Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5964 0 пікір 26 Наурыз, 2014 сағат 18:39

Н.Назарбаев: Соңғы жылдары Украинаның саяси басшылығы жиі құбылды

Президент Назарбаев Нидерланд Корольдігіне ресми сапарының және Гаагадағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит жұмысының қорытындылары бойынша өткізген брифингте Украина және Қырым мәселесіне байланысты пікірін айтты. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысы бүгінде Қырым төңірегіндегі жағдайға байланысты батыс елдері мен Ресей арасында шиеленіс байқалып отырғанын еске салды.                         

– Соңғы күндері барлығы халықаралық құқық туралы айтуда және біздер оны бұзудың қауіпті мысалдарын көріп отырмыз. Бұл қақтығысқа тартылған елдердің экономикаларын ондаған жылдарға кері шегеруге әкеліп соқтырады.  Сонымен қатар, Украинадағы жағдайды айтқанда, бұл елдің экономикасы кеңестік заманда Ресейден кейінгі екінші орында болғанын атап өткен жөн. Республика өте зор әлеуетке ие болатын. Бірақ соңғы жылдары Украинаның саяси басшылығы жиі құбылды – бірде Еуропамен қарым-қатынасты күшейтуге, бірде Ресеймен өзара іс-қимылды және еуразиялық интеграцияға дамытуға ұмтылды. Іс жүзінде халық пен ел екі бөлікке бөлініп қалды. Нәтижесінде ішкі саяси жағдай бақылаудан шығып кетті. Бүгінгі бірінші кезектегі міндет  – құқықтық алаңға қайта оралу, бұл сайлау өткізу дегенді білдіреді. Заңды президентті, парламент пен легитимді үкіметті сайлау керек. Сосын осы негізде бейбіт келіссөздер жүргізіп, қалыптасқан ахуалдан бірлесіп шығу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Украинаның Ресеймен шекарасын анықтау мәселесін әлі күнге дейін шешпегенін, бұл мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа бөгет болатынын айтты.  Ол Қазақстанның мұндай мәселені Ресеймен де, Қытаймен де, сондай-ақ өзге де көршілерімен толықтай реттеп алғанын еске салды», делінген Ақорданың ресми сайтында.

Абай-ақпарат

0 пікір