Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2954 0 пікір 13 Мамыр, 2010 сағат 06:29

АШЫҚ ХАТ

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының муфтийі

шейх Әбсаттар Дербісәлі қажыға

Қазақстандағы барлық өзге иланымдағы діни ұйымдар жетекшілеріне

Қазақстандағы барлық саяси партиялар мен қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары мен мүшелеріне

 

АШЫҚ ХАТ

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының муфтийі

шейх Әбсаттар Дербісәлі қажыға

Қазақстандағы барлық өзге иланымдағы діни ұйымдар жетекшілеріне

Қазақстандағы барлық саяси партиялар мен қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары мен мүшелеріне

 

АШЫҚ ХАТ

Қазақ елі жоғалтқан мемлекеттілігін 1917 жылғы қазан төңкерісі нәтижесінде, кеңестік тұрпатта жаңғыртты. Кеңестік Қазақ Республикасы жұртты жаппай сауаттандырып, экономикасы мен мәдениетін дамытты, ақыры, Кеңестер Одағын құраған одақтас республикалардың бірі ретінде, 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізді. Алайда мұның бәрі сол жетістіктердің тасасында қалған халық қайғысын ұмытуға желеу бола алмайды. Баршамызға белгілі, жыл сайын 31 мамырда елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтіледі. Сталинизм дәуірлеген кезеңде сан-мың жан жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған болатын: жеке басқа табыну әшкереленгеннен бері 340 мыңнан астам азамат ақталды. Тек Үлкен террор жылдары 120 мыңдай адам репрессияланып, оның 25 мыңдайы атылып кеткен еді. Осы сорақылықтарды айыптап еске алу кезінде, большевизм тұсында елімізде орын алған басқа бір мемлекеттік қылмыс оның тасасында қалып қалып жүр. Кеңес өкіметі тұсында көшпенді қазақ халқы үш дүркін жасанды ашаршылықты бастан кешіп, бұрын-соңды болмаған ұлттық апатқа ұрынған болатын: 1917-19, 1921-23, 1931-33 жж. жалпы адам шығыны 4 млн., ықтимал табиғи өсімді есептегенде 10 млн. жаннан асты. Қазақ халқы өз елінде ұлттық азшылыққа айналып, өткен ғасырдың елуінші жылдары барлық тұрғындардың үштен біріне де жетпей қалды.

Ұлттық сананың кембағалдануына апарып соққан мұндай азалы кезеңдерді өскелең ұрпақ білуге тиіс. Қасіретті өткенімізді  ұмытпау және оны болашақ ұрпақ зердесіне құйып отыру - біздің адами, тарихи парызымыз.  «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы 2008 жылы - жасанды ашаршылықтың аяқталғанына 75 жыл толуына орай: «Қазақстандағы 30-жж. ашаршылық: ауқымы, себептері, салдары», 2009 жылы - «Әділет» қоғамының ұйымдасқанына 20 жыл толуына орай: «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы: тоталитарлық тарихтан - демократиялық болашаққа» атты  арнайы республикалық, 2010 жылы - «Сталинизм: репрессияланған Қазақстан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізді. Солардың бәрінде тарихтың көмескі беттерін зерттеуді жалғастырып, жер-жердегі өлкетану мұражайларынан сталинизм келеңсіздіктерін әшкерелейтін бұрыштар ашу, жазықсыз жазаланғандар мен ашаршылық құрбандары көмілген орындарды анықтап, бастарына белгі қою ісін жалғастыра беру керектігі айтылып, тиісті қарарлар мен үндеулер қабылданды.

Сол үндеулерде  репрессияланғандарды ұлықтау істерімен қатар, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні (31 мамыр) қарсаңындағы жұмада әр жыл сайын жасанды ашаршылықта көз жұмған боздақтар рухына мешіттер мен шіркеулерде, өзге де ғибадатханаларда, аштық құрбандарына қойылған белгілер басында аруақтарға дұға бағыштап,  оқу орындарында, мекемелер мен ұйымдарда арнайы жиындар өткізуді дәстүрге айналдыру қажеттігі тұжырымдалған еді. Осыны енді сөзден іске айналдыратын кез келген сияқты.

Құрметті Қазақстан мұсылмандарының дінбасы Әбсаттар қажы! Өзіңіз бас болып, еліміздегі барлық мешіттерде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңындағы жұмада - бұл күн биыл 28 мамырға сәйкес келеді - жұма намаз уағызында осы мәселеге көңіл бөлсеңіз және болашақта мұны дәстүрге айналдыруға мұрындық болсаңыз деген өтінішіміз бар. Өлі разы болмай - тірі байымайды деген дана халқымыз!

Құрметті христиан діні тармақтары (православие, католик, т.б.) ұйымдарының діни қызметшілері! Осындай өтінішті Сіздерге де арнап айтамыз. Бұл - барша халқымызды ұлы мұрат жолында біріктіруді көздейтін, иманға негізделген әділ де сауапты шара.

Құрметті саяси партиялар мен қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары мен мүшелері! Қадірлі қауым! Құжаттарымызда көптен айтылғанмен, осы уақытқа дейін жұртшылықтан нақты қолдау таппай келе жатқан игілікті бастамамыздың Сіздердің тараптарыңыздан кең қолдау табатынына біз сенеміз! Алматыдағы қарағайлы бақ ішіндегі тас тұғырға, барлық қалалар мен елді мекендердегі сондай орындарға  28 мамырда - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңындағы жұмада - гүл шоқтарын қойып, жасанды ашаршылықтардан шейіт болған боздақтар аруағына бас июге шақырамыз!

Құрметпен, Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының мүшелері атынан:

Сәкен Сейфуллин - «Әділет» қоғамының төрағасы, Бейбіт Қойшыбав - қоғам төрағасының бірінші орынбасары, Айдос Сарым - төрағаның орынбасары, Сәуле Қожықова - қоғамның атқарушы директоры, Сәуле Айтмамбетова, Нәзира Жақауова, Ажар Жандосова - төралқа мүшелері, Саят Жансүгіров, Нәдір Әзірбаев, Әли Жандосов, Геннадий Земель, Марат Нұрпейісов, Төлеген Жүкеев - басқарма мүшелері, Тоқтар Бейісқұлов, Қызғалдақ Жұбанова, Райхан Жұмабаева, Азалия Ахметова, Венера Қуанышбаева - ақсақалдар алқасының мүшелері.

 

0 пікір