Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3199 0 пікір 14 Мамыр, 2010 сағат 07:57

Нұртай Сәбильянов: «Жапқан жала – жаққан күйе!»

Өткен аптада бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары «Сабильянов сайлаушыларын сотқа берді» деп шулады.

Дау-дамайдың қатты ушыққаны соншалық, тарбаға­тай­лық Төлеубай Ахметов пен Жанарбек Бекбаев Алматыдағы ұлттық баспасөз клубына журналистерді жинады. Олар өздерінің «мүшкіл халін» ақпарат құралдары арқылы айтқысы келіпті. Осы істің ақ-қарасын білмек болып, біз Нұртай Салихұлының өзімен сұхбаттасқан едік. Екеуара әңгімемізді қаз-қалпында беріп отырмыз.

Өткен аптада бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары «Сабильянов сайлаушыларын сотқа берді» деп шулады.

Дау-дамайдың қатты ушыққаны соншалық, тарбаға­тай­лық Төлеубай Ахметов пен Жанарбек Бекбаев Алматыдағы ұлттық баспасөз клубына журналистерді жинады. Олар өздерінің «мүшкіл халін» ақпарат құралдары арқылы айтқысы келіпті. Осы істің ақ-қарасын білмек болып, біз Нұртай Салихұлының өзімен сұхбаттасқан едік. Екеуара әңгімемізді қаз-қалпында беріп отырмыз.

Жас қазақ: Нұртай аға, бұл даудың оты неден тұтанды?
Нұртай Сабильянов: Өткен жылдың 15 қазанында «Жас Алаш» газетінде журналист Ерік Рахымның «Тарбағатайлықтар Астана жаққа емес, Өскемен жаққа елеңдейді...» деген мақаласы жарық көрді. Сол мақалада менің азаматтық ар-намысыма, іскерлік беделіме нұқсан келтіретін, шындыққа сай келмейтін мағлұматтар жазылған. Мәселен, Ерік Рахым өзінің ойынан құрастырып: «Тарбағатайлықтардың Н.Сабильяновқа деген өкпесі қара қазандай», «Сабильяновқа сайлау кезінде ғана керекпіз. Ол түк істеген жоқ», «Сабильянов депутат болғалы бізге ат басын бұрған жоқ» деген сөз тіркестерін келтірген. Бірақ... ол жерде ешкімнің аты аталып, фамилиялары көрсетілмеген. Мен өз құқымды қорғап, заңға сәйкес аталған газеттің бас редакторы Р.Сәрсенбайға талап арыз-хат жазып, әлгі мақаладағы маған қатысты жалған мағлұматтарды, жала жабуды теріске шығаруды талап еттім. Басылым маған жауап жазды, бірақ талап арыз-хатымды газетке жариялаған жоқ.
Әрі қарай. 2009 жылы 10 желтоқсанда менің атыма ШҚО Аягөз ауданы Тарбағатай ауылының (біреулер ауылды Тарбағатай ауданы деп шатастырып жатыр. Тарбағатай - бөлек аудан) тұрғындарынан хат келді. Ол хатта: «Тарбағатай ауылы сіздің назарыңыздан тыс қалғаны өтірік емес. Сіз ауылға 2007 жылдың жазынан кейін ат басын бұрған жоқсыз... Ауыл халқы осынша қиындық көріп жатқанда біздің Нұртайымыз қайда деген сұрақтың туғаны да, біздің сізге өкпелегеніміз де рас. Су мен жолдан қиындық көріп жатқанда сіз үн қатып, сұрау салсаңыз мұндай халге түспес едік», - деп жазып, Ерік Рахымға ризашылықтарын білдіріпті.

Бұл хаттың бір данасын газетке жіберген. Қош делік. Содан соң, мен де Тарбағатай ауылының тұрғындарына хат жіберіп, олардың газетке жазғандарының шындыққа сай келмейтінін айттым. Яғни «ауылдағы су құбыры, жол туралы үн қатпадыңыз», «ауылға ат басын бұрмадыңыз», «ауыл назарыңыздан тыс қалды» деген сөздердің жалған екендігін дәлелдеп бердім.
Енді сізге де айтайын: Мен депутат болғалы 2004-2009 жылдар аралығында Тарбағатай ауылдық округінде 4 рет халықпен кездестім. Ол ауылдың мәселесін толық білемін. Оған дәлел - тарбағатайлықтар көтерген ауызсу, тасжол, «Хабар» арнасының көрсетілмейтіні, ауыл мектебіне автокөлік беру және т.б. көптеген мәселелерге орай Үкіметке, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдарға сауалдар, хаттар жолдадым. Мысалы, 2008 жылдың 8 қазанында сол кездегі Көлік және коммуникация министрі С.Ахметовке Малкелді - Аягөз - Тарбағатай аралығындағы тасжолды күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлуді қарастыру туралы депутаттық сауал жолдадым. Құзырлы министр сол жылы 21 қазанда оған жауап беріп, жобалық-сметалық құжат болмағандықтан, осы тасжолды жөндеу мәселесі алдағы жылдары қаралатынын айтып, жауап жазыпты. Екіншіден, Аягөз ауданы Тарбағатай ауылындағы су құбырын жаңартуға республикалық бюджетте 2010 жылы - 81,2 млн теңге (2007-2008 ж.ж. бұл мақсатқа 93,1 млн теңге) бөлінген. Яғни қаражат игерілуде. Аягөз менің туған жерім болғандықтан, ондағы барлық елді мекендердің хал-ахуалын жақсы білемін. Әрбірден соң, мен 2007 жылдан бүгінге дейін Шығыс Қазақстан облысының 8 ауданында, 120 елді мекенінде болып, 150-ге жуық кездесу өткіздім. Өскемен, Семей, Риддер қалаларында болып, кездесулер өткіздім. Осы уақыт аралығында халықтан 2,5 мыңдай хат келген екен. Бәріне жауап бердім.
Жас қазақ: Сіздің айтуыңызға қарағанда, газеттегі мақала да, жазылған арыз хат та - Сізге жағылған күйе, жабылған жала болғаны ма?
Нұртай Сабильянов: Иә! Енді осы сөзіме нақты дәлелдер келтірейін. Бірінші дәлелім - әлгі басылымға мені қаралайтын атышулы мақала шыққанға дейін Тарбағатай ауылының тұрғындары маған қатысты газетке хат жазбаған. Олар тек мен талап хат жолдаған соң, газетке өздерінің домалақ арыз-хаттарын жолдаған. Бұл яғни тапсырыспен жазылған (иә, иә, бұл хатты жандайшап жалақорлар біреулердің шоқ көсеуімен әдейі ұйымдастырып отыр) хатты басылым да, менің азаматтық ар-намысымды, іскерлік беделімді түсіргісі келетін топ та «көзір» етіп пайдаланып отыр. Қалайша? Бұл - нағыз ойынның көкесі! Газетке «Мақаланы теріске шығар» десем, «Міне, ауыл тұрғындарының жазған хаты» деп көрсете қояды. Ал ауыл тұрғындарына «жазғандарыңыз шындыққа жанаспайды» десем, газеттегі мақаланы көрсете қояды. Бұл - бір.
Екінші дәлелім - газетке Тарбағатай ауылының 26 тұрғынынан жолданған хатқа көп адамдар қол қоймаған. Анығырақ айтсақ, 9 адам ауызсу дегеннен кейін хатты оқымай қол қойғандарын, 4 адам ақ қағазға қол қойғандарын, 6 адам тіптен қол қоймағанын айтып, түсініктеме берді. Сонымен қатар, бір таңғалғаным, әлгі хатқа жасы 80-ге жақындаған апаның (Т.Ахметовтың шешесі болып келетін Бәтима Садуақасова деген азаматша қазақша хатқа арабша қол қойыпты) да, кәмелетке жасы толмаған баланың да, сол ауылда тұрмайтын қыздың да қолы сыртынан қойылып кетіпті. Міне, жалған хат жазу деген осы! Осыдан-ақ, бұл хаттың артында үлкен бір топтың тұрғаны білініп тұр. Ауылдың атын жамылып, өздерінің жеке мүдделерін көздеп отырғаны көрініп тұр.
Үшінші дәлелім - «Жас Алашқа» былтыр қазан айында жарияланған мақалада ауылдың екі тұрғыны, біреуі - Алматыда баспасөз жиынын өткізген Т.Ахметов, екіншісі - оның қасындағы Ж.Бекбаев өз ойларын айтып, түсініктеме беріпті. Бірақ олардың сөздерінде маған қатысты ешқандай мағлұмат айтылмаған. Неге олар сол түсініктемелерінде менің атымды атап, тікелей депутаттық қызметімді сөз қылмады?.. Сонымен қатар, баспасөз мәслихатына қатысқан ауыл мұғалімі Ж.Бекбаевтың бұл хатқа қатысы жоқ. Ол хатқа қол қоймаған, азаматтық іс бойынша жауапкер де, талапкер де емес. Айта кетейін, «Нұр Отан» партиясының атынан депутат болып сайланғаннан кейін алғашқы кездесуімді Аягөз ауданындағы Тарбағатай ауылында өткізгенмін. Сол кезде, яғни 2007 жылдың 3 желтоқсанында Т.Ахметов маған хат жазып, алғысын білдірді. Сол хатында маған ризашылығын білдіре отырып: «Сіз өз сөзіңізде тұратын нағыз азаматсыз, адамгершілік таныттыңыз, кездесуіңіз өте жақсы деңгейде өтті. Сіз сұрақтарға дәл, дұрыс жауап бердіңіз. Сізге Алла денсаулық берсін, Алланың нұры жауып, жақсы істеріңізбен халықтың құрметіне бөлене беріңіз», - деп жазған зейнеткер Т.Ахметовтың бір жылдан кейін басқаша сайрап шыға келгеніне не себеп?!. 
«Ынтымақты сыбыс бұзады, жылқыны мініс бұзады» дейді қазақ. Менің ойымша, кейбір адамдар осы газет арқылы ауыл­дықтардың аңқаулығын пайдаланып, сүттей ұйып отырған елді екіге жарып, береке-бірлігін кетіргісі келіп отыр. Қоғамдық пікір тудыруға жанталасып жатыр. Оған дәлелім - жанағы газет менің талап - хатымды биылғы 5 мамырда ғана жариялады. Сұхбатты да кеш алды. Ең басында екі тараптың да пікір-ұстанымдарын тең беруі керек еді. Өйтпеді. Бұл жағдай бұдан былай қазақ журналистеріне сабақ болуы тиіс. Әйтпесе, домалақ арызға жасы 80-ге жақындаған апа қол қоймас еді?.. Әрине, бұл - өте ұят, өте масқара! Бір ғана мәселені ашық айтайын. Іскерлік беделімді күйелегісі келгендер мені жақсы білетіндер. Егер де олар газетке емес, өзіме хат жазып, ой-пікір, ұсыныс-өкпелерін айтса, түсіністікпен қарап, Үкіметке үн қатар едім. Жеке қабылдауыма да келуге болар еді. Өйткені, мені тауып алу қиын емес. «Нұр Отан» ХДП-ның Аягөз аудандық филиалында мекенжайым, телефондарым жазулы тұр. Мәселен, былтырғы жазда Аягөзде 90 адамды жеке қабылдадым.
Жас қазақ: Ал осы хатты кім ұйымдастырды деп ойлайсыз? Кімнен күдіктенесіз?
Нұртай Сабильянов: Бұл хатты ұйымдастырып, ең алдымен қол қойып, сотта жауапкер болып жүрген адам - Төлеутай Ахметов. Тарбағатай ауылының тұрғыны, кезінде 16 жыл ауыл мектебінде директор болған. Қазір - зейнеткер. Жасы 70-ке жақындаса да, бізге ақылын айтып, жастарға үлгі-өнеге көрсетудің орнына біреулердің қолшоқпары болып, елді дүрліктіріп жүрген сол. Оның артында қаржылай қолдау жасап отырған топтың бары белгілі.
Жас қазақ: Ол қандай топ? Оларды білесіз бе?
Нұртай Сабильянов: Жақсы білемін. Тек... әліптің артын бағып, соттың шешімін күтіп отырмын. Ал сотта жауапкер ретінде 8 адамды көрсеткем. Алайда, қазір олардың ішінен 4-уі ғана сотта жауапкер. Олар: Төлеубай Ахметов, оның жұбайы - Күмісбол Бұланова, Ахметовтың бауыры - Емілбай Қалибеков және Серік Файзуллин. Алғашқы сот отырысында 8-нің 3-уі хатқа оқымай қол қойғандарын, маған ешқандай өкпе-реніштері жоқ екенін айтты, ал бір азамат ол ауылда тұрмаған екен. Мен оларға деген өз талабымнан бас тарттым. Естеріңізде болса, әлгі басылымда «Сабильянов
сайлаушыларын сотқа берді» деген мақала жарияланды. Яғни, бұл жерде депутат өз сайлаушыларын сотқа берді деген ұғым тумауы керек. Мен бар болғаны, өзімнің депутаттық қызметімді, іскерлік беделімді қорғап, бір отбасының үш адамынан жала жапқан хаттарын теріске шығаруды талап етіп отырмын. Біреулердің айдап салуымен маған тісін батырып, тырнақ астынан кір іздегенде не табады?..
Жас қазақ: «Н.Сабильянов өз сайлаушыларынан 3 млн теңге өндіріп беруді талап етті» деген сөз рас па?
Нұртай Сабильянов: Бұл - кейбір БАҚ-тың ойынан шығарып алған сөзі. Сотқа жазған талап арызымда негізгі жауапкерлердің әрқайсысынан 500 мың теңге өндіруді, ал ол қаржыны Аягөз қаласындағы балалардың психо-неврологиялық әлеуметтік мекемесіне аударуды сұрағанмын. Яғни ауыл тұрғындарынан өзіме 1 тиын да талап етіп отырған жоқпын. Оны дүрліктіріп, отқа май құйып жатқан жекелеген БАҚ. Ал Т.Ахметов осы маған қарсы өткізген баспасөз мәслихаты арқылы сотқа ықпал еткісі келеді. «Жаман ісінен көрмей, кісіден көреді» дегендей, олар менен әрқайсысы 3 млн теңгеден моральдық шығын өндіріп беруді сұрап отыр.
Неге дейсіз ғой? Бар-жоғы сотқа өз аяқтарымен бар­ғандары үшін ғана... Бүгінге дейін менің қатысуыммен 29-30 сәуірде екі сот отырысы ашық түрде өтті. Біреуі - Аягөз аудандық сотында, екіншісі - көшпелі сот отырысы, ауыл адамдарының қатысуымен Тарбағатай ауылында. Ал 6 мамырдағы сотқа олар келген жоқ. Мынаны қараңыз, қарсы тарап арызында былай жазады: «талап - арыз бергенім үшін қан қысымым көтеріліп, жүрек ауруы пайда болды. Сөйтіп, моральдық шығын келді» дейді. Міне, сол шығынды 3 млн теңгеге бағалап отыр. Осыдан-ақ жазғыштардың неге мүдделі екені көрініп тұр емес пе?!.
Жас қазақ: Нұреке, осы адамдарды кешіре аласыз ба?
Нұртай Сабильянов: Әрине. Жауапкерлер сотқа келіп, өз қателерін мойындап, шындықты айта білсе - кешіремін! Газетке жазған жалған мағлұматтарды теріске шығарса болды... Басқа еш талабым жоқ. Жала жабу, халықты дүрліктіруді бүгін тоқтатпасақ, ертеңгі күні әр ауылдан, әр редакцияға осындай хаттар келуі мүмкін ғой... Бұл - бізге де, қоғамға да жат нәрсе. Темірді қызған кезде соғып, осы дауды саясиландыруға жанұшырып жатыр. Тіпті сот процесіне де саяси реңк беруде. Жалғыз адам сот шешімі шықпай жатып, байбалам сала ма?.. Қарапайым адам Алматыдан 300 мың теңгеге қорғаушы жалдап, Аягөзге апарып, істі әрі қарай созуға мүдделі бола ма?.. Бұл жердегі басы ашық нәрсе - менің депутаттық қызметім, елдегі, қоғамдағы, облыс және аудан көлеміндегі келелі мәселелерді көтеріп, оларды Үкімет, атқарушы органдары қарап, өз шешімін шығарып жатқаны кейбір адамдарға жақпайтын секілді. Ондай адамдарға халықтың бірлігі мен қоғамның саяси тұрақтылығынан гөрі күншілдік, екіжүзділік және көреалмаушылық, атаққұмарлық жақын тұр! Басымызға қандай күн туса да Абай атамыздың:
Біріңді - қазақ, бірің - дос,
Көрмесең - істің бәрі бос! - деген ұлағатты өсиет сөзін қаперімізден шығармағанымыз абзал.
Жас қазақ: Нұреке, бұған дейін әртүрлі іс-шараларға демеушілік танытып, жекелеген азаматтарға қолдау көрсетіп жүрген меценат екеніңізді қазақ қоғамы жақсы біледі. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, осы жағдайдан кейін туған жеріңізге деген көзқарасыңыз өзгерген жоқ па?
Нұртай Сабильянов: Жоқ! Қолынан келсе, халыққа, туған жеріне қолдау көрсетуді мен өзімнің азаматтық парызым деп есептеймін. Егер де мен жақсы тұратын болсам, менің халқым да, ауылдасым да жақсы тұруы керек. Осы қағиданы берік ұстанамын. Халыққа әрқашан адал қызмет ету, тәуелсіздікті нығайту - әр қазақтың абыройлы міндеті болуы керек.

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ

«Жас Қазақ» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2039
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2471
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2054
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1595