Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Мәйекті 6842 0 пікір 17 Шілде, 2014 сағат 11:20

ЕАОЭ- Ресей империясының мұрагері ме?

ЕАОЭ- Ресей империясының мұрагері ме?

Ресейлік саясаттанушы, медиа-менеджер, публицист Виталий Третьяков (суретте) деген кісі http://www.zonakz.net сайтының тілшісіне сұхбат беріп, Украинадағы қазіргі саяси ахуал, Еуроодақтың бүгіні мен ертеңі, Еуразиялық экономикалық одақ туралы ойларын айтып, пікір білдіріпті.

Сұхбат барысында Третьяков Украина республикасы бөлініп кетуі мүмкін деген болжам жасайды. Өйткені ел билігіне алысты көре алмайтын ұлтшылдар келіпті. Осындай әсіре ұлтшылдардың салдарынан гүржілер бөлшектеніп кетіпті. Молдова да бөлініпті. Ендігі бөлініп, бөлшектену қауіпі Украинаға төніп тұр дейді ол. Третьяковтың ойынша, Украинаның ыдырауы 1991 жылдан басталған көрінеді. «Естеріңізге сала кетейін, жалпы постсоветтік елдердің бәрі жасанды шекралардың шегінде отыр» дегенге екпін бере сөйлеген публицист-менеджер Украинаның шығысында ешкім мойындамаса да Жаңаресей мемлекеті құрылады деп салды.

Осыдан кейін сұхбат құрушылар Еуразиялық экономикалық одақ жайына ойысады. Айтпақшы, сұхбат беруші де, сұхбат алушы да аталған одақтың атын толық атамай Еуразиялық одақ деп сөйлейді.

-          Мен Еуразиялық одақтың консепциясын бұрыннан қолдап келемін. Бірақ маған оның аты ұнамайды. Сондай-ақ, мен осы одақтың шеңберінде тездетіп саяси институттардың құрылғанын жақтап жүрген адаммын. Алдымен экономика, содан соң саясат деген тұжырымды өз басым қандай жағдайда да дұрыс деп есептемеймін. Әрине,  мен Қазақстан элитасының, Беларуссияның, иә тіпті Ресей элитасының да қауіпін түсінемін, бұны бұрыннан бар көзқарастар ретінде қабылдау керек. Бірақ, біз элитаның, әсіресе, бизнес-элитаның мүддесімен ғана жұмыс істеу қандай қатерлі екендігін Украинаның жағдайынан көріп отырған жоқпыз ба? Бұл одақтың (ЕАЭО-ны айтады. - ред) – орталығы Ресей. Ал, Ресейдің одаққа орталық болуының  себебі жетіп артылады. Сондықтан Қазақстан мен Беларуссияның элитасы Ресейдің саяси және әскери тұрғыдан қолдауынсыз тәуелсіздіктерінен айрылып қалуы мүмкін екендігін түсінуі керек. Беларуссия, мысалы,  Польша мен Литваның, осы екеуі арқылы Германияның, одан ары АҚШ билігінің үстемдігінде өмір сүруі мүмкін. Себебі біз Еуразиялық одақтың құрылуын тездете алмай отырмыз. Алайда Еуроодақтың саяси иниституттары алдағы жылдары дағдарысқа ұшырап, күйрейтініне болжам жасай аламын. Міне, сол кезде Еуразиялық одақ жандана бастайды, - дейді орыс саясаттанушысы.

Сұхбат алушының сұрағына орай Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі әңгімесін жалғастыра түскен Третьяков: «Ойымды ашық айтатындығым мен саяси көзқарасымның еркіндігі үшін кешірім сұраймын», - деп қойып:

-          Еуразиялық одақ Ресей империясы мен Совет Одағының тарихи әрі геосаяси мұрагері, -деді.

Саясаттанушының ойынша мұның бірнеше себеп-салдары бар екен.

Біріншіден, Еуразиялық экономиаклық одақ қазір басқа идеологиялық, саяси һәм тарихи жағдайда құрылып жатқанымен оның аржағында бұрынғы геосяси кеңістік жатыр. Екіншіден, біздің халқымыз (Третьяков осылай дейді) АҚШ пен Еуроодақтан тәуелсіз өмір сүргенді қалайды. Үшіншіден, Еуразиялық одақ Батыстың католицизмі мен протестантизміне және саясиланған қатал исламшылдығына қарсы орыстың православиялық құндылықтары мен  саясатқа бой алдырмаған, жұмсақ ислам негізінде құрылуда.

 

Редакциядан: Саясаттанушы, публицист Виталий Третьяковтың жоғарыда айтқандары өзі ойы, өз сөзі. "Ойын ашық айтатын, саяси көзқарасы еркін"  Третьяков сияқты саясаттанушылар, әрине, ЕАЭО-ға қатысты әрқилы пікір білдіре береді.  Әйтсе де, Еуразиялық экономикалық одақ осындай көзқарастардың ықпалында саясиланып кетпей ме деген мәселе бізді де мазалап, ойландырып жүруі керек екендігін ескертеміз.

Abai.kz

0 пікір