Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 8131 0 пікір 25 Маусым, 2014 сағат 09:37

БҮГІН МАҒЖАН ЖҰМАБАЙ ӨМІРГЕ КЕЛГЕН КҮН

Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы (25 маусым 1893Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабай ауданыСасықкөлжағасы – 19 наурыз 1938Алматы) – Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы өкілі.

Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Анасының есімі – Гүлсім. Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905 – 1910 жылдары Қызылжардағы (Петропавл) №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, ФирдоусиСағдиХафизОмар ҺайямНизамиНауаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді.

Баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, “Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға” деген өлең жазды. 1910 – 1913 жылдарыУфа қаласындағы “Ғалия” медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ.Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б.Майлинмен танысады.

Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасында “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. “Садақ” журналын шығаруға қатысады, оған өзінің өлеңдерін жариялайды. 1913 – 1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды.

“Бірлік” ұйымы жұмысына белсене араласып, “Балапан” қолжазба журналын шығаруға қатысады. Ә.БөкейханА.БайтұрсынұлыМ.Дулатұлы секілді алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, “Қазақ” газетіне өз өлеңдерін жариялайды.

1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болды. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.

“Алаш” партиясының Ақмола облысының комитетінің мүшесі болды. “Үш жүз” партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты. Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті.

1918 – 1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті. 1919 – 1923 жылдары Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетінде, “Шолпан”, “Сана” журналдарында,“Ақжол” газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы “Батыр Баянды” жазып, жарыққа шығарады.

1923 – 1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде оның шығармалары орынсыз сынға ұшырады.

1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Жұмабайұлының 1922 жылы қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтарын талқыға салды.

Онда ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. Бұл қаулы “Еңбекші қазақ” газетінің 1925 жылы 14 ақпандағы санында басылды. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын “Сәлем хат” деген өлең жазды.

Ол “Тілші” газетінде жарияланды. “Еңбекші қазақ” газетінің 1924 жылы 19 желтоқсанындағы санында С.Мұқановтың “Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына” деген ескертпемен “Сәлемге сәлем” деген жауап өлеңі басылды.

Жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қатысты нақтылы өлең жазбаса да, “уралап айқайламадың” деген кінәмен, тап күресіне белсене араласып, кедей сөзін сөйлемедің деген айыппен Жұмабайұлы қатаң сынға алынды. Жұмабайұлы 1927 – 1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады.

1929 жылы Жұмабайұлы “Алқа” атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады.

Петропавл қаласыннда мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады. 1937 жылы наурызда Жұмабайұлы Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.

Кеңестік жүйенің қуғын-сүргінінің құрбаны болған Жұмабайұлы есімін ақтау ісі 1958 жылы қолға алынды. Осы жылы ресми комиссия құрылып, ақынның таңдамалы лирикаларын жариялау жөнінде ұйғарым жасалды. Бірақ одан нәтиже шықпай, Жұмабайұлы шығармалары басылмай қала берді.

1960 жылы Түркістан әскери окр. әскери трибуналының алқасы шешімімен Жұмабайұлы толығымен, біржола ақталды. Жұмабайұлы есімі ақталса да ол жөнінде Қазақстан Жазушылар одағы мен ғылыми мекемелерге хабарланбады. Осылайша, Қазақстан халқы ұзақ уақыт бойы Жұмабайұлы шығармаларымен жете таныса алмай келді.

Түркияда ақын кітаптары жарық көргенімен, олар қазақ оқырмандары қолына тимеді. 1969 жылы Жұмабайұлымен қызметтес, таныс болған адамдар Жұмабайұлын ақтау, шығармаларын жариялау керектігі жөнінде Қазақстан басшыларына хат та жолдаған болатын.

Бірақ Жұмабайұлының шығармалары 1989 жылы ғана қайтадан жариялана бастады. 1995 жылдан М.БазарбаевС.ҚирабаевХ.Абдуллин,Ш.ЕлеукеновБ.ДәрімбетШ.Сариев бастаған ғалымдар тобы Жұмабайұлының 3 томдық шығармаларын шығаруды қолға алды.

Жұмабайұлы шығармашылығын тереңірек зерттеу еліміздің егемендік алуынан бергі кезеңде ғана нақтылы жолға қойылды. Жұмабайұлы есімін мәңгі есте қалдыру бағытында да біршама жұмыстар атқарылды. Алматы және Петропавл қалаларында бір-бір көшеге Жұмабайұлы есімі берілді. Петропавл қаласында және ақынның туған ауылында ескерткіш қойылған. Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Булаев ауданы Мағжан Жұмабайұлы ауданы болып аталды (2000

Мағжан Жұмабайұлы және Интернационал көшелерінің қиылысында орналасқан алаңда Солтүстік Қазақстан жерінде туған көрнекті қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлының ескерткіші орнатылған. Оның авторы — Қазақстан Республикасының жетекші мүсіншісі, халықаралық конкурстардың лауреаты және дипломанты, Суретшілер одағының мүшесі Марат Әйнеков.

Ескерткіш Мағжанның граниттен жасалған отырған бейнедегі үшметрлік мүсінін ұсынады. Ақынның иығында ұшқыр ойдың нышаны — қаршыға. Ақын ой үстінде отыр, оның ойы болашаққа бағытталған. Мүсін қоңыр түсті күрті гранитінен орындалған. Мүсінмен жұмыс істегенде авторға Мағжанды көрген және жадында ұстаған ақынның жалғыз туысы — Ғадылша Қаһарманов көмек қылған. Оның кескін-келбеті Мағжанға өте ұқсас. Ескерткіш 1993 жылы ақынның 100-жылдығына ашылған.

Мәліметтер қазақша Уикипедиядан алынды.

0 пікір