Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2715 0 пікір 28 Мамыр, 2009 сағат 20:10

Елде есiрткi есiрткендер көп

Ауған жерiнен қазақтың сайын даласы арқылы кәрi құрлыққа жол тартатын заңсыз есiрткi саудасы елiмiздегi нащақорлар санының күрт артуына әкеп соқты. Сорақысы сол, есiрткi сатумен айналысатындардың қылмысын бүркемелейтiн шенеунiктер бар. Келешек ұрпақтың санасын есiрткiмен улағандарды заң алдында жауапқа тартуға Мәсiмов құлшынып отыр. Олардың атын атап, түсiн түстеу үшiн Назарбаевтың арнайы рұхсаты керек екен.

Ауған жерiнен қазақтың сайын даласы арқылы кәрi құрлыққа жол тартатын заңсыз есiрткi саудасы елiмiздегi нащақорлар санының күрт артуына әкеп соқты. Сорақысы сол, есiрткi сатумен айналысатындардың қылмысын бүркемелейтiн шенеунiктер бар. Келешек ұрпақтың санасын есiрткiмен улағандарды заң алдында жауапқа тартуға Мәсiмов құлшынып отыр. Олардың атын атап, түсiн түстеу үшiн Назарбаевтың арнайы рұхсаты керек екен.
Үкiметтiк отырыста ҚР Iшкi iстер министрi Серiк Баймағамбетов “Қазақстан Республикасындағы 2009-2011 жж. арналған есiрткiге әуестiк және есiрткi бизнесiне қарсы күрес бағдарламасының” жобасын ұсынды. Жобаға кететiн шығын 39 млрд. 714 млн. теңге көлемiнде. Есiрткiмен күрес барысында iшкi қордың есебiнен 2 аймақаралық арнайы басқару тобын, яғни, Шымкенттен - “Оңтүстiк”, ал Қарағандыдан “Орталық” тобын құру көзделiп отыр. Негiзгiсi, ҚР министрлiк жанындағы Есiрткi бизнесi мен есiрткi айналымына қарсы күрес комитетiнiң жұмысын нығайту. Баймағамбетовтiң айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру барысында елдегi есрткiге қатысты ахуал күрт өзгермек. Жағымды жаққа қарай, әрине. Мысалы, аталған бағдарлама құқық қорғау органдарының бiрлесе қимылдауының арқасында заңсыз есiрткi көлемiн 15-20 пайызға дейiн азайтуға және жылдық көрсеткiштi 30-50 пайызға дейiн көтеруге мүмкiндiк бередi. Бұл ел iшiндегi есiрткiге байланысты ушыққан жағдайды шешiп, сондай-ақ, Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстаннан Еуропаның өзге елдерiне тасымалданатын есiрткi көлемiн қысқартуға сеп.
Осыдан бiр айға жуық уақыт бұрын ҚР Премьерi Кәрiм Мәсiмов Қазақстандағы мектептерде есiрткi емiн-еркiн сатылатынын, оған тиiстi органдардың тыйым сала алмай отырғанын қатаң сын тезiне алып, оқушылардың есiрткi қолданатынын не қолданбайтынын анықтау мақсатында, арнайы тексеру жұмыстарын мәжбүрлi түрде жүргiзу керектiгiн айтқан болатын. Алайда, министр Баймағамбетов бұл бастаманың нәтижесiз болғандығын жеткiздi: “Арнайы құрылған жұмыс тобы есiрткi заттарын қолдануын анықтауға мәжбүрлеу тиiмсiз екендiгiн анықтады. Сонымен қатар бұл мәселеде құқықтық жүйелеуге қатысты түйткiлдер де жоқ емес”.
Ресми деректерге сүйенсек, 2008 жылы Алматы қаласындағы тексеруден өткiзiлген 5 мың жастың 0,5 пайызының қанынан есiрткi заттары табылған. Iшкi iстер министрлiгi ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiмен келiсе отырып, арнайы тексеруден оқушылардың барлығын бiрдей өткiзбей, тек тәртiбi нашар жасөспiрiмдер мен мектептердегi арнайы тiзiмге алынған балаларды мәжбүрлеуге шешiм қабылдаған.
Қазақстан БҰҰ-ның 1961 жылғы Есiрткi заттары туралы конвенциясына және 1971 жылғы Жүйке жүйесiне әсер ететiн заттар туралы конвенциясына, 1988 жылғы Есiрткi заттары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясына қосылды. Сондай-ақ, елiмiзде арнайы заң қабылданған. Өкiнiшке қарай, бүгiнде ауған жерiнен қазақ даласы арқылы кәрi құрлыққа жол тартатын есiрткi тасымалы Қазақстандағы нашақорлар санының күрт артуына әсер етiп отыр. Жақсылықтан гөрi жамандыққа тез бейiмделетiн алаң көңiл балалардың арасында да нашаға ден қойғандар жетерлiк. Бiлiм шаңырақтарында есiрткiге үйiр балалардың барлығын билiк те жасырмайды. Сорақысы сол, елдегi есiрткi саудасын “қыздырған” шенеунiктер бар. Өткенде Мәсiмов сондай сорақылыққа жол берген әрi есiрткi сатқандарға қолдап, қолпаштаған шенеунiктердiң аты-жөндерiн анықтауға бiлек сыбана кiрiсетiнiн мәлiмдеген едi. Бiрақ ол үшiн Президенттiң арнайы рұхсаты керек. Қоғамды iштен iрiткен шенеунiктердi атын атап, түсiн түстеу – қиын шаруа. Әсiресе, қолында барлар қонышынан басатын Қазақстанда. Алайда, келешек ұрпақтың санасын нашамен улаған шенеунiктердi анықтау – кез келген азаматтың парызы екендiгi сөзсiз. Сондықтан Мәсiмовтiң командасы есiрткi тасымалымен ғана емес, есiрткiнi “есiрткен” iрiлi-ұсақты шенеунiктi ауыздықтағаны жөн алдымен.

 

 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ
«Түркістан» газеті 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар