Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Уақ-түйек... 7254 0 пікір 23 Маусым, 2014 сағат 11:42

ҚҰЛДАН ДА БІР СҰРАҚ!..

«Есеп-қисап...»

  ҚР Статистика агенттігі. 2014 жылға арналған айлық есептік көрсеткіш.

  1. Ең төменгі зейнетақа көлемі – 20 782 теңге.
  2. Зейнетақының орташа көлемі – 43 478 теңге.
  3. Ең жоғарғы зейнетақы көлемі – 54 171 теңге.
  4. ...Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 19 934 теңге.
  5. ...Азық-түлік себеті – 11 960 теңге.
  6. ...Кедейлік шегі – 7 974 теге.
  7. Айлық есептік көрсеткіш – 1 852 теңге.
  8. ...Ең төменгі еңбекақы – 19 960 теңге.
  9. ...Орташа айлық жалақы (еңбекақы) – 116 927 теңге...

 

   Құлдан да бір сұрақ!.. Жақсы... Ал сонда «байлық шегі» қанша?.. 1 миллион доллар ма?!

   Жалпы, мен осы Статистикалық агенттігіміздің есеп-қисабын түсінбеймін!.. Қай бір жылы соңғы халық санағының нәтижесіне байланысты ақпарат құралдарында әртүрлі пікірлер айтылды. Қысқасы, не керек бір жыл ішінде премьер, президент, агенттік төрағасы үш түрлі дерек келтірді. Премьер (ол кезде де осы К. Мәсімов болатын) ҚР жалпы халық санындағы қазақтардың үлесі – 67 пайыз десе, президент – 65, ал агенттік төрағасы – 63 пайыз деп түйіндеді.

   Бас жағына бармай-ақ көзіміз көріп, құлағымыз естіген соңғы үш халық санағының үшеуіне де көңілім толмайды... Күмәнім бар!.. Неге дейсіз ғой?!

   Сол үш санақтың үшеуінде де мені, мені ғана емес бүкіл отбасымды есепке тіркеген тірі пенде жоқ.

   Соңғы 2009 жылғы санақ кезінде Алматыда, «Қазақ радиосында» қызмет істедім. «Санақ қалай жүреді, қалай тіркелеміз?» деген сұрағымызға «Мекен-жайыңа не жұмыс орныңа келеді» деген соң, қамсыз күтіп жүре бердік. Бірақ келген адам баласы жоқ. Ақыры сөйтіп, санға да, санатқа да қосылмай далада қалдық!..

   Өзім отбасыммен пәтер жалдап тұрамын. Таяуда ғана қожайыным босат деген соң қоныс ауыстырғам... Сондықтан, несін жасырайын, жұмысқа келер деп ойладым!.. Өйткені, Қазақ радиосындағы қызметкерлердің көбі – өзім сияқты жалдамалы пәтерде тұратындар... Әсіресе, жастар!..

   «Сендер не қылдыңдар, санаққа іліктіңдер ме?» - деп сыр тартып көрсем: «Ой, аға, сіз де қызықсыз!.. Бізді қайтеді?! Сайлау науқаны кезінде әкіреңдеп тыныштық бермейтін атқамінерлер мен жаналғыш-жандайшаптардың ешқайсысы сұраған жоқ!» - десін. Сонымен, қалды!..

    Бұл – біздің, бір кезде «төртінші билік» атанған журналистердің жағдайы... Ал бала-шағасына нәпақа іздеп жер-көкті кезіп жүрген базаршылар мен құрылысшылар, «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп күн-түн қатпай жортып жүрген жастар мен шұбырынды қарапайым қазақтар жайында, тіпті, сөз етудің өзі ерсі!..

   ...Ал сіз 63 пайыз дейсіз!..

«Самарқанда бір әпкем бар...»

   Әркімнің өз «дерті» бар...  Әйтеуір осы салада нан тауып, нәпақа теріп жүрген соң, билік басындағылар ауысқан сайын «Бізде де бір өзгеріс бола ма?» деп үміттене бастайсың!.. «Үмітсіз – сайтан»... Әрине, жақсылық күтесің!..

   Бірақ... сізді қайдам, өз басым бұл жолғы ауыс-түйістен ештеңе дәметпеймін!..

  Мәдениет министрі – Арыстанбек Мұхамедиұлы.

  Обалы нешік, көрген адамым емес! Көрсетпей-ақ қойсын!.. «Қоянның түрін көріп қалжасынан түңіл» деген...

  Осыдан біраз уақыт бұрын бүкіл елді дүрліктіріп, «Самұрық» Қазақстан ұлттар театрының тұсаукесері өтті. «Естімеген елде көп», театрдың ең басты ерекшелігі – кейіпкерлердің бір сахнада, бір пьесада бірнеше тілде тілдесуі. Бұған не дейсіз?! Мәшһүр Жүсіп атамыздың «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» дейтін шығармасы болушы еді, бұны да көрдік!..

  Ал енді тыңдаңыз, осы идеяның авторы – бүгінгі мәдениет министріміз Арыстанбек Мұхамедиұлы. Рас, ол кезде фамилиясы Әлиев болатын... Бірақ бұл – басқа әңгіме!..

  Театрдың көркемдік жетекшісі де сол кісі болды... Мәдениетіміздің болашағын осыдан-ақ байқай беріңіз!..

  Айтпақшы, жақында белгілі тележурналист Нұрлан Ерімбетов өзінің «Айтпарк» бағдарламасында «міністірімізден» «Тәуелсіздік алғалы бері мәдениет министрі 20 рет ауысты, бұл жайында не айтасыз?» деп сұрапты.  Сонда «Арыстан көкеміз»: «Для меня частая смена министров говорит о том, что этой сферой может управлять кто угодно и сколько угодно!» - деп жауап беріпті. (Интернеттен алынған деректі сол күйі өзгертпей бергенді жөн көрдік)...

  ...Министріміздің сөзі – осы! Қалғанын өзіңіз шешіңіз!..

  ...Келесі кім?! Міністір келеді, кетеді... Қалатын – сіз бен біз. Бірақ бізді кім тыңдапты?! Соңғы әміршілік тұсында тілге тиек етер түк бітірмесе де Мұхтар ағамызбен әлі жылап көрісерміз!..

   Мейлі... «Сойса да – қасапшы сойсын!..»

Нострадамус   

  Елу елге жетеміз дедік – жеттік! Алла жазса, 30-дыққа да кіреміз... Оған ешқандай күмәніңіз болмасын!.. Бұл біз үшін түкке тұрмайды!.. Өйткені...

  Өйткені, біз – күштіміз! Өйткені, біз – мықтымыз! Өйткені, біз – айтқышпыз!..

  Айтқыш болғанда қандай!.. Нострадамус жолда қалады!..

  202... жылы Қазақстан халқы түгелдей қазақша сөйлейтін болады!..

  202... жылы еліміздегі қазақ халқының саны 85 пайызға жетеді!..

  202... жылы Қазақстан азаматтарының орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 100 жыл болады!..

  ...Өйткені, -------------------------------------------------------------------------------!..

  Алла жазсын! Әмин!..

 

 Тұрмағанбет   Кенжебаев – ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2018
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2436
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2016
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1586