Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Тарихтың бір күні 7265 0 пікір 6 Тамыз, 2014 сағат 17:14

ҮКІМЕТ ҚҰРАМЫ ӨЗГЕРДІ

Бүгін Ақордада Елбасының қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.  Билік палаталарының толық құрамды кездесуінде маңызды шешімдермен қатар бір қатар ауыс-түйістер болып жатыр.

Үкімет мүшелері алдында сөз сөйлеген Президент Назарбаев ең әуелі сырттағы қандастарымызды елге шақырған 22 жыл бұрынғы сөзін тағы бір жаңғыртты. Бұл туралы Елбасы сөзі бірден ақпарат кеңістігін кезіп кетті. «Біз оралмандардың жағдайын жасауымыз керек. Ал ішкі көші-қон мәселесі туралы бұрын да айтылған. Адамдарды жұмыс орындары бар жерлерге қарай жіберу қажет. Оңтүстік өңірлерде жұмыс орындары аз, сондықтан адамдар бұл жағдайды дұрыс түсінулері тиіс. Құдайға шүкір, Қазақстан кең-байтақ. Жұмыс орындары ашылуда, әсіресе жастар бір жерде отыра бермей, әр жерге барып, жұмыс істеп, еліміздің болашағын бірге жасауы керек», – деді Н. Назарбаев. Отырыс барысында сөз сөйлеген Дүйсенова ханымның айтуы ойынша биылғы жылы елге қандастарымыздан 13 мың отбасы оралып, Қазақстан халық санын 35 мың адамға ұлғайтқан. Алдағы қыркүйек айында оралмандарға қатысты жаңа заң қабылданатын болады.

Үкімет отырысы барысында үкіметте жаңартулар болатыны айтылды. Елбасының сөзіне сай енді Үкімет 12 министрлік пен отызға тарта комитеттен тұратын болады. Бүгінде 17 министрлік, 9 агенттік, 54 комитет, 272 департамент бар. Яғни 12 министрлік, 30 комитет қалады, ал барлық 9 агенттік жойылып, комитет түрінде министрлік қарамағына кіреді.  Бұл туралы Президент: «Үкіметпен Парламентпен ақылдаса келе, мынадай шешім қабылдадым: жаңа бес министрлік құрылады. Оның ішінде ұлттық экономика министрлігі құрылмақ. Оған бүгінгі экономика министрлігінің өкілеттігі, бюджеттік жоспарлау мен өңірлік даму қызметтері беріледі. Статистика жөніндегі агенттік пен табиғи монополияларды реттеу агенттіктері, тұтынушылар құқығын қорғау, бәсекелестікті дамыту агенттіктері де осыған кіреді. Премьер-Министрдің ұсынуымен бұл лауазымға Ерболат Досаевты тағайындаймын»- деп мәлімдеген. Мемлекет басшысының атап өтуінше, Индустрия және жаңа технологиялар көлік және коммуникация министрліктерінің, байланыс және ақпарат, ұлттық ғарыш агенттіктерімен өкілеттіліктері беріле отырып, инвестиция және даму жөніндегі министрлік құрылды. Аталған ведомствоға Әсет Исекешев басшылық жасайтын болады. Елбасы бұған дейін көлік және коммуникация министрі болған Жеңіс Қасымбек аталған министрліктің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалғанын атап өтті. Ал бұған дейін Байланыс және ақпарат агенттігінің басшысы болған Асқар Жұмағалиев Әсет Исекешевтің орынбасары қызметіне кіріседі. Сонымен қатар Энергетика министрлігі құрылып, оған Владимир Школьник басшылық жасайтын болды. Бұған дейін Мұнай және газ министрі болған Ұзақбай Қарабалин жаңа министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілеттілігі ІІМ-не беріледі. Министрлікті Қ. Қасымов басқарады, ал оның орынбасары В. Божко болады. Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін Қ. Қожамжаров басқарады. Ведомствоның мәліметінше, Қаржы полициясы өкілеттілігі Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне беріледі. Ал экономикалық және қаржылық құқықбұзушылық мәселелері Қаржы министрлігіне беріледі. Мәдениет және спорт министрлігін А. Мұхамедиұлы басқарады. Сонымен қатар, Н. Назарбаев өңірлік даму министрі болған Болат Жәмішевтің Қазақстанның Даму Банкіне тағайындалатынын атап өтті.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша бұндай өзгерістер қажеттіліктен туып отыр. Елбасының тапсырмасы бойынша  жаңа қызметіне бір тоқсан толған премьер-министр Мәсімов елдің тұтас аумағын аралап шыққан. Ол түрлі әкімдермен кездесіп, жаңа бағдарламалар жасау қажеттігін түсінген. Бұның бәрі алмағайып заманда ұлттық қауіпсіздікті сақтау мен экономиканы өркендетудің шаралары болып табылады. Аталмыш жиында Президент тұрақтылық пен бейбітшіліктің маңыздылығын баса айтып: «Бірліксіз жұрттың жағдайын біз басқалардан көріп отырмыз. Тұрақтылықтың мәні мен маңызын Украинаның қазіргі ахуалынан байқауға әбден болады», – деді. Үкіметтің жаңа құрамына сәттілік тілеген Елбасы «ел ішінен жау іздеп, бірін-бірі кемсіту ешқашан да ешбір мемлекетті жақсылыққа апармайтынын» да ескерте кетті.

Нұрғали Нұртай

Qamshy.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1652
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1583
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1327
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1269