Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5106 0 пікір 9 Наурыз, 2010 сағат 08:33

Гүлшарат ЖҰБАЕВА, «Келін» фильміндегі актриса: Келінді жезөкше көрудің керегі жоқ

 

Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына  «Келін» фильмінің қатысқаны белгілі.  Қатысып қана қоймай, жартылай финалға дейін жеткен «Келін» таңдаулы 9 картинаның қатарына ілікті. Бірақ ақтық сынға шыққан үздік бестіктің құрамына ене алмады. Қазақ киносының мұндай табысы өз елімізде түрліше қабылданып, аталған фильм туралы қилы-қилы пікірлер туындап, біраз дау-дамай өрбігені көзі қарақты көпшілікке әбден мәлім. Біз төменде «Келін» фильмінде келін рөлін сомдаған Гүлшарат Жұбаеваның, фильмнің режиссері Ермек Тұрсыновтың, аталған кинотуындыға қатысты сыни пікір білідіріп жүрген мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбаттарын жариялап отырмыз. Сұхбаттар топтамасында «Келінге» қатысты театр режиссері Болат Атабаев та қысқаша ой айтыпты.

Фильмге ата-анамның рұқсатымен түстім

 

Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына  «Келін» фильмінің қатысқаны белгілі.  Қатысып қана қоймай, жартылай финалға дейін жеткен «Келін» таңдаулы 9 картинаның қатарына ілікті. Бірақ ақтық сынға шыққан үздік бестіктің құрамына ене алмады. Қазақ киносының мұндай табысы өз елімізде түрліше қабылданып, аталған фильм туралы қилы-қилы пікірлер туындап, біраз дау-дамай өрбігені көзі қарақты көпшілікке әбден мәлім. Біз төменде «Келін» фильмінде келін рөлін сомдаған Гүлшарат Жұбаеваның, фильмнің режиссері Ермек Тұрсыновтың, аталған кинотуындыға қатысты сыни пікір білідіріп жүрген мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның «Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбаттарын жариялап отырмыз. Сұхбаттар топтамасында «Келінге» қатысты театр режиссері Болат Атабаев та қысқаша ой айтыпты.

Фильмге ата-анамның рұқсатымен түстім

- Гүлшарат, шыны керек, өзіңізбен кездесіп, сұхбат алуға құштар болдым. Көрдім. «Орысшалау шығар?» деген күдігім теріске шықты. Тіліңіз таза, мінезіңіз салмақты, сүп-сүйкімді екенсіз... Бірақ «Келіндегі» кейпіңіз есіме түсіп кете береді...

- (Күлді.) Білем, мені жек көріп отыр­сыз ба? «Келінді» көрген әрбір көрерменде осындай ой қалуы да мүмкін. Қазақта бұрын-соңды мұндай фильм болмаған ғой. Бәріне «кінәлі» - өнерге ғашықтығым. Кішкентайымнан би биледім, спортқа қатысып, таэквандодан қара белбеу иесі (бірінші дан) атандым, суретші де бола жаздадым. «Милиция болам» деуші едім. Киноға түсуді қатты армандадым. Арманыма жете алатыныма күмәндандым, өйткені, мынадай қиянатшыл қоғамда жолымды кес-кестеушілердің аз емес екеніне талай рет көзім жетті. Мендегі бір «шанс» «Келін» болды. Әуелде бас тартқым да келді. Бірақ уақыттың өтіп бара жатқанын ойладым. Алғашында-ақ «Кейіпкеріңнің жалаңаштанатын жерлері бар» деді режиссер. Адамға анасынан артық жан жоқ қой, анаммен ақылдастым. Ол кісі - менен үлкен төрт бірдей ұлынан айрылып қалған адам. Бірінің қайғысын ұмыта бергенде, бірі... Сондықтан ба екен, үнемі мені жетелеумен жүрді. Өнердің барлық түріне алып барды. «Келінге» келуіме де анамның ықпалы мол болды деп ойлаймын. Соңында «Қызым, өзің біл. Әкеңнің рұқсатын ал» деді. Ал әкем: «Қызым, егер жүрегің шын өнер деп соғып тұрса, бетіңнен қақпайын. Ішің жалаңаштанбаса болғаны да», - деді. Эротикалық көріністерін айтпағанда, «Келін» өнер көшіне қосылуыма баспалдақ болды.

- Өнердің көгіне басқа да жолдармен көтерілуге болмас па еді?

- Мүмкін... Бірақ кеш болар еді.

- «Келінге» түсуге бірден келістіңіз бе?

- Мен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрына биші болып орналасқан уақытта келіннің рөліне кастинг жүріп жатты. Қаншама актрисалар бас тартыпты. Маған да ұсыныс түсті. Мен кәсіби актриса емеспін, бишімін. Бірақ режиссер ақыры мені таңдапты. «Сіз келін рөліне бекітілдіңіз» деді. Мен: «Тұра тұрыңыздар. Жан-жағыммен ойласайын. Менің де туған-туысым бар, ертең олардың ортасында бас көтеріп жүруім керек», - дедім. Сөйтіп, жоғарыда айтқанымдай, ата-анама хабарлас­тым. Олар да аз ойланған жоқ. Сол кісілердің рұқсатын алған соң ғана келістім.

- Фильм сізді бақташыға ұзатып жатқан жерден басталады. Сонда бастан-аяқ шомылдырып, киіндіріп, дайындайды. Сонда сіздің тыр жалаңаш тұратын жеріңіз бар. Қазақтың қызысыз ғой, дененіңіз шымырлап, титтей де болса, қысылдыңыз ба?

- Не десем екен... Сіз ойлағандай, жұрт ойлағандай, мен арсыз, намыссыз емеспін. Мұның бәрін өнер туындысы деп қарасаңыздаршы! Иә, қарапайым жұрт түгілі, әлгі жердегі мені жуындырып жатқан актриса апайларымыздың өзі беттерін шымшып, «ұят қой мынаусы» деп жатты. Мен бүкіл жұмысшыларды сыртқа шығарып жіберіп, түстім. Миллиондаған көрерменнің көретінін де білем. Бұл көрініске түсуім өзіме де оңайға соққан жоқ. Ортасына келгенде, «тоқтатыңыз, түспеймін!» деген де кезім болды. Талай рет жыладым да. Бірақ ақыры тәуекелге бел буған соң, аяғына дейін шыдауым керек деп шештім. Оның үстіне, режиссердің психологиялық тұрғыдан жасаған дайындығы да әсер етті. Ол кісі: «Жетістікке жету үшін міндетті түрде бір құрбандықтың болары анық. Қазірден бас­тап әлсіз болсаң, ертең кино аяқталған соң, сені жұрт көшеге шығарып тастайды, жезөкше көреді. Сен оның бәріне дайын бол. Оның үстіне, қарашы, қақаған аязда қаншама адам осы фильм үшін еңбек етіп жүр, ең болмаса соларды аясаңшы», - деді. Сөйтіп, әрі қарай жалғастырып кеттік...

- Баяғы «Қыз Жібектен» кейін Асанәлі ағаның басынан өткен оқиға секілді, көрген жерде «тфә!» деп бетіңізге түкіргендер жоқ па әйтеуір?

- Жоқ. Сөйтіп жатса да, мен оған пси­хологиялық тұрғыда дайынмын. Қазір көпшілік жерге өзім де бармаймын. Өйткені, көрерменнің ойын білемін. «Келінді» көрген Кіші жүздің кей жігіттері: «Осыдан сол қыз көзімізге түссе, өз қолымызбен өлтіреміз!» - депті де. Оның бәріне түсінушілікпен қараймын.

 

«Сонда немене, әртіс келін болмауы керек пе?»

- Бақташы мерт болған соң, енеңіз сізді қайныңызбен қосады. Онымен де, бірінші күйеуіңіз - бақташымен де төсектес болатын тұстарыңыз бар.

- (Күліп алды.) Иә, ол өз алдына бір қызық. Қайнымның рөлінде ойнайтын Нұржан - 16 жастағы мектеп оқушысы ғой. Сценарий бо­йынша, солай түсуге тура келді. Төсекте жатып, көзі алақандай болып, «не істеймін енді?» деп қояды. Ол да, мен де қорқып тұрмыз. Оның үрейі тіпті кинода да көрініп тұр. Тіпті мен шынымен бас салатындай, ұятты жерін алақанымен жауып алыпты... Ал бақташы мен аңшының рөліндегі Ержан мен Қуандық ағалар - кәдімгі кәсіби актерлер. Оларға мұндай рөлдер жаңалық та емес, қиындық та туғызған жоқ. Қайта мені оншалықты ыңғайсыз жағдайға қалдырмай, барынша қолдап отырды. Жалпы, меніңше, «Келіндегі» келінді жезөкше көрудің керегі жоқ. Дәл сол тағдыр ол заманда әрбір үшінші әйелдің басынан өтіп жатты. Ол бәрін әдейі жасап отырған жоқ. Өзіне салса, сүйген аңшы жігітімен қосылып, тып-тыныш өмір сүрер еді. Өзім көп тұсында рөлімді аша алмадым деп ойлаймын. Өйткені, менде уайым басым болып кетті.

- Өнердің жолына арыңызды да, ұятыңызды да құрбандыққа шалдыңыз. Осыған арзитындай ақша төледі ме?

- Жоқ. Әу баста өнер үшін деп кіріскен соң, ақшасына да аса мән бергем жоқ.

- Кинодағы жүктілігіңіз шын өмірге ұласып, аяғыңыз ауыр екен. Қашан тұрмысқа шықтыңыз?

- Өткен жылы бас қостық. Жолдасым Жандос - Қызылорданың жігіті. Өзімнен төрт жас үлкен. Кәсіпкерлікпен айналысады.

- Қалай таныстыңыздар?

- Жанармай бекетінде таныстық, кинодағыдай (күлді). Биші ретінде тойларға барып тұратынмын. Соның бірінен көңілім құлазып шықтым. Той болған соң бірі мас, бірі ішпей мас боп жүреді. Бірі сенің өнеріңді түсінсе, бірі түсінбейді, «жеңілтек қыз» деп ойлап, көңіліңе тиетіндері қаншама? Сол күні жердің бәрі - лай-батпақ, шылқыған су. «Қашанға дейін осылай жүре бермекпін? Жатақхана мен театрдың ортасында жүргеніме де екі жыл болыпты. Күнде қайталанып жатқан тіршілік. Алла жанымды түсінетін, өзім арқа сүйей алатын азаматқа жолықтырса екен» деп, машинамның ішінде жылап біраз отырдым. Сосын жанармай бекетінен автокөлігіме май құйып алдым. Қарасам, алдымда үлкен қап-қара «Джип» тұр. Шығайын десем, шыға алмаймын. «Тәуекелге бел байлап, мына жерден өтсем, өтіп кеттім. Өте алмай қалсам, басымды жаратын шығар. Түрі де сұсты екен» дедім де, зорға дегенде, шығып кеттім. Біраз жүргенде барып байқадым, әлгі машина артымнан қуып келеді екен. Іші толған жігіттер. «Тоқта!» деген белгі беріп қояды. Қорқып кеттім. Алдымдағы көпірден өтпек болғанымда, машинасын алдыма көлденеңдете қойды. Артымызда көліктер кептеліп қалды. «Не болды?» дедім әйнекті ашып. «Сізбен танысуға бола ма?» деп тұр. «Танысатын жерді тапқан екенсіз! Мына адамдардан ұят емес пе?» дедім. Сөйтсем, «Сіз қазақша сөйлейсіз бе?» деп, таңқалды. Сонымен, не керек, арттағы машиналардың ию-қию, у-шуын тыңдап тұрып, телефон нөмірімді жазып алды. Содан күнде хабарласатын болды. Он күннен кейін отау құратынымыз жөнінде сөз байластық.

- Байдың баласы болып тұр ғой?

- Жоқ. Қызық болғанда, ол қыз-жігіт боп екеуміз кездескен күннің ертеңіне маған хабарласып: «Кешегі менің машинам емес, досымдікі», - деді. Сөйтсем, досына: «Мен бүгін Гүлшаратпен кездесемін, көлігіңді бере тұр», - депті. «Машинам жоқ десем, қарамай кете ме?» деп ойлаған ғой. Бәрін білген соң, екеуміз оған әбден күліп алдық. Бес айдан соң мен үйден ұзатылдым, ал 7 тамызда Қызылордада неке тойымыз болды.

- Бұл «Келінге» дейінгі әңгіме ме, кейінгі ме?

- «Келіннің» түсірілгеніне екі жыл болды ғой. Кейінгі, әрине.

- Фильмдегі енеңіз - өте қатал, сұсты. Мына шудан кейін шын өмірдегі енеңіз сізді келін ретінде қалай қабылдады?

- «Келіннің» тұсаукесері маусым айында болды. Ал тойымыз тамызда өтті. Жандостың әулеті - өте қазақы, қарапайым жандар. Оның үстіне, қызылордалықтар орамал тарту, сәлем салу секілді салт-дәстүрді қатаң сақтайды. Сондықтан, жасыратыны жоқ, келіндерінің артынан мынадай үлкен шу шығуы оларға өте қиын тиді. Оны байқатпауға тырысса да, сездім... Алайда, бәрі мені өте жақсы қарсы алды. Тіпті өз шешем - енеме қарағанда қаталдау адам. Әнеугүні бірнеше күн ауруханаға жатып шықтым. Сонда енем Құдайдың құтты күні хабарласты да, мамам халімді төрт-бес күнде бір сұрады. Енемнің сондай жақсы жан екенін жеткізіп жатқаным ғой сізге... Қайын атам да - алтын кісі. Әкемдей еркелетіп, «ақ бұлттан жасап алған қызым» деп отырады. Тәуба!

- Олар сіздің көңіліңізге қарағанымен, өзіңізде ыңғайсыздық болды ма?

- Болмады дей алмаймын. Небір күндер өтті ғой. Алғашында Жандостың туған-туыстары: «Басқа ешкім жоқтай актрисаны алып жатыр ма?» - дегенге ұқсайды. Сонда қайын атам: «Жұмыстарың болмасын. Әртіс келсе, қол шапалақтап алдынан жүгіріп шығасыңдар, сонда немене, әртіс келін болмауы керек пе?» - деп айқайлапты. Ол кісі домбыра тартады, өнерге жоғары түсінікпен қарайды.

Енді мұндай рөлдерге түспесім анық

- Жандос «Келіннен» кейін киноға түсуге рұқсат бермей қойған жоқ па?

- Жоқ. Рас, ол - мүлде басқа саланың адамы. Солай бола тұра, түсіністікпен қарады. Біз танысқанда фильм әлі экранға шықпаған болатын. «Ер адам емес пе, қызғаныш, теріс пікір тууы мүмкін ғой» дедім де, танысқан күннің ертеңіне-ақ бар суреттерімді көрсетіп: «Жандос, мен актрисамын. Мынадай киноға түстім. Онда менің үш әріптесім болды. Олармен бір төсекте жататын көріністерім бар», - деп, «Келін» жөнінде әңгімелеп бердім. Ары қарай да өнерден қол үзбеуді қалайтынымды айтып, армандарыммен бөлістім. Әрине, өзім де бір елдің келіні атанған соң, әлгіндей рөлдерге түспесім анық. Ол рөл менің өмірімде бір рет кездесті.

- Дегенмен, Жандос киноны көрген соң, қайтті?

- Әрине, фильмнің тұсаукесерінде қатты қиналдық. Туыстарының, достарының арасында пыш-пыш әңгіме болды. Маған да оңай тиген жоқ. Жандостың маған ештеңе демегенімен, іштей өзін-өзі жеп жүргенін сездім. Сосын: «Менің де, өзіңнің де жүйкеңді құртпа. Сен о баста-ақ актрисаға үйленіп жатқаныңды білдің. Сенген адамым - жалғыз сенсің. Бір жастыққа бас қойған адамымнан қуанышымды, қайғымды жасырып жүргім келмейді!» - дедім. Ол: «Жарайды, бәрі орнында. Не болды сонша?» - деді. Сол кезде барып «уһ» дедім ғой (күлді). «Егер өнерімді түсініп, жаныма жалау болсаң, өмір бойы сенің жаныңдамын» дегенмін алғашқы сырласуларымыздың бірінде. Бас қосқанымызға біраз уақыт болды. Жанымның, арымның тазалығына Жандостың көзі әбден жетті деп ойлаймын. Қазір бәріне де түсіністікпен қарайды.

- «Мынау «Келіннен» айналып шықпай қалды-ау» демессіз. Әдемі қызға кім қызықпайды? Осы рөліңізден кейін көз қадаған ер-азамат көп болған шығар?

- Барлығы өзіңе байланысты ғой. Өнер - басқа, өмір - басқа. Әрине, ерік берсең, кім не істемейді? Расында да, мен кімге бәрін түсіндіріп отырам? Егер дер кезінде тұрмыс құрмағанымда, кім біледі, жан-жақтан талар ма еді?

- «Сұлулық қыздың соры ғана» деген сөз рас па екен?

- Иә. Өнеріме байланысты көпшіліктің ортасында жиі жүремін. Сондайда, шыны керек, айтпайтын сөзі жоқ бір адамдар кездеседі. Оның саған не мақсатпен сөйлеп тұрғанын білесің, сезесің. Не істейсің? Тұра қалып арпылдасып ұрсысасың ба? Соның бәріне ебін тауып, жай сөзбен ұғындырамын дегенше де, жүйкең тозады. Қиналасың. Талай рет: «Әттең, ағаларым тірі болғанда осы иттерге көрсетер еді-ау!» - дегенмін де. Құдайға шүкір, оның бәрі артта қалды. Қазір арқа сүйер азаматым бар.

- Кинодан кейін мазалаушылар көп шығар?

- Сұрамаңыз. Басында Жандос түсінбей қалатын. Қазір телефонды өзіне бере саламын да, оңай құтыламын. Ең бастысы, мен өзіме сенімдімін. Әрі қарай жолдасым жауап бергенін қалаймын. Өйткені, сонау қиырдан қоңырау шалған қайдағы бір ақымақ үшін отбасымның шырқын бұзғым келмейді.

- Фильмдегі келіннің сиқына қарап, сізге ешкім сүйсіне қоймасы анық. Айтыңызшы, өмірдегі Гүлшараттың болмысы қандай?

- Өте әсершілмін. Бірде базарға баруға шықсам, тап-таза киінген қазақтың үлкен ақсақалы әркімнің бетіне жаутаң-жаутаң қарап тұр екен. Әйтеуір, бір нәрсеге мұқтаж боп тұрғанын жүрегім сезді. Дереу жүгіріп келіп, анама «анау атаны тез үйге ертіп әкелейікші, көмектесейікші» деп өтіндім. Қайтып барсақ, әлгі кісі кетіп қалыпты. Өкініп, күні бойы жылағанмын... Былайша мінезім салмақты. Көп сөйлемеймін. Бос отырмаймын, ең болмағанда іс тігіп отырамын. Қаршадайымнан қара жұмыспен өстім. Әке-шешеме ауыртпалық түсірмейін деп, 6-сыныптан бастап еңбекке араластым. Сауда да жасадым, біреудің баласын да бақтым, үй күтуші де болдым. Соның бәрінің қазір пайдасын көріп жатырмын. Өмірдің қай қыры болса да, бейіммін. Жоқты да, барды да басымнан өткізгенмін. Қиындықтан қашпаймын.

- Өмірбаяныңыз туралы айтып берсеңіз...

- 1985 жылы 12 маусымда туғанмын. Отбасында жеті перзент болдық: төрт ұл, үш қыз. Өкінішке қарай, төрт ұл да өмірден өтіп кетті. Үйде өнерді қалаған - мен ғанамын. Екі сіңлім де оқып жатыр. Әкем - тарих пәнінің мұғалімі, анам - агроном.

- Отбасыңыздағы тәрбие қалай болды?

- Ата-анамыз білімімізге қатты мән берді. Анамның тәрбиесі күнде кәдеге жарап жатыр. Қонақ күту, іс тігу, ас дайындау сияқты қыз балаға лайықты тірліктің бәрін, жоғарыдай айттым ғой, титтейімнен жасадым. Қазір де үйде тапсырыс алып, киім тігемін. Осының бәрі қыз бала үшін артық емес екен.

 

Ермек ТҰРСЫНОВ, «Келін» фильмінің режиссері:

Кімге сенемін: Бекболатқа ма, «Оскарға» ма?

Біз осы неге шындықтан қорқамыз?

- «Келіннің» тағдыры қызық болып тұр ғой, аға. Біреулер «әдепке жат қылықтар суреттелген масқара фильм» десе, кинотанушылар, керісінше, майын тамызып мақтап жатыр. Жалпы, айтыңызшы, фильмді түсірерде нені ойладыңыз, мақсат қандай болды?

- Кино біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Өйткені, оны әр адам өзінше түсінеді. Мен үшін пікірталастың қай деңгейде өтіп жатқаны маңызды, қалғаны қызық емес. «Келіннің» түсірілімі төрт жылға созылды. Оған дейін негізгі идея сан рет өзгеріске ұшырады. Соңында туынды осылай шықты. «Мамлюк» атты кітабым алты жыл жазылды. Оны жазу үшін Мысырда болдым, Сирияда бір жылдай тұрдым. Яғни, әр шығарманың өз тағдыры болады. Әр жұмысымды бір сөзбен түйіндейтін адаммын. Мәселен, «Мамлюктің» құндылығы - Бейбарыс сұлтанның тағдыры.

- «Келіннің» ше?

- «Келіннің» құндылығы - тіршіліктің де, табиғаттың да, ұрпақтың да бастауы, қайнар көзі әйел екенін көрсетуі.

- Мақсатыңыз қаншалықты орындалды?

- Оны анық айта алмаймын. Мен күн сайын кино түсіре беретін Тимур Бекмәмбетов емеспін. Олардың фильмдеріне қарап отырсаң, түк те жоқ. Көп болса, бір жарым сағатқа миыңды өшіріп тастар, одан кейін не көргеніңді ұмытып қаласың. Есте сақталмайды. Тым жеңіл.

- Сіздікінің «ауырлығы» қай жерінде болып тұр?

- Оны әр көрермен өзі тауып алар. Менің ұстанымым - киномды көріп отырған адамды ойланту, өтіп бара жатқан адамды тоқтату. Тіпті сынға ұшыраса да мейлі. Жалпы, есте қаларлықтай дүние жасау.

- «Бұл фильмнен қазақылық іздеу қажет емес» деушілер көп. Әңгіменің басын ашып алайықшы: «Келіннің» қазаққа қатысы бар ма, жоқ па?

- Қатысы бар. Бірақ тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі әлеміне қатысты. Фильм 14 мемлекетте көрсетілді. Қаншама фестивальдерге қатысты. Жүлделерге ілігіп жатыр. Мәселе онда емес. Менің байқағаным, америкалық көрермен болсын, Канада, Солтүстік Корея болсын, «бұл біздің тарихымыздан алынған сияқты» деп, фильмнен өз тағдырын көруде. Сондықтан «Келін» - тек қазаққа ғана қатысты емес, бүкіл адамзаттық дүниетаным бойынша түсірілген нәрсе. Мұны түсіну қиын емес шығар?

- Елдің бәрі Тұрсынов немесе оқымысты емес қой. Оның үстіне, кез келген туындының айтар ойы, берер тағлымы болуы керек. Ал бұл фильмнің гуманизмі қай жерінде дей аласыз?

- Әйел тек қазақта ғана болмайды, бүкіл халықтың анасы, қызы, келіні бар. Барлық тіршілік әйелге келіп тіреледі. «Келін» деп атаған себебім де осы. Жалпы, фильмде басты кейіпкер - келін емес, ене. Ене де - кезінде осы үйге келін болып түскен адам. Соңында қолындағы аса таяғын келініне ұстатады. Бұл - ененің бойындағы бар қасиетін, аналық міндетін толық атқарып бітіп, келініне осы шаңырақтың тізгінін эстафета ретінде тапсыруы. Бұл - «ұрпақ жалғаса береді», «әйел аман болса, ешқашан өлмейміз» деген сөз. Осыны түсіну үшін де арнайы жоғары білім керек пе? Өкінішке қарай, кино туралы жазатындарда ешқандай терең ой жоқ. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «сөзден жұрдай, үнсіз фильм, қазақылықтан түк те жоқ!» деп шығады.

- Фильмдегі ыңғайсыз көріністер болмағанда, мүмкін...

- (Мырс етті.) Біз осы неге шындықтан қорқамыз? Керек болса, басында титрда «пәлен ғасыр, пәлен жер» деген жазу тұр ғой. Тіпті бұл жағдай екінші ғасырда емес, одан не арыда, не беріде болуы да мүмкін емес пе? Бүгінгі күнге байланысты демеймін, бірақ қазірдің өзінде ауылдық жерлерде жас қыздарды ешкім алып қашпай жүр дейсіз бе? Немене, біздің қыздарымыздың бәрінің өмірі керемет пе? Қаншама әйелдің тағдыры тас-талқан болып жатыр. Фильмдегі оқиға қай ғасырда, қай дәуірде болса да, ең негізгі ой сақталған: ол - әйелдің жасампаздығы. Не істесек те, әйелге ұнау үшін жасайтынымыз рас қой. Содан бері тек өмір сүру салты ғана өзгеріске ұшыраған шығар, қалғанының бәрі сол қалпында.

 

ЖАЛҒАСЫ...

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2016
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2433
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2006
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1585