Сенбі, 27 Сәуір 2024
Мәдениет-әдебиет 11131 0 пікір 27 Наурыз, 2014 сағат 10:00

АҚЫЛБЕК ШАЯХМЕТ. ҚАЗАҚЫЛЫҚ ПЕН ҚАЗАҚШЫЛЫҚ

Мінажат

Бісімілла, рахман-рахим!

«Мадақ айтып бас иеміз Жаратушы Аллаға,

Рақымы мол, мейірімі шексіз сол ғана,

Қиямет-қайымның жалғыз әміршісі де сол ғана...»

Өткінші өмірде ғибратты ғұмырын инабатты, ғидаятты сүрген бар.

Өткен іске өкініп, Хақ  жолына бекініп, тәубаға келген бар.

Жарық жалғанда қараңғыға қамалып, сенімі жоғалып, айдалада адасып жүрген бар.

Пенденің Аллаға құл екенін білмеген бар, білген бар.

Құдіретті Жаратқан!

« Тек саған ғана мінажат қылып, жалбарынып өтеміз,

Тек сенен ғана медет-жәрдем күтеміз.

ҚаҺарына ұшырап адасудан сақтай көр,

Нығметіңе бөлеп, тура жолға бастай көр!»

 

Қандай шебер Жаратқан!

Қалам мен Қағаз. Қылыш пен Қынап. Тамыр мен Бұтақ. Бірінің бірінсіз күні жоқ. Бірақ, адамға сыры мәлім. Қаламның қағазға көзі түспесе, соры қалың. Қағазға қаламның ізі түспесе, көңілі жарым. Қылыш қынап болмса жалаңдап тұрады, қынап қылыш болмаса, алаңдап тұрады. Тамырсыз ағаштың жапырағы жайқалмайды, бұтақсыз тамырға қан жүгіргені байқалмайды.

Осыларды бір біріне қаратқан –  қандай шебер Жаратқан!

 

Алладан күнде тілеймін

Өткінші – қылған іс, өсек сөз – былғаныш, қасірет  – қызғаныш болса, той-думан – жұбаныш, отбасы – қуаныш, қатар жүрген, қызық көрген дос-жаранға – мың алғыс.

Басым аман, асым адал болса деп, Қыдыр қонса, бағым мәңгі жанса деп Алладан күнде тілеймін.

Ден сау болып, ұзақ ғұмыр сүрсем деп, үйім толып,  жерді басып жүрсем деп Алладан күнде тілеймін!

 

Түсінбеймін

Мойынын қамытқа салып тұрып, «Құдай басқа салмасын!» – деп қамыққандарды түсінбеймін.

Қуат-күші бар болса да, жадап-жүдеп тірлік кешкеніне өзін кінәламай, «Құдай салды, мен көндім»» – дегендерді түсінбеймін.

Кездейсоқ тап болған жағдайды көріп тұрып, «Құдай неге көрмейді?» – деп Жаратқаннан жақсылық дәметкендерді түсінбеймін.

Бес парызын орындай алмаса да, кісіге жасаған жақсылығын міндет қылып, «Құдай көріп тұр ғой. Жұмаққа мен бармағанда, кім барады?!» – дегендерді мүлде түсінбеймін.

 

Жаным  ашиды

Торға шырмалған құсқа, ауға түскен балыққа, орға құлаған аңға жаным ашиды.

Жалғыз өскен талға, бақташысы жоқ малға, батасы жоқ шалға, атасыз өскен балаға жаным ашиды.

Ана сүтін ембеген, ата тәрбиесін көрмеген сәбиге, отбасынан тәлім-тәрбие алмаған бойжеткенге, ауылынан алысқа ұзап бармаған бозбалаға жаным ашиды.

Қарауындағылар тілін алмаған, өз балаларын да жөнге салмаған бастықтарға жаным ашиды.

 

Не пайда?!

Көйлек тігер торқа,бөзді сандықтан шығармай, шіріткеннен пайда жоқ.

Көңілдегі көрікті сөзді ауыздан шығармай, іріккеннен пайда жоқ.

Тамыры терең бәйтеректі көзге ілінбейтін құрт-құмырсқа сұлатады.

Мызғымай тұрған тұғыр-тіректі жұрт елемейтін сыбыр-күбір құлатады.

 

Тарихта қала ма ?!

Қой қамаған қораға ешкі кірген, атты әскер мен пілді де пешкі көрген заманда елде жүрген естілерден естір сөз ескерілмей, еленбей қалады екен. Жағымпаздар жарысы қызған сайын жазғыштардың жолы болады екен. Бірақ, солар, аты шықпай жер өртесе де, тарихта қала ма екен?!

 

Ер және ез

Күндізгі істерін қас қарайғанға дейін созбаған, кешегі берген уәдесін ертеңіне бұзбаған, жаманшылықты көзі шалса, жүрегі сыздаған  кісіні ер десе жарасады.

Мансапқа жеткен кісіні өліп-өшіп мақтаған, аярларды жақтаған, адамдықтан аттаған кісіні ез десе жарасады.

Елі үшін тер төккен, жері үшін қан төккен кісіні ер десе жарасады.

Қарақан басын ойлаған, қанша жесе тоймаған кісіні ез десе жарасады.

Ездер еңсеңді басса, ерлер рухыңды көтереді.

 

Оңайдан олжа тапқандар

Қаңғыбас итті тазы деп, бір кесек майды қазы деп жүргендер жалы жоқ қаншырды арыстан, қоян алатын халі жоқ қаншықты арлан деуден де тайынбайды. Тұлпар болмаса да тарлан атын алғандар, сұңқар болмаса да тырнағын құсқа салғандар аз емес. Олар көбейген сайын теперіш көретін жүйріктер мен қырандардың да жағдайы мәз емес.

Оңайдан олжа тапқандар жабыға жабу жапқысы келіп тұрады. Абыройын сатқандар ағайын арасына от жаққысы келіп тұрады. Жүрегіне шам жаққандар ғана кісі көңілін тапқысы келіп тұрады.

Ұлттың тілден алыстауы –

сөз бен істің қабыспауы

      Теледидардан тіл ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан көрнекті қазақ ғалымы туралы хабар жүріп жатыр. Әкесі туралы ұлдары мен қыздары орыс тілінде сұхбат беріп, оны тілші қазақ тіліне аударып, диктор қазақ көрерменіне аударып беріп жатыр. Бұл не деген сұмдық?!

       Бірақ, осы көріністі күнбе-күн көріп жүрміз. Шенеуніктерді былай қойғанда, ана тілі арқылы күнін көріп жүрген ғалымдардың балалары, ақын-жазушылардың балалары, қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің балалары орыс мектебінде оқиды, орыс тілінде сөйлейді, немерелері шет мемлекетте оқиды, шет тілінде емін-еркін сөйлейді. Соған ата-анасы да мәз, өздері де мәз.

        Сол теледидардан тағы бір тілшінің «көңіл айтуды білдірді» деген сөзін естідік. Орыстың «выражаю собелезнование» дегенін аударған түрі. Мына қалыппен мемлекеттік тілді түгел меңгеруге тағы бір ғасыр керек болатын шығар.

       Ұлттың тілден алыстауы – сөз бен істің қабыспауы. Сөз жүзінде қазақ тілін дамытайық деген қайраткерсымақ іс жүзінде ана тілін өзге тілден кем көрсе жағдай қайдан түзелсін?! Сөзі басқа адамның ісі басқа болған соң олардан қандай үлгі-өнеге алуға болады?!

 

Мұнысы несі?

Атшаптырым жерге биесауым уақытта жетіп келетін қазақтың түйетанымы зорайып, есекдәмесі ұлғайып, ешкікөзденіп шыға келетіні несі?

Құйысқанға қыстырылып, маймылбеттеніп, күзендей кектеніп, өзінің қылғанын біреуден көретіні несі?

Істің аяғын сиырқұйымшақтатып, мысықтілеуін ішіне бүккен қоянжүректің түлкібұлаңға салатыны несі?

Текетірескен екі қошқардың басы бір қазанға симай қалатыны несі?

Қой мінезді қазақтың итжандылығын мақтан қылатыны несі?

 

Көбейді...

Жерім деп елжіремейтін, туған тілін менсінбейтін, ішкен мен жегенді, дәрет сындыруды ғана білетін жануартектестер көбейді.

Елім деп еміренбейтін, еңбектен ат-тонын ала қашып, елден тілейтін тілемсектер көбейді.

Төрелер келсе елпеңдейтін, жалпаңдаудан жиіркенбейтін, өтірік айтса өкінбейтін ойы келтелер, майлы желкелер көбейді.

Аузы көпірсе де тоқтамайтын, ана сүтін ақтамайтын, жақсылықты жақтамайтын, ар-ұятын сақтамайтын азғындар көбейді.

Ата-баба дәстүрін қадір қылмайтын, қиындық көрсе сабыр қылмайтын таяздар көбейді.

Естіген жұрт не дейді?!

 

Бір қарын май

Компьютердегі әрбір файл немесе қоржыным сары майды тығып қойған қарын тәрізді. Тек солардың ішіне абайсызда құмалақ түсіп кетпесе екен деп қауіптенемін. Қайтадан сүзіп, ой елегінен өткіземін. Тұзы татымай жатса, тұз қосып, қалпына жеткіземін.

Кейде қаймақтан май шайқап, сары суын да сарқып аламын. Кейде көбігін де қалқып аламын. Қалам қуатына қанша сенсең де, шығармаларды елеуіштен өткізудің пайдасы болмаса, еш зияны жоқ.

 

Өлшем және мөлшер

Күн көзі қызып тұрса – сүйіндіреді, қатты күйдіріп кетсе – күйіндіреді. От қалыпты жанса – жылытады, қатты жанса – өртке айналады, құртады. Су арнадан асса – тасып кетеді, аспай қалса, ақпай     қалса, сасып кетеді. Жауын ұзақ уақыт жаумай қойса – зарықтырады, қоймай жауса – жалықтырады.

Байқап тұрсаң, бәрінің өлшемі бар. Сол себепті әр заттың мөлшері бар.

Қаламгерге қойылар басты талаптың бірі – аз сөзге көп мағына сиғызу, айтар ойыңды әсерлі жеткізу. Кейбір жазушылардың қалың-қалың томдары беті табақтай, қарны қабақтай семіз кісілерді көз алдыма әкелгендей болады. Оқи бастасаң, мылжың сөздерден мезі боласың. 

Нағыз қаламгер дәріхана қызметкері секілді әр сөзді, әрбір сөйлемді елеп-екшеп, өлшеп қолдануы керек. Не бір тамшы су, не бір тамшы у артық болып кетсе, ол дәрі ішуге жарамайды ғой.

Ал нағыз редакторды оташыға ұқсатамын. Ауру сөзді қырқып-жонып, ауру сөйлемді түзеп, күзеп, артық майын сылып тастаса, оның шығармаға пайдасы болмаса, зияны жоқ.

 

Ем мен у

Жаңғақтың дәні, бұлақтың суы, араның балы, жыланның уы – еппенен ішсең – ем болар.

Тып-тыныш жүрмей, мөлшерін білмей, талғаусыз жұтсаң, бойыңа сіңбей, он екі мүшең кем болар.

 

Өз басынан аспаған

Өз басынан аспаған, арды жиып тастаған Құлқынбайлар, сөздің майын сапырған, тек көбігін қатырған Мырқымбайлар, туған елі көнсе шын, түсіріп тек еңсесін, ырқын байлар, көптің өзін аз көріп, жегеніне мәз болып, жұртын емес, ұртын ойлар.

 

Өзгерген сөздер

Кейінгі уақытта «Ер жігіт мал тапқанмен не болады, Құдайым бір жағынан құрамаса» – деген жолдарды жиі естиміз.

Естігенге ешбір қатесі жоқ секілді. Алайда, сөз түбіне үңілсеңіз, үйдегі қажетіңізді өзіңіз жимасаңыз, кез келген бұйымды Алла құрамайды ғой. Осы орайда Нұржан Наушабайұлының:

«Домбыра күйге келмес бұрамаса,

Кім білер кімнің жайын сұрамаса,

Ер жігіт мал тапқанмен не болады,

Жұбайы бір жағынан құрамаса» – деген шумағы ойға оралады.

Шынында да, ер жігітті Алласы қолдаса да, оның тапқанын ұқсататын жанындағы жұбайы емес пе?! Біздің ойымызша, Нұржанның осы жолдары қанатты тіркеске айналып кеткен. Кейін сөз мәнін жете түсінбейтін кездейсоқ біреулер оны өзгертіп, «жұбайым» сөзін «құдайымға» ауыстырып   алған. 

 

Қазақылық пен қазақшылық

Назар салсаң қазақылық ғұрыпқа, қазақшылық дайын тұр ғой шым-шытырық шылыққа. Қазақшылық жақын тұрар бір табан мипалаудай араласқан былыққа. Бірақ, нағыз қасиеті қазақтың қазақылық екендігін ұмытпа!

Өзімнің бір өлеңімде: «Білгенімен қазақшылық былықты, білмейді тек қазақылық ғұрыпты» – деп жазғаным бар.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау:

Қазақылық – нағыз ғұрып.

Қазақшылық – шылық-былық.

Abai.kz

0 пікір