Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5379 0 пікір 17 Қаңтар, 2015 сағат 11:05

ЕСЕНБЕРЛИНДІ ЕСКЕ АЛДЫ

Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына орай «Көркем шығармадағы тарихи шындық» атты жиын болып өтті. Басқосу Елбасының тапсырмасымен биыл кең көлемде аталып өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналды.

Таяуда ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Түркі академиясына арнайы келіп, осы атаулы датаға қатысты шаралардың маңызына ерекше мән берген болатын.

Алқалы жиынға Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері қаламгерлер  Қ.Мұхаметқалиев, Н.Айтұлы, ғалымдар С.Қасқабасов, Қ.Салғараұлы, сондай-ақ ҚР Парламентінің депутаттары, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері және жазушының немересі Мағжан Есенберлин қатысуда. 

Қазақ қаламгерлері арасында ұлт тарихына қатысты алғаш болып кесек туындылар жазған І.Есенберлин Кеңес Одағы кезінде халқымыздың тарихи санасының оянуына өлшеусіз үлес қосты. "Қаһар", "Алмас қылыш", "Жанталас" атты тарихи романдардан тұратын «Көшпенділер» трилогиясы елдің төл тарихына деген қызығушылығын арттырды. 

Оның қаламынан туған, алаш жұртының жеті жүз жылдық тарихын суреттейтін «Алтын Орда», «Көшпенділер» секілді сүйекті шығармаларында ұлы дала мәдениеті, Қазақ хандығы туралы мол мағлұмат қамтылған. Ілияс Есенберлиннің 17 романы мен көптеген шығармалары әлемінің 30-ға жуық тіліне аударылған.

Жазушы шығармаларындағы маңызды оқиғалар тарихи шындықпен астасып жатады. Құжаттық деректер көздеріне, сондай-ақ шежірелер мен аңыз-әпсаналарды негізге алған жазушы қазақ халқының сан ғасырлық өмірін көркем суреттейді. 

Сондықтан басқосуға жиналғандар тілге тұсау салынған қиын кезеңде ұлттық тарихымыздың, оның ішінде Қазақ хандығы тұсындағы ел өмірінің көркем шығармада көрініс табу ерекшеліктерін ортаға салды. 

Жазушы мерейтойының Қазақ хандығының 550 жылдығымен орайлас келуі жиынның маңызын арттыра түсті. 

ТҮЙІН:


Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:

  - Кезінде тарихшыларымыздың тіліне тұсау түскен кезде, Бекмаханов сынды алыптарымыз айыпталып жатқан тұста тыңнан түрен салып, үлкен тақырыптарды қозғап, үлкен құбылыс ретінде тарихи сананы көтерген мұзжарғыштай семсер тілді Ілияс Есенберлиннің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Бұл мереке бір жағынан қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келуімен де маңызды. Сондықтан бүгінгі жиынды біз елге белгілі тарихшы, әдебиетші өзге де қоғам  қайраткерлерімен бірге өткізуді жөн санадық.

Жалпы Халықаралық Түркі академиясы қазақ хандығының 550 жылдығын жыл бойы атап өтуді жоспарлап отыр. Тек Қазақстанда ғана емес, Еуропа, АҚШ, түркі мемлекеттерінде осыған қатысты елеулі шаралар өтеді және сол шаралардың барлығында да Ілияс Есенберлиннің аты аталатын болады. Сондай-ақ, бүгінгі шара мемлекеттік хатшының қолдауымен, мақұлдауымен өтіп отырғанын да айта кетуім керек.

                                                                                          

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 249
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 118
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 115
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 92