Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4360 0 пікір 23 Мамыр, 2014 сағат 10:37

ТАИЛАНДТА КОНСТИТУЦИЯ ЖОЙЫЛЫП, ЦЕНЗУРА ОРНАДЫ

 

"Таиландта әскери Үкімет 2007 жылғы конституцияның күшін біржолата жойып, Интернетке цензура енгізді" деп хабарлайды Tengrinews.kz

 Әскери Үкімет өкілдерінің ұлтқа жолдаған үндеуінде:  "елдегі 2007 жылғы конституцияның күші біржолата толықтай жойылды, уақытша Үкіметтің құзыреті  тоқтатылды. Сенат бұрынғы құраммен жұмыс істейді және  барлық деңгейдегі соттар әрекет етеді, конституция бойынша құрылған тәуелсіз ұйымдар жұмысын жалғастыра береді" делінген.

Сонымен қатар бұйрықта, "Интернетте айтылған, даудың ушығуына ықпал ететін және жеккөрушілікті қоздыратын кез келген сөз, сондай-ақ билікке қарсы шығуға үндеуге бағытталған әңгімелер мен хабарламалар үшін абонент желіден шұғыл ажыратылады және әскери жағдай заңы бойынша қылмыстық жазаға тартылатын болады" делінген.

Естеріңізге сала кетсек, билікке қарсы акциялардың толастамауына орай, 20 мамырда Таиланд елінде әскер жағдай жарияланған болатын. Әскерилердің айтуынша, әскери жағдай бұл билікті төңкеру емес, ол елде бейбітшілік пен тәртіп орнату үшін жарияланған. Ал елдегі жағдай коменданттық сағат енгізуге әкеліп отыр. Zakon.kz  сайты аталған елдің  тұтас аумағында кешкі 10-нан таңғы беске дейінгі уақыт коменданттық сағат болып жарияланғанын жазды. Мұндай шешім де ел билігі кеше әскерилер қолына өткеннен кейін қабылданған.

Сонымен қатар Тайландта BBC, Әл-Жазира, CNN сияқты телеарналардың да трансляциялары тоқтатылған. АҚШ және батыс елдері елдегі саяси жағдайларға алаңдаушылық білдіріп мәлімдемелер жасады.

 

Абай-ақпарат

0 пікір