Сәрсенбі, 8 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 709. Жазылғандар — 53. Қайтыс болғандар — 7
Тағзым 9871 0 пікір 31 Шілде, 2014 сағат 11:05

ТҰҢҒЫШ МҮСІНШІНІҢ МҮСІНІ ЖОҚ

Белгілі мүсінші,  Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР мәдеиет қайраткері Тілеуберді Бинашев  іссапармен таяуда  Қостанайға барды. Осы сапарында мүсінші облыстық «Қостанай таңы» газетінің редакциясында арнайы ат басын бұрып,  газеттің Бас редакторы Жанұзақ Аязбековпен әңгімелесіп, қазақтан шыққан алғашқы кәсіби мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың туған жерінде ескерткіші жоқ екендігі туралы қынжыла баяндады.

- Қостанайға осымен үшінші рет келуім. Үшеуінде де  мақсатым біреу - Хакімжан Наурызбаевқа ескерткіш орнату.

       Бірінші келгенімде облыс әкімшілігіне барып,  туған жеріне  ескерткіш қою туралы ұсынысымды айтқан болатынмын.  Сол кезде облыстық мәдениет басқармасының басшысы қайтыс болғаннан кейін 5 жыл өту керектігі туралы заң бар деп, мені мәдениетті түрде шығарып салды. Сол жолы  мүсіншінің кіндік қаны тамған Ұзынкөл ауданына да барып, елді аралап, жергілікті басшылармен жүздестім. Бірсыпырасы  тіпті ол кісінің кім екенін де  білмейді екен. Дегенмен де естіген соң түсінді. Бәрінің де ниеті түзу. Тұңғыш мүсіншіге өз елінде ескерткіш қою үшін 5 жыл күтудің қажеті жоқ еді. Ол кісі- халық суретшісі Әбілхан Қастеевпен қатар тұрған тұлға. Қастеев Қазақстанда тұңғыш суретші болса, Наурызбаев – тұңғыш мүсінші.

- Хакімжан Наурызбаев  атағы жер жарған, қазақтың тұңғыш мүсіншісі, Алматыдағы Абайдан бастап  Жамбыл,  Шоқан,  Амангелді,  Құрманғазы, Дина , Мәншүк ескерткіштерінің авторы, мемлекеттік дәрежедегі қайраткер,  ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, несін айтасыз  өнердегі тарихи  тұлға. Ол кісіге ескерткіш орнату ел үкіметі деңгейіндегі қолға алатын шара емес пе еді?

- Солайы солай ғой... Бірақ, бәрі сіз айтқандай болса, осы облысқа көмек сұрап келер ме едім?. Оны айтасыз,  енді жасырып керегі не, Хакімжан Наурызбаев ағамыз дүниеден озғанда басын сүйеп, жаназасына қатысып, соңғы сапарға аттандырар сәтте  бірде-бір туған-туысқаны болмады.. Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы  Байтұрсын Өмірбеков, Халық суретшісі Еркін Мергеновтердің атсалысуымен жерледік. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан көмек те болған жоқ, басшылардың біреуінің төбесін де көре алмадық. Суретшілер одағы қаражат жинап, Кеңсайдағы зиратына ескерткіш орнатты. Суретшілер одағы Хакімжан ағаның атына көше беру туралы әкімшілікке өтініш хат жазып берді. Хатты мен әкімшілікке алып бардым. Өзім тұрып жатқан көше Евгений Сидоркиннің атында. Сидоркин мен Хакімжан аға дос болған, жақсы араласқан ғой, сол себепті қиылысқан көшеге атын беруін сұрадық. Алматы әкімі Ахметжан Есімов ол кісінің қадіріне жетіп, түсінді. Суретшілер Одағының хаты бойынша басқа жерден, жаңадан ашылған Алатау ауданынан үлкен бір  даңғыл алып берді. Қазір Алматыдағы Алатау ауданында -  Наурызбаев даңғылы бар!  

- Айтпағыңыз, мына заманда қандай қайраткер болса да, іздеушісі болмаса, ескерусіз қалуы ықтимал ғой. Сізге ол кісі  неге соншалықты қымбат?

- Маған естен кетпес жақсылық жасаған, әкелік қамқорлық көрсеткен осы – Хакімжан Наурызбаев. Атап айтқанда Хакімжан аға Шымкентте жүрген жерімде  Алматыға шақыртты. «Қазақтың рухын бойына терең сіңірген, ұлттық салт-дәстүрді меңгерген өзің сияқты мүсіншілер бізде сирек. Сондықтан сен ол жақтан гөрі бізге көбірек керексің»,-деді. «Алматыға барғанда не істеймін, үйім де, күйім де жоқ» деп тартыншақтап едім, сен балалық жасама, бәріне өзім көмектесемін деген соң, 1986 жылы Алматыға келдім. Ағамыз бекзаттылығын көрсетіп,  бар жағдайымды жасады. Тіпті мені өз  үйіне бала-шағаммен тіркеді. Желтоқсан қудалауынан да қорғап қалды.

Сізге Хакімжан ағаның қай қасиеті айрықша қастерлі?

- Қарапайымдылығы мен қайрымдылығы. Ол кісі ешқашан бірінші мүсіншімін, мен халық суретшісімін деп кеуде қаққан емес. Маған үнемі «екеуміз ұқсаспыз, екеуміз де ауылда жалаң аяқ топырақ басып, ауылдың табиғатында өстік» деп айтып отыратын. Ешкімге жамандық ойламайтын, біреудің сыртынан сөз айту дегенді білмейтін жайдарлы кісі болатын. Қай жерде жүрсе де күліп жүретін. «Лениндік сыйлыққа» дауыс беретін комиссия мүшесі болғандықтан, «Мен қалай аламын, комиссия мүшесімін ғой, басқалар алсын» деп Ленин атындағы бұрынғы мемлекеттік сыйлықтан бас тартқан. Басқа кісі болғанда алып кетер еді. Осыдан-ақ ол кісінің қаншалықты қарапайым болғаны белгілі. «Сен тұңғыш мүсіншісің ғой, неге бас тартасың?» деп Мұхтар Әуезов кезінде ол кісіге ренжіген де көрінеді. Бірақ кейбір газеттер алды деп жазыпты, шындығында ол кісі алған жоқ. Бір қарағанда кемеңгер мүсінші аса көзгеде түсе беремейтін еді. Ғабит Мүсірепов қайтыс болғанда  арнайы комиссия Кеңсай зиратына барыпты. Үстіне куфәйке, бір көзі қысық, кішкентай қара торы   кісі  жерді өлшеп, алай-бұлай  жүріп дамыл таппаса керек. Комиссияны басқарып жүрген  Мұхтар Шаханов көр қазушының бірі болар   деп, «Айналайын, былай тұршы» десе, әлгі бәкене бойлы кісі үндемей шетке шығып тұра салыпты. Ертеңіне  бәрі Ғабит Мүсіреповтің үйіне жиналғанда, төрде отырған кешегі бәкене кісі -  Хәкімжан аға екендігін білген Шаханов сол сәтте орнынан тұрып кешірім сұрапты.

Тілеке,  Хакімжан ағамыздың отбасынан кім бар, кім қалды?

- Отбасының трагедиясы көп . Әйелі  сал ауруымен төсек тартып жатты.  Оның қайтыс болғаны ағаға ауыр тиді. Көп күйзелді. Тіпті көлік апатына ұшырап,  ауруханада жатып, азап шекті. Дұрыс тамақ та ішпеді.

 Кіндігінген үш бала. Үлкен ұлы Рахымжан -  мүсінші,   екіншісі Нұртас – сәулетші, дизайнер еді. Өкінішке қарай, екі баласы да ұзақ өмір сүрмеді. Қазір көзі тірі Раушан есімді қызы ғана..

- Түсінікті.. Қостанайға екінші келгеніңізде....

- Екінші келгенімде  облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов қабылдады. Кең отырып екеуара әңгімелестік. Мен  Хакімжан Наурызбаев төңірегіндегі  әңгіменің бәрін түгін қалдырмай айтып бердім. Нұралы мырзаға риза болдым. Мені асықпай мұқият тыңдап алып, айтқан ұсыныстарымның бәрін қуаттады, қолдады. Өнерді тереңнен түсінеді екен. Осы мәселені пысықтауға тағы  бір келерсіз деген. Сол екі арада түрлі себептермен уақыт өткізіп алып, Қостанайға  үшінші рет келуімнің реті осы болды.

- Бұл жолғы олжаңыз қандай енді?

- Әкім бұ жолы да ыжаһатпен тыңдап, Хакімжан Наурызбаевқа  облыста бюст орнатылатындығын айтты. Қостанайда ма, Ұзынкөл ауданында ма, мүмкін  облыс орталығындағы бір мектепке ұлы мүсіншінің есімін беріп , алдына ескерткішін қою керек пе, осындай бірнеше ұсыныстар сарапталып,  пысықталатын болды. Әкім менің көзімше бұл хақында орынбасарына (С.Бектұрғановқа)  тапсырма берді.  Әкім облыста хас мүсіншіні  кеңінен танытып,  жан-жақты насихатталмай отырғанына  қынжылыс білдірді.

-  Бұл жерде әкімдікі шындық. Біздер , менің әріптестерім бәрін жазып, бәрін айтып, бәрін көрсетіп жүріп Хакімжан Наурызбаевқа  келегенде сараңдық таныттық... Бірақ әлі де кеш емес. Қостанай жұрты, жалпы қазақ елі  Хакімжан Наурызбаевты  жақсы танып, тамаша перзентінің өшпес мұрасынан өнеге, тағлым алуы  керек-ақ. Бәлкім,  көзі тірі ағайын- туыстары бар шығар, естелік айтып еске түсірер. Еліміздің қала мен аудандарында Хакімжановқа арналған өнер кештері, сурет көрмелері, зиялы қауыммен кездесулер тағы басқа да әр алуан шаралар ұйымдастырып, өткізу -  парыз.

       Біле білгенге, Хакімжанов дарыны сирек. Ғасырда бір-ақ рет тууы мүмкін. Қазір де мүсіншілер бар. Бірақ дарындылары  жоқтың қасы. Ендеше, қайталанбас оғылан әруағына  бас иеміз. Соның бір көрінісі  -  Хакімжан Наурызбаевқа ескерткіш орнату !

Жанұзақ Аязбеков   

Abai.kz

0 пікір