Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Міне, көрдің бе? 7499 0 пікір 9 Қыркүйек, 2014 сағат 09:32

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША ҚАЙЫРШЫ БАР?

 

 «Қазақстанның ең төменгі күнкөріс мөлшері тамыз айында 5,9%-ға өсіп, қазір оның көрсеткіші 20 736 теңгеге (немесе 114,5 долларға) тең болып тұр. Өткен жылғы тамыз айындағы көрсеткішпен салыстырғанда бұл 7,2%-ға артқан» деп, жуықта Статистика комитеті мәлімдеме жасады. Ал енді осы «өсімнің» астарында азық-түлік және тұрмысқа қажетті заттар мен коммуналды төлемдер қаншалықты қымбаттағаны жайлы агенттік ләм-мим деп ауыз ашпады.

Ресми мәліметтер бойынша, ең төменгі  күнкөріс мөлшерінің жалпы көрсеткішінде азық-түлік өнімдерінің үлесі 12 442 теңге болады екен. Сол ресми мәліметке сенер болсақ, қалған 8 мың теңгеге жетер-жетпес сома коммуналдық төлемдер мен тұрмыстық қажетті тауарлар алуға жұмсалады. Ал төлемдердің шарықтап тұрған нақты жағдайында осы 8 мың тарифтерге төленетін болса, қажетті тауарларды (киім-кешек, дамбал-самбал, аяқ киім, жуғыш және гигиена заттары, т.б.) қалай сатып алуға болады?

Ал 12 442 теңгеге түсетін азық-түлік өнімдерін жіліктеп жіберер болсақ, ет пен балық өнімдерінің үлесі бұл көрсеткіштің 20 пайызына, жеміс-жидектер 16,4%-ға, сүт, май және жұмыртқа өнімдерінің үлесі 14,6%-ға, нан және жарма өнімдері 7%-ға, ал қант, шай және басқа да дәмдегіштердің үлесі 2%-ға тең екен.

Осындағы 20 пайыз ет және балық дегеніңіз 3 мың теңгеге жетер-жетпес қана өнім болады. Бұл – 3 келі ет немесе 5 келі балық. Ал осы 3 келі етті бір айдың 30 күніне бөліп жіберсең, күніне 100 грамм ғана болады. Осы 100 грамды бес адамы бар отбасына бөлсең, ол бейшаралар күніне 20 грамм ет жейді екен. Сол 20 грамыңыз жүрек талмасы бар адам ішетін карвалол дәрісінің 25 тамшысына пара-пар болып шығады. Осы қорекпен адам баласы күн көре ала ма?

Анығында, 2013 және 2014 жылдарды салыстыра отырып, күнкөріс мөлшерінің номинальды көрсеткішінің жоғарылағандығы жайлы «өсті» деп айту дұрыс па? Базарға күнде барып жүрген адам былтырғы жұмсаған ақшасына қарағанда, биылғы сол сомадағы ақшасына әлденеше рет аз тағам сатып алатынын ресми статистика «ауыз толтырып» айтпаса да біледі. Енді осы «өсімге» ай сайынғы инфляцияны және жыл басындағы 20 пайыздық девальвацияны қосыңыз. Сонда салыстырмалы айлар арасындағы 7,2 пайыз деген «өсіміңіз» түкке тұрғысыз көрсеткіш болып қалады. Яғни, бұл көрсеткішті инфляция мен девальвация пайыздары арқылы есептер болсаңыз, күнкөріс мөлшері керісінше 15-17 пайызға кемігені белгілі болады.

Сондықтан азық-түліктің былтырғы мен биылғы бағаларын салыстыра өмір сүріп жатқан адамдар өмір сүрудің одан бетер қиындап кеткенін, сондықтан да тамақты шақтап ішуге, әйтеуір өлместің күнін көруге тура келетіндігін айтады.

– Мен қазір йогурт және ірімшіктен жасалған өнімдерді сатып алуды доғардым. Оның әрбір 115 грамына 200 теңгеден төлеу мен үшін қиын, – дейді менеджер Ольга ақпарат агенттіктерінің біріне берген сұхбатында. – Дүкенге барғанда печенье, чипсы, кептірілген тәтті нандар мен шырындар тұрған сөрелерді айналып өтемін. Қазір таза су ішетін болдым. Тіпті кіржуғыш ұнтақтың да арзанын алуға тырысамын. Маған ұнайтын ұнтақ бұрын 1400 теңге тұратын, қазір ол 2000 теңге тұрады. Сонда да ең қажетті деген заттарды ғана алғанның өзінде дүкенге бір барғанда 3–4 мыңнан артық ақша қалдырып кетесің. Ал мен жұмыс істейтін жеке шаруашылықтағы компания девальвациядан кейін әлі айлық жалақыны өсірген жоқ.

Аталмыш аралықта әлеуметтік маңызы бар тауарлардың да құны бірталай өзгеріске ұшыраған. Мысалы, қанттың бағасы 2013 жылы жазда келісі 152 теңге болса, бүгінде ол 172 теңге тұрады. Ол 13%-ға қымбаттаған. Бірінші сұрыптағы ұнның бағасы 79 теңге болса, бүгін ол орташа есеппен келісі 88 теңгеден сатылады (ең арзаны Ақтөбеде, ал Астанада 134 теңгеден). Күріштің келісі – сәйкесінше 207 және 242 теңгеден, ал картоп – 97 және 127 теңге тұрады. 

Жоғарыдағы аталып, мониторинг жүргізілген азық-түлік түрлерінің барлығы дерлік әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізіміне енеді. Сондықтан да есептей білетін азаматтар үшін күнкөріс мөлшерінің былтырғы көрсеткішке қарағанда 7,2%-ға «өскені» (анығында, биресми ақпарат бойынша бұл өсім 15 пайыздан кем емес. – Ред.) қазақстандықтардың өмірі құлпырып, тамақтануы жақсарды деген сөз емес. Оның үстіне таяуда бензин бағасының қымбаттағанын есепке алатын болсақ, онда жақын арада тек азық-түліктің бағасы ғана емес, сонымен қатар басқа да қызмет түрлерінің құны өсетініне күмән жоқ.

Сонда 20 736 теңге мөлшеріндегі төменгі күнкөріс сомасы қайыршылықтың бірден-бір көрсеткіші болса керек. Салыстыра айтсақ, Еуроодақ елдеріндегі мұндай орташа көрсеткіш 1200 евроның төңірегінде.

Әрине, ресми статистика айтып отырған 20 736 теңге ең төменгі көрсеткішті көрсетеді. Рас, елде бұдан жоғары жалақы алатын адамның мөлшері аз емес. Бірақ, биресми ақпарат бойынша, Қазақстанда 2,5 миллион адамның көлемінде жұмыссыз бар деп есептейтін болсақ, елдегі қайыршылар мен сіңірі шыққан кедейлердің санын өздеріңіз есептеп ала беріңіздер.

Сырым ДАТОВ

Дереккөзі: «Общественная позиция» (проект «DAT» № 30-31 (255) от 4 сентября 2014 г. 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2029
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2464
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2043
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1590