Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3211 0 пікір 8 Ақпан, 2010 сағат 05:04

Азамат ЕСБЕРГЕН. Телевизиядағы тоқырау туралы

Қазақ телевизиясы дегенде, көпшіліктің көз алдына кешегі телевизияның «алтын ғасырына» баланған кезең елестейді. Себебі ол кезеңде теледидар елдің ақылшысына, батагөй абызына, тынысы мен қамқоршысына айналған еді.

Мұндай дәрежеге Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев сынды білікті мамандар қатысуымен дайындалған телеөнімдердің арқасында жеткен болатын. Ал бүгінгі қазақ теледидары халық жүрегін жауламақ  түгіл, көрерменді отандық бағдарла­маларға зар қылып қойды. Телеарна­ларымыздың акция пакеттері сыртқа сатылып, экранымызды менталитеті мен мәдениеті, тілі мен ділі, өзегі мен өңі басқа дүниелер  жаулап алды.

Қазақ телевизиясы дегенде, көпшіліктің көз алдына кешегі телевизияның «алтын ғасырына» баланған кезең елестейді. Себебі ол кезеңде теледидар елдің ақылшысына, батагөй абызына, тынысы мен қамқоршысына айналған еді.

Мұндай дәрежеге Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев сынды білікті мамандар қатысуымен дайындалған телеөнімдердің арқасында жеткен болатын. Ал бүгінгі қазақ теледидары халық жүрегін жауламақ  түгіл, көрерменді отандық бағдарла­маларға зар қылып қойды. Телеарна­ларымыздың акция пакеттері сыртқа сатылып, экранымызды менталитеті мен мәдениеті, тілі мен ділі, өзегі мен өңі басқа дүниелер  жаулап алды.

Расында да, көгілдір экраннан қазір не көріп жүрсіз? Телеарналардың тетігін басып қалсаңыз, Ресей, Америка мен Англия, Франция, Жапония мен Түркия, қала берді, Латын Америка елдерінің телесериалдары мен бағдарламаларынан көз сүрінеді. Осы елдердің салт-дәстүрі бір-біріне мүлдем ұқсамайтыны бесенеден белгілі жайт. Яғни телеарналардағы нағыз прайм-тайм уақытта жаңағы бөтен елдің телеөнімдері біздің жас ұрпақтың санасын жаулау үшін жанталасып жатыр деген сөз. Телеарналар біздің ұрпаққа таңнан кешке дейін өзге елдің салтын, өмір сүру дәстүрін өз ана тілінде (қазақша аудармамен) санасына сіңіріп жатыр. Бұдан кейін Астана мен Алматыдағы биік мінберлерден жастарға қаратып отансүйгіштік қасиет туралы ресми айтылған сөз «құлақтан кіріп бойды алады» дегенге сенесіз бе?  Өзге салт-сананы өзімдікі екен деп өзегіне құйған жеткіншектердің ертеңгі күні «қағынан жеріген құланға» айналмасына кім кепіл?
Сөз етіп отырғанымыздай, шетелдік бағдарлама мен сериалдарды қазақ тіліне аударып та, аудармай да халыққа ұсынатын телеарналардың қатары күннен-күнге көбейіп барады. Бұл қатарға «НТК», «СТВ», «ТАҢ», «31-телеарна», «Қазақстан», «Ел арна», «КТК», «Астана», «Жетінші арна», секілді телеарналар кіреді. Мысалы, «НТК» телеарнасында отандық өнім жоқтың қасы. Ресейлік нұсқадан көшірілген «Такси» мен «Ревю», «Juke box» сынды берері аз бағдарламалардан өзге көз сүрініп, көңіл тоқтатар ештеңе байқамайсыз. Олардың да басым бөлігі орыс тілінде екендігін ескерсек, телеарнаның тіл саясатын аударма арқылы ғана орындап отырғанын аңғарамыз. Аударма дегеннен шығады. Қазір қай арнаны ашып қалсаңыз да, аударманың «тамаша» тәсілін тауып алған. Өзі орысша сөйлеп тұрғанымен, жүгіртпе жолда қазақша кетіп жатады. Осы уақытқа дейінгі телеэкрандағы өнім 50 де 50 болуы тиіс деген заңды орындаған түрлері осы. Ақыры жүгіртпе жолға кеп қалдық қой. Айта кетейін. Жуырда телеарналардың тетігін басып отырып, белгілі республикалық арналардың бірінде өтіп жатқан ресейлік фильмге көзім түсті. Жігіттің мойнына асылып алған қыз «Я хочу тебя» дейді. Экранның астындағы жүгіртпе жолда қазақша былайша аударыпты: «Мен сенімен жыныстық қатынасқа түскім келеді». Міне, масқараның көкесі. Бұл бір ғана мысал. Егер барлық арналардағы жүгіртпе жолдарға көңіл тоқтатсаңыз, түңіліп кетесіз. Енді әлгі «НТК» арнасындағы  телеөнімдерге қайтып оралайық. Осы арнаны айналамда кісі отырғанда немесе бала-шағамен отырғанда абайсызда қосып қалам ба деп қатты қорқам. «Дом - 2» секілді жас ұрпаққа ұсынуға болмайтын, әдепсіз қылықтар мен арзан күлкіге құрылған бағдарлама. Ал «СТВ» мен «Таң» теларналары ақша табудың соңына түсіп кеткендей. Күні бойы «ТВ-дүкен Қазақстан» арқылы ыдыс-аяқ пен темір-терсек жарнамалайды да жатады. Және бұларды күніне екі-үш мәрте қайталайтынын қайтерсіз? Әділдігіне күмән тудыратын,   интерактивті шоулар тағы бар. Әлем-жәлем киінген қыздары эфирге шығып алып, кеңірдектерін жыртады да жатады. «СТВ» арнасының абыройын жауып отырған Ресейдің «НТВ-сы» екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар. Тіпті осы арнадан мейлі шетелдік болса да, дені дұрыс фильм де көрсетілмейді.  «Қазақстан» ұлттық арнасының өнімдері бар. Әйгерім деген қыз жүргізетін «Меншікті мекен» хабарының көрермені көп екеніне күмәнім жоқ. Серік Жанболаттың пікірталас  «Көкпары» мен Мұрат Қыдырбаевтың шын «Көкпары» да біздің өнім деуге тұрады. «Сен сұлу» да көпшіліктің көзайымына айналды. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық арна өз өнімі жағынан өзгелерден оқ бойы озық деуге болады. Әрине, өз өнімдерінің арасында сапасы сын көтермейтін хабарлары да аз емес. Сапа жайлы бөлек әңгіме. Таралым ауқымы жағынан таршылық көрмейтін «Хабар» арнасының эфирінде түгелге жуық отандық өнім дегеніңізбен дені үкіметшіл, билікшіл. Сын жоқ. Арнаны ауыстырмай екі күн көрсең, жұмақта тұрып жатқандай күй кешесің. «Таразыдағы» қыз-жігіттердің өзге ойлылығы қуантса, «Біз айтсақтың» да айтары мол көрінді. Ал «31-телеарнаның» жаңалықтар қызметін қоса алғанда «төл» бағдарламалары бесеу-ақ. Атап айтар болсақ, «Информбюро», «Әзіл студио», «Сырласайық», «Жұлдызбен жүздесу» және де қазақша бес бағдарлама жабылғаннан кейін пайда болған «Үлкен олжа» интерактивтік шоуы. Біздің  Заңымыз бойынша шетелдік акционерлер қандай да бір арнаның жиырма пайызын ғана иемденуге құқылы. Ал эфирдегі дүниелеріне келгенде басым түсіп жатады. Еліміздің телеарналарында отандық бағдарламалар неге аз? Бағдарлама жасауға қаржы жоқ па, әлде телеарналар идея тоқырауына ұшырады ма? Не болмаса көрермен көзайымына айналудан гөрі, қаржылық құрылымы мықты, бірақ дүниелері тартымсыз телеарна болғанды қалайды ма? Түсініксіз. Бір анығы - қазақша бағдарламалар жабылып, басқа елдердің тележобалары бұрынғыдан бетер қаптай түскендігі. Сонымен қатар мемлекеттік тілде 50 пайыз хабар тарату  межесін аударма арқылы орындап отырғаны. Бұл сөзіміздің мысалы ретінде жаңа жыл ене салысымен «31-телеарнада» қазақша бағдарламалардың басым бөлігі жабылып, қазақтілді журналистердің кейбірі уақытша, енді біреулері түбегейлі жұмыстан босатылғанын айтуға болады. Онсыз да орыстанып, көпшіліктің көңілін көншітпей жүрген телеарнаның қазақша бағдарламаларды жабуы көрермендердің наразылығын тудырды. «Пікір алаңы», «Биік мақсат», «Замандастар», «Кәсіпкер», «Білгірлер бәйгесі» сынды қазақша бағдарламалар жақсылы-жаманды болса да телеарнаның қазақтілді көрермендерінің сұранысын қанағаттандыратын. Мәнсіз, мағынасыз, арзан әзілмен көрермен көңілін аулайтын «СТС» дүниелерінің арасында көрініп қалатын бағдарламалардың жабылу себебін «31-телеарнаның» бас директоры Нұржан Жалауқызы былайша түсіндірді:
- Біз бағдарламаларды жоспарлаған кезде қай бағдарламаның телекөрсетілім үлесі жоғары болады, сол бағдарламаларды ғана әрі қарай жалғастырамыз. Мен, мысалы, біздің телеарнадағы шығарылған бағдарламаларды сапа жағынан нашар деп айта алмаймын. Бірақ олар біз күткендей керемет телекөрсетілімдік үлес салмағына ие бола алған жоқ. Осы себептен біз бұл бағдарламаларды тоқтатуға шешім қабылдадық». Бұдан аңғарғанымыз, алдағы уақытта телеарна тек аталмыш екі өлшемге жұмыс істейді деген сөз. Яғни жаңадан бағдарлама ашылады. Деңгейі төмен болса, ол да жабылады. Ал осы талапқа сай болу үшін бағдарлама прайм-таймға қойылуы керек. Яғни  ел-жұрт орынға отырған кешкі уақыттарда көрсетілгені ләзім. Осы тұрғыдан қарағанда, тек «31-арна» ғана емес,   еліміздегі кез   келген коммерциялық арналардағы қазақтілді бағдарламалар өз өнімі болса да, өгейдің күйін кешіп отырғаны жасырын емес. Ондай «алтын уақытта» «Әкесінің қыздары» («Папины дочки»), «Менiң мейірімді күтушім» («Моя прекрасная няня»),  «6 кадр» («6 кадров») секілді бөтен жобалар ұсынылады. Осы прайм-тайм мәселесіне қатысты бас директор «телеарна үшін кез келген уақыт прайм-тайм болуы керек» дейді. Алайда телеөнім он жерден қызық болса да, ешкім де тіршілігін тастап, ол бағдарламаны көрмесі анық. Оның үстіне, азғана уақытта ашылған бағдарламаның деңгейін анықтау қиын. Бала құрсақта тоғыз ай, он күн дегенде жетіліп, ондаған жылдардан кейін ер-азамат болып, ата-анасын асырайды. Сол секілді бағдарлама да - телеарнаның «бел баласы». Оның жақсы нәтиже көрсетіп, телеарнаның жұмсаған қаржысын қайтаруына да жылға жуық уақыт керек. Сол кезде «деңгейі мен телекөрсетілім үлесі төмен болса, есікті қағып тұрған қаржы басқа телеарнаға кетіп қалады» деген пікірдегі коммерциялық телеарналардың басшылығы діттеген мақсатына жетер ме еді? «31-телеарна» басшылығының бағдарламаға жұмсалған қаржы қайтуы керек деп шыр-пыр болатын жөні бар. Себебі аталмыш телеарна - жекенің меншігі. Сондықтан мемлекет емес, өзін-өзі қаржыландырады. Жарнамадан қаржы табу мақсатында телеарна деңгейі мен телекөрсетілім үлесін көтеруге, ал оны көтеру үшін ат төбеліндей респанденттер көңілінен шығуға тырысады. Бірақ деңгейі төмен болуы себепті жұмсалған қаржыны қайтармады екен деп, көрерменді көз қызығынан айыруға бола ма? Көрермен демекші, жабылған бағдарламалардың  көптеген қарармандары болғанын Нұржан Мұхамеджанова да мойындайды:
- «Замандастардың» көрермендері керемет көп еді, «Кәсіпкердің» көрермендері өте көп. «Биік мақсат» өте жақсы, керемет бағдарлама болды. Бірақ оның көрермендері көп болса да, телекөрсетілімнің үлес салмағы төмен болды. Сондықтан біз оларды тоқтаттық». Осы арада көрермені көп бола тұра, деңгейі мен телекөрсетілім үлесінің төмен болу себебіне аз-кем тоқталайық. Мысалы, жүз адам таңдалынып алынды делік. Бұл жүз адам елімізде және Ресейде телерадио өнімдерінің деңгейі мен шығарылым, көрсетілім үлесін, көрермендердің жас шамасын анықтаумен айналысатын «Gullap-media» агенттігінің сауалнама жүргізетін, анкеталық парақшалар толтыратын немесе басқаша тәсілмен зерттеу жүргізетін мақсатты аудиториясына айналады. Осынау жүздікті респанденттер деп атайды. Деңгей мен телкөрсетілім үлесі таңдалынған респанденттердің бағдарламаны немесе телеарнаны көру-көрмеуіне байланысты. Бір бағдарламаны респанденттер көрмей, қалған миллиондаған халық көріп, тамашаласа да, ол бағдарламаның аталмыш өлшемдер бойынша көрсеткіші төмен болып саналады. Осылайша, аздың айтуымен көптің көңілін қалдырады. Мүмкін, ол адамдардың басым бөлігі орыстілді көрермендер шығар? Мүмкін, респанденттер тек қалалықтар шығар? Ол жағын елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Телеарнаның тағы бір ақсап тұрған тұсы - тіл сая­саты. Мемлекеттік тілге бөлінген елу пайыздық мөлшерді назирашылықпен - өзгенікін өз тілімізге тәржімалаумен толтырып отыр. Оның бір бөлігі титр арқылы жүзеге асатынын, ол жүгіртпе жолдардың қандай екенін жоғарыда айттық. Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, телеарналардағы тіл саясатының өзі 37,5 пайызға ғана орындалады екен. Заң бойынша белгіленген межеге жетпейді де. Бұл қателік пе, әлде заңбұзушылық па? Жиырма төрт сағат бойы мемлекеттік тілде хабар тарататын үш телеарна ашамыз деп жатырмыз. Жөн-ақ. Алайда жоқтан бар еткеннен гөрі бардың өзін жетістіріп алған абзал шығар. Қалталылардың қанжығасында кеткен телеарнаны жат «құшағынан» алып, өз бауырымызға басуымыз керек шығар? Осы мәселені ақын Мұхтар Шаханов ағамыз билікке қойған тоғыз талабында көтерген болатын.
- Мұхтар Шаханов өзінің билікке қойған талабында «СТС-Медиаға акциясы сатылған «31-телеарнаны» қайтарып алуды және мұндай әрекетке тыйым салу керектігін айтқан еді. Сіз арнаның акциясын қайтарып алуды қалайсыз ба?» деген сұраққа Нұржан Жалауқызы:
- Кейде ұрандаймын деп осындай пікірлер айтылып жатады. Бұл әрбір азаматтың өзінің азаматтық көзқарасы ғой. Мұхаңмен ешқашан пікір таластырмаймын және таластырғым да келмейді. Екіншіден, бәріміз де - осы елдің азаматымыз. Біз үшін Қазақстанның, қазақ елінің, қазақ жастарының, қазақстандықтардың бүгіні мен ертеңі өте қымбат. Өз басым Отаным үшін қызмет жасап жатырмын. Айта кететін нәрсе, «СТС-Медиа» - тек Ресейдікі емес, бұл халықаралық телекомпания. Оның құрылтайшыларының құрамында ресейліктер де, америкалықтар да, шведтер де бар. ҚР Заңына сәйкес, «СТС-Медиа» тек жиырма пайызға ғана ие. Сондықтан біз өз саясатымызды Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жүргіземіз. Сол сияқты телеарнада бірде-бір шетелдік азамат жұмыс істемейді. Бәрі - Қазақстанның азаматтары. Екі акционердің келісімі бойынша, біздің елімізде ойын-сауықтық көшбасшы телеарна қолға алынды. Біз осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз», - деп жауап берді. «СТС-Медиа» халықаралық телекомпания болса да, көрсетіліп жатқан телебағдарламалары ресейлік. Бұған екі телеарнаның бағдарламалар жүйесін салыстырғанда көзіміз жетті. Кешегі халық жүрегінен орын тепкен «31-телеарна» бүгінде елім деген ерлердің жүрегін ауыртып жүрген сыңайлы.
Жалпы, біздің көрермен де төзімді ғой. Экранына не салып берсе де, қыңқ деместен көріп отыра береді. Бірақ осы марғаулық, бойкүйездік жақсылыққа апармайды. Жаңа арналар ашамыз, бар арналарды жаңартамыз деп жүріп, ескімізден айырылып қалмасақ игі еді.

«Жас қазақ», 05.02.2010

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1756
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1730
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1453
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1371