Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4838 0 пікір 1 Наурыз, 2010 сағат 08:49

ЖАНГЕЛДИННЕН ҰРПАҚ БАР МА?

Әліби Тоғжанұлы Жангелдин! Аты аңызға айналған адам ол. Өйткені, дәл осы қандасымыз секілді өмір тарихы бай жандар ХХ ғасырдағы қазақ тарихында өте аз. Иә, аз. Тағдырдың жазуы ма, жоқ әлде уақыт талабы солай ма, әйтеуір өзінің жер басып жүрген 69 жылдық ғұмырында бұл кісінің сол кездегі өлшеммен алып қарағанда көрмеген жері, бармаған елі жоқ. Сондай-ақ Әлекеңнің өз заманындағы куәгер болған ірі оқиғалар мен ол атқарып, арқалаған тарихи міндеттері де аз емес. Солардың бәріне емес, кейбіреулеріне ғана тоқталсақ, оның алғашқысы ретінде Қайдауылдан шыққан қара баланың Орынбор мен Қазанда білім алғаннан кейін Мәскеу діни академиясының жолдамасымен дүние жүзін жаяу аралап шығуды мақсат еткен сапарын айтуға болады. Осы оймен 1909-1913 жылдар аралығындағы саяхатын Украинаның Полтава өңірінен бастаған ағамыз бұл жорығын Еуропа, Африка, Азия құрлықтарының 18 мемлекетін көктей өтіп, күншығыстағы Жапония арқылы туған жерге аман-есен оралады. Содан кейін Әлекеңнің 1915 жылы Швейцарияда эмиграцияда жүрген В.И.Ленинмен кездесіп, танысуы да кез келген қандасымыздың өмірбаянында кездесе бермейтін сирек оқиға.

Әліби Тоғжанұлы Жангелдин! Аты аңызға айналған адам ол. Өйткені, дәл осы қандасымыз секілді өмір тарихы бай жандар ХХ ғасырдағы қазақ тарихында өте аз. Иә, аз. Тағдырдың жазуы ма, жоқ әлде уақыт талабы солай ма, әйтеуір өзінің жер басып жүрген 69 жылдық ғұмырында бұл кісінің сол кездегі өлшеммен алып қарағанда көрмеген жері, бармаған елі жоқ. Сондай-ақ Әлекеңнің өз заманындағы куәгер болған ірі оқиғалар мен ол атқарып, арқалаған тарихи міндеттері де аз емес. Солардың бәріне емес, кейбіреулеріне ғана тоқталсақ, оның алғашқысы ретінде Қайдауылдан шыққан қара баланың Орынбор мен Қазанда білім алғаннан кейін Мәскеу діни академиясының жолдамасымен дүние жүзін жаяу аралап шығуды мақсат еткен сапарын айтуға болады. Осы оймен 1909-1913 жылдар аралығындағы саяхатын Украинаның Полтава өңірінен бастаған ағамыз бұл жорығын Еуропа, Африка, Азия құрлықтарының 18 мемлекетін көктей өтіп, күншығыстағы Жапония арқылы туған жерге аман-есен оралады. Содан кейін Әлекеңнің 1915 жылы Швейцарияда эмиграцияда жүрген В.И.Ленинмен кездесіп, танысуы да кез келген қандасымыздың өмірбаянында кездесе бермейтін сирек оқиға. Осыдан соң 1918 жылғы азамат соғысында бұл кісінің Мәскеуден Дала өлкесінің Төтенше комиссары мандатын алып, арнайы әскери экспедициямен Каспийдегі Астрахань - Бозашы теңіз жолы арқылы Маңғыстауға келіп түсуі, сөйтіп 500 түйеге тиелген жүкпен Үстіртті басып өтіп, Түркістан майданы үшін Шалқарға қару-жарақ жеткізуі ерекше әрекет. Ал Әлекеңнің Кеңес өкіметі орнаған соң, соның алдындағы қазақ даласындағы ақтар мен қызылдар қырқысуынан әбден қалжыраған халыққа азық-түлік пен дәрігерлік көмек көрсетіп, елді оқу-білімге үндеу бағытында ұйымдастырған "Қызыл керуені" ше?! 1922 жылы көктемде Орынбордан шыққан бұл кешенді мәдени-үгіт экспедициясы Орал, Торғай, Ақмола, Павлодар өңірлері арқылы Семейге дейін 3 мың шақырым жол жүріп өтіп, ол жерлерде мектеп, аурухана ашуға жанды ықпал етті.

Өмірбаян беттеріне зер салып қарасақ, тумысынан пассионарлық қабілетке ие Әліби Тоғжанұлының белсенді өмірлік бағдары оның шау тартқан шағында да бәсеңсіп қалмаған. Оны ағамыздың 1941 жылғы Ұлы Отан соғысы басталғанда жасы 57-ге келсе де өзінің "әскери есепте диви­зиялық деңгейдегі басшы кадрлар құрамында" тұратынын, сондықтан саяси қызмет атқаратын комиссарлар санатында майданға жіберуін сұрап КСРО Қорғаныс Комитетінің Төрағасы И.В.Сталинге хат жазуынан аңғаруға болады.

Міне, осындай аға ұрпақ өкілі туралы қазіргі жастар біле ме? Жалпы жаны жайсаң Әлекең өміріне кімдер қалам тартып, аты аңызға айналған Дала комиссары жөнінде қандай шығармалар жазылған? Ал ол кісінің ұрпақтары ше? Бар ма? Бар болса қайда тұрады және нендей кәсіппен шұғылданып, бүгінгі мына нарық заманында қалай тірлік етіп жатыр? Осы сұ­рақтарды біз еліміздің арғы-бергі тарихындағы көптеген оқиғалардан ха­бары мол қарт қаламгер, қадірменді қария Сапабек Әсіповке қойған едік.

- Сапабек аға! Бүгінгі буын­ның есінде жүру үшін айты­ңы­з­шы, Әліби Жангелдин туралы бізде қандай шығармалар бар. Ол кісі жөнінде кезінде кімдер не жазған?

- Жалпы бізде Әлекеңнің күр­меуі көп күрделі өмір жолы жай­лы жазылған тарихи дү­ние­лер мен деректі, әдеби көркем шығармалар көп. Ел ішінде ауыз­­­­­­дан ауызға тараған әңгіме­лер мен өлең-жырлар да жеткі­лік­ті. Олар­дың арасынан қазақ кеңес әде­бие­тінің классигі Ілияс Жан­сү­гіров пен көрнекті ақын Қали­жан Бекхожиннің поэма­ларын, Тор­ғайдағы 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтерілісінің сар­базы, кейін Қазақ КСР Жо­ғар­ғы Советінің депутат­тығына үш мәрте сайлан­ған халық ақы­ны Омар Шипин­нің даста­нын атап айтуға болады. Бұл тақы­рып­тағы орыс тілінде жа­рия­ланған туын­дылар да өз алдына бір төбе. Солардың ара­сы­нан мәс­кеулік қаламгер Геор­гий Сви­ридовтің "Жанкешті жо­рық", қазақстан­дық жазушы Мо­рис Симашко­ның "Комис­сар Жан­гел­дин" романдары қалың оқыр­ман қауымның жеке кітап­х­а­нала­ры сөресінен лайық­ты орнын алған. Сөз арасында 1965 жылы "Қа­зақ­­фильм" кино­студия­сы тү­сір­ген "Ұшы-қиыр­сыз жол" ки­но­лентасын да айта кетейік. Бұл тақырыпқа мен де өз үлесімді қос­тым деп айта ала­мын. Оған 1990-2007 жылдар аралығындағы әртүрлі баспалар мен басы­лым­дар­да шыққан "Әліби Жан­гел­дин", "Тар кезең­де танылған ұлы тұлға", "Қазақ даласы: та­бы­луы мен танылуы", "Біз біл­мей кел­ген шындық" атты туын­­ды­ларым дәлел болады ғой деп ойлаймын.

- Сөз етіп отырған тақы­рып­­қа баруыңызға не нәрсе себеп болды деп ойлайсыз?

- Қазақы жолмен келгенде мен Әлекеңе жиендік жақы­н­ды­ғым бар. Демек, туыс әрі жер­лес­пін, сондықтан ауыл-аймақ­тағы ол кісіге қатысты үлкенді-кішілі әңгіменің бәрі жас­та­йым­нан маған жақсы таныс деген сөзім ғой бұл. Өмірімнің 40 жыл­ға жуық уақыты кіндік ке­сіп, кір жу­ған туған жерімде өтті. Сол уа­қыттың ішінде аты аңызға ай­налған ағамызды көзі­м­ен көр­ген, елге келгенде жа­ны­на еріп жүріп серіктес, са­пар­­­лас бол­ған талай қариялар­дың есте­ліктерін есті­ге­нім бар. Бұған 70-ші жыл­дар­дың басын­да Алматы­ға көшіп келіп, Қазақ кеңес энци­клопедиясының Бас редак­ция­сын­­да жұмыс істеп жүр­ген кезім­де Әлекеңмен ке­йін­гі кезде отасқан апамыз Со­фия Асфен­дияр­қызымен ара­лас-құ­ра­лас­тығымызды қосы­ңыз. Осының бәрі маған асыл азамат туралы қалам тартқызбай қойған жоқ.

- Дұрыс екен. Дегенмен, аға, Әліби Тоғжанұлы туралы жоға­ры­дағы өзіңіз айтқан туын­ды­лар­да ол кісінің өмірі мен атқарған қызметі және мемлекет алдын­да­ғы сіңірген еңбегі егжей-тегжейлі сөз болғанымен, отба­сы, артында қалған ұрпақтары туралы көп ештеңе айтылмайды.

- Иә, оның рас. Шынымды айтсам, бұл тақырыпты қамтып-қаузауға мүмкіндік бола тұрса да күні бүгінге дейін осы жәйт менің де ойыма келмепті.

- Демек, сіз ол кісінің ұр­пақ­тарын біледі екенсіз ғой.

- Білгенде қандай! Бұл бағыттағы әңгіменің әлқис­са­сын өте ертеректегі оқиғадан бас­­та­йын. Әлекеңнің өрімтал шағы - арман қуып алысқа атта­нар ал­дында өзінің атаме­ке­ні Қай­да­уылда өмірге келген Мерғали де­ген ұлы болды. Өт­кен ғасырдың 60-шы жыл­дарында ол кісі біздің Торғай­дағы үйге жиі келіп, менің қарт әкем Әсіппен әңгіме-дүкен құ­ ру­шы еді. Алматыда тұрып, 1980 жылы қайтыс болды. Сол Мерғалидан Таугелді, Дәукен, Кен­жебай деген үш ұл қалған. Бәрі де жоғары білімді жігіттер-тін. Таугелді құқық қорғау жү­йесінде жұмыс істеп, басшылық қызметке дейін көтерілді. Дәу­кен инженер-электрик маман­ды­ғын алып, бір министрлікте жұмыс жасады. Кенжебай пош­та-теле­граф саласында байла­ныс­шы кәсібімен шұғылданды.

Бұл бір дейік. Екінші, аза­мат соғысы кезінде Қазақ өлке­сі­нің Төтенше комиссары атан­ған Әлі­би Жангелдин 1919 жыл­дың көктемінде Орынбор, ба­тыс Сі­бір, Түркістан, Астрахань гу­бер­­ниялары мен Закавказье әс­кери округіне бөлініп, быты­рап кет­кен қазақ аймақтарын кеңестік негізде біріктіру мақ­сатын көз­деген. Осы оймен Қа­зақ ре­волюциялық ко­­ми­­те­тін құру керек деген ұсыныс ай­тып, Мәс­­­­кеуге барған. Сол кезде Кре­мльдегі артиллерия бас­қар­ма­сын­да хатшылық жұмыс істеп жүр­ген бұрынғы патша армиясы пол­ков­нигінің 18 жасар қызы Елена Афанасьевна Дро­вяз­гинамен танысады. Қайтарда оны өзімен бірге ала кеткен аға­мыз бұл кісіні әуелі Орынборға, кейін Қызыл­ор­да­ға әкеліп, от­басын құрайды. Әле­кең осы Еле­надан екі ұл сүй­ген. Үлкені Темір­лан 1923 жылы ту­ған. Әскери ұшқыш маман­дығын алған. Ұлы Отан соғысының ал­ғаш­қы жыл­да­рындағы жау тылына жасаған жорықтарының бірінде ол басқар­ған әуе кемесі не­міс зенит­ка­сының оғы­нан орманға құлап, со­дан мерт бол­ған. Ал одан кейін, яғни 1925 жылы өмірге келген Тәңірберген майданға кіші лей­тенант погоны­мен аттанып, елге капи­тан шені­мен оралды. Зей­нет­кер­лікке шық­қанға дейін аудан­дық, облыстық әскери комис­сариат­тарда жұмыс істеді. 1992 жылы дү­ние салды. Оның ұлы Юрий Тәңір­бергенұлы қазір Мәс­кеуде тұрады.

Осы жерде ескертіп айта кете­тін бір жәйт, жоғарыдағы екі ер баладан басқа ағамыздың 1921 жылы  туған Раухат деген ұлы бол­ған. Оны Әлекең мен Елена қол­дары­на алып тәр­биелеген. Универ­­ситеттегі әде­биет факультетінің соң­ғы курсында оқып жүрген ке­зін­де әскери комис­са­риат оны жүре­гіңде кінәрат бар деп комис­сиядан өткізбей қойған. Бірақ Раухат бұл шешімге бой бер­мей жүріп еріктілер қатарына кірген де майданға аттанған. Үш айдан соң Ленинград түбіндегі шайқаста қаза тап­қан. Сөйтіп, Әлекеңнің үш ұлы Ұлы Отан соғысына қатынасқан да, екеуі ел үшін құрбан болып, біреуі Алматыға аман оралған.

Баба қазақ кейінгілерге: "Ата­дан ұл туса игі, ата жолын қуса игі", - деген ғой. Мұны мен Әле­кең­нің жо­ға­рыдағы аты аталған ұлдарынан ке­йінгі кенжесі Шың­ғыс­қа қаратып айтқалы отырмын. 1931 жылы аға­мыз зайыбы Елена Афана­сьевнадан ажырасады да 1939 жылы София Асфендиярқызы Кен­жинаға үй­ленеді. Шыңғыс 1940 жы­лы, міне, осы апамыздан туған ұл.

- София Асфендиярқызы Кен­жи­на... Бұл кісі атақты Алаш қай­рат­кері, кейін большевиктер өкіметі та­рапынан кешірім жасалған аз ар­ыс­­­тарымыздың бірі ретінде ке­ңес­тік Қазақстанның Халық ағарту ко­миссары болып қызмет атқарған Ас­­фендияр Кенжиннің қызы емес пе?

- Иә. Дәл солай. Осы апа­мыз­дың айы мен күні болған Шыңғыс КазГУ-дің биология факультетіне оқуға түсіп, оны 1965 жылы өте жақсы деген бағаға бітірген. Содан оны осы жоғары оқу орнындағы микробиология кафедра­сының мең­­­геру­шісі Давид Лазаревич Ша­мис шақырмай ма. Бұл кісі оған өзін қаламгер Морис Симашконың әкесі екендігін айтады. Сөйтеді де жа­зу­шы ұлының Әліби Жангелдин ту­ралы роман жазуға материал жи­нап жүргенін, Шың­ғыстың атақ­ты рево­лю­ционердің перзенті екенін сол қаламгер баласынан естігенін сөз етеді де өзінің қарауына келіп жұмыс істеп аспирантураға түсуге кеңес береді. Бірақ ол бұл ұсыныс­қа рах­мет айтып, алыс ел, бейта­ныс жерді көргісі келеді де Қиыр Шы­ғысқа, он­дағы Камчаткадағы Петро­­пав­ловск қаласында орна­лас­қан Бү­кіл­одақтық Мұхиттану ғылыми-зерттеу инсти­тутына тар­тып кетеді. Сонда алты жыл табан аудармай жұмыс істейді. Теңіз әлемінің тылсым тұң­ғиығын оймен де, іспен де бар­лап көреді. Ақыры Алматыдағы ана­сы қартая бастаға­нын айтып хат жаза берген соң әйе­лі Клара екеуі кіш­кентай сәби­лері­мен Алатау бөктерін­дегі ар­ман­дай асыл қалаға қай­тып оралады.

Жалпы, ел аузындағы әңгіме­лер мен көзкөргендердің сөзіне қара­­ған­да, Әліби Тоғжанұлы "мен" деп көкірек кермейтін, әр­түрлі өті­ніш­пен келген адамдарды кідірт­пей қабылдап, өте жылы сөй­ле­сетін кең мінезді, сыпайы кісі бол­ған екен. Ағамыздың сол қасиеті ұрпақ­тары­на да дарыған. Шыңғыс та солай. Ол Қазақ елі та­рихында ерекше орны бар атақ­ты адам - Әліби Жан­гел­дин­нің ұлы екенін айта бер­меуге тыры­сып, әдептен аспай өмір сүре біл­ген азамат. Со­ған қа­ра­мастан, бір­де маған әке есі­мінің өзі­не мүл­де күтпеген жер­ден екі рет пай­дасы тигенін толқи тұрып айт­қаны бар. Оқиға былай болған.

Анасының өтінішімен елге келу үшін Камчаткадағы Петропавловск қаласындағы Мұхиттану ғылыми-зерттеу институтында істеп жүрген қыз­метінен өз еркімен босап Ал­ма­ты­ға жеткеннен кейін Шыңғыс­қа мұнда қолайлы жұмыс табыла қой­маған. Еңбек өтілі үзілмеу үшін 30 күн ішінде қайткенде де бір жерге орналасып, қызмет істеуі керек. Олай болмаған жағдайда кейін зей­нетке шығарда қырсығы тимек. Осы­ны ойлап қатты қысыл­ған Шың­ғыс бос жүргеніне бір ай то­лу­ға екі күн қалғанда төл маман­ды­ғына сәйкес келетін жұмыс бар ме­кеме бастығына кіріп, онда өзін: "Мен Қазақ елі ұлы тұлғаларының бірі Әліби Жангел­дин­нің кенже ба­ла­сы едім", - деп таныстыруға мәж­­бүр болған. Мұны естіген бас­тық: "Әлекеңнің баласы­мен бірге жұ­мыс істеу бізге де мақ­та­ныш", - деп  оны ризашы­лық­пен қызметке қабылдаған.

1975 жылы Алматыда Әліби Тоғ­жан­ұлы Жангелдинге арналып үлкен ескерткіш ашылды. Сондағы сал­танат­ты жиыннан кейін Әле­кең­нің ұрпақтары мен жақын туыс­тарын Қазақстан Компар­тия­сы Орталық Комитетінің бірінші хат­шысы Дін­мұхамед Ахметұлы Қонаев қа­был­даған. Сол жүздесуде Диме­кең аға­мыздың кенже ұлы Шың­ғыс­тың КазГУ-ді бітіргеннен кейін Қиыр Шығысқа барып, алты жыл бойы сондағы Мұхиттану ғылыми-зерт­теу институтында жұ­мыс істе­генін білген соң енді қазір қайда, қандай қыз­мет атқарып жүр­­генін сұраған. Сөй­ткен де үл­кен кісі ара-тұра қо­лына қала­мын алып, алдындағы қа­ғаз­ға бір нәр­се­лерді түртіп қо­йып отыр­ған. Қош­тасар­да: "Өмір жо­лыңды жақ­сы бастап­сың. Жұ­мы­сың­ның әрқа­шан­да жемісті бо­луына тілектес­пін", - деген.

Осыдан кейін Шыңғыстың өмі­­рін­де қолайлы өзгерістер бас­тал­ған. Қа­зақ КСР Кәсіпшілер одағы аппа­ратындағы жақсы жұмысқа жоға­ры­латылып, Мәс­кеу­дегі Қоғам­дық ғы­лым­дар ака­демия­сына оқуға жі­бе­ріл­ген. Одан қай­тып келгеннен кейін республи­кадағы салалық кәсіпшілер одақ­тарының біріне төрағалыққа сай­ланған. Шыңғыс пен Клара келін­нің қазір Әліби, Әсет деген екі ұлы және Алтынай атты қызы бар. Олардан үш немере сүйіп отыр. Бұлардың бәрі де ата-аналарының қасында Алматыда тұрады.

- Енді ойымызды жинақтап, сөз еткен тақырыбымызды тұжы­рым­дау­ға тырысайық. Сонымен, Са­пеке, сіз өзіңіз айтып өткендей, Әлі­би Тоғ­жанұлының бар балалары жо­ғары­да аттары аталған осы азамат­тар ғой.

- Жоқ. Олай дейтінім, енді мы­на­дай бір қызық бар, қарағым. Мұны осы әңгіменің аяғына дейін әдейі айтпай сақтап келіп, енді хабардар етуді жөн көріп отыр­мын. Өзіңнен: "Жангелдин­нен ұр­пақ бар ма? Осы тақырып төңі­ре­гінде сұхбаттассақ", - деген өті­ніш­ті ес­ті­ген соң қо­сымша де­ректер жи­нау үшін Ұлттық кітап­ха­наға бармай­мын ба. Міне, сонда он­дағы Әле­кеңе қатысты би­блио­гра­фиялық көрсеткіштерді ком­пью­терге түсір­тіп алып жатқаным­да: "Г.Жан­гел­дин: "Нет, мы не пыль на ко­мис­­сарских шлемах". Бесе­­до­вал Ю.Ки­ри­ни­циянов. "Ар­гу­­менты и факты Ка­зах­стан". Приложение. 2009, февраль, (№6); "Г.Жангел­дин: "Мой отец - ко­миссар Жан­гелдин". Беседовал Ю.Ки­риниция­нов. Жур­нал "Мы­сль". 2009, №4, стр. 32-36" деген екі мақаланы көріп таң­ғал­дым. Дереу Шыңғыс пен Тау­­гелдіге теле­фон шалып: "Бұл қайдан шыққан Г.Жангел­дин?" - деймін ғой. Олар мүдір­ген жоқ. Геннадий Жангел­дин­нің де Әле­кең­нің өз ұлы екенін ай­тып берді. Аға­мыз бір кездері өзі Мәс­­кеуден ертіп алып келген ал­ғаш­қы әйелі Елена Афа­насьевнадан ажы­ра­сып, ол апамыз 1931 жылы Ресей­ге көшіп кет­кеннен кейін біраз уақыт салт басты, сабау қам­шылы болып жүр­мей ме. Мі­не, сол кезде қалалық ем­ханада жұ­мыс іс­тейтін дәрігер әйел­­­ге көңілі кеткен де одан жоғарыдағы Геннадий өмірге кел­ген. Бұл аза­ма­т­­тың ал­ғашқы фами­лиясы Петров екен. Кейін жасы ұлғайған кезде өз әке­сінің тегін тауып, сол кісі­ден ту­ған­­ды­ғын қа­жетті құжат­тармен дәлелдеп "Ген­на­дий Али­­биевич Жан­гелдин" болған. Ол тұ­тыну­шы­лар құқығын қорғау одағы жүйе­сінде жұ­мыс істеп ке­ліпті. Қазір зей­нет­кер. Ген­на­дий­дің төл­құжатын заң­дас­тырып, Әліби Жан­­гелдиннің фа­милиясын алуы­на ағамыздың кенже ұлы Шың­ғыс пен немересі Таугелді кө­мек­тес­кен. Сөй­­тіп, көп жыл­дар­дан кейін қай­та қа­уыш­қан туыстар қазір кә­дімгі ба­уыр­ларша арала­сып-құра­ласып тұрады.

- Бәрекелді!

Сапекең, Сапабек ақсақал, мі­не, осылай дейді. Ол кісінің жо­ғарыдағы әңгімелерінен бізге бұ­рын мәлім емес тың деректер бел­гілі болып отыр. Сондай-ақ қалам­гер ағаның осы сұхбатта айтқан Әліби Тоғ­жанұлы туралы: "Көз­көр­гендердің сөзіне қарағанда ол кісі ел есінде көкірек кермей­тін, кең мінезді, сыпайы әрі өмірлік тәжірибесі өте мол адам ретінде қалған", - деген пікірінде де көп мән жатыр. Олай дейтіні­міз, бұл сөздерге деген нақты мысал­дарды әр жылдары газет тапсырмасымен жүріп түрлі адам­дар­мен кездес­кен­де, сол кісілердің жан толқы­тар­лық естеліктері арқылы біздің де екі-үш мәрте естігеніміз бар. Жалпы, Әле­кең туралы дейміз де... Күнде қалам тартып, әңгіме қоз­ғап жат­қан жоқпыз ғой. Сон­дық­тан сол лебіз, пікірлерді осы мақа­ла­ға кір­гізіп, шағын штрих, деталь ретінде айта кетсек, оның еш артық­тығы жоқ сияқты. Ендеше...

1980 жылы Қазақ КСР-інің 60 жылдығы қарсаңында "Лениншіл жас" газетінде жұмыс істеп жүріп редакция тапсырмасымен Ұлы Отан соғысы кезінде Үкімет мүше­лерінің бірі болған, кейін респуб­лика Жо­ғар­ғы Советінің предсе­дателі дәре­же­сіне дейін көтерілген Даниял Ке­рім­баев ақсақалмен кез­десіп, сұхбат алғаным бар. Әңгі­ме ба­ры­сында ол кісі еліміз Халық Ко­мис­сарлары Советінің 1944 жылғы бір жина­лы­сын­да соның алдындағы жау окку­па­ция­сынан кейін тігерге тұяғы қалмаған Ук­раина мен Бело­рус­сияға Қазақ­станның мал апару жұмысын ұйымдастыру мәсе­лесі қаралғанын есіне алып, сол отырыста сөйлеген Жоғарғы Совет өкілі Әліби Тоғ­жан­ұлы Жан­гел­диннің сөзін бы­лай деп баяндаған еді: "Жиналған малды Ба­тысқа по­йыз­ға тиеп апару бұл бол­майтын іс. Олай дей­тінім, ірі қараны эшелонға кіргіз­ген­де бұлардың бас асауы ба­сыл­­маған кейбіреуінің аяғы сынып, қабыр­ғасы қирап дегендей өлім-жітімге ұшырауы мүмкін. Ал бұл соғыс жағдайында кешіріл­мей­тін, соның салдарынан оған жа­уап­ты адам­дар­ды жазықсыз жазалауға ұшы­­рата­тын нәрсе. Содан соң по­йызға тиел­ген малдар ұзақ жол үс­тінде шөп жемей, су ішпей тұра ал­май­ды ғой. Жүздеген емес, мың­да­ған ірі қараға стансалар мен ра­зъез­дерде оларды қалай тауып берер­сің. Сондықтан Украина мен Белорус­сия­ға жібері­летін малдың барлығын республи­камыздың Гурьев, Орал өңірлеріне топтас­тырып жинау керек те оларды міне, сол жер­лерден Ба­тыс­қа өз ая­ғы­мен жайып отырып жет­кізу қажет. Сонда олар қоңын да жо­ғалтпайды, өлім-жітім­ге де ұшыра­майды".

Қандай жақсы ой. Бұдан біз қолға алатын үлкенді-кішілі істің бәрін өмірлік тәжірибеге сүйене отырып шешетін, нендей мәселе бол­са да оны тар ауқымда емес, кең тұрғыда пайымдап, дұрыс ше­шім қабылдай білетін байыпты да байсалды ел ағасының бейнесін көргендей боламыз.

Әлекең туралы Даниял Керім­баев ақсақал осындай ойлы әңгіме айтса, аты аңызға айналған пар­тизан Қасым Қайсенов ағамыз­дың естелігі тіпті керемет. Мұны ол кісі бізге 1995 жылдың басында, сол кездегі бар­лық қазақ баспасөзінде бел алған: "Жеңістің 50 жылдығы қар­саңында Қасекеңе Халық Қаһар­­маны ата­ғын беру керек", - деген ортақ бас­та­маға үн қосу үшін "Халық кеңесі" газеті атынан бар­ға­нымызда былай деп айтқан еді.

- 1944 жылдың соңында Ук­раи­­на фашистерден толық азат еті­ліп болды да партизан отряд­тары­ның бәрі таратылып, мен Киевтегі А.С.Ковпак басқаратын Орталық үйлестіру штабында қызмет істеп жүрдім. Бір күні осы жерге пар­тизан ақын Жұма­ғали Саин келіп: "Енді сенің мұнда ешкімге керегің жоқ. Сондықтан елге қайтуға жинал, қарағым. А.С.Ковпак өзіңе өте жақ­сы мінездеме жазып берді. Сол хат­ты Қазақстан Компар­тия­сы Ор­талық Комитетінің екінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке тапсырамыз. Ол кісі сені жұмысқа орнала­стыра­ды", - деді.

Содан не керек, 1945 жылдың ба­сында Алматыға келдік қой. Киев­тен әкелген құжаттың құді­рет­­ті­лігі сондай, кеңсе қызметінен мүл­дем хабары жоқ мына ағаң рес­пуб­лика Жоғарғы Советі Пре­зи­ду­мы­ның аппаратынан бір-ақ шықпасы бар ма?! Қызметімнің аты - ин­фор­мация-статистика бөлімінің рефе­ренті. Бастығым құшақ-құшақ пап­каны алдыма әкеліп қойып, жұмыс тәртібін тәптіштеп-ақ түсіндіріп жатыр. Бірақ олардың біреуі де миыма кірер емес. "Тозақ тірлік қой", - деймін іштей. Ойым Ба­тыс­тағы майданда. Есіл-дертім қайтадан сол жаққа кету.

Бөлім меңгерушісі бөлмемнен шығып кеткен соң будыраған қа­ғаз­дарды былай ысырып тастап бе­дірейіп отырдым да қойдым. Содан бір уақытта жаңа қызметкер - мені көргісі келген кеңсе адам­дары қыл­тыңдап бой көрсете бас­та­ды. Олар­ды үстімдегі партизан­дық киім­дер: басымдығы жалпақ қызыл лентасы бар папах пен кеудемдегі дүрбі, портупейлі белді­гімдегі "ТТ" писто­леті мен Бельгия браунингі, бү­йірімдегі теңіз офицерінің қан­жары қосақталған планшет пен аяғымдағы неміс гене­ра­лынан тар­тып алған хром етік қатты таң­ғал­дыратын сияқты. Мен оларға назар аудара қойған жоқпын. "Өз жұмы­сым өзімде", - дегендей кобурадан "ТТ" пис­­толетімді шы­ға­рып алдым да оны бөлшектеп, тазалауға кірістім.

Өстіп отырғанымда бөлмеме жанына екі-үш адам ерткен ті­кі­рейген қысқа бурыл шашты, мұр­тын өте ұқыпты етіп басқан, аяғында қызыл былғары етігі бар сұр кительді қарт кісі келіп кірді. Ша­шып тастаған "заттарымды" суыр­ма­ға апыл-ғұпыл салып, орнымнан атып тұрдым.

- Иә, шырағым, халің қалай? Не істеп отырсың? - деді әлгі қария маған жұмсақ үнмен. Сөйтті де үстел шетіндегі әлі беті ашылмаған папка толы қағазға қарап тұрып: "Ана орталық тартпаңды ашшы", - деді. Амал жоқ, ақсақалдың айт­қанын орындадым. Ол кісі суыр­ма­дағы пис­толет бөлшектерін бір-бірлеп алып, үстел үстіне қо­йып жатыр, қойып жатыр. Тіпті тарт­паның түп жағында жатқан басқа бір тапан­шамд­ы да сопаң еткізіп суырып алды.

- Ал, енді отыр, жолдас пар­тизан, - деді бейтаныс қарт. Сөйт­­ті де: - Қасым қарағым, бұл жер үлкен билік мекемесі. Ең жо­ға­рғы өкімет орны. Мұндағы қызметкер­лер оны жақсы біледі. Сондықтан да тәртіп сақтап, орын-орындарында тап­жыл­май жұмыс істеп жатыр. Соғыс әлі біткен жоқ. Азаматтар майданда қан төгіп жатқанда, біз де мұнда бар қабілет-қарымымызбен еңбек етуі­міз керек. Сөйтіп, соғы­сып жүрген­дерге көмектесуіміз қа­жет. Сен жау ты­лын­да болып келдің, оқ пен оттан аман оралдың. Ол жақсы. Енді соғысқа бармайсың. Жан аямай төрт жыл шайқастың. Сол жетеді. Сондықтан мына қаптаған қарудың енді саған керегі жоқ. Мұның біреуін, мысалы аты-жөнің жазылған әне бір кішкене тапан­шаңды қал­ды­рып, басқасын осын­дағы "Ерекше бөлімге" тап­сырсаң да болады. Ал мына үсті-бас­ың­дағы асай-мүсей­леріңді үйіңде төсегің бар ғой, соның тұсына іліп қой. Мұн­дағы жұ­мыс орныңда бұлардың керегі жоқ, қарағым. Қыз­мет істеу керек. Қыз­мет тәртібіне үйрене білу қажет, - деп қолын иығыма салып тұрды да жылы жүзбен қоштасып шығып кетті.

Мына сөзді естігенде қатты ың­ғайсыздандым. Бетімнен отым шы­ғып тұрып: "Бұл кісі кім?" - деп сұрадым бастығымнан. "1918 жы­лы В.И.Лениннің қолынан ман­дат алған қарт большевик Әлі­би Тоғ­жан­ұлы Жангелдин. Осы Жоғарғы Совет Президиумы ап­па­ратында бас­шы қызметте істейді", - деді ол кісі. Сонымен әңгімені көп созып қайтейін, ақсақалмен арадағы сол жүздесуден соң жалы­ма қол тигіз­бейтін жабайы пар­тизан менің асау өмірімде байып­тылық пен байсал­дылыққа бағыт алған өзгеру кезеңі басталды. Оған себеп болған атақты Әлекеңнің, дана қарт Әліби Тоғ­жан­ұлының жетесі бар жанға жекір­­мей-ақ жанашырлықпен айт­қан жоғары­дағы жылы сөзі еді".

Қасекеңнің бұл сөзінен біз өзі­міз әңгіме етіп отырған ұлы тұл­ға­­ның халықтық тәлім-тәрбиені бойы­на терең сіңірген ұлттық не­гіз­­дегі педа­гог, жаратылысынан ұс­таз­дық қа­сиетке ие ел ағасы екенін аңғарамыз.

Мақаламыздың соңында кейіп­ке­ріміз жөнінде қазақ қыздары ара­сынан шыққан тұңғыш стено­гра­фистка, кейін осы маман­дық­тың қыр-сыры туралы арнайы оқулық жазған Данабике Бай­қа­дамовамен жүздесудегі ол кісі айт­қан бір сөз де ойға оралмай қой­май­ды. Атақты композитор Бақыт­жан Байқадамо­втың әпкесі бұл апамыз ХХ ға­сырдың басындағы көрнекті қазақ зия­лысы, сталиндік репрессияның құрбаны болған әкесі Байқадам Қаралдин туралы осы жолдар авто­ры­ның 1991 жылы "Замана тра­ге­диясы" атты мақала жазғанына рах­мет айтуға "Қазақ­стан ком­мунисі" журналына кел­ген­де: "1953 жылы Әліби ағаның сырқаты қатты мең­деп, дәрігерлер оны аурухана­дан шығарды да енді тек үйден қарап тұруға ұйғарым жасады", - деп шағын естелік айт­­қаны бар. - Қарт кісіні тап­жыл­май күту жең­гей­ге ауыр тиді. Сондықтан ол кісі­ні аз да болса алмастыруға әр жексенбі сайын мен барып жүр­дім. Сондай күндердің бірінде беті ары қарай бастағанын анық сезген Әліби аға: "Ойпырмай, Данаш-ай!.. - деді күн шуағы молынан түсіп тұрған жап-жарық бөлмеге қимас сезіммен қа­рап. - Адам ғұмыры қандай қысқа, ә... Өмір атты кең әлемге күні кеше ғана ана есіктен келіп кірген сияқты едім... Енді қас-қағым сәт болмай жатып мына есіктен келіп шығып барамын. Өкінішті... Тым өкі­ніш­ті..." деп терең күрсінгені күні бүгінге дейін көз алдымда. Сол кезде ағамыз­дың жасы 69-да еді."

Данабике апайдың бұл естелігі Әліби Тоғжанұлының тіршілікке өте құштар, өмірді қадірлеп, оны шексіз сүйетін үлкен жүрек иесі екенін білдіреді.

Алматы.

Суретте: Әліби мен Софья

«Егемен Өазақстан». 2009-11-25

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1427
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1268
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1029
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1081