Сенбі, 27 Сәуір 2024
Қоғам 14399 1 пікір 21 Қаңтар, 2015 сағат 02:45

КӨШІ-ҚОН: ЗАҢНЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫНДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП. ЖАЛТАҚТАМАЙ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!

ҚР Парламенті

Сенаты мен Мәжілісі

депуттарының назарына!

 

Сонымен, қандастарымыз жыл бойы сарыла күткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы ҚР Парламентінің Мәжілісіне келіп түсті. Депутаттардың қарауына берілді!

Естеріңізде болса, Халықтың көші-қоны туралы Заңға алдыңғы жылдың (10.12.2013) аяғында Үкімет жағынан апыр-топыр өзгеріс енгізіліп, Қос Палатаның қарауынан сүрінбей өтіп, Мемлекет Басшысының қолы қойылған болатын.

Сол күннен бастап бұл Заң халықтың қатты қарсылығына ұшырады. Тіпті әлгі Заңның ұлтты екіге бөлуге, тоздыруға бағытталғаны  ашық айтыла бастады. Белгілі бір топ жағынан Ұлттық мемлекет құруға деген өліспей-беріспейтін қарсылықтың басталғаны, жас мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқаны жан-жақтылы, ашық әшкереленді.

Бекер обалы кәне, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев осынау саяси қателікті тез түсінді. Көрегендік танытып, дәл уағында дұрыс шешім қабылдады. Арада небары бес ай, жиырма төрт күн өткенде (04.05.2014) Үкіметке қайтадан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №1026 тапсырма берді.

«Қуғынмен келген, сүргінмен кетеді» демекші, міне, жарты жыл өтпей жатып жалп ете түскен сол Құжат қайта қалпына келтірілу алдында тұр.

Әрине, оған барынша үн қатқан, зиялы қауымның өткір пікірлерін күн құрғатпай жалпақ әлемге жариялап отырған, сол арқылы биліктің назарын аударуына оң ықпал еткен «Аbai.kz.», "Қазақ Үні"«Дат», «Жас Алаш», Qamshy.kz,«Ult.kz», «Мaidan.kz», "Alty Alash.kz" «31 арна», «КТК», «ТАҢ» секілді ұлтшыл, мемлекетшіл басылымдарға, порталдар мен телеарналарға, олардың жетекшілері мен ұжымына Алаш жұрты дән риза!

Естеріңізде болса, 2013 жылдың 4 қарашасында Президент Әкімшілігінің қызметін жетілдіру мәселелеріне арналған кеңесте Елбасы Н.Назарбаев «Мен айтқан сын бойынша тек «Тұрғын үй-құрылысжинақ банкінің» жағдайы жөніндегі деректер ғана айтылды, өзге ешқандай ақпарат болған жоқ. Тіпті бұл ретте менің тарапымнан айтылған сынның бір бөлігі газет беттерінде де көрініс таппаған және телеэфирден де берілмеген» деп Президент Әкімшілігінің қызметіне нали отырып қатты сынамап па еді? Демек, Елбасы сынының өзін жөргегінде тұншықтырған ақжағалылар халықтың да арыз-арманын, сын-ұсыныстарын Нұрсұлтан Әбішұлына дер кезінде толық жеткізіп отырды ғой дейсіз бе?!

Есесіне, қайдағы бір құл-құтандардың қандастарымызға жапқан жаласы мен жаққан күйесін қарша боратқан болу керек! Әйтпесе, Нұрекең   ұлтты бөліп-жаратын, сырттағы бес миллион қазақты елге келтірмейтін  Заңға қол қоймас еді.

Дегенмен, Президент Әкімшілігінің басшысы болып Н.Нығматуллин (суретте) тағайындалған соң, Ақордаға жазған «Ашық хаттарымыз» өз иесін таба бастады. Президет Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков (суретте) ағамыз бір емес, екі мәрте қабылдап, Көші-қон заңына байланысты жазбаша ұсыныстарымызды діттеген жерімізге қапысыз жеткізіп отырды. Міне, Көші-қон заңына қайтадан оң әрі тиімді өзгерістердің ене бастағаны соның дәлелі. 

Үкіметтің 2014 жылғы 19 ақпанда қабылдаған №111 Қаулысына байланысты, азаматтықты былай қойып, тұрақты тіркеудің өзіне тұра алмай қаңғырып қалған неше жүздеген қандастарымыздың мәселесін алғашқылардың бірі болып Мәжіліс Депутаты Жамбыл Ахметбеков көтерді (09.04.2014) Ішкі Істер министрі Қ.Қасымовқа бағыттап.

Тағы да осы мәселеге байланысты ұсыныстарымызға сенторлар Нұрлан Оразалин, Мұрат Бақтиярұлы, Жабал Ерғалиев, Қуаныш Айтаханов, Қожахмет Баймахановтың қолы қойылып, Үкімет басшысы К.Мәсімовтың атына жөнелтілді.

Осы ағалардан бөлек, біз пікірлескен Омархан Өксікбаев, Нұртай Сәбилиянов, Алмас Тұртаев қатарлы Халық қалаулылары да қателіктің кеткеніне іштен тынғандарын жасырған жоқ.

Тұңғыш Президенттің Көші-қон қорын құру жөніндегі Мемлекет Басшысының атына жазылған ұсынысымызды да Президент кеңесшісі Мұхар Құл-Мұхаммед (суретте) мырзаның қолына тигізіп үлгірдік. Тапсырған болуы керек.

Демек, Қазақ көшінің басына алмағайып күн туған сол бір қиын күндерде оң ықыластарын білдірген, көмек қолдарын созған осы айтулы тұлғаларға  алғыстан басқа айтар не бар бізде! Аттары қандастарының жүрегіне, Қазақ көшінің тарихына алтын әріппен жазылатынына шүбә жоқ!

Қай есебіне, не мақсатына дұрыс келмегенін бір Құдайдың өзі біледі, Елбасы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өткен жылдың 4 сәуірінде тапсырма берген Заңды Үкімет уысында табаны күректей сегіз айға жуық (жеті ай жиырма бес күн)  ұстады. Кезінде Ата Заңның өзін бұлай ұзақ талқыламаған секілді едік.  Әбден сарылтып барып, өткен жылдың 29 желтоқсанында К.Мәсімовтың №1385 бұйрығымен Мәжіліске әрең жіберді.

Осы аралықта елге оралған қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұра алмай көрген қорлығын ит екеш иттің де басына бермесін! Мерез Үкіметтің №111 Қаулысының кесірінен мерзімі өтіп кеткен визада есеп жоқ! Көші-қон полициясынан көрген құқай мен айыппұл өз алдына бір бөлек әңгіме! Кері көшіп кеткен ағайын қаншама?!! Байқұстар Т.Дүйсенова мен А.Қаржаубаевтың «әне-мінесін» дәтке қуат етті де отырды мөлиіп...

Енді аталмыш Заңның өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жаңа жобасына келсек, К.Мәсімовтың қолы қойылған «Түсіндірме жазбасында» сүйінші сұрарлық оң өзгерістер мен тиімді тармақтар бар екен. Атап айтар болсақ:

«Этникалық көші-қон саласында: 1) кейіннен тұруға ықтиярхат алуға мүмкіндік беретін оралман мәртебесін беру; 2) этникалық қазақтарға қоныстанған өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру; 3) этникалық қазақтарға ықтиярхат алу рәсімін, он визасының санатына қарамастан төлем қабілетін растаусыз көші-қон полициясына өтініш беру негізінде ұсына отырып жеңілдету; 4) оралмандардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мерзімін жеңілдетілген (тіркеу) тәртіппен (өтініш берген күннен бастап үш ай ішінде) тұрғылықты тұруға рұхсат алған күннен бастап бір жыл ішінде белгілеу; 5) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен және шарттарда оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасын белгілеу; 6) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстанған не көшкен жағдайда оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жыл ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде оралмандардың әлеуметтік пәкет алуы (көліктік жол шығындарын өтеу, қызметтік үй не жатақханадан бөлме беру!» қатарлылар көзделген делініпті.

Үкімет «оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасын белгілеу» кезінде экономикалық дағдарысты сылтауратып келушілердің санын қушитып жібермесе, келісіп-ақ тұр.

Алдағы жерде тағы да ішкерлей талқылап, ұсыныстар айта жатармыз. Деседе, бұл жобаның тағдыры қос Палатаның қолында. Сондағы көкелердің ұлт алдындағы жауапкершілігі, ары мен ұжданы шешеді. Ал, халықты әбігерге түсірген «ПРОПИСКА» мен «АВТОКРЕСЛОНЫ» ойласақ, күдігіміз де жоқ емес! Өткен Заңды қабылдағандағы сорақылықтарын еске алсақ, тіпті зәреміз ұшады! Тағы да «Үкімет айтса болды, Мәсімов айтса көнді...» бола ма деп!

Егер, ертең Көші-қонға қатысты бұл Заң жобасы қабылданып кеткен соң, ықтиярхат немесе азаматтық аларда, қандастарымыздың алдынан Үкіметтің №111 Қаулысындағы атышулы «ЕКІ АНЫҚТАМА ҚҰЖАТ» («3) оның азаматтығы мемлекетінің жазбаша келісімі ретiнде болуы мүмкiн кету парағы не шетелге тұрақты тұру үшiн шығуға рұқсатты растайтын басқа құжат» пен 5) азаматтығы тиесілі және (немесе) тұрақты тұратын мемлекетіндегі соттылығы (соттылығының жоқтығы) туралы құжат») тағы шығып жүрсе, онда бұл Заңыңыздың да құны көк тиын болмақ! Көк тиын!!! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты және жерге қаратамыз! Ашығын айтайын, естеріңізде болсын, Оралман ағайындар да бұл қорлыққа бұдан былай төзбейді!!!

Сонымен бірге, оқу мақсатымен келіп, еліміздің Жоғары оқу орындарында білім алып жатқан этникалық қазақ жастарының оқу орны жатақханасына тіркеліп, азаматтық алу мәселесі де бұл Жаңа заңға бір тармақ болып енгені жөн!

Еліміз қанша жерден экономикалық одақ құрғанымен, Беларусь тракторларын қазаққа тегін бермейді. Тіпті арзан бағаға да. Сол үшін шеттегі қандастарымыздың қолданып жүрген ауыл-шаруашылығына арналған техникаларын кеденнен кедергісіз алып өтуі де осы Заң аясында қарастырылсын!

Осының бәрі Қазақ көшінің жандануына, қандастарымыздың ың-жыңсыз орналасуына тиімді болмақ. Үкіметке салмақ салмай, өз бетімен еңбектенуіне  жол ашпақ.

Қазақта «Құдай берсе, Пайғамбар аясын ба?!» деген қанатты сөз бар. Бұл жолы: «Қандастарымызға жол ашуымыз керек. Қазақтың жері кең. Орналасамын деген жерін өзі таңдасын!» деп, Ұлт Көшбасшысының өзі тапсырма берді. Қайталап ескертейін, «ҚАНДАСТАРЫМЫЗҒА ЖОЛ АШУЫМЫЗ КЕРЕК!» деді Елбасымыз!

Сондықтан, Халық Қалаулыларының аянатын, бүгежектейтін, шалқаятын еш жөні жоқ! Егер, жоғарыдағы кедергілерді жоюға келіспесе, Парламент Үкіметке сенімсіздік білдіріп, Премьер-Министрді отставкаға жіберуге дейін баруы керек!

Бұл – ұлттың тағдырына, мемлекеттің қауыпсіздігіне тікелей қатысты мәселе! «Мәңгілік Ел» болудың түпкілікті негізі!!!

Ауыт МҰҚИБЕК

 Abai.kz

 

1 пікір