Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Көк тудың желбірегені 5882 0 пікір 9 Желтоқсан, 2014 сағат 21:14

«ҮКІМЕТ БІЗДІ ОРАЛМАН ДЕП ШЕТ ҚАҚПАСА БОЛДЫ...»

Ербосын Нұрмұханұлы – экономист, Қытай қазақтарындағы ең ірі “Жаңа әуен” концерттік компаниясының бас директоры. “Қаражорға” биін “Салкүрең” күйінің негізінде әнге бейімдеп, мәтінін жаздырып, осы бидің кеңінен танымал болуына мұрындық болған азамат. Қазақ руханиятының қамқоршысы.


Ол  Қазақ елініңдегі “Қазақконцерт” бірлестігі өнерпаздарының, “МузАРТ” пен “Шаншар” секілді көптеген өнер тобы мен театрлардың Қытай қазақтарына гастролдік сапарын ұйымдастырды. Сондай-ақ, Шәмші Қалдаяқов пен Мұқағали Мақатаевты еске алу кештерін қытай елінде өткізді. Оразәлі Досбосынов бастаған айтыскерлерді алыстағы ағайынмен қауыштырды.  Атақты «Ағажай» қойылымының сахналануында тізгінұстар болды. Айта кетерлігі, ол – «Қамшы» порталында жарияланған «Қазақ елі – 550 жыл» бәйгесінің Бас демеушілерінің бірі. Бүгінде атажұртқа оралып, еліме иненің жасуындай болса да үлес қоссам деп жүрген кішіпейл азаматпен сұхбаттасудың сәті түсіп еді.

– Ербосын мырза, Сіз Қытайдағы қандастарымызға табысты продюссер, тәжірибелі кәсіпкер ретінде таныссыз. Енді міне Атажұртқа оралып жатыр екенсіз. Мұндағы жұмыстарыңыздың аяқ алысы қалай?

– Рахмет. Қытайда негізінен концерттік бағдарлармалар ұйымдастырумен айналыстым. Ал елге келгеннен кейін де сол кәсібімнен алыстаған жоқпын. Концерт ұйымдастыру, концерттерге техникалық қызмет көрсету, Қытай мен Қазақ елі арасындағы мәдени байланыс сияқты үш салада еңбектеніп жатырмын. Әсіресе, елімізде өтіп жатқан үлкен деңгейдегі мерекелік шараларға, гала-концерттерге безендіру, шоу, акустика, LED экран бойынша ең жаңа техникалармен атсалысудамын.  Қазірге «Бәйтерек» деген атпен қызмет көрсетіп жүрміз. Бірақ бұл ресми атау емес. Дегенмен Астананың, бүкіл қазақтың мақтанышына айналған «Бәйтерек» сынды біз де биік-биік белестерді бағындырып, қазақтың абыройын асқақтатсақ деген ойымыз бар.

– Жаңа техника деп қалдыңыз? Сонда олар біздің елде жоқ па?

– Бір таң қалатыным, Қазақстанда толыққанды осы қызмет түрлерімен халыққа танылып жүрген қазақ кемде-кем. Тіпті, жоқтың қасы. Көбінесе өзге ұлт өкілдері айналысып жүр. Бұл кәсіпке бизнестік көзқараспен қарап, қам жасар қазақтың қарасы көрінбейді. Концерттерін, тойларын  орыс не кәрістерге тапсырып қойған. Тәуелсіздік деп жатамыз ғой, дербестік тек отарлық тәуелсіздікте ғана емес, сондай- ақ кез-келген кәсіпте болуы керек. Сол мақсаттан туындаған тірлік еді. Елбасымыз өз сөзінде «әрбір қандасымыз Қазақстаннан не аламын деп емес, Қазақстанға не беремін деп келуі тиіс » - деген сөзі бар емес пе? Қазірде шүкір осы жолда қызмет етіп келеміз. Осы кәсіптің айналасында 40-50 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз.

– Елге келгелі қандай жобаларға қатыстыңыздар?

– 2013 жылы «Дала даусы» фестивалінің концертін техникалық жабдықтармен қамтамасыз еттік. Ұлттық арнаның «Наурыз» мерекесіне байланысты қойған концертінің декорациясын жасадық. «Ұлттық шоуға» да үлесіміз тиді. Еуразия каналында жүріп жатқан «X-factor» жобасының LED экрандарын біз қойып жатырмыз. КТК арнасындағы «Қабатов шоу» біздің бірлестіктің LED экрандарының көмегімен қойылып жатыр. «Бенефис шоуда» қызмет көрсетіп жатқан біздің «шоу-шырақтарымыз». Бұл бізге келіп түскен тапсырыстардың бір парасы.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Осы бірлестігіміздің жұмыс істеу механнизмі қалыпты арнаға түсіп жатса, өзімнің бұрыннан айналысып келе жатқан жұмысым продюсерлікпен айналыссам деймін. Қытайлық  қандастарымыздың арасында танылмай жүрген талантты әнші-күйші, өнерпаздар бар. Оларды тарихи отанына әкеліп өнерлерін дамытсақ деген ниеттеміз.

– Қуаныштымыз, аға! Алғашқы концерттеріңізді  бердіңіздер ме?

– Жалпы жиындарда жүргенімізбен, ресми түрде жеке кешімізді бергеміз жоқ. Бұл да көкейде жүрген түйін. Осы айдың 19-ші жұлдызында Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияда «Елге сәлем » атты концертімізді берсек деп отырмыз.

– Бұл концертте кімдер өнер көрсетеді?

– Қытайдағы қазақ эстрадасының жұлдыздары Ахметжан Рабжан, Қажымұрат Шешенқұлы, Айнұр Қажимолла, «Дос» тобы, сондай-ақ, Отанына ерте оралып, елге танылған бірталай танымал әншілеріміз бар. Сол өнерпаздарымыз бастап, жас таланттардың қатысуымен Тәуелсіздік мерекесіне өз сыйымызды жасайық деген ойдамыз.

– Cаясат пен экономикадан хабары бар зиялы азамат ретінде бүгінгі «Қазақ көші» жайындағы пікіріңізді білгіміз келеді...

– Тәуелсіздік алғалы бір миллион қазақ келді деп жатады. Жеке басым нақты санын білмедім. Жалпы жобасы солай. Бірақ сол оралғандардың қаншасы азаматтық алып, қаншасы барды-келді жағдаймен жүргенін кім білсін. Олардың ішінде мен де бармын. Бұйырса азаматтыққада қол жеткізерміз. Көші-қонға келетін болсақ жалпы шеттегі қандастардың оралуына осы жақта жүргеніне жылдар өтсе де азаматтық ала алмай жүргендердің ортақ мәселесі кедергі болса керек. Одан кейін өздері бері қарай көшсе ағайын туыс, бауыр-жекжаттан ажырап қаламыз деген «қазақы» қорқыныштары және бар. Шекара жабылып қала ма дегенде болжамдары қозғалтпай отыр. Оның бәрі жәй қорқыныштар. Себебі Қытай Қазақстанның ең үлкен сауда серіктесі, әрі елінде 1 500 000 қазағы тұрады. Осындай жағдайдағы елмен ат құйрығын кесісу деген оңай емес. Қытайда да қазақ зиялылары бар. Олардың арасындада көшкенді теріс көрмейтіндер көбейді. Көшті  ықпалсыз адам бастағаннан ықпалы бар адам бастаса, төре көргендері көштен төбе көрсеткесін қалғандары да үлгі алып жылжи бастар еді.

– Мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсету қажет деп ойлайсыз?

– Ең бастысы, Қазақ үкіметі бізді яғни оралғандарымызды жергілікті халықпен тең дәрежеде көрсе болды. Кірме, оралман деп шет қақпаса екен дейміз. Құжаттық жеңілдік жасаса тіптен құба-құп. Бірақ осынша уақытқа созылуының бір кілтипаны болса керек. Бір есептен үкімет  ойлансын, толғансын дейтін шығар. Бірақ мына заман ойланудың еркелігін көтермейтін заман. Өйткені ол жақта қытайландыру саясаты қарқынды жүргізіліп жатыр, алдымен қытай тілінде хат тануынан басталды. Қазақ елі ендігі ат төбеліндей қазақты ұлт ретінде жойылып кетпесін десе, көші-қон мәселесін жылдамдатқан дұрыс болады деп ойлаймын.

– Сіз кәсіби экономиссіз. Бүгінгі Қытай мен Қазақ елінің экономикасы жөніде ойыңызды білгім келеді?

– Қазақстанның нарыққа қосылғанына 23 жыл болса, Қытайда бұл жағы 36 жылды құрайды. Америка мен Еуропа елдерінде мемлекетке тікелей қатысты ұйымдар болмаса қалғаны жекешелендірілген. Қытайдың экономикалық әлеуетінің 80 пайызы мемлекетке тиесілі кәсіпорындардың уысында. 20 пайызын ғана жеке кәсіпорындар айналдыруда. Бірақ халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтып отырған жекелеген кәсіпкерлердің кәсіпорындары. Бұл жерде бөлістің дұрыс түспеуі де мәселе туындатып отыр. Мемлекет бай, халық кедей! Қазақстанның экономикалық түзімі Қытайға қарағанда көш ілгері десек те болады. Қытай қалай ішкі тауар өнімінен алдыңғы қатарлы елге айналды? Ол ең бірінші халық санының көптігіне байланысты. 1,5 миллиард халық ең алдымен тамақ ішуі керек. Ұдайы өндіріс бар да ұлғаймалы өндіріс бар. Қытай соның 2-ші сатысын таңдаған ел. 1,5 миллиард халқы бар елдің әр адамы 100 юандық тауар жасаса оның өзі қанша  миллион болып кетеді? Қытайда 200 миллон тұрақты тіркеуі жоқ «ақпалар» бар. Солардың да тегін жұмыс күшін пайдаланды. Күн көріс қамының арқасында ішкі тауардың экспорттағы үлесін арттырып отыр. Тауарлары да сапасыз, соған қарамастан лайықты базарын таба біледі.

– Ал Қазақстан ше?

– Елбасының осы жолдауы – экономиканы қолдауы деп білемін. Осында жүріп жатқан жекешелендіру процесі де өз алдына игі іс. Еліміздің инфрақұрылымдық саласы даму үстінде. Біздің «Ұлттық қорымыз» қосымша күшіміз. Даму барда дағдарыс бары заңдылық. Нарықтық экономикаға шаруашылығы қатысты кез-келген елдің басында болатын жағдай бұл. Көрші экономикалық серіктес елдердің бірінде болған дағдарыс біріне әсер етпей қоймайды. Өрттің өзінен бұрын түтіні көрінеді. Өзге елдің басындағы дағдарыстан өз еліңе салқынын сездірмеу  мүмкін емес. Осы жағдайда елдегі экономикалық тұрақтылықты бірқалыпты ұстауға «Ұлттық қорымыздың» септігі зор. Мұны мен Елбасының кемеңгерлігі деп білемін.

– Жалпы біз шикізаттық секторға тәуелдіміз. Жеңіл өнеркәсіп саласы дамымай жатыр...

– Бәрін бірдей өндіре беру шарт емес. Бірақ қолда бар мүмкіндіктің барынша тиімді жолын қарастырып, тіршілік ету керек. Бізде ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының негізінде көптеген пайдалы істер атқаруға болады. Мысалға әлемдік нарықта өзіндік орны бар өзіміз сияқты елдерді алайықшы. Халық саны мен мүмкіндік ұқсастығы тұрғысында айтып жатырмын. Жаңа Зеландияны, Австралияны қарайық. Олардың да халқының саны бірнеше он миллион, бірақ сонысына қарамай Австралия 1,5 миллиард Қытайды сүт өнімімен қамтамассыз етіп отыр. Қолда бар, өндіруге мүмкіндік бар кәсіптің басын шалып көруге тиістіміз. Ауыр өнеркәсіптер мұнай, темір, көгілдір отындарымыз, тау-кен өндірісі барлығының тиімді пайдалану көзін тауып, халықты жұмысқа тарту керек. Мысалы, астық экспорты жөнінде Қытаймен келісімшартын бір жаңалап алса болады. Себебі, Қытайда қазір ауыл шаруашылығына бөлінер жер көлемінің таршылығы ішіп-жемнің тапшылығына әкелуде. Бұл былайынша айтқанда Қазақстан үшін үлкен орайлы мүмкіндік десек те болады.

 Әңгімелескен Б.Әбділда

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2092
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2507
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2175
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1617