Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Әне, көрдің бе? 5544 0 пікір 3 Маусым, 2014 сағат 10:26

ЖОЛ ДЕГЕНІМІЗ – МЕМЛЕКЕТ

(Түркия сапарынан жолжазбалар)

Жолжазбаның басы.

Алла бұйыртып, Түркиенің Ескішехерінде болатын жиынға баратын болып,  4 қазақ ұшаққа отырдық. Түн ортасынан ауғанда әуеге көтеріліп, 5,5 сағат бойы «Түркеш ейрлайн»компаниясының ұшағын самғатып Ыстамболға жеттік. Бұрын қың демейтінбіз, «ауа ағыны» дейтін әуе шоқалағына «шомылған»  ұшақтың қалтырағанына іштей қобалжыйтын болыппыз... дегенмен ұйқы қысқан соң қалғып-шұлғып тез жеткендей сезіндік.

Түсе салысымен бізді күткен қарсы алушыларды да тез таптық. 2 сағаттай өзге келушілерді тосып, дайын көлікке жайғасып Ескішехирге тарттық. Алайда, 20 миллиондық тұрғыны бар Ыстамболдан шығуға да 1-2 сағат керек екен. Бір жерінде зулатып, енді бір жерінде «сызып» отырып, түркі дүниесінің ең ірі шаһарынан да сытылдық...

Бір қызығы, автобус бір сәтке де тоқтаған емес, әлде ұйқылы-ояу болып байқамадық па...Бірақ қайтар жолда да тоқтамастан әуежайға жеткенімізді ескерсек, сірә, Түркие «кептелісті» білмейтін ел ме деп қалдық.

Жол бойы жөңкілген көліктің небір түрі – бірінен бірі озады,бірақ жылдамдықты баяулатқаны болмаса, сабаздың бір тоқтап, жолайы бір «аялдамаға» сәлем еткенін көрмедік. Бір бағытқа қарай көсілген  3-4 жолақ қанша машина болса да, қандай болса да мыңқ етпестен көлік ағынына төтеп беріп жатыр. Бір шұңқыр, не жөнделудегі айналма болсайшы! Бірде көпірден, бірде қырдан, енді бірде ойдан өтіп,тіпті туннелден де жарыса шығып жатқан көлікті жұрт. Іркілмейді!

Бірде оңнан, бірде сол қапталдан жарысқан теміржол – біресе қыр асады, біресе қыратқа сұғынған туннелге сіңіп жоқ болады.

Тағы бір қызығы, бағдаршам деген жарықтық қалаларда аз ба деп қалдық, Ыстамболдың ортасын кезгендер үшін бұл жалған болар, бірақ 700 мыңдық тұрғыны бар Ескішехирдің ескі орталығын айтпағанда, қала ішінде анда-санда бір бағдаршам ғана кезігетіні рас. Сірә, оның орнын жолайрықтар басқан білем. Бірақ жер бетінен білеуден болып шыққан жолайрықтар тым аз, көпшілігі жерге сұғына салыныпты, содан болар, әлгі айырықтардан көлікпен мініп-түскенің байқалмайды, жер бетіндегі жолмен келе жатқандай сезіледі. Сондайда аралап келіп, бір бірімізден «Осы қалада светофор жоқ болса керек өзі?» деп сұрастырғанымыз бар...

Бағдаршам жарықтық жолбайлау екен, кептелістің көкесі осы «шамдар» екен деп қалдық. Айтпақшы, алатаяқты жолсақшыны да көрмедік. Бірін бірі сүйкеп қалып, амалсыз шоғырланып, көлік ағыны кептелетіндей жол апатының себепшілері де сирек болар - көзге түспеді.

Түркиенің жолын көріп, ойға еріксіз түрде «мемлекет дегенің - жол екен ғой» деген ой сап етті. Шынында да солай екен: ала-құла, ой-шұңқырлы, таулы-тасты талай аумақты көрпе көктегендей біріктіріп жатқан жол ғана! Сол жол арқылы Түркие жұрты да бірігіп жатыр, сол арқылы экономика да, әлеует те араласып, елдің қауқарын жолаушыға әйгілеуде.Ел мәдениеті де сол аяқ астындағы асфальттан басталатындай екен.

Серік Әбдірешұлы

Астана – Ыстамбол – Ескішехир – Астана

Abai.kz

Ал енді дамыған 50 елдің қатарына қосылып, озық 30 елдің ортасынан ойып тұрып орын аларына кәміл сенімді, қазба байлыққа бай, қарыштап кеткен Қазақстандағы жолдарға қарайық:


0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1975
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2347
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1927
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1565