Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Сараптама 8904 0 пікір 18 Қаңтар, 2015 сағат 16:57

ӘЛЕМ:ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫС САЯСИ ДАҒДАРЫСҚА ҰЛАСЫП БАРАДЫ

Сұраған Рахметұлы,

ақын-жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

    ...Ақырын жүріп анық бас...

 Абай

       ...Қатаң жайлап, жай сөйле...

 Теодор Рузвельт

 

Дағдарыс салдарынан әлем елдері екі тарапқа /Bipolar Word/ бөлінетін түрі байқалады. Әртүрлі интеграциялар ауаны пайда болуда. Бұрындары Ресей, АҚШ қатарлы екі ірі держава бәсекелестікпен екі түрлі саяси «одақтасудың» үлгісін жасаған еді. «Одақтаспаудың» оң жолын Үндістанда Жавахарлал Неру, Египетте Камил Абдулнасыр, Индонезияда Ахмет Сукарно қатарлы әлемдік деңгейдегі ірі гигант тұлғалар іздестіргенімен ләйім нәтижелер салдары басқа бағытты көрсететін. Дүниежүзілік қырғи-қабақ соғыстан кейін «Соцкеңестік елдер» бір жақты саяси жүйені қалыптастыруға ұмтылғанын білеміз. Сол бір Кеңестік саяси кеңістіктегі салдардың соңы бүгінгі экономикалық күйреудің басты шартын әкелетін түрі бар. «Алпауыт сегіз» һәм дамыған сегіз елдің қатарынан аластатылған Ресей экономикалық дағдарысты басынан кеше бастады. Әрине бұл бұлқыныстың соңы Ресей қатарлы елдердің АҚШ долларына шүйлігудің жаңа жүйесін әкеле жатуымен байқалады. АҚШ долларын ғаламдық нарықтан аластатудың негізгі тәсілі жаңа ақша, басқа бір жаңа валюта шығару, сол арқылы «долларды ығыстыру» болса керек. Бұл әрекеттің соңғы зардабы неге ұрындырарын әлі ешкім болжай алмайды. Европа елдері Ресейге, Ресей Европаға хал-қадірінше өз импорттық шектеулерін енгізді. «Әлде өтірік, әлде шын, әлде сайтан, әлде жын!!!» Европа шамамен Ресейдің теллурократиялық, талассократиялық саясаты салдарынан миллиардтаған евроның зиянын шегуі мүмкін?! Долларға шүйлігу дұрыс па, бұрыс па оны алдағы уақыт дәлелдейді. Әйтеуір АҚШ 1944 жылы Бреттон-Вуд қаласында әлем қаржыгерлерінің мәмілесінен кейін «АҚШ доллары» атты «хан тағының» пайда болғаны белгілі. Доллар - «әлемдік алтын валюта». Дүниежүзілік ІІ соғыста Европа АҚШ-тан 11 млрд доллар қарызға алады. Ал, оның 33,6 млрды таза пайда ретінде Американың өз қамбасына енді. Дүниежүзілік ІІ соғыс соңында АҚШ әлемдік алтын қорының 70 пайызына егелік еткен кез... Мінеки осыдан кейін доллардың «хан тағындағы» дәуірі басталған.

Айтсада, әлемдік нарыққа өткен жылы 4300 тн алтын шығарылды. Алтынның көлемді ірі бөлігі Қытайдан - 370 тн, келесісі Австралиядан 250 тн, үшінші бөлігі Ресейден 205 тн. Ал, Перуден 365 тн, Солтүстік Африкадан 170 тн, Канададан 102 тн алтын әлемдік нарықтық айналымда. Доллар сол алтынның құны мен буынан тұрақтайды. Алтыны көп елдер қисапсыз табыс табады. Мысалы, ең шағын тиімді инвестиция енгізуші елдер қатарында Канада бар. Бұл ел 2012 жылы 2,6 млрд доллар пайда тапса, АҚШ 33,7 млрд, Қытай 22,9 млрд, Австралия 16 млрд доллар жинады. Бүгіндері алтын кендері құрлықтан қашып мұхит пен теңіз түбіне шөкті. Ғаламдық есеп-қисаптар бойынша 1 млрд тонна алтын тек су астында жатыр?! ТМД елдерінде Өзбекстанның алтын өндіру жолындағы қадамы ерекше. КСРО  Мәскеудің қазанын алтынмен толтырған тұста өзбектер барлық алтынның 16 пайызын беретін еді. Солай. Әсіресе Өзбекстанның Мұраптау алтын кеніші әлемдік тізімде. Енді сол «құнды метал» құны Нью-Иорк биржасында  1284-1700 долларға дейін күрт төмендеді. Сондай-ақ мыстың бір тоннасы 6000 долларға дейін түсті.

Адамзат тарихында 130 мың тонна алтын өндіріліп, айналымға түсті деген дерек бар. Қазіргі жағдайдан бұрынырақ алтынның бір унциясы 1920 АҚШ долларына тең еді. Үстіміздегі жылы бұл құн онша көп өзгере қоймайды деп жүрдік. Америкада 1938 жылы 13 мың тонна алтын қоры болған. Барлау нәтижесінде 1947 жылы бұл сан 17,7 мың тонна, 1949 жылы 21,8 мың тоннаға жеткен. Ал, доллардың нақты құны 35 доллар 1 трой унция немесе 31,1 гр алтынмен тең. Яғни 1 доллар 1 гр алтынға тең! Егер 1965 жылы Франция президенті Шарль де Голль «Алтын мен доллардың» стандартын белгілемегенде доллардың бүгінгі күйі қандай болар еді деген сұрақ туындайды?!

Ал, Ресей рубліне келсек, мұндай құлдырауды мүмкін екінші рет көріп отырғандығын байқаймыз. Ресейдің «Яблоко» партиясының басшысы Сергей Митрохиннің бір мәлімдемесі үрей туғызады. Ол:  «...Рубль құнының мұнша құлдырауы Ресейді жаңа жаугершілікке әзірлей бастайды...» деді. Расында солай болуы әбден мүмкін. Украинадағы саяси әрекеттер салдарын АҚШ-тағы саясаткерлер ұмыта қоймаған секілді. Келесі кезекте Ресейге жаңа шектеулер қою мәселелері талқыланып та үлгерді. Егер күрделі жағдаяттар ушыға түссе Ресейдің ең беделді компаниялары «Рособоронэкспорт» және «Газпром» аса ыңғайсыз жағдайға ұшырауы да сөзсіз. НАТО тарапынан Грузия, Украина, Молдавияға қарай жөнелтетін Ресей газының экспортына кедергі жасалуы әбден мүмкін. Осы күндері Украина АҚШ-тың нақты сыбайласына   айналды. НАТО әлемге егелік еткен 65 жылда дүниежүзін қамтыған қанды соғыс шығармағанын да ескеру керек секілді. НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергтің Брюселлдегі бір мәлімдемесіне сүйенер болсақ, АҚШ жуыр маңда Украинаға қару-жарақ көмегін көрсете қоймайтын секілді. Алайда, қару-жарақ экспорты әлемдік бәсекелестіктің басты нысанасына кеткелі қашан?  Сол нысанадан АҚШ айналып өте ала ма?! Қырымға ядролық қару-жарақ шоғырландыру мәселесі әлемдік баспасөз беттерінен дүркін-дүркін /revansisme-Р.С/ көрініс бере бастағаны да Ресейге қатысты бір мәселенің бүкпесін аша түскендей.Бұл жердегі мәселеден туындайтын сұрақ:  адамзат дәуірінің 2000 жыл бұрынғы жабайы үрдісімен ойлап, оны қажет ететін хайуанилық айналып келмесіне кім кепілдік ете алады?!

Сонау 1945 жылы Тамыздың 6-сы күні 8 сағат 15 минутта Нагасаки,  одан кейін Хиросимо («The Little Boy», Тамыздың 9-ы күні 11 сағат 2 минутта «The Fat Man»)бастан кешкен бәлекет орын алмаса жарар еді?!  Соңғы кезде Жапония үкіметі Украинаның солтүстік бөлігіндегі орын алған оқиғаларға сәйкес Ресейдің 13 ірі кәсіпкеріне санкция белгілеу мәселесін көтерді. Бұл туралы «Риа-Новости» хабарлап та үлгерді. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, аталмыш кәсіпкерлердің Жапонияға ат ізін салуының өзі екіталай болады-мыс. Жапония банкісіне барлық қаржысын сақтатқан 13 кәсіпкердің мәліметі жөнінде dailymail.co.uk сайты суыт хабарларды таратуды көздеп отыр. Мәлімделген уақытта өз қаржысын кейін аудара алмаса бұл кәсіпкерлердің «күйіп кетуі» де ғажап емес. Тек осымен ғана шектеле алсақ тәуір болар еді. Алайда әлем екіге қақ жарылды. Қазақта «Алаш туған, туған болмас, ағаш құман – құман болмас. Ағаш құман күйіп кетеді, алаш туған түйіп кетеді»- демей ме!

Азия Тынық мұхиты аймағына қарасты елдер өткен ширек ғасырдың арасында біршама табыстарға қол жеткізіп дамудың жаңа үлгісін қалыптастырғаны бар. Айталық, Австралия, Гонконг, Жапония, Жаңа Зеландия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Тайвань қатарлы елдердің ішкі жалпы өнімінің жылдық көрсеткіші 4,7-5,7 пайыздан түспей келген. Бұл қазіргі дағдарыстан бұрынғы экономикалық жақсы нәтижелердің бір парасы еді. Сыртқы сауда көрші елдердің бәріне тең дәрежеде игілігін бере бастаған тұс – осы кез-тін. Заңдылық қағидалары бойынша жеке бір елдің ғана тәуелділігіне жүгінушілік кейін ысырылып, ортақ ынтымақтастықтың жақсы бір үлгісі көрініс берген. Экономикалық қауіпсіздік мәселесі де ортақ тұрғыда тиімді қарастырылған-ды.  Ал, бүгінгі жағдай мүлдем басқаша ауанды меңзейді. Жылқы жылының соңында әлемде мұнай бағасы барынша құлдырай түсті. Сонау 1973 жылғы «Мұнай шок»-і қайта айналды.  Тіптен бір баррель brent сортына тиеселі мұнай бағамы 59.94 АҚШ долларына дейін шегінді. Жуырда Нью-Йорк биржасында мұнай бағамы 45.086 долларға қарай кетті. Бұдан соң дамысты, дамыссыз елдер үздіксіз экономикалық зардаптың кесірлі сәттерін үреймен қарсы алды. Ресей рублінің құны бұрнағы жылдардан  төмен қарай сырғи жөнелді. ОРЕС-тің мәліметі бойынша әлемдік нарықта мұнай бағамы 30 пайызға дейін құлдырайды. Тосылуы мен тоқтауы неғайбыл. Егер мұнай бағамы 70 АҚШ долларынан төмендеп кететін болса, ОРЕС мұнай өндіру, өңдеу ісін күрт азайтуы мүмкін. ОРЕС-ке мүше елдер экономикасына айырықша залал келтіріле бастауының белгісі бұл. Мысалы, аталмыш ұйымға мүше елдердің кейбірі белуардан шығынға бата бастады. Солардың бірі - Венесуэла. Қызықтысы осы Венесуэла соңғы кезде қару-жарақ сатып алу жағына көңіл бөлуде.  Алайда алдағы екі жылда ОРЕС-те мұнай өндіру мөлшерін 28,2 млн баррелге азайтқаннан басқа жол қалмағандай. Егер мұнай бағасының құлдырауына төтеп беретін басқа да шаралар қолданылса да күніне өндірілетін мұнайдың 1-1,5 млн баррелі өте төменгі деңгейге түседі. Бұл «Pire Energy Group» басшысы әрі сарапшысы Гэри Росстың долбары.

Үстіміздегі жылы да қара алтынның бағасы тіптен құлдырай түседі. Австралия қатарлы кейбір экономикасы тұрақты елдер қара алтын немесе көмірді « сары алтын етудің» саясаттарын көздеуде. Австралияның коксты көмірі Қытайға экспортталады. Ресей, Канада, АҚШ, Индонезия қатарлы елдердің коксты көмірі әлемдік нарықта өз бағамынан айырылмайды. Демек, тағы да кесапаттар салдарынан осы қара алтынның құны әлемдік нарықта онша керемет өспес. Кокс көмірі қымбат болғанымен тасымалдайтын тұста экспорттаушы елдерді қиыншылықтарға ұрындыруда.  Ал, Австралия ғана Қытайға көмірді теңіз жолы арқылы тасымалдайтындықтан біршама пайда табады. Қытайдың құрыш құятын өнімдері түгелдей дерлік теңіз жағалауына қарай орналасқаны да оған ыңғайлы. Айталық, теңізбен теңделген бір тонна көмір 12-15 АҚШ долларына тең бағамен жеткізіледі. Соңғы кезде Ресей де көмір кендерін Қытайдың технологиясымен толық жабдықтай бастады. Жаңа заманауи технологиялар енгізді. Өкінішке орай осы саясатты сезген қытайлық кәсіпкерлер өткен жылдан бастап импорт арқылы енгізілетін көмірге 3-6 пайыздық салық мөлшерін орайластырды. Бұл шара осы жылдың қаңтар айынан бастап жүзеге асты. Қытай импорттық алпауыт. Олар сатып алатын көмірдің сапасына өте қатаң талаптар қоятын болды. Мысалы, 600 шақырымнан алыс қашықтықтағы тиемелі көмір үшін химиялық қоспа нормасы һәм сынап 0,6 мкг/г, мышьяк (arsenic) /қаз. – күшән/ 80 мкг/г, фтор 200 мкг/г, фосфор 0,15 пайыз, хлор 0,3 пайыздан төмен болмауы керек екен?! Сондай-ақ күрең көмірдің шамадан тыс қоқымы 20 пайыздан аспауы керек делінсе, жылу шығаратын қуаты 3946 ккал/кг-нан жоғары, басқадай сорттағы көмірдің күл қоқымдары 30 пайыздан төмен, жылыту қуаты 4300 ккал/кг-нан жоғары болуы шарт. Мінеки, алпауыт елдердің өзі қара алтынын долларға айырбастау жолында біршама кедергілерді жоя алады. Экономикалық дағдарыс, күйреу, алтын мен көмірдің, доллар мен евроның тайталасында осылайша әлемдік нарықта өз ізін қалдыруда.

2014 жылы тамыз айларында бір АҚШ долларын 36 рубльге айырбастайтын кәсіпкерлер бүгінгі жағдайда бір АҚШ долларын 80-100 рубльге алатын жағдайға тіреліп отыр.  Қазақ үкіметі ұлттық валютасының құнын 7,4 пайызбен «ұстауда». Дұрыс реформа, теңгені эмиссиядан қорғаудағы оңды интервенция!

Қандай бір мемлекеттің алдына қоятын бірден бір мәселесі болса ол – өрт шалған өңірлердегі соғыс зардабынан қорғану. Таяу Шығыс өртке оранған кезде үлкенді-кішілі қақтығыстар ұшқыны өңірдегі елдердің бәріне шашырап, оның соңы алапат майдандарға ұласатын қауіптер де туындаған. Соның салдарынан бірнеше мемлекет, күллі құрлық түгел саяси дағдарыстарға тап болғаны бар. 1948 жылдан Палестинаны алғаннан кейін, жөйіттердің ұйқысы қашқанын айта кету керек. Демек, дүниежүзілік соғыстың соңғы сәтінде осынау Таяу Шығыстың жаңа тарихына тағы бір тарихи парақ қосылған. Ол 45 жылдан кейін Норвегиядағы Израиль Палестинаны азат ету ұйымының келісімі еді. Израиль Палестина арасындағы 4 жағдай яғни аумақтық тұтастық автономиялық мәртебе және қауіпсіздік мәселелері күні бүгінге дейін Таяу Шығыстың тарихын сомдап келеді. Таяу Шығыстан шаң шықса, Қиыр Шығыстан қан шығатын. Әлемдік экономикада пайда болған жаңа бір өзгерістердің жалғасты қайнар көзі осы бір саяси жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Әлемдік сауда қарым-қатынасының (соғыс жағдайларына сәйкес)  үстемелене түсуіне орай нарық пен кәсіптің түрі көбейді. Бұл жағдай әлем елдеріне бейтарап саясат жүргізуден гөрі ынтымақтасуға саяси ымыралыққа, кіді мәмілеге шақыра бастады. Бұл саяси әрекет баяғы 60-шы жылдардан бастау алған қазіргі біз айтып жүрген интеграцияланудың бастауы болса керек. Сауда саясатына баррьер (barrier), бартер (barter), сальдо (collude) қатарлы жаңа немесе argue түсініктер қалыптасты. Бұл әрбір елдің ұлттық қауіпсіздігі мен экономикалық қауіпсіздігінің басты бағыттарына өзектес келеді.

Бұрынғы  қазақы  алыпсатарлық 90-шы жылдардағы қара көлеңкелі жабайы сауда үрдісі өте кейін қалды. Сауда қарым-қатынасына жаңадан қатерлі, кесапаты, һәм игілікті ғұрыптар пайда болды. Яғни әлемдік сауда қарым-қатынасы бұрын болмаған тың жолға бет бұрды. Жаңа кибер техника, биотехнология, жаңа қару-жарақтар саудасы жаңа стратегиялы астарлы құпияларға толы мүмкіншіліктерді көрсететіндей. Ең бастысы бәсекеге қауқарлы болу, жаңа жаңа биіктерді бағындыру, экспорт өнімдері арқылы басқаны ығыстыру саясаты белең алды. Қоғамда көпшілік дауысына ие орта дәулеттілер мен ірі кәсіпкерлер де осыны қолдайды. Болжамдар мен сәуегейліктің түрлісін еңсере білген данышпандардың бірі Гүннар Мюрдаль /1898-1987/ айтқан «аңыздың» шынға айналуы...

Саяси экономикалық күйреудің кейбір тұсында әр жерде тұтанған соғыс өрті де экономикалық дағдарыстың апатты апанын тереңдете түсуде. Мысалы, Пентагонның Сирияға әскери шабуылы өте күрделі саяси жағдаяттарды қалыптастырып үлгерді. Йеменде де саяси жағдай күрделі. Әл-Бейдауа өлкесіндегі шатақтар үдей түсті. Мұндағы теке-тірестер туралы «Sky News Arabia» теле арнасы тым жақсы хабарлар таратпайды. Йеменнің астанасы Санак қатарлы біртұтас өлкелермен  «Аль Хаусидің» бақылауында тұр. Айтпақшы, 2011 жылы тағынан тайған Йемен көсемі Әбу Абдуллаһ Салихтан кейін 2012 жылы билікке келген Мансура Хади ұтымды саяси әрекеттер жүргізе алмады. Өрттің өзіндігінен сөнетін түрі жоқ. Өңірлерде баяғы әскери қару-жарақтың экспорты қайталап жандана бастады. Парсы шығанағындағы Қызыл теңіз флотынан «Raftor» бомбалаушы және «Tomahawk» күйретуші қару-жарақтары саудаға түсті. АҚШ та Ресейден өзінің  «Orbital Schiences» компаниясы арқылы «РД-181» құрылғысын бір миллиярд долларға сатып алуға келісуі осының дәлелі. Қазірде «Orbital Schiences» «Энергомаш» корпорациялары аталмыш 60 құрылғының 20-ын пайдалана бастады.

Сонымен қатар Сауд Арабиясы да Қытайдан орта қашықтықтағы «OF-21» үлгідегі балластикалық зымыран сатып алады. Аталмыш зымыран 1700-3000 шақырым қашықтыққа дейін жететін қуатты. Бұл мәліметті Қытайдың  «Want China Times» ақпараты растап отыр.

Әлем халқы жылқы жылының соңғы сәтінде таңертең үреймен оянатын болды. Төңкерістік, радикалдық бағытта белең алған өрт қауіпі іргеге келді. Бір кезде Арабиядағы өрт ұшқыны Тунистен тұтанған. Ұлыбритания шеңгеліндегі Гонконгінің бұлқынысы 1997 жылы Қытайдың пайдасына шешілген. Ал, Аргентина болса қарызға белшесінен батып, басқа бір империяға қолды болып кетудің алдында тұрды. Әр өңірлерде тұтануға жақын қақтығыс ошақтары көрініс беруде. Әуелі 1999 жылы орнаған «Аль-Кайда» көсемі Абу-Мусаб аль-Заркуйді 2001 жылы 9-айдың 11 күні АҚШ-тағы лаңды ұйымдастырды деп көрілетіні де ірі топтың дүбірлі қимылы қисынды ма? Ендігі кезекте «Исламият Халифаты» деген жаңа атауға ұласты. Жиһадшылар Израйль, Палестина және Таяу Шығыс, Түркияның солтүстігіне қарай жедел етек жайып барады. Бір шеті Ирак, Тигр, Ефрат дарияларынан асса, оңтүстігі Египет, Үндістан шекараларынан өтіп Кавказға қарай ойысты.

Бұл әрине үлкен проблеманың басы. Египеттегі орын алған күрделі жағдайға байланысты қару-жарақтың қажеттілігі күн тәртібіне айналды. «Рособоронэкспорт» компаниясының төрағасы Анатолий Исаиктің мәлімдемесіне қарағанда, соғыс өртіндегілер Ресейден 3,5 млрд АҚШ долларына тең келетін қару-жарақ алуға дейін келісіп отыр.

Мінеки, келер сәттердің бірінде тағы да Ресей өзінің жаңа үлгідегі танкісін саудаға салмақ. «Аrmata Т-16» маркалы танк. Аrmata – қару-жарақ мағынасындағы латын сөзі. Алғашқы танклер «Уралвагонзавод» өндірістен шығарып та үлгерді. Осыдан 5-6 жыл бұрынғы жаңа технологияның нәтижесі. 2020 жылы дегенде 2300-ден астам Аrmata өндіріледі. Аrmata түрлі оқтарды керектенеді және бір реткі оқтаудан кейін 22 рет оқ бүркеді. Ол жер, жер класының зымыранын да көздей алады. Шынжыр аяқты. Сағатына 70 шақырым жүгіреді. Бір реткі жанармаймен 500 шақырым қашықтыққа жете алады. Бес метр терең суға жүзеді, 1 метр биіктікке секіреді, 30 градустық қияда өрмелейді т.с.с. 130 аттың күшіне тең моторлы, алыстан басқаратын тетігі тағы бар. Әуе шабуылынан қорғана алатын зениттік, радарлық жүйеге сүйенеді. Танкінің салмағы 55 тонна. Жүргізушісі 360 градусқа айналып, төңіректі шолуға ыңғайлы. Аrmata-ның құны қанша миллион долларға тең келетіні әлі күнге жасырын. Алайда осы қару-жарақты сатып алуға Қытай тарапы ұсыныс жасап отыр. Өткен жылы Жухай қаласында өткен  «Airshow China-2014» жәрмеңкесінде аталмыш танкінің жаңа үлгісі көрсетілген. Қытай бұрындары орыстардан Су-24 ұшағын және сүңгуір кемелерін сатып алып тұрған.

Алаңдататын бір мәселе осынау алпауыт елдер арасындағы стратегиялық баланстың өзгеріске ұшырауы  жаңа бір  айқастың сойқаны таяп келе жатқанынан хабар береді. Сонымен бірге бір белдеудегі елдер өзара экономикалық дамысына сәйкес өз-өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қару-жарақ саудалау бәсекесіне біржола бет бұру да ғажап емес. Соңғы кездегі ақпараттар бойынша Қытай Халықтық Азат ету Армиясына жаңа технологиялар енгізуде. Үш миллионнан астам әскерилері бар 20-дан астам армиялық бөліктерден тұратын жаяу әскердің 76, танкінің 11, зениттің 6, механикаландырылған 2, десанттық 3 дивизиялы, 800-ден астам танк, 4500 сауытты машина, 4000-нан астам ұшақ, 150 су кемесі, 150 балластикалық зымыран, 17-18 құрылықаралық зымырандар бар ұлы күш иесі – Қытай Армиясы күшейе түсуде. Осы елдің әскери салаға жұмсайтын қаржысы туралы Халықаралық Валюта Қоры, Әлем банкісі, белгілі қытайтанушылар мен бұл елдің Қорғаныс саласын сараптаушылар әртүрлі сан-деректер келтіреді. Демек, ҚХР-ның әскери салаға жұмсайтын қаржы мөлшері 28-36 млрд доллардың айналасында болуы керек.

Саяси сыбайластықтың күрт өзгеруі, экономикалық күйреудің түрені осылайша қару-жарақтың артынан түсуге мәжбүр етіп отырғандай. Соңғы кездері 50 жыл бойы теке-тірес болған АҚШ пен Кубаның қарым-қатынасы өзгере бастады. АҚШ пен Куба 116 жыл бойы іргелес отырса да бір-бірімен ызғарлы қатынаста болғанын білеміз. Енді мінеки, Кубамен дипломатиялық қатынасқа жылу маусымы енгізілгендей. АҚШ президенті Барак Обама Кубаға қарсы жасалған экономикалық шектеулерді босатуға уәде берді. Демек, АҚШ Солтүстік Кореяға түрлі шектеулер жасаудың қамына кірісті. Қоян бұлтақ саясат... Социалистік Кореяның көшбасшысы Ким Жен Ун Ресеймен байланыс жасауға бекінген сыңайлы. Бұл жөнінде Жапонияның «Асахи Шимбун» басылымы жария етті. Тағы да Ресей мен Солтүстік Кореяның арасындағы шойын жолдың күрделі жөндеулері мен газ жеткізетін құбырдың мәселелері саяси сауда т.с.с.

Осылайша саяси теке-тірестік жағдайлары ушығып тұр. Леонид Млечиннің «Путин» атты сараптамасында Қырымға жасалған «аннексия» Путинге қандай абырой әперді?-деген сұрақ қойылады.  Леонид Млечин Михайлович былай дейді: «...Россия недовольны не моделью сырьевой экономики «нефть уходит – приходит деньги», а, тем, что им мало достается из этих денег Когда в Россий будет умный царь?». Рас. Бұл сұрақты кез-келген сарапшылар түрлі-түсті бояулармен әрлеп, әлемдік ақпараттарға астарлап орналастырумен жүр. Дүние - әлемдегі қырғи-қабақ әрекеттердің барлығы Қырым мәселесінен кейін ашық «теңіз деңгейіне» ашыққа шыға жөнелді.

Жапония мен Ресейдің таласына айналған 4 арал, Шығыс Пруссия немістер үшін, Карелия Финляндияға, Осетия Грузия үшін, Днестр Румынияға, Аляска орыстарға, Калифорния Мексикаға, Саар Германияға, Косово Сербияға т.с.с саяси сабақтастықтың келелі түсініктері көрініс берді. Бәрі де саяси-экономикалық және гео-саяси жағдаяттардағы «майданның» жемісі.

Иә, Ресей мен Евро Одақаралық күрделі қатынастар бүгінгі экономикалық құлдыраудың ең басты себеп-салдарына айналғаны айналған. Евро Одақ немесе Батыс елдері 36 триллион долларға тең экономикалық қуаты бар алпауыт Одақ. Жан санының өзі 880 миллионға жеткен державалар жиыны. Бұны басқарып отырған АҚШ-тың өз әскерилеріне жұмсайтын қаржысының мөлшері 750 миллиард долларға тең. Ал, Ресей экономикасы мұнай мен газға тәуелді. Мұнай бағасы құлдырау үстінде. Ресейдің жалпы жан саны 130 миллион болса, әскерилерге төлейтін қаржы мөлшері 70 миллиард доллар көлемінде. Теке-тірес екі үлкенді-кішілі алпауыттарды бұдан ары салыстырып жатудың оңаты келмейді-ау.

НАТО Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан қатарлы елдерді таяу мерзімде назарынан тыс қалдырмауы анық. 1997 жылы «ЦентрАзбат-97» әскери жаттығу кезіндегі Ташкент мәмілесінен кейін біраз уақыт «үнсіздік» жарияланғаны болмаса НАТО-ның назары, ықпалы әлі де күшті. НАТО-ның қанат жаюына жағырафиялық орналасулар кері ықпал ете қоймайтындай. Әуелі НАТО-ның «ұлы Орта Азияға» ақырындап таяп келе жатуы да күмәнсіз. Қазіргі «ұлы Орта Азия» 60 миллионнан астам жан саны бар ұлы аймақ. КСРО келмеске кеткен сәтте Нұрсұлтан Әбішұлының бір ұрымтал саясаты жүзеге асты. Ол Қазақстан аумағындағы Кеңестік барлық әскери нысандарды Қазақстанның меншігіне қалдыру саясаты-тын. Мүмкін тағы бір ұрымтал сәттердің еншісінде Қазақ, Өзбек, Қырғыз елдері НАТО-ның ықпалына тартылуы бек мүмкін. Егер бұлай жасалған жағдайда күш-қуаты жағынан басым Батыс елдері, экономикасы жағынан осал емес Шығыс мемлекеттері әскери ынтымақтастыққа шоғырланар еді. Мұнай мен газ, алтын мен уран кендері жағынан әлемдік деңгейде өте жоғары орын иеленетін аталмыш елдер Орта Азияда әскери сыбайластықтың ең ұтымды жолына ойысуы сөзсіз. Парсы шығанағындағы табиғи байлыққа қызығушылықтың салдарынан бұрынғы орын алған әскери ызғарлы жағдаяттар әлі де өткір күйінде тұр. Келешекте әлемдік энергетикалық өзгерістерге қатысты бұл өңірдегі саяси алаңдар қозғалысқа енеді. Орталық Азиядағы мұнай мен газдың бақылауына құзырлы Қазақстан, Өзбекстан қатарлы елдер әлемдік нарықта ашық бәсекелестікке келетін сәт те жақын. Каспий теңізінің мұнайы мен газ қоры әлемдік энергетика балансын өзгертіп жіберуі де мүмкін. Каспий түбінде 178 млрд баррель мұнай қоры 9,3 млн. текше метр газы шамамен 4 триллион долларға тең. Мұндағы Қазақстанның мұнай үлесінен Түркия елі де көп мөлшерде тұтынады. Каспийдің «Сахалин-1» өндірісінен жылына 20 млрд текше метр газ өндіреді. Ал, 7.8 млрд текше метр газ өнімі құбыр арқылы Сахалин-Хоккайдо-Хансьюге жеткізіледі. Яғни Жапония жылына 8 млн тонна мұнай, 16 млрд текше метр газ алады.  НАТО-ны қолдау мақсатындағы Грузия, Украина, Азербайжан, Молдавия немесе «ГУАМ белдігіндегі» елдер бұл жағдайға назар салып отырғаны мәлім. Евразия қарым-қатынасын нығайта беру ісі келешектегі гео-саяси ойынның алаңына қарай көне «Жібек жолын» бұра бастады. Түркия «GUUAM» немесе Giorgia, Ukraine, Uzbekistan, Azerbaijan, Moldava одақтастығын қолдау үстінде. Қытай мен Европа аралық жол, тете құрылым қатынасы жүйелене түсуде. Батыс Қытай, Батыс Европа дәлізі Қазақ даласы арқылы өтетін болады. Қытай Орта Азиямен 3300 шақырымдық сызықта шекараласады. Бұл әрине әлемдік сауда қарым-қатынасының ең нәзік жүйесін іске жегетін сәттің кезегінде тұр. Бұл жөнінде Қазақ елінің талпынысы ерекше деп айтуға тұратындай.

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1808
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1813
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1524
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1412