Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2782 0 пікір 5 Ақпан, 2010 сағат 05:13

«Бұларға стипендияны үйлеріне апарып беру керек»

Таяуда ғана халқына дәстүрлі Жолдауын жасап тастаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев әдебиет, өнер өкілдерімен кездесу жасады. Кеше Алматыдағы резиденциясында алқалы жиын өткізген Елбасы сөзін:

Таяуда ғана халқына дәстүрлі Жолдауын жасап тастаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев әдебиет, өнер өкілдерімен кездесу жасады. Кеше Алматыдағы резиденциясында алқалы жиын өткізген Елбасы сөзін:

- Бүгін қалыптасқан игі дәс­түр бойынша өздеріңізбен кез­десіп, әңгімелесудің реті келді, - деп бастады. -  Қазақта «орамал тон бол­майды, жол болады» деген сөз бар. Өзімнің жеке қорымнан әдебиет пен өнер адамдарына арнап осы Президенттік стипендияны та­ғайындағаныма биыл 15 жыл толыпты.
Осында отырғандардың көп­шілігі бұл стипендияны сол ал­ғашқы жылдан бері алып келеді.
Тәуелсіздік жылдарының ал­ғашқы тұсындағы қиыншылықтар естеріңізде болар. Күйреген шаруа­шылық пен қаржы тапшылығы жас мемлекетіміз үшін үлкен сын болды.
Бірақ әдебиет пен өнер ұрпақ тәрбиелейтін, ұлтты жасайтын рухани күш екенін біз ешқашан ұмытқамыз жоқ.
Өнер мен әдебиет - халықтың жаны. Төл мәдениетпен тәрбиелен­ген адам қашанда өз халқымен бірге. Бәріміз де бала жасымыздан Абайды, Махамбетті, Жамбылды, Әуезовті оқып, халықтың әндері мен күйлерін тыңдап ержеттік, дүниетанымымыз, ұлттық сана­мыз қалыптасты.
Сондықтан «заман қиын екен» деп қол қусырып қарап отыруға болмайтын еді. Сол себепті де мен әлгіндей шешім қабылда­ған­мын.
Оған қоса 2000 жылы Мем­лекеттік стипендия тағайын­да­дық.
Мемлекеттік стипендияның айырмашылығы - ол жыл сайын жаңа есімдермен жаңарып отыра­ды. Бізде талантты, талапты жас­тар баршылық. Оларға ретімен жәр­демдесіп отыру міндет. Рас, өнер мен әдебиетте жас, кәрі де­ген өлшем жоқ. Талантты, талант­сыз деген ғана өлшем бар. Сон­дық­тан айтар тілек пен қойылар талап баршаға бірдей деп ой­лаймын (Президент Назарбаевтың бұл сөздері «Айқын» газетінің 4-ақпанда шыққан жарияланымынан  алынып отыр)

Биылғы мәдениет сала­сын­дағы Мемлекеттік стипен­дия­лар жазушы  Мархабат Байғұт­қа, ақындар Тыныштықбек Әб­дікәкі­мовке, Светқали Нұр­жанға, Жарас Сәрсек пен Та­накөз Ілиясоваға, сурет­ші Қа­зақ­бай Әжібекұлына, ди­ри­жер Дәурен Ғылымовқа, саз­гер Ержан Серікбайға, ак­тер Дулыға Ақмолдаға т.б. берілді.
Салтанатты рәсімнен кейін Әзілхан Нұршайықов, Асанәлі Әші­мов, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Қалмұқан Иса­баевтар суырыла сөйлеп, жарыса тілек білдірді.

«Жақсы сөз - жарым ырыс» деген. Аузы уәлі ақсақалдардың үлкені Әзілхан Нұршайықов Елбасына «Сіз елді мәңгі бақи басқара беріңіз. Оденауэр 91 жасына дейін билікте болған. Сіз де сөйтіңіз» деп өтінді. Роза Бағыланова әдеттегідей «ақ патшамдап» бастағанда қазақ тілін әл ікүнге қақпайтын кейбір әріптестеріміз «мына кісі өлең оқып отыр ма?» деп күбірлесіп отырды. Осылайша ашылып сайрағандарға көңілі налығандықтан болар, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың сахибы Қалихан Ысқақ: «Бұларға стипендияны үйлеріне апарып беру керек», -  деп қойып қалды.

Жиын жақсы көңілмен, жарасымды әзілмен тарады.

«Абай-ақпарат»

(Сурет «Айқын» газетінің сайтынан алынды)

 

0 пікір