Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Дін 6600 0 пікір 22 Тамыз, 2014 сағат 11:12

БОЛМЫСЫ БҰЛЫҢҒЫР, МАЗМҰНЫ МАРГИНАЛДЫ ДІНИ АҒЫМДАР

 

Бүгінде Қазақстандағы дінге сенетін халықтың шамамен 70 пайызы Имам Ағзам мазхабының сунниттік бағытын ұстанатын мұсылмандар болып табылады. Қазақ топырағына VIII ғасырдың соңы IX ғасырдың басында ене бастаған Исламның шариғи нормалары осы Ханафи мектебі арқылы тарады. Үммет болып бір мәзһабтың төңірегінде ұйысқан ұлтымыздың тарихында діни алауыздық болмады. Діни кеңістіктегі осындай тұрақтылықтың арқасында бір кездері Қазақ жері исламның ханафиттік мазһабының орталықтарының бірі ретінде танылды, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашғари, Һибатулла Тарази, Хұсамуддин ас-Сығнақи, Ахмет Ясауи, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сәдуақас Ғылмани сынды ислам діні мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалымдар мен ойшылдарды дүниеге әкелді.

Ал, кешегі Кеңестік дәуірде ұлттық құндылықтарынан қол үзе жаздаған ұлтымыздың бүгінгі діни ахуалы біршама өзгерек. Біз бүгінгі ғылым мен технологияның шырқап дамып, халықтар мен ұлттар арасындағы алшақтықтар жойылып, қашықтықтар жақындаған, мүдделер тоғысып, адамзаттың асыл құндылықтары жаһандық деңгейде сипат алған, сонымен қатар, қоршаған ортаның ластануы, нашақорлықтың тарауы, жаһандық және экономикалық дағдарыс, сан түрлі қауіпті аурулар, ұйымдасқан қылмыс, экстремизм, терроризм сынды бүкіл адамзат бейбітшілігіне, тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қауіп тудыратын өзге де құбылыстар барынша өршіп тұрған алмағайып дәуірде өмір сүріп жатырмыз.

Жалпы егемендігімізді алып, еңсемізді түзей бастағаннан еліміз талай сын сағаттарын бастан кешті. Осы кездерде тәуелсіздігімізді нығайтып, мұсылмандығымызды баянды ету жолында дін жанашырлары мен отансүйгіш жандар ұлтты Ұлы имам Әбу Ханифа мәзхабының төңірегінде ұйытуға тырысты. Дегенмен, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың орнына жат жұрттан келген келімсектердің сөзіне сенгендердің саны артып, «Алла дегенді» аямаған Кеңес тұсында да өз бағытынан ауытқымаған имам-молдалардың ұстанған жолдарын жоққа шығарып, ел-жұртты сергелдеңге салғандар да қарасын көбейтті. Ғасырлар бойы тура жолдан таймай, қазахи қалпымызды, діліміз бен дінімізді, тіліміз бен салт-дәстүрлерімізді сақтаған ел едік қой. Бүгінде соңғылардың суайт саясаты ма, әлде сыртқы күштердің салмағы ма бұғанасы қатпаған, ұлттық тұлғасы қалыптасып үлгермеген, ақ-қараны ажырата бермейтін жастар ұстағанның жетегінде, ерткеннің етегінде кетті. Ислам дінінің парқына бара бермейтін бұл жастар ислам жайлы қараңғылықтарына қарамастан, әрқашан тыныштықты, бейбітшілікті, ата-ананы қадірлеуді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, ауызбіршілікті ту еткен Ислам дінінің бет пердесін өзгертуге кірісті.

Осының кесірінен қоғамымызда мұсылман қауымы жік-жікке бөлініп, мешіттегі жамағат түгілі бір отбасындағы екі ағайын бірін-бірі кәпірге шығарып, пасық санап, такфиршілдік, хизбутшылық, құраншылық, уаһабшылық сияқты т.б. неше түрлі ағымдарға бөліну белең алып отыр. «Таза исламды біз ғана ұстанудамыз» деген ұранмен аталмыш ағымдар көне заманнан қазақ даласын мекендеген мұсылмандардың ұстанып келген сара жолы – дәстүрлі исламды, атап айтқанда, Ханафи мазхабын мойындамай, таза исламның көрінісіне кір келтіріп, белгілі фобиялар тудыруда. Оның соңы экстремистік, ақыры аяғында террористік әрекеттерге ұласып та жатыр.

Соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризм құбылыстары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қылаң беріп жатқаны да осының салдары.

«Экстремизм» термині сөзбе-сөз (лат. Еxtremus - шеткі) шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару ретінде анықталады. Экстремизм – әруақытта әр қалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс. 

Ал «терроризм» ұғымына қатысты көптеген анықтамалар мен түсіндірмелер болғандықтан, жұртшылыққа ортақ анықтама беру қиынға соғады. Алайда, оның «зорлық‑зомбылық», «қорқыныш пен үрей туғызушылық» және «кінәсіз адамдарға кесір тигізу» сынды басты белгілерін айқындай кетуге болады. Бұған негіздесек, терроризм «үкімет немесе қоғамды белгілі бір саяси талаптарды қабылдауға мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде жасалатын қоқан‑лоққы мен зорлық‑зомбылық» дегенге саяды.

Парасатты кісі еш бір діннің жауыздыққа, алауыздыққа, қастандыққа шақырмайтынын жақсы біледі.

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір сөзінде: «Экстремизм, сепаратизм, терроризмдерге шынайы діннің еш қатысы жоқ, бұлар адамзатпен қатар діндер үшін де қауіп болып табылады» деген болатын.

Дін – жеке адамдық емес, ұжымдық құбылыс. Дін адамдардың бір-бірін қанап, жәбірлеуіне тиым салады, жаман әдеттерден арылып, туыстық қарым-қатынасты нығайтуға, жақындары мен көршілеріне сүйіспеншілікпен қарауға, әлсіздерді қорғауға, тіпті өзінің жауы болса да оған әділетті болуға, жұмсақ қарауға үндейді.

Ғасыр дерті болып табылатын лаңкестік дін Исламды да айналып өткен жоқ. Өкінішке орай, дінді өз мүдделеріне пайдаланушылар қарыштап дамып кележатқан Исламды өздерінің сайқал саясатының ығына жығуға тырысып бағуда.

Ибн Аббас деген сахаба қасақана адам өлтіруші мәңгілік тозақта қалады дейді. Діннің негізгі ұғымы да осы. Ислам үшін бейбітшілік пен қауіпсіздіктің орны ерекше. Тіпті, Ислам адамзат бейбітшілікке ас пен судан да көбірек мұқтаж екенін баса айтады. Құранда Ибрахим Пайғамбар (Оған Алланың сәлемі болсын): Бұны бір тыныш (бейбіт) қала қыла көр! Және оның тұрғындарынан кім Аллаға, Ақырет күніне иман келтірсе, әр түрлі өнімдермен ризықтандыр», – деп жалбарынды» (әл-Бақара 2: 126).

Яғни, ең бірінші Алладан сұрағаны қалаға тыныштық пен бейбітшілік, қауіпсіздік болса, кейіннен тілегені ризық болды.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өзі (немесе өзінің жанұясы) үшін қауіпсіз болған күйде, әрі бір күнге жететін тамаққа ие болып таңды аттырғандарың - бұл бүкіл дүниеге қол жеткізгендерің секілді!» дейді (әт-Тирмизи 2346, Ибн Мажжәһ 4141).

Мұрындарына Ислам түгілі Исламның иісі бармаған жандардың білімсіздігі мен тәжірибесіздігін пайдаланған арам пиғылдылардың бастамасымен пайда болған әр түрлі деструктивті ағымдар бір жағынан Исламды ішінен ірітуге тырысып жатса, екінші жағынан өздерінің сасық саясатын жүргізудің құралы қылып жатқаны анық. Олар дінді жамылып лаңкестікке барып қана қоймай, өз мүдделері үшін жасаған қылмыстарын дін және Құдаймен бүркемелегісі келеді.

Дінді өз қылмыстарын бүркемелеу ниетінде пайдаланғысы келетіндер біздің елде де бой көрсетті. Мысалы, ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген исламы, яғни Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы дұрыс емес, салт-дәстүрді ұстануға болмайды, ата-бабаға құран бағыштау және шелпек тарату дұрыс емес, «тек Құран мен сүннетті ғана ұстану керек» деп, Құран мен сүннет түгілі таяқты «әлиф» деп танымайтындар қарапайым жастарға болмысы бұлыңғыр, мазмұны маргиналды жол меңзейді. Деструктивті діни ағымдар осы әдісті қолдану арқылы жастарды экстремизимге алып барады. Олар жастар арасында өзі ұстанған жолдағылардан басқа мұсылмандармен, туған-туыстарымен, тіпті, әке-шешесімен араласпауға, қарым-қатынастарын үзуге дейін алып бару тәсілін де қолданады. Нәтижесінде әке-шешесінен, туған-туысынан, достарынан қол үзіп қалған жастар оңай басқарылып, экстремистік мақсатта қолданылатын дайын тірі құралға айналады.

Демек, ата-бабамыз ұстанып келген сара жолдың тағылымы мен көрінісін өзгерту, оның дұрыстығына күмән тудыру экстремизмге шақырудың алғы шарты болып отыр.

Олай болса, экстремизмнің, терроризмнің жастар арасында таралуының алдын алуды ата-бабамыз ұстанып келген сара жолдың тағылымын, оның дұрыстығын жастарға кең түсіндіруден бастағанымыз абзал.

Елдің елдігін сақтау Құран мен сүннетті басшылыққа алып, бұрынғы даналарымыздың көрсеткен жарқын жолымен жүруде екенін түсінетін уақыт жетті. Осы тұрғыдан өткеніміз бен бүгінімізді мұқият саралауға міндеттіміз. Дінімізде мәңгі өзгермейтін ұлы ақиқаттар мен заман шарттарына қарай бейімделіп отыратын құндылықтар бар. Міне, осыларды қаперге ала отырып, белгілі бір тепе-теңдіктен ауытқымай дінді бір бүтін ретінде парасатпен пайымдап, заман талабына сай түсіндіре білетін ғалымдар мен ойшылдардың болуы аса маңызды. Ислам діні пайда болғаннан кейінгі алғашқы бес ғасырда, осындай ойшылдар мен ғалымдар көп болды.

 Ислам діні өзімшілдікке жол бермейді, Алла алдында барша адам тең. Тәңірі басқаларға ісімен де, тілімен де зарар, зиян келтіруден тыйып, адамдарды мәмілемен, жарастықта, тату ғұмыр кешуге, бір-бірін қуаттап, қолдауға үндейді. Ислам соғысқа, қан төгіске шектеу қойған. Бейбітшілік – адамзаттың басты құндылығы. Құран қағидалары қақтығыстардың алдын алып, ұрыс-жанжалдарды харам еткен. Қару жұмсауға, күш қолдануға басқалар шабуыл жасаған жағдайда, амалсыздан қорғану мақсатында ғана рұқсат етілген: «Өздеріңе біреу шабуыл жасаса, Құдай жолында сендер де соғысасыңдар. Тек өздерің килікпеңдер. Анығында, Алла шектен шыққандарды ұнатпайды».

Тарихқа жүгінсек, Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбар қатысқан соғыстың бәрі қорғаныс, жаудың бетін қайтару мақсатында болғанын білеміз. Дінімізде жазықсыз адамның өмірін қию үлкен күнә, ең ауыр қылмыс болып саналады. Шариғат тұрғысынан адам өмірі қасиетті, оны ардақтай білу парызымыз. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзімен айтсақ, адам жаны мен оның иелігі айлардың ішіндегі мұххарам, мекендер ішіндегі Қағба (Меккедегі), күндердің ішіндегі Құрбан, хадж уақытындағы Арафатта тұру сынды қастерлі, оған тиісуге болмайды.

Жан алу жаратушының ықтияр-еркімен, бұйрығымен іске асады, бөгдені жер жастандыру – Алланың қалауына қарсы келумен пара-пар.

Алла Тағала аятта: «Бейкүнә адамдарды өлтіруші болмаңдар, ол – Тәңірі тыйым салған іс. Егер біреу нақақ өлтірсе кек алу хұқығы өлген адамның жақын туысына беріледі. Ол бірақ кек алуда шектен аспауы керек. Шындығында, оған жәрдем болады» («Исра» сүресі, 33 аяты, 1.297-б).

Шариғат белгілері кісі өлтіруді бірнеше түрге бөледі. Ханафи мәзһабы бойынша олар бесеу:

1. Әдейі /амд/ өлтіру;

2. Әдейі өлтіруге ұқсас шибхи амд;

3. Қателесіп өлтіру;

4. Қателесіп өлтіруге жататын өлім;

5. Өлімге себеп болған әрекет.

Әдейі, қасақана қан төгуге жаратушы тарапынан ахирет күнінде қатаң да ауыр жаза бар. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінде айтылғандай: «Кімде кім мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы жаһаннам және ол онда мәңгі күйеді. Алланың қаһары мен қарғысына ұшырайды. Жаратушы оған ауыр азап дайындайды». Құранда себепсіз басқаны ажал құштырушы Алланың қаһарына ілігіп, о дүниеде тозақ отына күйетіні көрсетілсе, хадисте бұ дүниеде осы қылмысы үшін «қанға-қан» дегендей қысас жолымен ауыр жазаға тартылатыны баяндалған. Алайда, қысас жекелеген топтың шешуімен емес, кәсіби қазының (соттың) шешімімен, қатаң шариғи шарттар арқылы жүзеге асады.

Ислам террорға, зорлық-зомбылыққа, бейбіт жандарға күш қолдануға қарсы. Бүгінгі таңда әлемнің түпкір-түпкірінде ислам атымен сандаған жазықсыз адамдардың қаны төгіліп жатады. Жаратушы сөзімен қарасақ, бір адамға қиянат жасап, құрбан ету күллі адамзатқа бағытталған амал ретінде түсіндіреледі. Сонымен Исламның қақтығыс, лаңгестік, зорлық-зомбылықты, өктемдікті айыптаған, керісінше қоғамдық тұрақтылық, ізгілікті, ұстамдылықты уағыздаған дін екендігіне көзімізді жеткіземіз.

Жалпы террордың ұлты да, діні де жоқ. Сол тұрғыдан мұсылман адамның террорист болуы әсте мүмкін емес. Ислам дінінің терроризм, экстремизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

Ең алдымен, мұсылмандардың өздерінің ислам дінінде биік адамдық қасиеттерді, заңды қадірлейтін мейірімді әрі тәртіпке бағынатын тұлғаның қалыптасуына басты назар аударылатындығын терең түйсіне білулері аса қажет. Сол себепті, мұсылмандар арасында орын алып отырған экстремизммен күрес репрессия және жалаң тыйым салу жолымен емес, біріншіден, адамгершілік пен ізгі мінез қалыптастыратын исламның шынайы бейнесін дұрыс діни білім беру арқылы айқындатып күресу керек.

Екіншіден, адамдардың бойына этикалық қасиеттер дарытып, идеологиялық және өмірлік-стилдік плюрализмді қабылдау бейімділігіне үйрететін зайырлы білім беру жүйесі мен ағартушылық арқылы да жүзеге асу керек.

Үшіншіден, ата-аналар мен туған-туыстар жас ұрпақты, балаларын сүйіспеншіліктің бесігіне бөлеу үшін отбасы институтын күшейтудің маңызы өте зор. Сол арқылы, ауылдарда, оқу орындарында, қала аулаларында жұқтыруға жеңіл ұры-қарылық түсініктер (зоновские понятия, воровские понятия) мен қатыгездік сынды ауруларға шипа табуға болады.

Сонымен бірге, қазіргі БАҚ та көптеп кездесетін исламды бұрмалап түсіндіретін, ориенталистік және нео-ориенталистік қасаң қағидалар мен штамптардан арылу керек.

«Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтаған абзал», - деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, халықты имандылыққа шақырудағы ұстанатын бағытымыз айқын.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы бір сөзінде: «Біздің бағытымыз айқын. Ол біздің ата-бабаларымыздың ғасырлардан бері жүрген жолы – дәстүрімізбен, салт-санамызбен біте қайнасып кеткен дәстүрлі Әбу Ханифа мазһабы мен Матуруди ақидасын берік ұстану және оны насихаттау. Барша мұсылмандармен қоян қолтық араласып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ел игіліге, халықтың қамына қызмет ететін, азғындық пен арсыздықты жоятын имандылық салтанат құратын қоғам қалыптастыру» деген болатын.

Алла Тағала «Әл-Ғимран» сүресінің 103 аятында:

«Барлығың түгелдей Алланың дініне бойсұныңдар, бөлініп кетпеңдер. Сондай-ақ, өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар» -дейді. Сол себептен, мұсылмандардың ауызбіршілігі мен елдің ынтымағын нығайта түсу үшін дәстүрлі ханафи мазһабын ұстануға үндей отырып, ислам дінін салт-дәстүрмен үндестіре, үйлестіре көркем түрде насихаттайтын ұлттық санасы қалыптасқан, діни білімі терең, біліктілігі жоғары, ой өрісі кең, озық ойлы заманауи имамдарды осынау биік мақсаттарға жұмылдыру – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты міндеті.

Бүгінгі таңда терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірқатар ірі жобаларды іске асырып, жан-жақты ауқымды істер атқаруда. Атап айтар болсақ ең әуелі кадр мәселесін қолға алу үшін медреселер ашып, жасөспірімдердің діни және дүнияуи білім алуын арттыруда. Сондай-ақ еліміздегі имамдардың білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында республика аумағында семинарлар өткізуде.

Экстремизмге қарсы күрестің бірден-бір жолы – олар туралы өз уақытында мәлімет беру. Бұл жерде, әрине, күнделікті ақпарат құралдарының рөлі өте жоғары. Әйтсе де, ақпарат кұралдарының беретін мәліметі жеткілікті емес. Секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы халықты, оның ішінде жастарды көбірек хабардар етіп отырудың өзге де тетіктерін пайдалану қажет. Ол үшін барлық мектептерде «дінтану» сабағымен қоса мамандар қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, онда экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын түсіндіріп, олардан қалай сақтану жолын көрсетіп отырулары керек.

Осы ретте, ҚМДБ да өз тарапынан халықты дәстүрлі дініміздің төңірегіне топтастырып, Исламның дәстүрлі құндылықтарынан сусындаулары үшін, діни сұрақтарын тікелей дін мамандарынан алу мүмкіндігін қамтамасыз етіп, ел арасында деструктивті, жат ағымдардың таралуының алдын алып, ақпараттандыру үшін, отансүйгіштікті, толеранттылықты, төзімділік пен байсалдылықты, бейбітшілікті, ізгілікті, адамгершілік қағидаларын насихаттап, экстремистік, террористік ұстанымдағы ағымдармен күресу мақсатында Республикалық Ақпараттық-насихат топтарын құрған болатын.

Құрамында біліммен қаруланған, өңірлердегі ахуалды, жамағат арасындағы проблемаларды жақсы білетін 30 білікті теологтар мен имамдардан жасақталған Республикалық ақпараттық-насихат топтары ел аумағында көптеген кездесулер өткізіп, дін мен діл жайындағы халықтың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беріп, экстремистік, террористік бағыттағы ағымдардың жетегінде кетудің қасіреті жайлы сөз қозғап келеді. Оған қоса, аталмыш Ақпараттық топ мүшелері радикалды топ белсенділерімен бірнеше дүркін кездесіп, мұсылмандарды өзара ауызбіршілікке бір мазхабтың төңірегіне, бір діни басқарманың босағасына жиналуға шақырып, нақты нәтижелерге де қол жеткізуде.

Одан бөлек әрбір өңірдің өзіндік жергілікті Уағыз-насихат топтары аймақтағы діни ахуалды бақылап, халықтың жат пиғылды, экстремистік, террористік топтардың жетегінде кетпеулерін қадағалап отыр. Осының нәтижесінде қазірде елдің діни сауаты біршама жоғарылап, ақ пен қараны ажырататын хәлге жетті деп бағалауға болады.

Біз дінді әлеуметтік шыңдықтан бөліп алу әрекетінің тек қана жағдайдың нашарлауына әкеліп соқтырғанының куәгері болдық. Дін атын жамылып арам пиғылдарын іске асырмақ болып жатқан экстремистер мен лаңкестерге қарсы тұру баршамыздың ортақ міндетіміз, әрі мүддеміз. Бұл міндетті іске асыруда дін көшбасшылары мен мемлекеттік органдар, мемлекеттік емес ұйымдардың мүшелері, жалпы ұлт болып, халық болып бір сапта, бір шепте тұрып, біріге күрес жүргізуіміз ләзім. Егер біз лаңкестердің лас әрекеттерінен тазарған әлемді көргіміз келетін болса, біздің күш-жігерімізді дәл осында шоғырландыруымыз тиіс.

Жаратушы Иеміз бүгінгі біздің қол жеткізген игіліктерді сақтап қалуға күш-қуат беріп, бізді бірлігімізден, кеңпейіл ниетімізден айырмасын!

Ершат Ағыбайұлы Оңғаров

ҚМДБ-ның Уағыз-насихат

бөлімінің меңгерушісі,

теолог, (Ph.D) доктор

Abai.kz


Қолданылған әдебиеттер:

  1. Сейтбеков Смайыл, «Иман негіздері», Алматы, «Көкжиек» баспасы, 2008. – 376 бет.
  2. Әл-Баяди, Кәмәладдин Ахмәд бин Хасан бин Синанеддин, «Ишаратул- мәрам», Мысыр, 1949).
  3. «Материалы по истории средней и центральной Азии Х-ХІХ вв.». Ташкент: Издательство «ФАН», 1988.
  4. «История Казахстана в персидских источниках». Том 1. Алматы: «Дайк-Пресс» 2005.
  5. М.Зақзуқ, "Маусуату әғламул фикрул Ислами" (Әйгілі Ислам ойшылдары энциклопедиясы»), Вақф министрлігі ислам істері жоғарғы кеңесі, Египет, Каир, 2004ж.
  6. Islam Ansiklopedisi, Turkiye Diyanet Vakfi, Istanbul,1993.
0 пікір

Үздік материалдар