Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 8122 0 пікір 20 Тамыз, 2014 сағат 14:02

РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРЫС ТІЛІНІҢ ЖАҒДАЙЫНА АЛАҢДАЙДЫ

Бірақ, алаңдайтындай дәнеңе жоқ. Қазақстандағы орыс тілінің жағдайы Ресейдегіден де жақсы.

«Тұтас Қазақстан қоғамында орыс тіліне деген қажеттілік бар. Орыс тілі қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады әрі орыс тіліне мемлекет тарапынан қолдау бар». Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин мен Ресейдің ТМД бойынша федералдық агенттігінің төрағасы Константин Косачев (суретте) екеуінің өзара кездесуінде Қазақстандағы орыс тілінің жағдайы туралы жоғарыдағыдай сөздер айтылыпты. Өкінішке қарай, рас сөз.

Тәжинмен әңгіме барысында Косачев өзі басқаратын агенттіктің алдына қойылған жаңа міндеттерге сәйкес, агенттік шетелдегі отандастарының әрбірімен жеке-жеке жұмыс жасап, олардың мәдени-гуманитарлық қажеттіліктерін өтеу барысында іс жүргізетіндерін айтыпты.

Украина және Қырым мәселесінен кейін Ресейдің шетелдегі отандасарын қалай қолдайтынын және қандай қадамдарға баратынын бүкіл әлем біледі. Ал, енді Мәскеудегі елшілікке келіп, Косачевтың жоғарыдағыдай сөз айтуы – Қазақстанға қыр көрсету және елдегі орыс диасперасын қопаңдатып, әлденеден дәмелендіріп қою болса керек. Жалпы, Ресейдің шетелдегі отандастарымен жұмыс істеу мәселесін өте қатаң бақылауда ұстау қажеттігін уақыттың өзі дәлелдеп берді.

Ресей Қазақстандағы орыс тілінің жағдайын назарында ұстап қана қоймай, орыс тілін үйрету, қазақстандық мамандарды лингвистикалық тәжірбиеден өткізу, орыс театрларының фестивалдерін, іссапарларын ұйымдастыру ісін одан әрі жандандырмақ. Біздің елші мұндай іс-шаралар екі елдің қарым-қатынасына өлшеусіз үлес қосады деген артылмапты. Ал, Қазақстан Ресейде тұратын 1 миллионнан асатын қазақтармен жеке-жеке жұмыс істеп, олардың рухани-мәдени қажеттіліктерін өтеу үшін қазақ театрларының фестивалдерін, іссапарларын ұйымдастырып, қазақ тілін үйрету мәселесін неге қолға алмайды? Бұл сұрақтың кеңселік, шенеуніктік жауабы дайын. Бірақ, шын, жанашыр, ұлтшыл, мемлекетшіл жауапты есту мүмкін емес…

Ресей мұнымен тоқтамайды. Арнайы бағдарлама негізінде орыс мәдениеттанушыларының еңбегін қазақ тіліне аударуды қолға алмақ және орыс мұражайларының көрмесін Қазақстанда өткізіп тұрмақ.

Ал, бізде орыс тіліне аударылып, Ресейде таратылуы тиісті қаншама еңбек бар! Басқасын былай қойғанда, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан кітаптарды Ресейдегі қандастарымыздың рухани-мәдени қажеттілігі үшін деп жалаулатып жасауға не кедергі? Ниеттің жоқтығы кедергі болып келеді.

Елшінің қолында тұрған ештеңе жоқ. Ресеймен арадағы түбі кесірлі болар байланыстардың басында жоғарғы биліктің өзі тұрғанын жалпақ жұрт тегіс біледі. Демек, Ресей Қазақстанның жоғарғы билігінің өздеріне үнемі бағынғысы келіп тұратын інілігін пайдаланып қоқилана береді. Ал, қазақ тілі, қазақ өнері, қазақ мәдениеті – қазақтың өзіне ғана керек. Оны қорғау, дамыту, әлемге тарату да қазақтың өз міндеті. Мұны ойлайтын, жүзеге асыратын билік жоқ жерде халық, қоғам өзінің ұлттық құндылықтарын өзі қорғауға көшуі тиісті. Бірақ, қоғамыңызда…

Abai.kz

0 пікір