Жұма, 3 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 435. Жазылғандар — 27. Қайтыс болғандар — 3
46 - сөз 3031 0 пікір 6 Мамыр, 2014 сағат 10:46

Теппесең доп алысқа ұшпайды

Ғалым ИБРАЕВ, «Астана-1964» клубының президенті: «Оле Бразил» академиясындағы жағдайды кісінің басына бермесін

Ғалым Ибраев бір кездері футболдан Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанып, кейіннен бірінші лигаға түсіп қалған «Астана-1964» клубын қайта көтеруге тырысып жүрген басшы. 2009 жылы «Қазақмысты» Премьер-лигаға шығарған білікті маман елорда командасын да сол тұғырдан көргісі келеді. Газетімізге берген сұхбатында Ғалым Әбутәліпұлымен қазақ футболында өзекті мәселелер жайлы айта келе, «Оле Бразилден» тәлім алып келген балалардың бүгінгі тағдыры туралы ойларымен де бөлісті.  

«Біріншіліктегі сәтсіздікке қақпашы кінәлі»

– Ғалым Әбутәліпұлы, команданың алдына үнемі биік мақсаттар қоятындығыңызды айтып едіңіз. Маусым басталғалы «Астана-1964» қатарынан екі рет жеңіліс таңпты. Мұндай сәтсіздіктің себебі неде?

– Алғашқы екі турда «Қыран» мен «Ақжайық» командаларынан ұтылып қалдық. Статистика және ойын жағынан екі кездесу де алда тұрдық. Өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алмағанымыз өкінішті. Жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Қазір бізде өзекті мәселе қақпашы болып тұр. Былтыр қатарымызғы «Ордабасыда» өнер көрсеткен Ярослав Бондаренко қосылғанымен, әзірге сенімді ақтап жатқан жоқ. Біз екі жыл қатарынан №1 қақпашы болады деп 1994 жылы туған Марсель Исламқұловты ойлап жүргенбіз. Ол Киевтегі Лобановский атындағы спорт интернатында оқыған. Атақты «Динамо» академиясының тәрбиеленушісі. Өте талантты футболшы. Бірақ екі жыл болды, Қазақстан азаматтығын алып бере алмай жүрміз. Сондықтан ресми түрде ойындарға әзірге тіркей алмай отырмыз. Алайда, бұл мәселе жақында шешіліп қалуы тиіс.

– Сонда Исламқұлов легионер ретінде өнер көрсете алмай ма сонда?

– Бірінші лигаға үш легионер алуға рұқсат етілген. Ол орындар бос емес. Легионерлермен соңғы сәтте ғана келісімшартқа отырдық. Олардың бірі –Гайана ұлттық құрамасының ойыншысы 29 жастағы Вальтер Мур. Былтыр «Востоктың» сапында өнер көрсеткен. Ел біріншілігінде 30-дан астам ойынға қатысқан. Сондай-ақ Коне Драмане мен өткен жылы «Мақтааралда» ойнаған өзбек Седько Эрнес бар.

– Сіздің командаңыз Премьер-лигаға шығуға құлшынып жүрген ұжымдардың бірі. Бірақ былтыр 7-ші, алдыңғы жылы 3-орын алдыңыздар. Турнир кестесінің көшбасшысы атануға не кедергі?

– Футболдың аты – футбол. Жыл сайын алдымызға үлкен мақсаттар қоямыз. Биікке талпынып, соған қол жеткізуге тырысамыз. Өзіңіз айтқандай, былтыр  7-орын алдық. Алдыңғы жылы Премьер-лигаға шығуға бір ғана ұпай жетпей қалған. Енді сол қателіктерден қорытынды шығарып, жоғары лигада ойнау үшін қолдан келгеннен аянып қалмаспыз.

«Ледовскихке жүз пайыз сенемін»

– Жаңа жылдан бастап Вячеслав Ледовских қайта бапкер болды. Осы азматты араға бір жыл салып тағайындауыңызға себеп оған деген сеніміңізден болар? Бүгінде бұл бапкердің жұмысы қаншалықты көңілінізге қона ма?

– Ледовскихпен бұрыннан таныспын. 2007 жылы «Қазақмыста» бірге жұмыс істедік. Сол жылы бірінші лигада бірінші орын алып, Премьер-лигаға да шыққан болатынбыз. Одан соң алдыңғы жылы «Астана-1964-те» бірлесе еңбектенудің арқасында үшінші орынға қол жеткіздік.  Онымен ойымыз да көңіліміз де бір жерден шығады. Сондықтан да үнемі жүлдегерлер қатарынан көрінетініміз рас. Жалпы, Ледовскихке жүз пайыз сенемін. Өте сауатты жаттықтырушы. Премьер-лига немесе ұлттық құрамаларды баптауға мүмкіндік беретін «pro» дәрежесіне ие Өте еңбекқор, 24 сағат тыным таппайды. Әрі сондай қасиетті шәкірттерінен де талап етеді. Тіпті, футболшыларға қарапайым адамдар сияқты демалуға мүмкіндік бермейді. Көп уақытын жаттығумен өткізеді.

–Маусымаралық үзіліс кезінде командаңызда қандай өзгеріс болды?

–Жоғарыда айтқанымдай, былтыр «Мақтааралда» ойнаған бойы екі метрге жуық өзбекстандық шабуылшы Седько Эрнеске үлкен сенім артамыз. Эрнес – физикалық жағынан мығым футболшы. Павлодардың «Ертісінен» 1995 жылы туған Воменко мен Чифинді жалға алдық. Сондай-ақ жергілікті футболшы Денис Прокопенко, «Спартактың» капитаны болған Серікбек Қаппаров, Қуаныш Қалмұратов («Атырау»), Евгений Панащенко («Болат»), Ринат Әлжанов («Ақтөбе»), Кеңесбай Шубаев («Каспий») келді. Былтырғы маусымды «Ақтөбеде бастап, кейіннен «Ордабасыда» өнер көрсеткен өзіміздің Дидар Сыдықбек командаға қайта оралды.  Ал былтырғы құрамнан Черемных, Әубәкіров, Төкенов, Драмане, Ысқұлов, Әбуғалиев, Рысалин, Гончаров, Серікжанов, Алекперзаде командада қалды. Қазір команда біршама жасарды. «Қазақмысты» басқарған тұста тәжірибелі ойыншылар 20-23 жас аралығында болатын. Біз сол құраммен бірінші лигада екі рет топ жардық. «Астана-1964» командасының құрамында 28-30 жастағы ойыншылар өнер көрсетеді. Олар өздеріне Премьер-лигадан ұсыныс болмайтынын, ұлттық құрамаға шақырылмайтындарын жақсы біледі. Сондықтан бойларынан алға ұмтылысты, ынта-жігерді байқамайсың. Тек қаржылық мақсаттар үшін келеді. Ал жастардың құлшыныстары ерекше, Премьер-лига клубтарының көзіне түсуді қалайды. Сол мақсатта бірнеше арадагер ойыншымен қош айтысып, олардың орындарын жастармен толықтырған жағдайымыз бар.

«Қазақмысты» басқарған тұста ойыншылардың 85 пайызы жергілікті деп едіңіз. «Астана-1964-те» жергілікті ойыншылар мен легионерлердің пайыздық көрсеткіші қандай?

–Жергілікті ойыншылар шамамен 35 пайыз. Олар: Ермекбаев, Гончаров, Төкенов, Прокопенко, Әубәкіров.

«Бірінші лига футболшыларынан көпшілігі бейхабар»

–Өзіңіздің төл шәкіртіңіз Гейсар Алекперзаде бірінші лигада тәуір ойнаған. Премьер-лига клубтарында ойнауға да қауқары бар секілді. Оның ешбір клубта тұрақтамауына не себеп?

–Гейсарды бір кезде Қазақстан құрамасына да шақырған. Қостанайдың «Тобылында» өнер көрсетті. «Оқжетпес» пен «Восток» та шақырды. Бірақ ол өте аз гол соқты. Премьер-лигада ойнай алмай жүргеніне ол кінәлі емес. Қазір Премьер-лигада 7 легионер, 2 жас ойыншы тіркеуге рұқсат етілген. Сондықтан жергілікті футболшылар аз, тіпті қазақстандық ойыншылардың өзі саусақпен санарлық. Шыны керек, ұлттық құрама мен Премьер-лиганың бапкерлері бірінші лиганың ойындарын көре бермейді. Бірінші лиганың футболшыларынан көпшілігі бейхабар. 

–Бүгінгі құрамда «Оле Бразилден» қанша ойыншы бар?

–Бізде қазір ешкім қалған жоқ. Негізінен бес-алты бала біздің иелегімізде болған. Бірақ оларды жалға бердік. Сол балалардың арасында ең талантты ойыншының бірі Берік Шайықов қазір «Жетісуда» жүр. Болашағынан мол үміт күттіріп отырған қақпашы Абылайхан Дүйсен «Бәйтеректе». Бар пәле балалар Бразилиядан келген кезден басталған. Алғашқыда  академия түлектері тайлы-таяғымен бізге жіберілген. Кейіннен «Бәйтерек» клубы құрылды. Сол кезде  Шайықов пен Қалымбетов қана алаңға үзбей шығып жүрді. Қалғандары қосалқы құрамда отырып қалды.  Ойын тәжірибесі аздығынан көпшілігі алған дағдысынан қағылып, жылдарын жоғалтып алды. Алаңға шықпаған футболшыда өсу болмайды. Өзіміз де клубқа жаңа ойыншы шақырғанда, былтырғы маусымда неше ойын өткізгенін тексереміз. Алаңға сирек шыққан ойыншыларды әбден тексеріп барып аламыз. «Бразилиялықтар» да сондай жағдайды бастан кешіруде.

«Бразилиядағы жағдай көңілден шықпады»

–«Оле Бразил» шәкірттерінің жергілікті балалардан айырмашылығы қандай?

–Мен ол жағын айта алмаймын. Бразилияға алғаш барып келген 1994 жылы туған балалар былтыр 19 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасына да алынбады. Жалпы, Бразилиядағы футбол басқаша. Балалардың алаңға шығып, тәжірибе жинақтамағаны, өзге командалармен тайталасып ойнамағаны көрініп тұр. Мұндай жаста өте көп ойнау қажет. Алдынғы жылы біз де Бразилияда болғанбыз. Балалар оқыған «Оле Бразил» академиясын көрдік. Жағдай мүлде жасалмаған. Біздің балалар жатқан бөлме өте тар, дәлізде ғана жалғыз теледидар тұр. Тамақтары да көңілден шықпады. Доп тебетін алаң табиғи емес, жасанды. Осыдан соң, Бразилияға барғым келмей қалды. Одан Анталияда дайындалғанымыз әлдеқайда жақсы екен. Ол жақта жасанды алаңдар мүлдем жоқ. Тамақты қалағаныңша жей аласың. Дәрумендер үйіліп жатады. Менімен бірге Бразилияға «Оле Бразилде» тәлім алған 15 футболшы еріп барды. Мен кейіннен сол жылы «неге Премьер-лигаға шыға алмадық?» деген сұрақты өзіме қойып көрдім. Оған себеп Ледовских бізге 10 наурызда ғана келген екен. Қысқы үзілісте Бразилиядан келген 15 бала «Бәйтерекке» кетіп қалды. Содан сәуірде басталатын ел біріншілігіне айналдырған 15 күннің ішінде жаңа команда жасақтауға мәжбүр болдық. Олармен бірге бразилиялық бапкер Козловски де кетіп, орнына Ледовскихті шақырдық. Ол оның алдында «Іле-Сәулетті» жаттықтырды. Вячеслав жасақтан «Іле-Сәулет» алдынғы жылы бірінші орын алды. Сосын үнемі 10-сатыдан төмен жүретін «Қызылжарды» төртінші орынға көтерді. Ледовскихтің қандай бапкер екені осыдан-ақ көрініп тұр.

– Жалпы, «Оле Бразилде» өнер көрсеткен ойыншылардың арасынан жасындай жарқылдаған кімдерді атай аласыз?

–Ондайлар өте аз. Мен жаттығу үддерісіне қатысып көрген жоқпын.  Дегенмен былтыр «Бәйтерекпен» өткен екі матчта 2-3 ойыншыны ғана байқадым. Олардың көшбасшылық қырынан танылып, жұлдыз болып жүргендері шамалы. Соның алдында ғана тәп-тәуір көрінген 10 шақты бала алаңға тұрақты түрде шығып жүрмеген соң, шеберлігін әлсіретіп алды.

–Өміріңізді футболға арнадыңыз. Өзге салаға кету ойыңызда жоқ па?

–Менің футбода жүргенімен 40 болды. Қазіргі кезде жасым 54-те. Тек арасында үш жылдай «Қазақмыс» корпорациясының әлеуметтік мәселер жөніндегі директорының орынбасары, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің және футбол академиясының директоры болдым. Бірақ ешқашан өз мамандығымды ауыстыру жайлы ойлап көрген емеспін. Бұл – менің сүйікті жұмысым

         – Қазіргі кезде ҚФФ-ның жүргізіп отырған саясаты туралы не айта аласыз?

          – Федерациядағылар мені оппозиционер санайды. Неге дейсіз бе? Үнемі шындықты айтып жүремін. Бәлкім, менікі де қате шығар. Өз ойымды ашық айтудан қалай жасырын қаламын. Біз ойнаған кезде де «лимитчик» деген болатын. Бірақ қазіргідей 21 емес, 18 жас. Ол кезде «лимитчик» ретінде бір жыл ойнайды. Кейіннен жақсы футболшы болып жетілуіне уақыт жағынан мүмкіндік беріледі. Ал қазір 21 жастағылар екі жылдан соң 23-ке толады. Сосын 1-2 ойын өткізіп, қосалқы құрамда қалып қояды. Ойын тәжірибесі болмайды. Осыдан соң көпшілігі бірінші лигаға ауысады. Ал қалған санаулысы Премьер-лиганың ортаңқол командаларын жағалайды. Олардың да қатырып жатқандары шамалы.

«Ұлттық құрама бапкері кімдерді іріктейді?»

–Премьер-лигада қанша команда ойнағаны дұрыс?

– Премьер-лигада 16-18 команда болуы тиіс. Ең аз дегенде 14 болса жарайды. Федерацияның келесі жылы 10 команда қалдырамыз дегеніне келіспеймін. Өзіңіз қараңыз, бүгінгі таңда Премьер-лигадағы әр клубта бір мезетте алаңға бес легионер, бір жас ойыншы, бір қақпашы шығады. Өздерінің шеберліктері  арқасында алаңға шығатын жергілікті ойыншылар 3-4-еу ғана. Бұл 10 командада бар-жоғы 30 жергілікті ойыншы ойнайды деген сөз. Сондай-ақ олардың арасында Қазақстан азаматтығын алып ойнап жүрген келімсектер де жетіп артылады. Ал ұлттық құрамаға осылардың арасында 30 футболшыны таңдау керек. Сонда олар кімді қайдан алады?

– Чемпионаттың форматы көңілінізден шығады ма?

– Қазақстан Премьер-лигасы мен Қазақстан кубогын бір-бірінен ажырата алмайсың. Мысалы, Кубокта алдымен іріктеу, сосын финалдық кезең болады. Бір кездесуді сырт алаңда, екіншісін өз жеріңде өткізесің. Бұл– Кубоктың форматы. Ал Қазақстан чемпионатының атауы ғана чемпионат.  Қараңыз, бір команда бір маусымда бір клубпен төрт рет ойнайды. Оған Кубоктағы екі ойынды қосыңыз. Сонда бір командамен қарсы жылына 6 кездесу өткізеді. Ол футболшыға психологиялық жағынан өте ауыр. Қайта-қайта бір командамен ойнай беру адамды жалықтырады әрі. Сондықтан ең алдымен командалар санын көбейту керек.

–Бірінші лигада жеңіске жетіп, Премьер-лигаға шығатын командалар санаулы. Мұның себебі неде? 

–Мысалы, «Восток» төмен сырғыса, оның орнын «Оқжетпес» басады. Келесі жылы ол жағдай керісінше болады. Айналдырған 2-3 команда Премьер-лигадан бір ұшып кетіп, екінші жылы қайта қонып дегендей, айналып жүре береді. Ешқандай жаңа команданы көрмейсің. Бұл – жылда қайталанатын үрдіс. «Іле-Сәулет» алдынғы жылы бірінші лигада чемпион бола тұра, Премьер-лигада ойнай алмады. Қазақстан футбол федерациясы оларға неге көмектеспеді? Федерация Алматы облысының әкімімен, спорт басқармаларымен, жергілікті кәсіпорын басшыларымен сөйлесіп, командаға қолдау танытуы қажет еді. Бірақ олай болмады. Мұндай жағдай менің де басымнан өткен. 2007 жылы «Қазақмыспен» бірінші орын алсақ та, Премьер-лигада өнер көрсетуге рұқсат болмады. Келесі жылы тағы да көш бастадық. Соның өзінде соңғы сәтте ғана ойнауға мүмкіндік берді. Ол кезде біздің бюджет бар-жоғы 1 миллион доллар еді. Ал  Премьер-лигада ойнау үшін ең кемі қорда 3 миллион доллар болуы керек. Біз сол ақшамен келесі жылы бірінші лигада да ойнадық. Мен өз имиджімді футбол арқылы қалыптастырғым келетін адаммын.  Сондықтан жыл соңында ешқандай футболшыға қарыз болғым келмейді. Сол үшін қолымнан келгенін жасауға тырыстым. Өзге елдерде футболшылардың табысына бірде-бір саланың басшылары мен шенеуніктер теңесе алмайды. Бізде бәрі керісінше.

– Премьер-лигада кейбір облыстардың командалары мүлдем жоқ. Бұл мәселе неліктен назардан тыс қалып отыр?

–Біз 2009 жылы Премьер-лигада 12-орын алдық. Бірақ команда санын қысқартуға байланысты төрт клуб жарыстан шығып қалды. Солардың арасында біз де кеттік. Міне, команда санының аздығына байланысты қазір Солтүстік Қазақстаннан, Ақтау, Теміртау қалаларынан Премьер-лигада ешқандай команда жоқ. Сонда олар футбол ойнай алмай ма? Мысалы, Теміртаудың «Болат» командасы бірнеше жыл болды.  Премьер-лигада шыға алмай жүр. Оларға «Миттал Стил» көмектеспейді емес, көмектеседі. Әйткенмен бөлінетін қаржы мардымсыз. Сондықтан клуб басшылары мен өзге де жауапты адамдар осы мәселені реттеуі керек. Сондай-ақ Саран қаласының «Гефест» клубы бар. Бұл команданы футболды жақсы көретін жекелеген адамдар құрған. Тәп-тәуір өнер көрсетіп жүр. Премьер-лигаға қосылатын командалардың бірі.

«Астана-1964» командасының атауы бұрын «Жеңіс» болатын. Кезінде «Жеңіс» Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанды. Сол атауды қайтару ойда жоқ па?

– Былтыр командамызға 50 жыл толды. Осы уақыт аралығында өнер көрсеткен футболшыларын, клуб басшылары мен бапкерлерін жинақтап кітап етіп құрастырдық. Әсіресе, командада кемі 5-6 жыл ойнаған футболшыларды жастарға үлгі ретінде көрсетуге тырыстық. Марқұм Сәлім Тәшенов секілді аңыз ойыншыларымыз бар. Соларды халықтың білгені дұрыс.

Сұраққа оралсақ, 1994 жылы Жезқазған қаласындағы «Металлург»  командасының директоры бола тұрып командада өзім де ойнадым.  Ол кезде Әлихан Бәйменов облыс әкімінің орынбасары болатын. Бізге көп қолдау көрсетті. 1996 жылы команда атауын «Еңбек» деп ауыстырдық. Сол кезде бізді бәрі «Неге команда атауын «Ұлытау» қоймадыңдар?» деп сөге бастады. Тіпті, облыс әкімінен де сөз естідік. Алайда өз райымнан қайтпадым. Иә, Ұлытау – тарихи өлкенің атауы, бірақ оның футболға еш қатысы жоқ. 1997 жылы чемпионат аяқталуға 3 тур қалғанда, қызметімнен кеттім. Олар сол тұста команда атауын «Ұлытау» деп өзгертті. Бірақ команданың дәурені ұзаққа созылған жоқ. Сондықтан менің ойымша, команданың өз дәстүрі болғаны жөн. Атауды қайта-қайта ауыстыра беру қажет емес. Егер Премьер-лигаға шығып жатсақ, «Жеңіс» атауын қайтаратын боламыз. 

 

–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Бек ТӨЛЕУОВ «Sport» газеті

  

0 пікір