Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4171 0 пікір 26 Маусым, 2014 сағат 16:18

Қ.МӘМИ БАҚ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

 Бүгін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми БАҚ басшыларымен және қызметкерлерімен, сондай-ақ соттардың баспасөз қызметінің мамандарымен кездесті. Аталған іс-шара олардың кәсіби мерекесі – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылды.

         «Аталған мереке Қазақстан қоғамы үшін әрқашан зор маңызға ие. Бұл күндері республикамызда түрлі салтанатты және мерекелік іс-шаралар өткізілуде. Мұндай ықылас бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі Қазақстан қоғамының өмірінде алар айрықша рөлін айқындаумен қатар, олардың зор сұраныс пен құрметке ие екендігін дәлелдейді», - деді Қайрат Мәми.

Жоғарғы Сот Төрағасы 2013 жылғы қарашада өткен Судьялардың алтыншы съезінде берген Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында сот жүйесін жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Осы ретте ол қылмыстық, әкімшілік және азаматтық-құқықтық салалардағы заңнаманы жетілдіру жұмыстарының аяқталуға жақын қалғандығына айрықша тоқталды. Сот жүйесінің тәуелсіздігі индексін арттыру жөніндегі Жол картасы әзірленді. Сот жүйесінің өз ішінде судьяларға негізсіз ықпал етуді жоюға мүмкіндік беретін сот қызметіне мониторинг жүргізудің жаңа әдістемесі қабылданды. Электронды сот ісін жүргізу жаппай қарқынды дамуда. Халық үшін сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында Сот жүйесін ақпараттандыру тұжырымдамасы әзірленді. Сотқа дейінгі медиация және дауларды шешудің (аралық соттар) баламалы жолдары тәжірибеге кеңінен енгізілуде.

Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс деңгейін одан әрі арттыру – сот жүйесінің алдағы кезеңдегі дамуының негізгі басымдықтарының бірі.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам өміріндегі алатын маңыздылығын айта келе, Қайрат Мәми кездесуге қатысушыларға сот билігінің имиджін нығайтуға қосқан үлестері және көрсеткен ақпараттық қолдауы үшін алғыс білдіріп, оларға Құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар табыстады.

Абай-ақпарат

0 пікір