Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Рух 8097 0 пікір 20 Қаңтар, 2015 сағат 00:34

ЖҮРЕГІ ЖАРАЛЫ ЖЫРАУ

Қазақ тарихының қай-қай тарам жолдарында да қара­шаның қайғы-мұңын жаһанға жар салып-жариялаған білекті батыр, жүректі жыраулар болған. Қазақтың “жырау” атауы – “жыр” сөзінен туын­дайды. Жырау – өз жанынан шығарып жыр төгетін әрі эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі. Жырау тұлғасының тарихы тереңде, талант-талғамымен өз жанынан суырып жырлай­тын жыраулар XV ғасырда ғана туа салған жоқ. Нағыз халық жанашырлары болған жыраулық мектептің түпнегізі абыздардан басталады. Жыраулар – жыр шығарып, толғау айтып қана қойған жоқ, ел басына күн туған жаугершілік замандарда атқа қонып, жауға аттанған батыр һәм қолбасылар да болды.

“Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам,

Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен”, – деп, Асанқайғы бабамыз күңірентпекші, ха­лық ауыз әдебиетінің алтын тұ­ғыры – жыраулық өнердің бас­ты бітімі: халықтың мұң-за­рын жеткізу, жайсаң жол мен соны соқпаққа бағыт көр­се­ту, намысты нақыл мен берекелі бата арқылы ұлттың ұлық­тығын жырлап, жігерін қайрау.

Айбында Абылайдың артық­тығын мадақтап, айыбын тарақ­таған қазақтың біртуар жыр­шы­сы Бұқар жырау былай деген:

“Биік тауға жарасар,

Ығынан тиген панасы.

Терең сайға жарасар,

Тобылғылы саласы.

Ер жігітке жарасар,

Қолына алған найзасы,

Би жігітке жарасар,

Халқына тиген пайдасы”

Мінеки, қазақтың бас жырауы таудың панасы – ық, сайдың саласы – тобылғылы, жігіттің намысы – найза, жыраудың тілі – әділ болғанда ғана ел іргесінің берік, келешегінің кемелдігін көрсетеді.

Біздің замандасымыз, дүние­ден ертерек өткен қазақтың белгілі бард-әншісі әрі ақыны Табылды Досымов“Бардизм – пор­тугал халқының гита­ра­мен айтылатын жеңіс жыр­лары­нан бастау алса керек. Бұл жанр­мен алғаш шыққандардың бірі және танымал болғаны Владимир Высоцкий. Жұрт жақсы қабыл­дамаса, Высоц­кий сондай атақты болмас еді. Бардизм­нің ең басты ер­ек­шелігі – өлеңнің мәтіні бі­рінші орында тұрады. Де­мек, мұнда әуен өлеңді ха­лық­қа жеткізетін көмекші құ­рал ғана. Бұл өнерге қазақ оқ­шау қарамауы керек. Кө­ше әндерін, авторлық ән­дер­ді орындаушылар өз­де­рі шығарған әнді мәтіні­мен айтады. Бұларды “бардис­тер” деуге келмейді, оларда, негізінен, әуен бірінші кезекте тұрады. Сөзінде мән бола бер­мей­ді. Айырмашылық – осы. Жалпы, халыққа жеткізгісі кел­генін әуенмен беру бізде бұ­рыннан бар. Сонау ғасырдан ғасыр асып жеткен жыраулық дәстүрімізде, өткеннен мұ­ра болып қалған айтыс өн­ер­інде де өрілген өрнекті сөз­ді әуенмен жеткізу бар. Сон­дықтан бард – қазақтан ал­шақ ұғым деп айта ал­май­мыз. Айырмашылық – тек аспабында ғана. Қаз­ақ­тар домбырамен, қо­быз­бен сүйемелдесе, на­ғыз бардтық шығарма гита­ра­мен айтылады. Кешегі жау­гершілік заманда да халыққа, батырларға рух берген осы сынды әндер. Ақын жүрегіндегі қаһармандық сөздерін осы арқылы жеткізді. Бард – біздіңше, жырау. Демек, бұл өнердің ешкімге де жаттығы жоқ” – деген болатын.

Бүгінгі таңда елімізде өзінің азаматтық көзқарасын батыл айтып, бард саласында оны нақты іспен дәлелдеп, төл-тума әндерімен халық санасын оятуды мақсат еткен танымал бард-әнші, қоғам белсендісі Жанат ЕСЕНТАЕВ халық арасында “Қазақтың Высоцкийі” атанып кетті.

“Өзім бала кезімнен гита­ра­ға қызығып, ойнауды үйрен­дім. 15-16 жастан бастап өл­ең жаза бастадым. Ең ал­ғаш­қы қарлығаш-өлеңдерім қыз­дарға деген ыстық сезім­ге, көрші-қолаңға деген сый­ластық-құрметке, қо­ғам­дағы кейбір келеңсіз жағ­дайларға байланысты жа­зыл­ды. Менің анам жас кезінде өлең жазған. Енді менің тікмінезділігім мен күрескерлігім өз ата­ла­рымнан дарыған болуы ке­рек” – деп, ағынан жарыл­ған жаңа заманның тың те­геу­рінді тұлғасы Жанат жы­рау 1995 жылдары халық ара­сын­да орасан зор беделді бол­ған адуынды ақындар Мұхтар Шахановпен Олжас Сүлейменов шетелдерге елшілікке жіберілгенде, “биліктен беделі биіктерге” әдейі арнап, үш шумақ өж­ет өлеңін өрбітсе; 1999 жыл­ғы президенттік сайлауға қа­тыс­қан Ғани Қасымовтың телеэкранда ваза лақтырып, стақан сындырған саяси ойын, қамсыз қуыршақтығын тағы да сын садағына алды. Шығыс шайыры Омар Хайямның өзі:

“Если мельницу, баню, роскошный дворец,

Получает в подарок дурак и подлец,

А достойный идёт в кабалу из-за хлеба –

Мне плевать на твою справедливость, творец!” – деп, дүниені дүр сілкіндірсе, қазақтың қарапайым да қайсар жыршысы Жанат Есентаев:

“Бізде не көп партия көп,

Айтар сыны, даты да көп.

Бірақ, бірақ ішінде,

Махамбеттей батыры жоқ!” – деп, терең толғап, қопара қозғайды.

Шындық дер кезінде айтыл­ма­са, кеш айтқан сөздің бос дау­рықпалығын ұғынып, Ма­хамбеттің ақындығымен қо­са, күрескерлігін пір тұтқан Жа­натжырау жеті ай ереуілдің ақ­ырында азап шеккен Жа­ңаөзен мұнайшыларын қол­дау­ға барғанда қаһарына мініп:

“...Басыңа жаман күн туса,

Біріңді-бірің сатасың...” – деп, шындық-шапалағымен аяусыз салып та жібереді...

Адамзат қоғамының қайсы кезеңінде де көзі ашық, көкірегі ояу адамдар шыңыраудан шындық тартқан жырларды түсініп, жадына серік қылған. Есентаевтың есті жырлары мен әсерлі әндеріне тәнті қауым аймақтардан арнайы шақыртып жатады. Бірақ, шақыртуға баруға мүмкіндіктер болғанымен, аудан-ауылдарда клубтарды, мәдениет үйлерін шындық жыршысына көбіне-көп жалға бермейді. Басты мә­селе – қаржы емес, жергілікті әкім-қарарлардың кедергісі, ха­лықтың жиналуына тосқауыл қойылуы.

Жанаттың шығармаларын теледидар да көрсетпейді, радиотораптардан да өткіз­бейді. Сондықтан, көпшіліктің бейхабар болуы да мүмкін. Дегенмен, кезінде Высоцкийдің де телеарна мен радиоторапқа шықпай-ақ миллиондардың жүрегін жаулағанын Есентаев есінен шығармай, көңіліне медеу қылады.

2005 жылы әндерін кассетаға жазып-таратып, бес мың дана­мен 24 әні енген компакт-дискі­сі де шыққан Жанаттың қазір 1000-нан астам шығармасы бар. КазГУ-дың филфагын өн­ерге жақын болған соң ға­на оқып, өз мамандығы бой­ынша жұмыс істемеген ол өнерін бағалап, қолдау көр­сет­кен кәсіпкерлердің арқа­сын­да ақиқат теріп, ән салуды ғұмырының өзегіне айналдырды.

2001 жылы құрылған Қазақ­стан­ның демократиялық таң­дауы қозғалысының құра­мына 2002 жылдың ая­ғын­да өз еркімен кірген жігер­лі жігіт:“Саясаттан басқа та­қырыптарға ән айтқым кел­мейді...” – деп мәлімдеп, әнін айтып, халыққа жет­кізіп, шындық жолында жүр­гендіктен, “Ақын белгілі пар­тия қатарында емес, бүкіл қарапайым халықтың ортасында жүруі керек” – деген тұжырым-түйін жасады.

“Жиырма жылда не өзгерді елімде, Келімсектер шығып алды төріме...” – дейтін тура сөз, шымыр шындық шендіге жақпайды. Өлеңдері тікелей билік басындағы шенеуніктерге қаратып айтылғандықтан, өзі “тентек”, өлеңі тарпаң Жанат Есентаевқа бойдақ кезінде жиі тексерулер жүргізіліп, бақылау жасалатын. Қазір ақынның өз ойын, жүрек сөзін жеткізуіне үлкен кедергілер жоқ. Қалың қазақ қолдайтын өнерпазға қысым көрсету, қиянат қылып, қастандық жасау – ешкімге абырой әпермейді.

Кешірек 35 жасында отбасын құрып, отау көтерді. Ғұмырлық жұбайы жасампаз жыршы-серігінің сергек өнері мен таңдаған соқтықпалы соқпағын терең түсініп, қолдау көрсетіп, демеп отырады. Батылдығы мен батырлығы қатар бард орындаушысының Павлодар облысының бұрынғы әкімі, қоғам қайраткері Ғалымжан Жақияновтың құрметіне қойылған ҒАЛЫМЖАН есімді ұлы өсіп келеді...

Қазағының қасірет-қайғысы мен қиыншылық-қияпатын бірге кешіп келе жатқан жы­рау 42 жасқа толғанында де­меу­шілері мен достарының жи­ып берген 500 мың тең­ге қаражатын “Жұлдыз” қайы­рым­дылық қоры арқылы сыр­қат сәбилерге таратып берді.

Әні мен жыры халық санасына тез жетіп, қуатты әсер сыйлайтын жыршының өлеңдеріне сын айтылмайды. Қазақтың есебі жоқ көп тойларында Жанат Есентаев тілегін айтып, артынша саяси өлеңдерінің тығынын ашып жібереді. Дабырлаған көпшілік лезде тыныштала қалып, меңіреу үнсіздік орнайды. Шымыр шумақ, шындық сөзден үркіп-қорқып қалатындар да болады, ақиқаттың айтылғанына айызы қанып, көкірек-сарайы ашылғандар да кездеседі. Тойға арналған әні жоқ жыраудың жүрек сыры мен шындық жырын есітіп есін жиып, етегін жинаған ел ризашылықпен қол соғады...

Арқанкерген, Жаңаөзен, Шетпе, Шұбаршы оқиғалары туралы толғамды жыр айтып, толымды ой толғаған барды-әнші Жанат Есентаев Орал қаласындағы “Зенит” мәдениет үйінде тегін концерт беріп, жиналған қаржыны Жаңаөзен құрбандарының жақындарына аудармақшы болғанда, кедергі қойылып, рұқсат етілмеді...

“Естір құлақ тыңдар ма екен ақынды, Азған жұртың сыйлар ма екен батырды...” – деп, зор дауыс, өктем кеудемен ән шырқаған қайсар қайраткер кескілескен күрес, көлденең кедергілерді бұзып-жарып жүріп, Жайық жағалауының бас қаласында “Жаңөзенім танытпасын жалғыздық” атты авторлық кешін өткіз­ді. Кештің мақсаты – жаңаөзен­діктерге бүкіл қоғамның назарын аударып, жан-жақты қолдау білдіру болатын.

Қадым замандарда халықты біріктіріп, бір жұдырықтай жұмылдыруды көксеген қазақтың қабырғалы жырауы Дулат Бабатайұлы:

“Батырлықтың сәні жоқ,

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Елірген тұлпар ерттеліп,

Толғаулы найза қолға алып,

Тұйғын құстай толғанып,

Сары садақ асынып,

Егескен жауды қашырып,

Ұлын қорып жауынан,

Ереулеген егер дауынан,

Тұтамдап оқ жонбаса...” – деп жырлағанда, сірә, оқшау ой, ащы шындық айтылмаса – халықтың құлдық санадан арылмасын, сұрқия саясаттың қиямпыр-құйтырқысын білме­сін сезініп, жеңіске жету үшін әрдайым жаңа буын мен жасампаз жыршының керектігін түсінсе керек.

...Адамзат алға адымдап ба­сып, өркениет төріне телмір­ген заманда өнері мен өлеңі арқылы қазақтың санасы мен намысын оятып, ар-ұяты мен рухын жігерлендіруді мақсұт тұтқан байтақ қазақ даласының бүгінгі батыл жыршысы, жүрегі жаралы жырауы Жанат Есентаев желтоқсанның желді күн, ызғарлы таңында Ақтаудың бас алаңында ақиқат жайлы ән шырқауда...

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА.

 

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1943
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2180
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1797
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1535