Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Шамшырақ 9452 0 пікір 14 Шілде, 2014 сағат 16:57

Бекболат – Абай бастаған таухидтың көшін жалғастырған тұлға

Әр кімнің үстінде бір бақылаушы дейді құранда(86 сүре, 4аят). Біз жасап отырған қоғам алапат тездікте зымырап барады. Заманның  етегін жел көтерген алмағайып кезеңде тұр.  20 ғасырдан құр сүлдерін сүйреп шыққан халық үшін, жаңа ғасыр Сират көпірінен кем болмайын деп тұр. Суды қанша сапырсаң да май болмайтыны сияқты, болымысынан айырылған халықты  жінігіп, қанша қазақ қыламыз десекте қалыбын табуы қиын екен.   «Сен тимесең, мен тиме бадыраң көз» деп жүре берсекте болатын еді, оған дәтің бармайды екен. Ояна алмай бір қауым қапыда кетіп барады. Тіпті, ояну былай тұрсын терең тынысты  қорылға ұласты. Бүгінде жалған дүниеге жарапазан айтып, зайырлы қоғамның зағиптығынан сақтану көзі ашық жандардың көрнекті міндеті. Ақиқаттың алдында әділін айту керек. Керек кезінде аузыға су толтырып алып мылқиып отыру жөн емес.

Сол сіргеге сүйеніп тұрған халық өз бетінше өмір сүріп жатыр. Жуық жылдан бері әр  жерден айтылған қаңқу сөз, бірде күшейіп бірде басылып қалады.   Менің ойым осы орайда тыныш теңізге тас атпай, тілсіз сыр шерту. Кейде біз демін алған үнсіздіктен де қорқуымыз керек сияқты. «Шабан үйрек бұрын ұшар» дегендей, ой мен сезімді шаң басып жата бермей шар тарапқа шығару керек. Жекелеген адамдардың соңынан шам алып түсу де ойымда жоқ. Бекболат туралы айтылып, жазылған сөздерде есеп жоқ. Қолы жеткені де, жетпегені де бірдеме лақтырғысы келіп етегін жел көтеріп тұрғаны...    Ақпарат майданындағы сілтенген шоқпар күні бүгін жанғырып тұр. Былайғы жұртта соған үн қосады. Бәрінің таққан айыбы үндес:  «Бекболат вахабистік бағыттағы сенімде», «Арабтан мол қаржы алып отыр», «Дінді саясаттың құрбаны қылды», «Келін филмімен жыл бойы алысты, бар болғаны ол – кино емес пе?», «Жүрсіннен айтысты неге тартып алды?»  деген сияқты мағынадағы сөздер құйындай ұйтқиды. Биіктікті қырандардың қанатымен өлшейтін ұлттың,  рухын су шайған заманда ақ пен қараны ажырату қиын.

Бұрынғы спартандар заманында майданға шыққан екі алыптың біреуі құлап бетімен жер сүзсе, бүкіл халық қуаныштан шапалақ соғып шулап: «Өлтір, өлтір, өлтір!» дейді екен. Содан сол тобырдың сөзімен ақыры екіншісі өлтіріледі. Сонда қан қарызы көпшіліктің мойынында кеткенін сол халық білді ме екен? Жүрегі берішке, бауыры тасқа  айналған ел аяуды біле ме?  Білседе сол көпте қашан әділет болушы еді? «Бос арбаның салдыры көп» дейді қазақ. Айғайға сүрен қосып, әр нарсенің байыбына бармаған қауым құрыйды.  «Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел» (Абай). Еш нәрсенің мәнін білмей, жел шайқаған жаққа екі етегі желбіреп көзі шарасынан шыға, шаба беретін пенделер алтын мен күмісті айыра алама?    Жел айдаған қаңбақ сияқты оларды  – шуылдақ демеушіме еді. Елге қара түтіндей қаптаған жамандыққа келгенде сол  шуылдақ қауым жым бола қалады.Үні ішіне түсіп, аузына құм құйылады.

 Жалғызын жаудай көріп, жамандықтан жиркенбеген қауымда қандай әділет болсын? Жала мен налаға жақын жұрт жамандыққа жақын жүре береді. Батыстан келген жастарды улайтын, достық емес, қастық туралы, махаббат емес, зинақорлық туралы  нәпсі бездерінің безгегін  жырлайтын...  роликтер мен киноларды, қызтекелер мен гейлерді, гомосексуалды үгіттейтін филмдерді көрсе үнсіз жарасымды сезінеді. Бір Алматы қаласының өзінде 15-ке жуық, ер мен ер, әйел мен әйел жолығатын жер асты орталығы бар. Ол олма, сол аты шулы шәйтани оқиға,  Сарарқаның төрінде болғанда да ешкім мыңқ демеді ғой. Өзінің қандасының басына жалаулатып жамандық үйргенде сондай, адам айтқысыз жамандықты көргенде інен-інге тығылады. Ізгілікті нәсиқаттаған өз азаматтарына жала жапқыш қауым, шәйтани дүниені үнсіз қабылдап, қамыт қылып киюге дайын. Бұл еттен өтіп сүйекке барған құлдық сананың үлкен белгілері. Жынысын ауыстырған сақалды қыз бас жүлде алып, қазақияға үлгі қылып көрсетілгенде де шұрық еткен жан болмады.  Кезіндегі Лұттың елінің типыл болып жойылып кетуіне себеп болған  шектен шыққан –  Күнә елге аяғын нық басып келгенде, үнсіз бұғып, мойынды  ішіне тығып отырудан өткен –  құлдық сана болама?  Қауымның мұндай ас қорту органының деңгейіне дейін төмендеп кетеді деп кім ойлаған?  Айта берсем ұшан-теңіз келеңсіздіктерді тізе беруге болады. Жауаптан сұрақ көп бізде. Жақсылықты жаны сүймеген,  мұндай сәулесіз сана қайда апарып соғар екен, ә? Жарыққа шырқырап келіп, түнекке шыңғырып кетер адам үшін, бар нәрсе мәнгілік еместігін неге ұмыттық екен?  Алланы ойласа, намысы оянар еді ғой...

  Исламияттың төртінші халифаты хазіреті Әлиден қалған мынадай уәзипа бар. «Адамзат ұйқыда, тек өлгеннен кейін ғана оянады» деген. Осы жердегі «адамзат» ұғымындағы ойды қазаққа телісек, бұл ғақлия тіптен түсінікті болар еді. Біздің елде  көкірегі оянған саусақпен санарлық қана тұлғалар бар. Мақалаға мұрындық болып отырған да – сол кісі. Соның бірі әрі бірегейі белгілі жырау, әнші Бекболат Тілеухан. Ол ақ пен қараны ажыратқан, ұлтына, дініне төніп келе жатқан қауіпті жұрттан бұрын аңғарып, сезінетін  ойы ұшқыр қайраткер. Ол кісі туралы ойды осы жерде үзе тұрып, мазмұнды арттыру үшін   дәуір туралы салыстырмалы ойды бере кетейік. Демек, кешегі 20 ғасырда Мыржақыптар оята алмаған қазақ, оянғаны сол халық жауы деп хақ маңдайдан өздерін атып салғаны. Ақырзаман да жайдан жай келмейді ғой, кейін, жойқын апатқа жолықты... Колчактың «Мен кез келген халықтың бес жүз зиялысының көзін құртсам сол ұлтты өзіме сөзсіз бағындырған болар едім» деген ойы расқа айналды. Бес жүзіңіз бер жағы ғана екен, отыз мыңға жуық зиялы ажал құшты. Не бары жиырмадағы жастарының  өзі мемлекеттік деңгейде ойлай алатын, пассионар тұлғалар еді. Осындай феномен тұлғаларынан айырылған халық есінен адасты. Ал бүгін ше?Атаңа нәлет сол ұйқы тіпті де қоюланып,   терең тынысты қорылға ұласты... Ұйқыда жатқан елді кім түртіп оятады?  «Сен тимесең мен тиме бадыраң көз» деп жүрсе жүре бермес пе еді. Халықтық мүддені өзінен жоғары қойған ізгілердің істікке шәншілуі бізде қағида болып қалған. Бұл дүниені жалған біліп, «Құдайсыз қурай сынбайды» деген мұсылман қазақтың  мың жылдық сүзгісінен өткен сөзін темір қазық қылып ұстанған Бекболат – кезіндегі Абай бастаған таухидтың бүгінгі көшін жалғастырған тұлға. Ол біздің заманның жанар таудай жарқ етіп оянған жалқын сәулесі. Жалғыз Аллаға  ғана иман келтіру туралы айтты. Ол шынында көңілдегі жалған пұттарды құлатып, шын Құдайға құлшылық қылуды нәсиқаттады. Шын мәнісінде илаһи жол Алланың қалауымен беріледі.Ал, құдайлық танымға көтерілген адам,  мемлекеттік маштапта, миллаттік мазмұнда жанымен  сөйлей алады. Сондықтан осы көшке ілессек ұлт ретінде бәрінен аман қаламыз. 

  Бекболат жұртын оятып жалғыз Аллаға шақырса өзіне тап беріп, жала жапты. Бойға қуат, ойға көз бітіретін исламдағы даналыққа қарсы шапты. Осы жұрттың ол ерлігі манағы елге келген қыз текелер мен гейлердің шоуында қайда қалған? Құдайдан қорыққанды үркітіп,қорқытқысы келеді. Құранда: «Құранның келуі сендерден есеп алудың ең үлкен дәлелі» дейді Алла. «Есеп бермей құтыламыз деп ойлайсыңдар ма?» - дейді тағы да. Демек, шайтанға ермей, жалғыз Аллаға тәуекел етіңдер жұртым дегенде қандай қателік бар? Бұрынғылар айтушы еді, «көзі соқырдан көкірегі соқыр жаман» деп.  Ұйқыны көп көріп жүргенде оған енді соқырлық қосылды. Жарыққа жетелесең туысың ту сыртыңнан атса да кешіресің, бірақ, соқырлығынан қауымды соңынан ертіп, тілсіз теңізге батып бара жатса, ақиқатты айтпай қалай отырасың? Міне біздегі хәл дәл осындай.. Ит пен ит-құсты айырмағандықтан қор болып өтіп барамыз. Шайтани ой миымызды шырмауықтай торлағандықтан, тоңқалаң асып барамыз. Қараңғыдан жарыққа шығатын жол іздейік. Демек, Бекболат осы миллиондаған халықтың ішінде оянған адам. Тарихи санасы жарқыраған, ұлттық тәрбиені өзіне дарытқан,  имани болмысы рухани теңізінде толқын атқан тұлға деуге болады. Қазақты қайта ағарту үшін бес ғасырлық тарихты қопарды,  «Аллаға тарт, Абайға сүңгі»  деді. «Оян намыс» журналын  шығарды, жұрт оянбады, қайта өзіне қарсы шапты не деуге болады. Рухани шөлін қандыруға сусын берсе,  суды  у деді. Не айтамыз? Зайырлы елдің зағиптары, жасанды дүниеге жарапазан айтуын тоқтатпады. Қазақ ислам жолымен  алапат дауыдардан  аман қалады деді. Ол тек адамды рухани даналыққа жеткізіп, ұшпаққа шығаратын жол еді. Түсінбеді. Әлі де үміт үзбек емес.

 Егер адамның бақыты экономикамен, дүниемен өлшенетін болса, кезінде перғауындар билік құрған Мысыр және кешегі кекірік атқан Кеңес үкіметі қайда кетті бүгін? Жоқ қой бәрі. Демек, төсекпен ұйқыны, байлықпен бақытты сатып ала алмайтындығымызды –  жүз рет леп  белгісін қойып айтуға бармын. Біздің тәніміз тойынғанымен, жанымыз шөлден өліп бара жатыр... Бұл жерде Бекболатпен бірге Мұхметжан Тазабеков те шынайы оянған азамат. Елдегі исламның дамуына күш салғандардың көш басында тұр ол. Тұлғалық сипатпен қарайтын кісілер қазақы болымыстағы азаматтың исламды майдан қылшық суырғандай   дәлдік пен үйлесімділікпен айтатынын қуаныш қылады. «Дін ислам діңгегім» атты өлеңі ел көлемінде соншалық жатқа айтылуы қазақы болымыстан толқын атқанының дәлелі. 

Хаһты айтса қапа болатын, дінді айтса, дымы құритын елден қуат қайтпағанда қайтсін? «Қазақты сүйсең дінімен сүй» деп бір ағамыз айтушы еді дабыл қағып.  Дабылды кім қабыл алсын? Бекболаттың  Ән мен күйін тыңдап,  соңында жүрекпен айтқан уағызын құлаққа ілмеген қауым, даңғаза ұранды тыңдай ма? Ән демекші, бүгінгі қазақ даласында Бекболаттай әнші жоқ. Қазақтың бетке басар азаматтары қалам тербегеннің сыртында сырт елдер де таңданысын жасырмаған. Шыңғыс Айтматовтың: «Бекболаттың дауысынан бабалар үнін естігендей болдым.Оның дауысында  этика, философия, музыка, дала мен таулар жатқандай болды. Бейне бір ғарыштан құйылып тұрған нұр дерсің» дегені бар.  Бекболат сөйлесе жан тербейтін, жазса қаламы уытты, қазаққа қауіпті елден бұрын сезетін, қазақ руханиятының бүгінгі  көз қарашығы!  Сүйікті жұртым, жалған дүниеге жарапазан айтпай, шындық іздесек ақиқатқа жүгінейік. Ұйқыдан оянып, қараңғыдан жарыққа ұмтылайық! Осының бәрін  сендерді шексіз сүйгендіктен айтамыз.

Серік Боқан
Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1453
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1300
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1056
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1107