқалы сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз. Мүфти-хазретке қоныс құтты болсын айта келген Төлен аға сөз бастады.

– Ержан бауырым, Елордаға келгендеріңіз құтты болсын. Мен ылғи айтып жүрем, мүфтият Астанада немесе Түркістанда орналасуы керек. Қоныс құтты болсын. Жас келсе, іске дейді. Жұмыстарыңызды байқап отырамын. Қозғалыс бар. Бастамаларыңыз да көңілге қонымды. Дін саласына өзіңіз секілді білікті жастар келіп жатыр. Бәрі баянды болсын. Біз әрқашан тілекшіміз ғой.

Бас мүфти: Рахмет, Төлен аға. Діни басқарманы Елордаға көшіру тарихи шешім болды. Өйткені, еліміз үшін маңызды шешімдер Елордада қабылданады. Бүкіл мешіттерді бір орталықтан басқару Діни басқармаға үшін тиімді. Парасатты пікірі мол өзіңіз секілді қолдаушысы көп Діни басқарма әрқашан қоғам үшін игі істерді атқара береді.

Т.Әбдік: Менің ойымша, дін қоғаммен бітеқайнасып дамуы тиіс. Оны қоғамнан бөліп алуға болмайды. Құдайға шүкір, біз кешегі Кеңес кезінде өмір сүрсек те иманымызды жоғалтпадық. Әкем мен шешем де бір Аллаға сыйынып, құлшылығын жасап келді. Ал енді дін ұстанған бүгінгі жастар неге қоғамнан алшақтауы тиіс? Ислам дінін намазбен, оразамен, қажылықпен, зекет берумен шектесек, мұнымыз дұрыс болмас. Ондай мұсылманды толық мұсылман деп айта алмаймын. Діннің қоғам үшін қаншама пайдалары көп. Өтірік айтпау, біреудің ақысын жемеу, жемқор болмау, әділдікті жақтау, ата-ананың сөзін екі етпеу, міне, біз осындай құндылықтарды қоғамға көбірек сіңдіруіміз керек.

Бас мүфти: Дұрыс айтасыз. Иманды қоғам құру үшін осындай ізгі амалдар жасалуы қажет. Қазір біз жастар арасында уағыз айтқанда осыған мән беріп жатырмыз. Діндар болып кету міндет емес. Иманды мұғалім сабағын дұрыс жүргізсе, иманды дәрігер адамдарға жаны ашып, денсаулығын түзесе, иманды басшы қарамағындағы қызметкерлерге әділдік жасаса, иманды құрылысшы шынайы жұмыс істесе, міне, сонда ғана біздің елдің игілігі үшін қызмет ететін жастар көбейеді. Студенттермен кездесулерімде оларға жиі айтамын: жақсы отбасы құруың, салиқалы ұрпақ тәрбиелеуің, терең білім алып, халыққа қызмет етуің, бойдағы жаман мінезден арылуың – жақсы мұсылман болғаның. Алла жолындағы күрес дегеніміз осы. Мұны түсінбейтін кейбір жастар надандықпен қолына қару алып, соқыр сенімге алданып жүр.

Т.Әбдік: Уағыз деп қалдыңыз. Имамдар мешіттегі уағыздарын қазіргі заманға лайықтап айтса. Аят-хадистің адам баласы үшін пайдасы ұшан-теңіз. Бірақ қазір ХХІ ғасырда өмір сүріп отырмыз. Адамдардың санасын баяғы құрғақ уағыздар өзгерте алмайды. Адамгершілік қасиеттерді көбірек уағыздасақ жақсы болар еді. Шетелдерге барғанымда адамдардың өздерін бақытты сезінбейтіндерін байқаймын. Неге? Қазір сананы тұрмыс билеген заман ғой. Адамгершілік қасиеттер үшінші, төртінші орынға қалдырылған қоғамда көптеген келеңсіз оқиғалар болады. Адамдар бір-біріне сенуден қалды. Әділдік, ар-ұят, намыс, ождан дейтін ұлы ұғымдардың қадірі қалмай барады. Адам дінге жүрегімен сенбей, ол баянды болмайды.

Мұқағали ақынның өлеңдері неге жүрек тербейді? Өйткені, ол өлеңді жүрегімен жазды. Өмір жайлы өлеңінде:  

«Өмір жайлы сұрай берме сен менен,

Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.

Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,

Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.

Жесір келін, бір нәресте көрмеген,

Жетім шалды бала орнына тербеген.

Өмір жайлы не түсінем мен деген...

Өмір жайлы сұрай берме сен менен...» дейді. Көрдіңіз бе, қандай әсерлі?!

Бас мүфти: Иә, қандай ғажап өлең десеңші. Имандылықты жырлаған Мұқағали өлеңдері ешқашан өлмейді. Ол ғасыр өтсе де мәнін жоймайды. Өйткені, дін – мәңгілік тақырып.

Төлен аға, жаңа айтқан сөзіңізде шетел деп қалдыңыз, Еуропада Ислам діні күннен-күнге дамып келе жатыр. Ислам адамдардың сана-сезімін, мінезін, қоғамға, дүниеге деген көзқарасын күрт өзгертті. «Ақылды адамның табан тірейтін жері – Ислам» деп орыстың әйгілі жазушысы Лев Толстой айтпақшы, қазір көкірек көзі ашық, саналы адамдар Исламды қабылдап қана қоймай, парыз амалдарын орындай бастады. Сөзіңіздің жаны бар. Дін – нәзік дүние. Дін сезімді, қызуқанды шешімді көтермейді. Ислам – ұстамдылық, байсалдылық, даналық діні. Дін ұстану қоғамда проблема тудырмауы тиіс. Керісінше, кеңшілік, кешірімділік, бауырмалдық қасиеттер көбірек көрініс табуы тиіс.

Т.Әбдік: Байқаймын, қазір дін мен дәстүрді жиі айтып жүрсіздер. Бұл бастамаларыңыз орынды. Ұлтты сақтап қалатын нәрсе осы дін мен дәстүр. Онсыз өркениет те, өрлеу де жоқ.

Бас мүфти: Біз өзімізді әлімсақтан мұсылман санайтын халықпыз ғой. Намаз оқу, ораза ұстау, айт намаздарын өтеу – бұрыннан келе жатқан, дәстүрге айналған діни рәсімдеріміз. Діннің астарында дәстүр, дәстүрдің негізі дінде жатыр. Халыққа осы қос ұғымды сіңдіру үшін дін мен дәстүрді жаңғырту жолын таңдадық. Дәстүрді бойына дарытпаған адам дінді де дұрыс ұстанып кетеді деп айта алмаймын. Дін – дәстүріміздің қорғаны. Имамдар үшін 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияладық.

Т.Әбдік: Бұларыңыз дұрыс болған екен. Адамның сүйенері тек бір Алла ғой. Айға ұшқан америкалық астрономның оқиғасы есіңізде шығар. Зымыраны істен шығып, әрі-бері жөндейді, болмайды. Жерге хабарласып, олардан көмек сұрайды. Жердегілер не жәрдем етсін?! Сөйтіп, амалы таусылып, түнімен Аллаға жалбарынады. Жаратушы Иеміз дұғасын қабыл етіп, ертесіне зымыраны іске қосылып кетеді. Міне, көрдіңіз бе, адам шынымен Құдайға жалбарынса, Алла бәрін береді. Өзім де мешітке жиі барам. Дұға етемін. Уақыт өте келе дұғамның қабыл болғанын байқаймын.

Бас мүфти: Сіз жазушылардың арасында беделі биік тұлғасыз. Қазіргі қаламгер ағаларымыздың арасында дінге деген бетбұрыс, көзқарас қалай?

Т.Әбдік: Менің Дархан дейтін журналист балам бар. Эфирге жиі шығып тұрады. Баламды теледидардан көрген замандастарым: «Ұлыңа сенің тәрбиең өтіп кеткен сияқты. Сақылдап тұр. Сөзі түзу, айтқаны көңілге қонымды», – деп жатады. Мен оларға: «Қойыңдаршы, кейде көп нәрсені мен одан үйреніп алған сияқтымын», – деймін. Рас, екеуміз көп нәрседе пікір таластырамыз. Мені бәрібір жеңеді. Көзі ашық. Шынында қазір үлкендерден қарағанда жастар дінге жақсы келіп жатыр. Біз әлі құлдық санадан арыла алмай келе жатқан буынбыз. Біздер, жазушылар бітпес дауды қуып, бір-бірімізбен дауласып, келіспей жатамыз. Бұл жастарға қандай өнеге береді? Оны көп ойламаймыз.

Бас мүфти: Иә, университет студенттерімен кездесіп тұрамын. Ойлары нық, пікірлері де дұрыс. Ойларын ашық айтады. Сауатты. Бұл – жақсылықтың көрінісі. Соған риза боламын.

Т.Әбдік: Өзіңіз де біз үшін жас жігітсіз. Жалпы тарихта әлемдегі дін қайраткерлері пендешілікке ұрынбай, қоғамның, мемлекеттің рухани көсемі болған. Қазақ жігіттері де осындай биік тұғырдан көрінуі тиіс. Мен осыны тілеймін. Дінді ешуақытта саясиландырмаңыздар. Дінді саясаттың құралына айналдыру дұрыс емес. Осыны ұмытпа, қарағым. Қанатың талмасың, жігерлі бол, бауырым.

 

ӘҢГІМЕДЕН КЕЙІНГІ ӘҢГІМЕ

Сұхбаттан соң, Төлен Әбдік ағаны үйіне шығарып салдық. Жолда кетіп бара жатып бізге: «Ержан баламның әңгімесі маған ұнады. Менің сөзімді қалай қабылдағанын білмеймін, бірақ оның айтқандары жүрегіме жетті, сөзі де өзі де ұнады. Беталысы жаман емес. Өркендерің өссін, айналайын», – деп батасын берді.

 

Жазып алған

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Баспасөз хатшысы.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1926
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2075
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1725
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1523