Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4050 0 пікір 28 Мамыр, 2009 сағат 08:37

Ерден Қажыбек елден кетіп қалыпты. Неге?

 

 

Сәрсенбі. Мамырдың 27 күні экономикалық қылмыстармен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттіктің өкілі Мұрат Жұманбай қаржы полициясының қақпанын қапқандардың тізімін жариялады. Ал Жұманбай жария еткен салақұлаш тізімге қарап отырып Қазақстанның коррупциясыз өмір сүре алмайтын халге жеткенін анық аңғарасыз. Ұлық мекемелерден басталған ұрлық-қарлық ұсақ-түйек кеңселердің майда-шүйде мамандарынының да мансабына айналыпты. Жұманбай тізген мәліметтерде мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс қаласының әділет департаменті бастығының орынбасары Тұрсымбеков дейтін азамат А. есімді біреудің үш баласына тездетіп туу туралы кәуілік жасап беру үшін 15 мың теңге пәре алып жатқан жерінде ұсталыпты.
Жемқорлық қазір жер таңдамайтын болды ғой. Бұрын жең ұшынан жалғасудың отаны Шымкент деп шырылдайтындар енді не дер екен. Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавлскнің қалалық әкімшілігіндегі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы мәдениет үйі директорынан қызмет бабын пайдаланып 80 мың теңге көлемінде «сыйақы» алу барысында тұтқындалған. Осы арада мына бір жайтқа назар аударыңыз. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің бұрынғы соңғы нәтижесінде құрыққа іліккендердің дені әкімшіліктің көпке әлімжеттік жасауға мүмкіндігі зор шенеуніктері мен ірі компаниялардың қызметкерлері болса, енді міне, мәдениет саласындағылар да қаржы полициясының назарын аудара бастапты. Коррупцияға қарсы майдан ашылғалы бәрімізді мезі еткен бір мәтел бар еді ғой: «балық басынан шіриді» деген. Мәдениет саласындағылар да басынан шіріп жатқан көрінеді. ҚазТАГ-тың «abai. кz» сайтына берген ақпаратына сүйенсек, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тілдерді дамыту комитетінің ілгерідегі басшысы Ерден Қажыбек қаржы полициясының тарапынан іздеуде жүргенге ұқсайды. Аталған ақпарат көзі таратқан деректі жолма жол келтірейік.          
Экономикалық қылмыстармен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік мәдениет және ақпарат министрлігінің тілдерді дамыту комитетінің бұрынғы басшысы Ерден Қажыбекке қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланғаны үшін айып тақты, деп хабарлады қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай.
«МАМ тілдер комитетінің төрағасы 2007 жылдың тамызында мәтіндерді қазақша-ағылшынша-орысша онлайн аудармашыны құру бойынша орындалмаған жұмыстардың актісіне қол қойып, жеткізушінің қызметтеріне 10 пайыз төлем жасаған», - деді ол сәрсенбі күні брифингте.
Қаржы полициясының өкілі мемлекетке келтірілген шығынның алдын ала сомасы 65 млн теңгені құрайтынын жеткізді. Айыпталушы іздеуге жарияланды және қазіргі уақытта іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
«20 министрліктің, ұлттық компаниялардың және 12 мемлекеттік мекеменің ақпараты бойынша үш тілді аудармашы жұмыс істемейді және пайдаланылмайды», - деп мәлім етті М.Жұманбай.
Сонымен, айыпталушы Ерден Қажыбек іздеуде. Ал, қаржы полициясы 65 млн теңгені қымқырғанын анықтаған Қажыбек мырза басқарған комитет 20 министрліктің, 12 мемлекеттік мекеменің, ұлттық компаниялардың еш қайсысымен жұмыс істемепті. Қазақ баспасөзі «тіл жанашыры» деп дәріптеген Ерден Қажыбекті енді кім дейміз? Ерден Қажыбекке еріп елді аралаған баспагерлер мен баспасөздің басшы-қосшы енді не дей алады? Ерден Қажыбекті кеше ғана есіркегендер енді  оны кім деп мүсіркейді? Әлде олар да Қажыбекпен бірге қазынаға қол салып қазақ тілінің босағада сығалаған аянышты халіне түкіріп жүре берді ме? Бұндай кеп қашанға жалғаса бермек? Бұдан кейін қазақтың тілден өзге шаруасы тегіс түгенделгендей «тіл тіл» деп шулайтындарға қалай сенеміз? «Қазақ тілін дамыту қажет» дейтін тәп-тәуір бастамаға қарсы шығып, «қазақ тілі дамыған, кемелденген тіл» деп  уәж айтатындар Қажыбектің мына қаректінен соң қандай ой түйер екен? Тіл түйткілі айқаймен, әлде біреуді өтірік әспеттеумен шешілмесіне тоқтап, мәселеге тереңдеп мән бере алар ма екен? Рас, қазақ тілі көркемдік биігіне баяғыда көтерілген әлемдегі ғажайып тілдердің бірі. Сондай ғажайып тіл кеңселердегі қасаң өмірмен де сыйысып тірлік етуге  тиіс. Бәрімізге мәлім, Қазақстандағы кеңсе тілі - орыс тілі, ағылшын тілі, мына бетімзбен кете берсек ертең қытай тілі болуы әбден мүмкін. Сонда қажыбектердің қалтасын ғана қалыңдатуға қауқары жеткен қазақ тілінің ахуалы қайда барып тірелмек? Әңгіме мынада:  үкімет Ерден Қажыбек басқарған комитетке қаражат бөліп министрліктер мен мемлекеттік мекемелерде, ұлттық компанияларда үш тілде аударма жасап, онлайн жүйесінде қызмет ететін мамандар ұстаудың міндеттілігін жүктейді. Ерден Қажыбек әлгі мамандарды маңайына жолатпастан ақшаны астына басып алқымы ісіп отыра берген. Соның салдарынан елімізде қаншама адамның Конституциялық құқығы аяққа тапталды? Қаншама адам өз тілінде қажетті ақпарат алу мүмкіндігінен шеттеліп пұшайман хал кешті? Қаншама азамат ұлттық компанияларға жұмысқа кіре  алмай, жұмысқа тұруға жазған өтініші қаралмай еңсесі түсіп етігінің басына қарап қалды? Қаншама тағдыр бүлінді? Қазақтың бойындағы күш жігері, ел ісіне деген ынтасы, парсат пайымын паш ететін тілі дәліздері бұлаңытқан кеңселерге ене алмай текке рәсуа болуда. Осының бәрін қаперіңе салып толғасаң «қазақ тілін дамыту қажет деген» қағидаға айналып үлгерген іске иек артасың. Халыққа, қалың бұқараға қызмет ететін мекемелерге тіл білетін, жөн білетін мамандарды көптеп орналастырмай мемлекеттік деңгейде мемлекеттік тілдің мәселесі толық шешілмесі күн өткен сайын өзінің күрделі сипатын әйгілеуде. Былайынша ұсынықты, зиялы азамат Ерден Қажыбектің осының бәрін біле тұра қалта қамын күйттеп кеткені арқамызды аяздай қарып барады. Алайда, қаржы тасқынын кешіп, ас та төк дәурен сүретіндердің сүрліккен тірлігіне араласқан соң Қажыбекте қатардан қалмаудың қамына кіріскен сияқты. Оның мәнісі мынада. Ақ Орданың бұлбұлы атанған экс министр Ермұхамет Ертісбаев кезінде «электронды кітапхана ашамын» деп жарияға жар салған-ды. Дегендей-ақ, 2007 жылы Мәдениет және ақпарт  министрлігі (министрлік ол уақытта Ертісбаевтың құзрында болған) 100 млн теңге жұмсап, екі жылдың ауқымында  2 мыңға жуық кітаптың электорнды нұсқасын жасап шықты. Жалпы министрліктің әлгіндей игілікті шаруаны атқаруына 2004 жылдан бастап 600 млн теңге бөлінген. Бірақ, «электорнды кітапханаға салынған ақша 25-тен бастап  44 есеге дейін артық жұмсалған» деп хабарлаған болатын 12 ақпанда «Қазақстан бүгін» ақпарт агенттігі «Время» апталығына сілтеме жасай отырып. Апталық шығынның жалпы көлемін анықтау барысында еліміздегі, Ресейдегі IT технология мамандарына сұрау сала келіп бар жоғы 2 мың дана кітапты құрайтын электорынды кітапхана ашу үшін 19000 доллардан  34900 доллардың айналасында қаржы жұмсауға болатынын анықтапты.  2007 жылғы айырбас бағамы бойынша  100 млн теңге  833 мың АҚШ долларына тең  еді. Анау 600  млн теңгені айтпағанда Ертісбаев басқарған минситрлік 100 млн теңгеден де біраз пайда «сауып» қалған секілді. Қалғаны қайда? Текке рәсуа етілген қаражат қай алпауыттың қалтасында кетті? Ерден Қажыбекке қатысты іздестіру ісі осындай ірі сомаларды нақтылау барысында қиындай түсетін түрі бар. Әйткенменде ол елден кетіп қалыпты. Қайда жүр екен?..

 

 

Дәурен Қуат, «Абай-информ».

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2029
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2466
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2043
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1590