Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 4124 0 пікір 21 Қаңтар, 2015 сағат 23:32

«ТОБОЛДЫҢ» ТАБЫСЫ-АЙ... НҰРАЛЫНЫҢ НАМЫСЫ-АЙ

Біздің Қостанайда «Тобол» деген атынан ат үркетін футбол клубы бар. Бұлай дейтініміз мұндағы ылғи айтқаны болып, сөзі үнемі үстем түсетін орыстілділердің «Тобыл» деуге тіліміз келмейді, сондықтан оны «Тобол» деп атайық» деген бұйрыққа бергісіз «өтінішімен» осында орыс тілінің мақамымен осылай айтылады да, жазылады да. Мүмкін мұндағы кешегі тың игерушілердің бүгінгі ұрпағының ана ата мекені – Ресейдегі өзені мен қаласының атауын сағынғандығынан да шығар. Ал қазекеңнің ешкімнің де көңілін қалдырмайтындығын айтып жатудың өзі де артық.

Жә, ірі халықпыз ғой, соған бола ұсақталмай-ақ қоялық. Әңгіменің төтесіне көшелік. Бұл команданың көпшілікке жария етілмейтін бір құпиясы бар. Ол –мұндағы аяқдопшылардың «еселі еңбегіне» бөлінетін бюджеттің ақшасы. Команданың негізін шетелдік легионерлер құрайтындықтан бұл қаржының осал еместігін былайғы жұрттың іші сезеді. Кезінде жеті қат жердің астына жасырылғандай бұл құпияны білгісі келген тілшілер қауымы облыс тізгінін ұстаған Шөкеевтен де, сосын Кулагиннен де сұраған. Обалы не, олар сырға берік болып шықты. Құпияны ашпай кетті. Тек жақында ғана облысымыздың әкімі Нұралы Сәдуақасов журналистерден қашқақтамай, бүкіл сырды жайып салды.

Әкімнің айтуына қарағанда, «Тоболға» жыл сайын облыстық бюджеттен 880 миллион теңге бөлінетін көрінеді. Мұның сыртында оларға демеушілік көмек есебінде 400 миллион теңге тағы құйылады. Сонда бір кездері атағы жер жарғанмен кейінгі кездері ортаңқол командалардың қатарына қосылған команда жыл сайын 1 миллиард 280 миллион теңгені қалтаға басатын көрінеді. Оған тағы да жыл сайын инфляция деңгейінде пайыздық үстеме бар. Бұл да бас-аяғы 10 миллионға жуықтап қалады.

Сонда осы миллиардтан астам ақшаның қайтарымы қандай деңгейде? Миллиард болмаса, бұл команда адымы ашылмай, доп тебуге қауқары жетпей қала ма? Жалпы, облыстардағы  футбол клубтары сол өңірдің әкімінің имимджін көтеру үшін құрылған деген қауесет сөздерде қаншалықты шындық бар?

Біздіңше, соңғы сөзде жан бар секілді. Өйткені оның барлық ойындарын әкімнің өзі қадағалап отырады. Ұтса бөркін аспанға атып, ұтылса қабағы ашылмай, аяқдопшыларды шақырып алып, жүндей түтететіндігі бар. Алайда, олар осы жердің абыройын қорғап, тамшылатып тер төгеді дегенге кім сенеді?Спортты емес, мол жалақыны ойлайтын легионерлер Қостанай футболын өркендете қояр ма екен. Олардың алдына мұндай мақсат мүлдем қойылмайды да. Әрине, жергілікті жерден талантты балаларды жалықпай іздеп, оларды төзімділікпен тәрбиелеуден гөрі шетелден легионерлер шақыру әлдеқайда оңай, әлдеқайда жеңіл. Мүмкін әлдеқайда тиімді де шығар. Шақырушыларға әрине.

Әрине, облысымыздың бюджетіне ақша жан-жақтан құйылып, аспаннан шұға жауғандай болып елестейтін сол мол қаржыны қайда жұмсарымызды білмей, дағдарып жүрсек әңгіме басқа. Онда көп команданың соңында салпақтан жүрген осы «Тоболдан» ештеңені де аяуға болмас. Бірақ бізде мүлдем басқа жағдай. Облысымыздың бюджеті негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері мен тау-кен металлургия саласынан түскен табыстан құралады. Ал биыл екеуінің де жағдайы тым мүшкіл. Егін орылмай қалды, металлургия өнімдеріне деген сұраныс күрт түсіп кетті. Осының салдарынан облыс бюджеті екі миллиард теңгеден қағылды. Енді осынша ақша бізге республикалық бюджеттен берілмейтін болды. Мұның салдары қазірдің өзінде сезілуде. Бізде жыл сайын жер астындағы құбырлар жарылып, елдің сусыз, жылусыз қалуы дағдыға айналған. Биыл да солай болды. Енді сол құбырларды жөндеген мердігерлік ұйымдарға төленетін ақшаны бюджеттен таба алмай, жұртқа алақан жаюға мәжбүрміз. Міне, осында жағдайда бізге тым қымбатқа түсетін «Тоболдың» тәбетін тарта үстап, көрпемізге қарай көсілсек қайтеді. Жақында «Астана» футбол клубының президенті Дархан Қалетаевтың өзі футболшылардың жалақысын ықшамдау керектігін, шетелдерден 25-тен асқан спортшыларды шақырмау қажеттігін, өйткені олар футболды дамытуға емес, ақша табуға келетіндігін баспасөз бетінде ашық айтты. Осының өзі-ақ еліміздегі легионерлерге кететін ақшаның тым молдығын, оның орынсыз жұмсалатындығын айғақтап тұр емес пе. Ал бізде болса, мұндай жағдайдан қорытынды шығарудың орнына «ойбай жақында Ресейден бір футболшы, Армениядан бір футболшы келіп, «Тоболмен» шартқа отырды» деп бөркімізді аспанға атып жатырмыз. Бұл сонда не, дарақылық па, әлде даңғойлық па? Немесе біздегі әкімдер халықтың ақшасын өз ақшасы деп есептей ме? Жалпы, осы жағдайда сараптап, футболға кететін қыруар қаржыны орнымен жұмсауды жөнге салатын жан бар ма? Қазіргі дағдарыс кезінде мұндай «жомарттық» ел экономикасына үлкен соққы болып тиетіндігін айтып жатудың өзі артық болар.

Өзге әкімдерден қала ма, біздің әкім де футболға деген мырзалығын жасырмайды. «Тоболға» бөлінетін қаймана жұрттың ақшасын үнемдеп жұмсаудың орнына оны қызғыштай қорғайды. Әкіміміздің сөзіне қарағанда біздің футболшылар өзгелермен салыстырғанда қайыршының күйін кешетін көрінеді. Мысалы мынадай. «Тоболдың» бір миллиард 280 миллион деген ақшасы немене тәійрі. Ақша деп ана «Ақтөбе» командасының бюджетін айт. Бақандай 3 миллиард. Ана «Қайраттікі» тіпті де сорақы. 5 миллиардтан асып жығылады.Мұның қасында «Тоболдікін» айтуға ұят.

Ал әкіміз үшін біз ұялдық.

Мұратбек Дәуренұлы.

Қостанай облысы.

Абай.kz 

0 пікір