Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Ақмылтық 8787 0 пікір 27 Маусым, 2014 сағат 10:35

Бауыржан Бабажанұлы. АЛҒАШҚЫ МАҚАЛА

...Университет бітіргеннен кейін ұстазымыз Шәкір Ибраевтың шақыртуымен 5 түлек Ғылым Академиясының жанындағы «Әдебиет және өнер» институтына келдік. Ғалым болмақ ойымыз бар. Бірақ мен ойлаған «Қарақалпақстандағы жыраулық дәстүр» атты тақырыпты Ғылыми Қеңес бекітпей қойды. Нөкістегі Қаржаубай ағам осы бағытта еңбек етіп жатыр екен. Шәкір аға басқа бір тақырып ұсынды. Ойланып жүргенде, тілеулес ағам Мақсот Ізімұлы журналистикаға келу туралы ұсыныс айтты. «Жалын» журналында бір орын босайтын түрі бар. Қаласаң, Мереке ағаға айтайын...» — деді ол. Институттың ұжымы жақсы болғанымен, жалақысы өте төмен еді. Пәтерақыға да жетпейтін. Әрі үш ай кешіктіріп беретіні бар. Салт басты боп жүргенде ештеңе емес, үйленгесін қиын екен. Сондықтан мен қуана келістім. Мақсот ағам көп күттірген жоқ. «Бауыржанның өлеңдерін оқып жүрмін, келсін, алайық, — депті Мереке ағам. Сонымен «Жалын» журналының қызметкері болып шыға келдім. Екі айда бір шығатын журналдың нөмірге кететін өлеңдерін іріктеп беріп отырамын. Жалақысы тәп-тәуір екен, әжептәуір ес жиып қалдым. Тек... бір жылдан соң бізге «Ана тілі» газеті қосылды. «Жалын» жеке тұрғанда бас редактор «Қазақойлға» жұмсап, бір мақала «жазғаным» бар. Әлгі ағамыздың қолы тимей жатты ма, әлде басқа бір реттері болды ма, көп сөйлеспей, компаниялары туралы бір журналды ұстата салған. Мақала жазбақ боп ұзақ отырдым. Ештеңе шығар емес. Сөйтсем, жазу дегеніңіз, шәй ішіп отырып, Әмірхан мен Жарастың мақалаларын сынау емес, қиын дүние екен ғой. Содан «Егемен Қазақстанда» істейтін келіншегіме қолқа салдым. Кешке «ЕҚ»-ның бір мәшіңкесін алып кетіп, мақалаға кірістік. Өзімше, олай жазу керек, былай жазу керек деп ақыл айтып отырғанда, көзім ілініп кетіпті. Тұрсам, мақала дайын, астында менің фамилиям тұр. Тастай. Тура өзім жазғандай, таңертең Мереке ағаның қолына ұстаттым. Көп түзетпей, қол қойып берді...

Ал кәзитіңіз қиын екен. Апта сайын мақала жазу керек. Бірден баяғы «әдіске» көштім. Түнімен келіншегім екеуміз... мақала жазамыз. Жазамыз дегенім, сөздің сірәғасы ғой, мәшіңке тық-тық етіп... ұйықтатпайды. Біреу сөйлесіп, оны біреу жазғасын қайдан оңсын, кейде көңіліңнен шыға қоймайды (Әрі диктофоным да ескі, жазып алған дүнием дұрыс естілмейтін). «Мынауың — нашар!» — деймін сосын құдды лездемедегі Мереке ағам құсап, — материалда «жан» жоқ!». Бәйбішем қайта іске кіріседі. Тық-тық, тық-тық... «Болдым, қара» — дейді бір кезде иығымнан түртіп. Көзімді уқалап жіберіп, материалға үңілемін. «Мына жерін бүйту керек еді...», «Жібі бостау екен, ширату керек!» (Марқұм Марат Қабанбайдан үйренген сөзім). Бәйбішем көзі бақырайып, өзін кінәлі сезініп қалады. Мен одан сайын «сынды» үдете түсемін: «Өйту керек, бүйту керек...». Бір күні қаттырақ сынап жіберсем керек, көнбіс келіншегім шырт ете қалды: «Ай, соның бәрін білсең, өзің жазбайсың ба? О, несі-ай, әрі материалын жазасың, әрі сөз естисің...». Тосылып қалдым. Тым артық кеткенімді ұқтым. Бірақ сыр бермеу керек еді: «Несі бар, жазамын». «Жаз, ендеше!». Айтып қойғасын, амал жоқ, жазуға кірістім. Таңға дейін неше парақ жыртылды. Бітіре алмай, жұмысқа келіп жалғастырдым. Өліп-талып бітірдім-ау, әйтеуір. Дүнгендер туралы материал болатын. Сұхбаттасымның «қытай мен дүнгенді мың жыл қазанға салып қайнатсаң да бір-бірімен қосылмайды...» дегені есімде қалыпты. «Материалың жақсы екен!» — деді бір кезде бас редактордың орынбасары Марат Қабанбай шақырып алып, — тек аннотациясы қайда? «Оны сіз жазбайсыз ба?» Мақаланың тақырыбын бастықтар қойып, аннотациясын да солар жазады деп ойлағам ғой. Мәкең рахаттанып күліп алды: «Бар, тақырыбын қойып, аннотациясын жазып кел!» Жазып, қолына ұстаттым. «Е, міне, енді дұрыс!». Ертеңіне Марат ағам менің материалымды мақтасын кеп. Оған Сабыржан Шүкірұлы көкем қосылды. Бір кезде... «грозный» Мереке ағам да күрт жадырап, аяқ-қолымды жерге тигізбей мақтағанда көзімнің алды тұманданып кетті...
...Мен журналистикаға осылай келгем. Мереке құтты болсын, әріптестер!!!

Abai.kz

0 пікір