Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Мәйекті 6426 0 пікір 2 Маусым, 2014 сағат 11:02

Түрік ақыны «Абайды дұрыс ұғуға» шақырады

Таяуда, 26-28 мамыр аралығында (2014 ж), Түркияның Ескішехир қаласындағы Османғазы университетінде «Түркі дүниесінің ойшылдары» атты ғылыми жиын өтті. Бұл шара Түркі дүниесінің мәдени астанасы бағдарламасы аясында өткізіліп, оған шетелдік 150-ге тарта түркі ғалымдары мен 350-дей Түркия оқымыстылары қатысты.

Ғылыми жиынның мақсаты жалпытүркілік мәдениетті қалыптастыруға үлес қосқан ойшылдар мен даналардың идеялары мен идеалдарын, өмір салттарын паш ету; түркі әлемінің мәдени  географиясын жақындастыру мен түркі халықтарының өзара түсіністігі мен жарқын болашақтарын бірлесе түзуге ықпал ету.

Ғылыми форумға 20-дан аса түркі елдері мен түркілік аймақтардан оқымыстылар қатысты. Өкініштісі сол, шараның ашылуында да, жабылуында да бір де бір қазақ ғалымына сөз тимеді. Қатысушылар арасында қазақ ғалымының ішінен бір оқымысты отырысты жүргізуге қатыстырылмады... Тіпті, оншақты өзбек, 25 әзербайжан ғалымын былай қойғанда ауғандық және ирандық түрікпендер қатысқан бұл форумға небәрі 5 қазақ қана қатысыпты. Жалпытүркілік бірігу үдерісін Қазақстан бастамасынсыз елестету мүмкін еместігін ескерсек, мұндай енжарлық қай тараптан? Ғалымдар енжар ма, әлде бұл жолы қазақтың абыройы аласарды ма?.. Шамасы, Қазақстан ғалымдары үшін мұндай еларалық шаралар туралы ақпаратты елшіліктер де, Білім министрлігі де таратпайтыны байқалады. Ғалымдардың да белсенімі төмен. Шараға келген ТүркСОЙ басшысы Дүйсен Қорабайұлы Қасейнов те өзімен өзі, қатысушылармен хабарласпаған қазақ елшілігі де өзімен өзі.

Десек те, форум өз деңгейінде өтті. Түркілік данагөйлерге арналған ғылыми басқосу 4 залды қамтып, 9 секциялық отырыстан тұратын үшкүндік айтулы шараға ұласты. Форум барысында 200-ге тарта ғылыми  баяндама сарапқа түсті. Форумға қатысушылар болашақта түркі ойшылдарының ортақ энциклопедиясын шығару жөнінде ұсыныс жасады. Секциялық отырыстар біздегі формальды өтетін конференциялардың отырысындай емес, әр баяндама сұрақ-жауап, талқыға ұласып, берілген уақыт жетпей жатты.

Бәрінен бұрын Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін 10 жыл бойы түрік тіліне аударып, биыл кітап етіп бастырған ақын,аудармашы Зафер Кибар «Абайды дұрыс ұғу» атты баяндама жасап, оның бүгінгі өзекті тақырыптарға қатысты пайымдарын ұсынды. Зафер бей Мұқтар Әуезовтың жақын күйеу баласы. Ол Мұқағалидың өлеңдер жинағын да екі тілде кітап етіп шығарыпты. Өкінішке қарай, Қазақстан жағынан бұл еңбектерді елеп-ескеру, оқырманмен табыстыру секілді шаралар әзір байқалмай отыр.

Түркиядағы түркі әлемінің мәдени астанасы Ескішехирде жылдық мерзім  бойы 300-ге тарта түрлі шаралар өткен. Келесі түркілік мәдени астана есебінде Татарстанның баскенті Қазанның таңдалғаны мәлім.

Abai.kz

0 пікір