Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4366 0 пікір 21 Қаңтар, 2015 сағат 22:36

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ КӨҢІЛ АЙТТЫ

Жамбыл облысының аумағында апатқа ұшыраған АН-2 ұшағындағы жеті жолаушының бірі – Алла қағып, аман қалған әйел адам Шу аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде есін жиды. Бұл жөнінде ақпарат құралдарына аудандық аурухананың жансақтау бөлімінен хабарлады.

Дәрігерлердің айтуларына қарағанда, денесі бірнеше жерден сынып, ауыр жарақат алған науқастың қазіргі жағдайы ауыр болса да, жалпы алғанда тұрақты көрінеді. Алдағы уақытта бірнеше ота жасалуы мүмкін, соған орай Шуға Астанадан білікті дәрігерлер ұшып келіпті.

Есімізге ала кететін болсақ, кеше түстен кейін «Олимп Эйр» жауапкершілігі шектеулі серіктесігінен «ҚазақМыс» корпорациясы» жалға алған АН-2 шағын ұшағы, әзірге белгілі деректерге қарағанда, Балқаш қаласынан Шатыркөл кенішіне ұшып бара жатып, ауа райының қолайсыздығына байланысты апатқа ұшыраған.

Бүгінге нақтыланғаны - аталмыш корпорацияның қаза болған қызметкерлері мыналар: Техникалық дамыту департаментінің директоры Ғ.Төлеубаев, «БалқашЦветмет» өндірістік кәсіпорнының аға механигі Е.Ыбыраев, «БалқашЦветмет» өндірістік кәсіпорны техникалық және  инвестициялық жоспарлау бөлімінің бастығы У.Есмағанбетова, АН-2 ұшағының командирі Г.Клюшев, АН-2 ұшағының екінші ұшқышы П.Савельев және бортмеханик В.Литвинов.

Ұшақ бортында болған «БалқашЦветмет» өндірістік кәсіпорнының аға геологы А.Шаяхметова ауыр жарақат алып, ес-түссіз күйінде Шу аудандық ауруханасына жеткізілген болатын.

Қазіргі кезде тиісті органдар тарапынан құрылған арнайы мамандар ұшақ апатының себебін тексеру жұмыстарына кірісіп кетті.

Бүгін, сондай-ақ, Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ ұшақ апатынан қаза болғандардың ағайын-туыстары мен отбасыларына көңіл айтып, олардың барлығына да моральдік және материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Марат МАДАЛИМОВ.

 

Абай.kz

Сурет: tengrinews.kz

0 пікір