Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3874 0 пікір 22 Мамыр, 2014 сағат 11:34

ҒАЛЫМДАР: "ТОПОЛЬ" ЗЫМЫРАНЫ ҚАУІПТІ ЕМЕС

 Отандық ғалымдар еліміздің батыс облыстары -  Атырау, Ақтау, Орал және басқа да қаланың тұрғындары кеше куә болған "Тополь" РС-12М ресейлік зымыраны ізінің ерекше жарқырауы неден туындағанын түсіндірген. Бұл  туралы Tengrinews.kz жазды.  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Физика-химия әдістерін зерттеу мен сараптау орталығының мамандары мынадай түсіндірме жасады:

"Ұшу кезіндегі жарқырау жану реакциясынан туындайды, оның нәтижесінде жанған заттар аэрозоль түрінде ауаға бөлінеді. Ол алдында зымыранмен қосарласып жүріп барып, артынан ауада ыдырап кетеді. Газ фазасы екі аймаққа бөлінеді: шекті температурасы 1800-1900 К-ны құрайтын "қараңғы" немесе бу-газ және "жарқыраушы" - жану аймағында температурасы отын үшін белгіленген шекті игергенде (2500-3500 К). Бұл - қалыпты құбылыс. Бұл арада жарықтануды айқындауға батып бара жатқан күн нұры мен қала электр жарығының ат салысқанын да ескеру керек".

Мамандар зымыран бір жерден жиі және көп көлемде ұшырылатын болса, қауіп төндіреді деп санайды. Бірақ зымыранның бір ұшырылу барысында бөлген зиянды қалдықтары қатты алаңдаушылық туғызбауы тиіс. Сондай-ақ ғалымдар зымыранда қатты отынды тұтынатын қозғалтқыш қолданылатынын, ол жұмысы барысында сутегі, азот, су, көмірқышқылы сынды көптеген өнім түзетінін айтты. Сондай-ақ сарапшылар:  "Мұндай зымырандардың ұшуы ілуде бір рет кездеседі, ұшу траекториясы да өте жоғарыда, зиянды заттар жерге жетпей ыдырап кетеді.  Оның есесіне автокөліктердің, жылу электр стансаларының және жердегі ауаға зиянды бөлшектер тарататын басқа нысандардың жайына мазаланған жөн", - деп қоса кеткен.

Естеріңізге салатын болсақ, 20 мамырда  Ресей "Тополь" РС-12М континентаралық баллистикалық зымыранын сынап көрді. Зымыран Астрахан облысының Карустин Яр полигонынан ұшып шығып, Қазақстанға бағыт алып "Сарышаған" полигонындағы алдын ала қойылған  нысанды жойып жіберді. Аталған жайт әлеуметтік желілерді үлкен талқылау туғызып жатыр. Көп санды пікірлер Ресейдің байтақ территориясы бола тұрып, баллистикалық зымыранын Қазақстанда сынауын  өткір айыптайды.

 

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар