Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Мәйекті 8927 0 пікір 25 Маусым, 2014 сағат 12:19

ЕР ЖӘНІБЕК – 300 ЖЫЛ. АСТЫҢ АМАНАТЫ

10474678_646671718743824_2417579216450409100_n

«Моңғол, Қытай жеріне жетіп жатыр

Бүгінгі той жайында жұрт ақпары...»

2014 жыл бейресми түрде Қазақстандағы Ер Жәнібек жылы болды десек артық емес. Филология ғылымдарының докторы, абыз ақсақал Тұрсынбек Кәкішұлының ұйтқы болуымен құрылған «Ер Жәнібек» қоры айтарлықтай іс-шаралар атқарды. Бүгінгі таңда аталған қорға белгілі ғалым Мақсұт Темірбаев басшылық етеді.
Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдығы ғылыми конференциялармен басталды. Жыл басында Абай атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде, Қазақ Аграрлық Университетінде танымдық-практикалық конференция ұйымдастырылды. Маусым айында Алматыдағы бес жұлдызды «Rixos» қонақ үйінде ас беріліп, баба рухына құран бағышталды. Белгілі қоғам қайраткелері қатысқан осы жиында шығыстанушы ғалым Жанымхан Ошанұлы мен Насихат Нәбиоллаұлы құрастырған «Ер Жәнібек» атты энциклопедиялық жинақтың, Моңғолияда тұратын жазушы Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» атты романының тұсауы кесілді. Сондай-ақ, «Ер Жәнібек» туралы жырлар аудиодискіге жазылып, батыр өміріне арналған деректі фильммен қатар «Керейде батыр Жәнібек» деген атпен жарық көрді. Іле-шала Республика сарайында Қазақстан өнер жұлдыздарының қатысуымен қайырымдылық концерті өткізілді.
IMG_8178

Міне, кеше ғана Елорданы сөз құдіретімен тербеген дүбірлі айтыс өтті. Еуразия университетінде «Мәңгілік ел идеясы және Ер Жәнібек батыр» атты халықаралық ғылыми конференция мәресіне жетті. Астана іргесіндегі Қоянды ауылында көлемді ас берілді. Әрі қарай Жарма ауданында баба рухына арналған ұлан-асыр той өтті. Балуандар арысқа түсті, жүйріктер аламанға шапты, өнерпаздар ән салды, жиналған жұрт тамсанды...
Ендігі кезекте жыл сайын өткізілетін «Шығыс шынары» дәстүрлі жыр мүшәйрасы Ер Жәнібектің 300 жылдығына арналады. Күзге қарай Ер Жәнібек батырға арналған прозалық шығармалар мен журналистік зерттеу мақалалардың жүлдесі тағайындалмақ.
Айта кетерлігі – Ер Жәнібектің 300 жылдығы тек Қазақстанда ғана емес Еуропаның төрінде, Моңғолияның даласында, Алтайдың арғы-бергі жұртында түгел тойланып жатыр.

 

«Осындай елім деген есіл ердің
Ұрпақтары жетті-ғой бағасына»

Жоғарыда аталған іс-шаралардың көптігі мен көлеміне қарап, былайғы жұрт мерейтой мемлекет тарапынан тойланып жатыр деп ойлауы мүмкін. Жоқ, жергілікті билік пен кейбір мекемелердің қол ұшын созғаны болмаса, Ер Жәнібектің 300 жылдығы тек санаулы кәсіпкерлердің демеушілгімен жүзеге асуда. Бұл ретте «Ер Жәнібек» қорының вице-президенті Жеңіс Түркияның рөлі айрықша болды десек артық емес. Кәсіпкерлікпен айналысатын Жеңіс мырза айналасына қаржылық мүмкіндігі бар атымтай азаматтарды топтастыра білді.

Рақат Әбдіқадыр, Ділдахан Дәлел, Асқар Жакулин, Серік Көкенай қатарлы кәсіпкер азаматтар Алматыдағы ас пен Республика сарайындағы концертті дүрілдетіп өткізсе, Жеңіс Түркия, Толқын Ақанұлы, Біржан Қажығалиев, Жомарт Омаров, Дәулеткерей Кәпұлы бастаған азаматтар Астананың айтысын жоғары деңгейде ұйымдастырды. Қазылар алқасына Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы басшылық етті. Айтыстың бас жүлдесі - КІА автокөлігін Еркебұлан Қайназаров жеңіп алды, ал 1-орын – 1 миллион теңгені павлодарлық Аспанбек Шұғатаев еншіледі. 2-орын иегерлері Мейірбек Сұлтанхан мен Анаргүл Бәделхан әрқайысысы 500 мың теңгеден қалтасына салды. 3 орын иегерлері Мақсат Аханов пен Қарлығаш Әубәкірова да 300 мың теңге жүлдеге ие болды. Тіпті жақсы айтыс үлігісін көрсеткен ақындарғада 100 мың теңгеден сыйақы берілді.
22

Ал Шығыс Қазақстанда өткен астың орыны тіптен бөлек. Ділдахан Дәлел, Рахат Әбдіқадыр бастаған азаматтардың бас-көз болуымен қалба тауға 100-ден астам ақ үй тігіліп, Ер Жәнібек батырдың басы жатқан қасиетті мекенге Алты алаштың баласы басын қосты. Қазақта баяғыдан келе жатқан дәстүр бойынша кейбір қазақ рулары ақордаларын тігіп, ас-суын әзірлеп, той иелерімен бірге астың мерейін асырды. Шұбартаудан Жобалай батыр ауылы, Күреңбел ауылы, Алматыдан Қызай ана ауылы, Үржар, Аякөз ауданы болып, топ-топ ақ үйлер тігілді. Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің өзі алты қанат ақордасын сайлап, алыстан келген ағайындарды күтіп алды. Қалба таудағы осы астың өз деңгейінде өтуіне Қанат Сүлейменов дейтін азаматтың ерекше еңбек еткенін айта кеткен жөн. Ер Жәнібек батырдың ескерткішін тұрғызған Қанат мырза бұл жолы да жергілікті әкімшілік пен «Ер Жәнібек» қорының бірлесіп жұмыс жасауына ұйтқы бола білді.

10368252_646671825410480_8741737183406398252_n

Қытайдан келген бауырларға бас-көз болып жүрген кәсіпкер Мерей Сіләмұлы, астың басы-қасында ұйтқы болып жүрген Жеңіс Түркия мырзаның арқасында бәйге, балуан жарыстарындағы жүлдегерлерге 10 автокөлік тігілді. Жарма ауданында өткен конференцияда Қабдеш Жұмаділов, Тұрсынбек Кәкішев, Несіпбек Айт бастаған ақсақалдар мен Жанымқан Ошан, Серікқазы Қорабай сынды ғалымдар аталы сөз айтты.
Базарбек Әдіғай, Қайрат Құл-Мұхаммет сынды өнер қайраткерлері концерттік бағдарламаның сәтті өтуіне мұрындық болса, Шығыс жекпе-жегінің шебері Жамали Диханұлы 300 пышақтың жүзінен жүріп өтіп, жұрт алғысына бөленді.

IMG_2134

10501866_646672052077124_3228301048794043439_n

«Бабаң батыр болғаннан пайда бар ма,
Балаң тартып тумаса бабасына»

Сөйтіп, Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығы қазақ бар жердің бәрінде жоғары деңгейде тойланып жатыр. Атаға тартып туған азаматтар береке-бірліктің, ұйымшылдықтың не екенін көрсетті. Қолдарынан қаншалық іс келетінін аңғартты. Ұлыны ұлықтауға, ұрпақты оятуға қызмет атқарды. Мемлекетке жалтақтамай-ақ, ұлтқа қызмет етудің мүмкіндіктерін көрсетті. Бабаларымыздың ел мен жердің тұтастығына қалай қызмет атқарғанын Алты Алаштың есіне салды. Біздіңше, жыл бойы тойланатын астың мақсаты біреу ғана. Ол – кешегі Жәнібектің қазақ тұтастығын ту еткен ерлігін паш етіп, бүгінгі Жәнібектерді, бір рудың емес, бүкіл Алаштың жоғын жоқтайтын азаматтарды тәрбиелеп шығару.
Тарихта «Абылайдың асы», «Сағындайдың асы» дейтін атақты астар өткен. Жасыратыны жоқ – ол кезде асты есте қалдыратын бірнеше ұғым бар болатын. Қанша ат шапты? Қанша мал сойылды? Қанша үй тігілді? Заман солай еді. Сонысымен есте қалатын.
Қазір ас өткізудің жауапкершілігі бұрынғыдан да ауыр десек қателеспеспіз. Ғасырлық боданнан кейінгі қол жеткізген тәуелсіздікті ұстап қала аламыз ба? Тұғырынан тайған тілімізді орнына қоя аламыз ба? Ұланғайыр далаға көз алартқан дұшпанға Ер Жәнібектей үн қата аламыз ба? Бүгінгі жаһанның ең үлкен соғысы ақпараттық соғысқа төтеп бере аламыз ба? Тарыдай шашылған қазақтың басын бір Отанға жия аламыз ба? Мұның бәрі кешегі емес, ертеңгі емес, бүгінгі ұрпақтың мойынындағы парыз. Ринат Зайтовша айтсақ, «Жауыңа қалай ғана таптатпақсың, Жәнібек батырыңның жатқан жерін».
ХХ ғасырдың дәл осы кезеңі – Алашордашылардың азаттық күресінің күрделі кезеңі еді. Бас біріктірді, тізе қосты. «Қазақ» газетін шығарды. Кешегі Абылайлардың, Жәнібектердің аманаттап кеткен даласын келесі ұрпаққа дін аман жеткіземіз деді. Сол үшін жандарын айырылды. Есесіне Қазақ мемлекетінің ірге тасын қалады, бүгінгі ұрпаққа өшпес із қалдырды, ұлттың атасы атанды. Қанша жерден тәуелсіз елміз десек те, дәл қазіргі кезеңде сол ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш аманаты қайтадан күн тәртібіне шықты. Арқадағы жүк, алдыдағы мақсат – сол ғана.
Құдайға шүкір, жоғарыда айттық. Үш жүзге сауын айтып, ас өткізген азаматтар Алты Алаштың бірлігі үшінде тізе қоса алатынына сенім мол. Бұл ұран емес.

IMG_2305

PS. Мақалаға «Ел қорғаны – Ер Жәнібек» деп аталатын Астанада өткен айтыстағы Ринат Зайтов пен Иран-Ғайып Күзембаевтың өлең жолдарын пайдаландық.

Біләл Қуаныш

Суреттер: Нұртай Лахан, Әмірболат Құсайынұлы, Ғабит МАДАЛИЕВ

Abai.kz

0 пікір