Жұма, 26 Сәуір 2024
Талдау 15816 0 пікір 11 Шілде, 2014 сағат 11:14

ҚАСИЕТІҢНЕН, ҚАРА ӨЛЕҢ, АЙНАЛАЙЫН...

  ...Қасиетіңнен қара өлең айналайын

 Қазақтың дәл өзіңдей қарапайым

(Мұқағали)

Бабаларымыз әлмисақтан бері әлхамдулиләһ  мұсылман. Оған Қара жер куә, қарт Қаратау куә, басып өткен тарихының даңғыл  Қара жолы куә, ұрпақтан ұрпаққа алмасып маған жеткен Қара шаңырақ куә, базынасы мен қазынасы ретінде болашаққа қалдырған Қара өлеңдері куә!

Қара өлең демекші!..

Қазақтың ән-өнері өз ішінде ғұрыптық әндер, салт-дәстүр және кәсіби әндер болып бөлінеді. Қара өлең осылардың ішіндегі ғұрыптық әндерге жатады. Қара өлең халықпен бірге туған. Барлық замандарда біте қайнасып өмір кешіп келеді. Бүгін де жалғасуда. Болашақта да өркен жаяры сөзсіз.

Осыдан 1400 жыл бұрын  қасиетті Құран Кәрім  аяттары хазірет Мұхаммедке(с.ғ.с)  алғаш түсе бастаған сонау ҮІІ-ҮІІІ ғасырлар заманының жәдігері болып саналатын, бабаларымызды тәңірлік сенімнің адасушылығында жүрді дейтін дәуірдегі Орхон-Енисей жазбаларында:

«Тағдырды Тәңірі жасар,

Адам баласы бәрі өлгелі туған», (1.20) –деп  тағдыр– Жаратқанның жазуы екендігін, «түркі халқы үшін түн ұйықтамай, күндіз отырмай» (1.12) жүрген сол заманда  дүниенің  бар ғана  Жаратушысы бар екендігін, қандай қиыншылық, жаманшылық болса дағы шыдамдылық танытып, қуанышты нәрсе болса шектен  шықпай Жаратушы жазған  тағдырға сабырлылық таныту қажеттігін тасқа ойып жазған.  Алла Тағала Құранда: «Расында біз әр нәрсені белгілі бір өлшеммен (тағдырмен) жараттық» -деген. (Қамар сүресі, 49 аят)

Бұл насихат одан кейінгі замандарда қазақтың қара өлеңінде: 

 Салайын өлеңіммен сөзден өрнек,

Жоқ екен өткен өмір қайта келмек.

Барында тіршіліктің иманға кел,

Дүниеге келгендердің бәрі де өлмек (2.297)-деп жалғасқаны қасиетті Құрандағы: «Жер бетіндегі барлық нәрсе пәни, яғни өткінші…» («Рахман» сүресі, 26-аят); «Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады» («Әнбия» сүресі, 35-аят) деген аятты дәлме –дәл қайталап өмірдің өткінші екендігін, әрбір жан иесі өлетіндігін, өлімнен ешкім қашып құтыла алмайтындығын, өлген соң қайтып келмейтінін анық, Жаратушының алдына иманыңды толықтырып барудың жөн екендігін  ашық ескертіп тұрған жоқ па?!.

 «…Сөздің басы бісміллә, Бісмілләсіз іс қылма»,-деген дана бабаларымыз қазынаға толы қара өлеңін былай бастайды:

Бісмілла, бісмілладан деп айтамыз,

  Жаман сөз жарамаған неге айтамыз.

     Жаман сөз жарамаған біз айтпаймыз,

                        Мұхаммед(с.ғ.с) құдай досы деп айтамыз (2.403)

Енді мына бір сюжетті қара өлеңнің шумағына ой жүгіртейікші:

                            Басында Қара таудың қар борайды,

                            Басына керім жігіт сәлде орайды.

                            Сәлдесін бір ораған қайта орайды,

                            Басына сол шіркіннің кім қарайды?! (2.10)

Бұл шумақтың Абайдан, оның заманынан әлдеқайда бұрын шыққаны даусыз және бұл шумақ  қазақ хандық дәуірі жырауларының сөз саптауына келіңкірейді. Жеңіл юмор арқылы  сері жігіттер  басына сәлде орауды сән көрген есте жоқ ерте кезді алдымызға көлденең тартады. Өлең мағынасынан дәуір таңбасы соншалық айқын сезіліп тұр.  Пайымдап көрсек, сәлде орау ерте замандарда   қаладан, шаһардағы медресе, мешіттерден білім алып Қазақтың кең сахарасына қайта оралған   оқыған зиялы жігіттерге тән болса керек. Соларға ұқсағысы келген қыр жігіттерінің де сәлде орағысы келіп әуіреленіп жүрген  осынау  сүйкімді бейнесі  20-ғасырдың  басында қазақ даласына оқып келген жігіттердің костюм киіп, галстук таққанына еліктемек болған дала жігіттерінің типтік образын көз алдыңызға әкеліп тұрған жоқ па?!.

         Халқымыздың осы бір баға жетпес қазынасы болған қара өлең кенін белден қазып, ел шежіресінің ескі беттерін жалықпай парақтасақ, қатпары қалың сан дүниенің шекесі көрінеді. Қазақтың қара өлеңінің айтары көл-көсір. Жалғыз ел тарихы ғана емес, сол елдің өмір сүрген ортасы, тұрмыс-тіршілігі, ой өрісі – философиясы, діні мен иманы, арман-тілегі осы бір елеусіз жатқан құнды мұрамызда аса мол сақталып қалған.

Бәрін емес, бірін, бір-ақ шумақ  қара өлеңді талдап көрсек жоғарыдағы сұрағымызға жауап берген болар едік.

Дүние қызыл түлкі бұлаңдаған,

Бақ қайтса, баста бақыт тұра алмаған.

Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан.(2.285)

Енді осы шумақты бір-бір жолдан талдасақ:

 «Дүние қызыл түлкі бұлаңдаған». Иә,Қазақ атамыз «алдамшы дүние, жалған дүние, ғапыл дүние, арман дүние, сағым дүние, бекер дүние, сарсаң дүние, өткінші дүние, опасыз дүние, белгісіз дүние, шолақ дүние, баянсыз дүние, сынап дүние, ит дүние, елес дүние, бес күндік дүние, әуре дүние, ұшпа дүние, мұнар дүние, қонақ дүние» деп күрсініп келген еді.

 «Бақ қайтса, баста бақыт тұра алмаған». Бұл жолда Құдай тағаланың құдіретін толық мойындау һәм барлық нәрсе Оның құзырында екендігін ескертеді. Бақыт деген сөздің ішіне байлығыңыз да, имандылығыңыз да, кісілігіңіз де, қысқасы бәрі сыйып жатыр. Құдай тағала құп көрмесе сандықтап  ақша жинасаң да сабан құрлы салмағы жоқ боп күйіп кетуі оңай. Немесе ол байлық сансыз шығындар әкеліп, немесе орны толмас қасірет боп келуі де әбден мүмкін ғой.(Әлемде талай миллиардерлер өмірінің соңында қалай опық жеп, қайғылы күйге түсіп, өзіне қол салған  деректердің талайын оқып та, естіп те, көріп те жүрген жоқпыз ба?)

 «Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең». Ең көп сан ретінде алынып отыр, кей нұсқада «күніне мың бір пәле жолықса да» деп келеді. Яғни қанша қиындыққа ұшырасаң да дегені. Дәлме-дәл айтсақ,  тағдырдың тәлкегіне түссең деген сөз.

Төртінші жол. «Сонда да күдер үзбе бір Алладан» дейді. Бұл енді ерекше ғажап айтылған сөз!

 Бірінші жолда дүниенің сипатын нақтылап, екінші жолда Алланың жазғанынан асып кете алмайтыныңды ескертіп, үшінші жолда тағдырыңа риза болуыңды айта отырып, төртінші жолда Алланың мейріміне ұмтылуыңды насихаттайды. Алла тағаланың аса қамқор, ерекше мейірімді сипатын мадақтайды. Алланың мейірімі түскен құлдың қай бақыты кем болушы еді! Ең бастысы – күдер үзбеуге тіиісті, яғни сүйенген объектісін айтсайшы. Балгер-бақсыдан, тау-тастан, оттан-ағаштан... т.б күдер үзбе демейді. Бір Алладан деп «Алла» сөзінің алдына «Бір» деген сөзді  балталасаң бұзылмайтындай етіп ұйқаспен шегелеп тастайды.  

Міне керемет! Қазақ атамның көкірігін жарып шыққан  жалғыз шумақ қара өлеңі! Мың ақын қиналып, жүз философ жиналып өмір бойы айта алмайтын осындай алтын сөздерді   бір ғана шумақтарына  сыйғызып  айта салған. Айтқанда бәрін өз-өз орнына  қойып айтқан.

Ендеше біз осындай танымдағы, осындай өлмес мұра қалдыра білген халықтың ұрпағы болғандығымызға сансыз  шүкірлер айтуымыз керек. Бабаларымыздың қалдырған осы мұраларын түсініп, кәдемізге  жарата алсақ, екі дүниеде кімнен кем болмақпыз! Тарихи тағдырымызға байланысты тек  Тәуелсіздік жылдарынан бастап ғана  айтыла бастаған Алладан басқаға сыйынбау ұғымы баба  қазақтың танымында әлдеқашан орнығып, тіршілігімен алты таспа қамшының өріміндей бірге өріліп кеткенінің дәлелі осы емес пе!?.

Қазақтың қара өлеңінің тағы бір шумағы:

Жантақты жолда жатқан алып таста,

Кірмесін кісіге де сенен басқа.

Мың болып бір жақсылық еселенер,

Кейінгі үлгі болса келер жасқа (2.12) Алладан кешірім сұраса, не болмаса адамдар жүретін жолдан, тас, тікен, сүйекті алып тастаса, не болмаса адамдарды жамандықтан тыйып жақсылыққа шақыру(Муслим) туралы Алла Елшісінің (с.ғ.с) хадисіне дөп түсіп тұрған жоқ па. Өмірдің барлық саласындағы шындықтың бетін шімірікпей ашып, адамшылық-ахлаққа  шақырып кімнің де болса ұқпасына, түсінбесіне қоймастай құдіретпен үн қатып тұрған мұндай шумақтарға неге таңданбасқа?!

Қара өлең-өміршең. Халықпен біте қайнасып, бірге жасап келді. Ел басына күн туған екі талай замандарда да, арғысын айтпағанда күні кешегі  екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданннан келген талай хаттың ішінде жау шебінде, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгердің арттағы ата-анасы, асыл жарларына  Алла тағаланың  жақсылықтарынан үміт етіп, аман-есен қауышуларына  жол ашуын тілеген қасиетті дұғадай қара өлеңдері жазылғандарын білеміз. Москва түбінде фашистермен алысып жүріп  қара өлең сарынымен өлеңдетіп жазған хаттарында  әкелеріміз бен ағаларымыз алдымен Алланы аузына алып,  өзінің әділет майданында жүргендігін, Отан қорғау жолындағы жиһадта жазым болса шейт екендігін, ал Отанды сүю, қорғау –иманнан болатыны жайлы ақыл-кеңестер айтып, арттағы кемпір-шалдар,  әйелдермен жас балаларына  берік те сабырлы болу туралы  ақыл-кеңестерін айтады. Міне біз осындай  иманы кәміл бабалардың ұрпағы болғанымызды мақтанышпен айта аламыз.

Қара өлеңде Отанды, туған жерді, өскен елді сүю, оның қадір-қасиетін ұғыну, шексіз шараптын адал еңбекпен өтеу туралы  ғибратты жолдар мен кәделі шумақтар  жетерлік. Қара өлеңнің қырағы көз қиығынан қаға беріс қалатын тақырып жоқ, өмір мәні,имандылық  туралы тақырыпқа да әлдебір соны қырынан келіп әдеттегіден де тереңірек сезіндіре түседі.  «Қазақтың қара өлеңін дана қазақ өмірінің  поэзиялық үлгідегі энциклопедиясы немесе галереясы деуге болады»(3). 

 Қара өлеңнің иесі, авторы-халық. Бұл дүниенің баянсыздығын, ұлы Жаратушының құдіретін, табиғатқа таңдануын, әділетті аңсауын, қиянатқа қынжылуын, баланың тәрбиесі, келіннің әдебі, қыздың қылығы, сүннет жолы, достың аманаты, ағайынға  сәлем беру, інінің  сәлеміне  жауап қайтару қатарлы қарапайым танымдардан бастап ел қамы, халық тағдырын қамтыған ой өрнектері- қара өлеңнің құнды  қасиеттері болмақ.

Өлеңнің анықтауышы болып тұрған «Қара» атауы  заттың түсін білдіретін негізгі мағынасынан әлдеқайда кең ұғымда. «Қара» - әлемнің алғашқы қалпы, ежелгі, байырғы деген ұғымды береді деп жазады ғалымдар. Демек, «қара өлең» дегеніміз-ежелгі,байырғы өлең, өлеңнің бастапқы қалпы деген сөз. Қара жер, Қаратау, қара халық, қара сөз, қара жол, қара шаңырақ деген тіркестегі анықтауыштар тек түсті білідіріп қана тұрмағандығы енді түсінікті: ежелгі тау, негізгі халық(байырғы), бастапқы сөз, басты жол, алғашқы шаңырақ  деген ұғымдарды беретіндігі анық. Ендеше біз, бабаларымыздың ежелгі өлеңдерінен-ақ олардың әлмисахтан мұсылман екендігін, адам болып жаралғаннан бері дәстүрі мен салтын Ислам ғұрпына сай құрып келген дана қабілетіне тамсана да, сүйсіне де  білуіміз керек. Бабаларымыздың даналығына  шексіз құрмет  көрсету бізге парыз.

Даналық ойын қара өлеңге сыйғызған бабалар мұрасы – ұрпақтың рухани қазынасы. Қазақ өмірі тал бесіктен жер бесікке дейін өлең (Абай). Құнарсыз топырақ қуарып тұрады. Қайнары жоқ өзен суалып тынады.  Аллаға шүкір, ырыс пен берекеге  толы қазақ қазаны ешқашан ортайған жоқ. Түбіне үңіліп, тегіне құрмет қылған жанның қолына ілігер майлы жіліктер жеткілікті. Алла Тағала сол мол еншімізді ұрпақтарымыздың езуінен көруге нәсіп етсін!

 

Әдебиеттер:

1.Күлтегін. Тоныкөк.  (Астана. Аударма баспасы 2002-96 бет.)

2.ҚАРА ӨЛЕҢ: (толықтырып басылуы) (Алматы: Жалын, 1997, 640 бет) Ел ішінен жазып алып құраст. Оразақын Асқар

3. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.

 

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір