Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4742 0 пікір 28 Қаңтар, 2010 сағат 08:43

Қазақстандағы АТОМ өндiрiсiнiң болашағы қандай?

Уақыт ушықтырған уран

Биылғы жылдың алғашқы күндерi қазақстандық «Қазатомөнеркәсiп» Ұлттық компаниясы уран шикiзатын өндiруден әлем елдерi арасында бiрiншi орынға шыққанын және жалпы өндiрiлген шикiзат өнiмiнiң 13 500* тоннаны құрағанын, екiншi жүлделi орынға 9 934 тонна өндiр­ген Канаданы ысырып, уран қоры жағынан әлемде бiрiншi орын алатын құрлық - мемлекет Австралияны да үшiншi көрсеткiшке, яғни 8 022 тоннамен артқа тастап кеткенiн жариялап, сүйiншi сұрады. Алайда бұл көрсеткiш «Қазатомөнеркәсiп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкiшовтiң Қызылорда облысындағы Шиелiде сол кездегi табиғи уран алынып жатқан 16 уран кенiшiнен, «2010 жылы 15 000 тонна уран алып, әлемде 1 орынға шығамыз!» - деп айтқан көкейкестi арман-жоспарындағы межеден 1 500 тонна кем болып шықты («Казинформ», 23.11.2007 ж).

Уақыт ушықтырған уран

Биылғы жылдың алғашқы күндерi қазақстандық «Қазатомөнеркәсiп» Ұлттық компаниясы уран шикiзатын өндiруден әлем елдерi арасында бiрiншi орынға шыққанын және жалпы өндiрiлген шикiзат өнiмiнiң 13 500* тоннаны құрағанын, екiншi жүлделi орынға 9 934 тонна өндiр­ген Канаданы ысырып, уран қоры жағынан әлемде бiрiншi орын алатын құрлық - мемлекет Австралияны да үшiншi көрсеткiшке, яғни 8 022 тоннамен артқа тастап кеткенiн жариялап, сүйiншi сұрады. Алайда бұл көрсеткiш «Қазатомөнеркәсiп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкiшовтiң Қызылорда облысындағы Шиелiде сол кездегi табиғи уран алынып жатқан 16 уран кенiшiнен, «2010 жылы 15 000 тонна уран алып, әлемде 1 орынға шығамыз!» - деп айтқан көкейкестi арман-жоспарындағы межеден 1 500 тонна кем болып шықты («Казинформ», 23.11.2007 ж).

Ұлы Жаратушымыз бұл аса бағалы стратегиялық байлықты, яғни келешектегi энергияның сарқылмас көзiн ұлы даламызға, халқымызға молынан ырыс-несiбе  етiп берiптi. Қазақстан бүгiнгi күнi табиғи уран кенiнiң қоры жағынан әлемде Авс­тралиядан кейiнгi екiншi орынды алады. Оның барланған қоры - 1 миллион 600 мың тонна. Оның 1,2 миллион тоннасы құмды-шөлейттi аймақтарда орналасқан. Бүгiнгi күнi уран кенiштерiнiң Қазақстандағы жалпы саны 21-ге жеткен.  «Қаз­атом­өнер­кәсiп» АҚ-ы геологиялық барлау, уран шикiзатын өндiрумен және Өске­мендегi Ульба металлургия зауытында атом электр станция­ларына ядролық отындық таблеткалар шығарумен, сирек кездесетiн металдар алумен және ҚР Ұлттық Ядролық орталығында (НЯЦ РК) ғылыми зерттеумен де айналысуда. Бүгiнгi күндерi Ұлттық компанияда 25 мың адам қызмет етедi. Бiрақ осы 13 500 тонна табиғи уранның барлығын да «Қазатомөнеркәсiптiң» өзi өндiрiп, қазынаға түсе­тiн қаржыны тасқындатып отыр ма?

Соңғы жылдары «Қазатомөнер­кәсiп» Ресейдiң «Атомредметзолото» холдингiмен, Канада, Франция, Жа­пония және Қытаймен бiрiккен кәсiпорындар ашып, солармен бiрге Қазақтың кең даласының төсiн жап­пай ашып тастап, уран өндiруге кiрiстi.

«Қазатомөнеркәсiп» уран кенiш­те­рiнiң басым көпшiлiгi оңтүстiктегi Қаратау, Созақ, Бетпақдала өңiр­лерi мен Мойынқұм-Шу аймағында, Каспий өңiрi мен Маңғыстауда, Қызылорда облысындағы Шиелi, Жаңақорған аудандарында орна­лас­қан. Қазiргi уран алу технологиясы бұрын­ғы шахты арқылы немесе ашық әдiспен алудан мүлдем ерекше­ленедi. Қазiргi күнi ұзын саны 21-ден асатын кенiштерден алынатын уран шикiзаты, негiзiнен, жер астындағы кенi бар жердi бұр­ғылау арқылы ұңғылар жасалынып, одан кейiн кендi қабатқа күкiрт қышқылын айдау арқылы кен ерiту жолымен өндiрiледi. Одан соң күштi қышқылды ортада ерiген уран мен басқа iлеспе металдар ерiтiн­дiсi жоғарыға арнаулы сорғылармен сорып шығарылып, бұл ерiтiндiлер арнаулы ыдыстарға құйылып, одан кейiн оны байыту, бөлу және тазалау зауыттарына жiберiледi. Қазiр көптеген кен орын­дарында байыту мен тазалауды ұйымдастыру үшiн арнаулы технологиялық қондырғылар орнатылған. Бұл әдiстi алғаш рет Кеңес үкiметi кезiнде, яғни 20 ғасырдың жетпiсiншi жылдары Басқармасы Ташкентте орналасқан «Красно­холм­ск» экспедициясы Өзбекстандағы «Үшқұдық» уран кенiшiнде қолданған. Бұл әдiс уран кендерiн шахталардан қазып алуға қарағанда әлдеқайда қауiпсiз, құмды-шөлейттi аймақтарда суды да үнемдейдi.

Одан кейiнгi ең жауапты кезең - кен ерiтiлiп, сорғызылып алынған жерасты қабаттарындағы қышқылды ортаны залалсыздандыру қажет. Себебi, жер астындағы жыныстардың арасында өте күштi қышқылдар мен радиоактивтi ерiтiндiлер қалып қояды. Жер жыныстарында табиғи сiлтiлi орта өте сирек кез­деседi. Оның бәрiн түк қалдырмай сорғылармен сорып алу, әрине, мүм­кiн емес. Сондықтан бұл жынысты қабаттарға сiлтi немесе негiз ерiтiндiлерi, ең арзаны сөн­дiрiлген кәдiмгi әк суы жiберiлуге тиiс. (Таулы жерлердегi жыныстар сiлтiлi болса, яғни онда табиғи әк шө­гiндiлерi басым болса, құмды-шөлейттi аймақтарда мұндай табиғи жыныстардың кездесе бер­мейтiндiгi белгiлi). Сонда ғана қышқылды орта бейтараптандырылып, бұл өз кезе­гiнде айналадағы жерасты суларының бүлiнбеуiне оң әсерiн тигiзедi. Оған қоса, бұл iс-шаралар қышқылды ортамен табиғат пен қоршаған ортаның күресуiн оңайлатады.

Бұл көп сатылы жұмыс бiткесiн, арнаулы лабораториялар жер астындағы сұйықтықтардың рН - 6,5-8,5 көрсеткiшiне  жеткенiне сенiмдi бол­ғасын ғана ураны алынып залалсыздандырылған ұңғыларды жабуға рұқсат бередi. Ендi бұл ұң­ғыларға мiндеттi түрде қатты (үйеңкi, қызыл ағаш) ағаш бөренелер тасталынып, әр бөрене арнаулы (тампонажды) цемент тығындармен бекiтiлуге тиiс. Себебi, қыш­қылды, радиоактивтi ортада металл құбырлар шыдас бермейдi. Ал ағаш бөренелер, уақыт өте келе, жер астындағы ауасыз қабаттарда өмiр сүретiн анаэробты бакте­рия­лардың әсерiмен қатты жер жынысына айналып кетiп, радиоак­тивтi сулар мен газдардың қоршаған ортаға таралмауына негiз бола­ды. Бұл - қосымша шығындарды талап ететiн үдерiс.

Осы табиғат қорғау технологиясын «Қазатомөнеркәсiп» сақтап отыр ма? Мiне, бар мәселе осында болып тұр. «Қазатомөнеркәсiп» қышқылды ортаны бейтараптандырмай, ураны алынған жерлердi: «Табиғат өзi залалсыздандырады!» - деп, ұңғыларды жауып кетiп жатыр. Бiрақ бұл ұңғыларды жапқанда, жоғарыдағы талаптар сақтала ма? Мұны табиғат қорғау органдары тексерiп жатыр ма? Тексерсе,  қалай тексерiп жатыр? Шетел­дiктер жоғарыдағы табиғат қорғау шараларын жүзеге асырып жатыр ма? Әрине, ол жағы белгiсiз. Бәрi де - жабық тақырып! Құпия!

Түптiң-түбiнде бүлiнетiн де, зорланатын да - бiздiң жерiмiз, қоршаған ортамыз, ал зардап шегетiн тiршiлiк көздерi, бiздiң жерле­рiмiздегi жан-жануарлар мен жән­дiктер, құстар мен аңдар, қала бердi, сол жерлерге жақын орналасқан бiздiң қандастарымыз, халқымыз! Уран кендерi таусылғасын, жайлы жерлерден мекендерiн дайындап қойған шенеунiктер де, уақытша келген шетелдiктер де Қазақстаннан тайып отырады. Оның ауыр зардабын тартатын - тағы да бiз!

Қоршаған  орта мен жергiлiктi  тұрғындардың денсаулығына орны толмас ойран әкелген «Табақбұлақ» (қазiр «Заречное» деп аталады, Оңтүстiк Қазақстан облысының Отырар ауданында орналасқан) уран кенiшi кеңес өкiметiнiң  соңғы  жылдары қоғамдық  ұйымдар мен  жергiлiктi халықтың талап етуiмен 1990 жылы жабылған болатын.

Кеңес үкiметi кезiнде, өткен 20 ғасырдың 40 жылдары Қазақстанда уранды iздеп табу және оны өндiру үшiн құрылған «Волковгеология» экспедициясы осы жерде осындай 889 ұңғыны топырақпен ғана шала-шарпы жауып кеткен. Кейiнгi уақыттарда бұл ұңғылардан сапасының қандай екенi белгiсiз, жерасты сулары көте­рiлiп кеткен! Ал айналадағы елдi мекендер­дегi құдықтардың суы қышқылданып, бүлiне бастаған.

Бұл уран кенiшiн қайта ашуға 2005-06 жылдары жергiлiктi халық пен Оңтүстiк Қазақстан облысындағы қоғамдық ұйымдар қарсы болды. Оның басты себебiн жоғарыда айттық. Алайда сол кездегi Даниал Ахметов үкiметi бұл кенiштi 07.12.2006 жылы қайта аштырып, уран өндiруге кiрiстi. Қазiр мұнда Ресей - Қырғыз - Қазақ кәсiпорын­дары бiрiгiп уран өндiруде. Оны транспорт және басқа да коммуникациялардан өте қашықтықта орналасқан, оның  үстiне стратегиялық маңызы  бар ашық су көздерi: Сырдария, Ызакөл, Арыс өзенде­рiнiң және басқа да үлкен магистралды каналдар үстiмен өтiп жатқан, стандарттарға сай келмейтiн автожолдар арқылы «Темiр» темiржол бекетiне тасымалдауда. Аса улы, қоршаған ортаға өте қауiптi күкiрт қышқылы автоцистерналарға тиелiп,  «Темiрден» уран кенiшiне қарай тасымалданып жатыр.

«Заречное» (Табақбұлақ) уран кенiшiнен 2008 жылы 166 тонна уран өндiрiлсе, 02.10.2009 жылғы жоспар бойынша 232 тоннаға жеткiзу көзделген болатын.

Ал осы кенiш ашылған 07.12.2006 жылы бiрiккен кәсiпорындар басшыларының осы жерден 2009 жылы 1000 тонна табиғи уран алмақ болған үмiттерi ақталмады. Оның басты себебi - бұл мырзалардың Кеңес үкiметi кезiнде уранның негiзгi қорының алынып қойылғанын және ол жерде уранның аз қалғандығын ескер­мегендiгiнен болып отыр. Оның есесiне қазiр бұл жерлерде табиғат пен қоршаған ортаға қиянат келтiрiлiп, мұндағы жерасты сулары бүлiне бастап, айналасы 25-30 шақырым жерлерде құстар мен шегiртке, адамзаттың досы құ­мырс­қаға шейiн жоғалып кеткен... Ал Оңтүстiк Қазақстан бойынша неше түрлi белгiсiз ауру түрлерi мен жастар арасында әлеуметтiк жағдайына қарамастан, өз-өзiне қол салып, асылып қалу жағдайлары көбейiп барады!

 

2. Қазақстанға АЭС қажет пе?

Қазақстанда Кеңес үкiметi кезiнде 1949-1989 жылдары арасында жер­дiң үстiнде, атмосферада, жердiң астында 500-ден астам ядролық жарылыс жасалды. Оның үстiне, табиғатқа орны толмас ойран әкелген кеңестiк жүйенiң кезiнде республика аумағында 230 миллион тоннадан астам радиоактивтi қалдық пен қоқыс жиналып қалған. Қазақстандағы алты iрi уран кенi бар геологиялық аймақ пен көптеген уран өндiрiп жатқан кенiштерден бөлiнетiн табиғи радиация және табиғат қорғау ере­желерi мен iс-шараларын бұзушылықтың әсерiнен еселене түсетiн радиоактивтi қатер бұл саланы басқарып отырғандарға, тиiстi табиғат қорғау мекемелерi мен олардың жұмыстарын бақылайтын үкiмет органдарына да асқан жауап­кершiлiк жүктеп отыр.

Қазiр ғылым мен бiлiм көз iлес­пес жылдамдықпен дамып келедi.  Әлем елдерiнде атом өнеркәсiбi мен ядролық энергетика айналасындағы ғылыми зерттеулер де өз жалғасын табуда. Бұл салада Қаз­ақстан ғылымы мен өнеркә­сiбiнiң алдыңғы қатарда болуын бүгiнгi өмiр­дiң талабы туындатып отыр. Елiмiз­де кеңестiк жүйеден қалған ғылыми институттар да, ғылыми-зерттеу орталықтары да, ондағы ғалымдар да, мамандар да жеткiлiктi. Адамзат өркениетi келешекте «Бейбiт атом энергетикасына» үмiт артуда, сондықтан бұл салада артта қалып қою кешi­рiл­мес өкiнiш болар едi. Бiрақ Қазақстанға құрылысы 10-15 жыл­ға созылатын, 15 жыл жұмыс iстеп, тағы да 15 жыл бойы тоқтатылатын, ра­дио­активтi қалдықтары көп Ресей­дiң атам реакторлары қажет емес. Әрi ресейлiк реакторлардан қалатын қалдықтардың өздiгiнен сөнiп, ыдырауы мыңдаған жылдарға созылады. Оны сақтауға да қосымша шығындар қажет.

Оның орнына алдағы онжылдықтарда пайдалануға берiлетiн төртiншi буынды саналатын ра­дио­­активтi қалдықтарды мейлiн­ше аз қалдыратын, озық үлгiдегi атом ре­акторларын жасайтын Жапон елi мен бұл салада табысқа жеткен Франция, АҚШ компанияларымен келiсiмге келiп, осындай реакторлары бар АЭС-тердi ғана келешекте Қазақстанда салу анағұрлым тиiм­дi болмақ. Тек осы бағытта ғана атом энергетикасын дамы­тамыз десе, онда үкiметiмiз­дiң бұл саладағы қадамдары қол­дауға тұрады.

Өткен ғасырдың 90 жылдарынан бастап дамыған батыс елде­рiнде коммерциялық пайдалануға жетiлдiрiлген, жеңiл сулы «LWR» реакторлары iске қосылды. Олардың iшiнде Жапония мен АҚШ-тың «Hitachi Ltd», «Toshiba Corporation», «General Electric» компаниялары бiрiгiп жасаған, өндi­рiстiк қуаты - 1 356 МВт құрайтын, дамытылған «AWBR» қайнайтын реакторын және «ABB Combustion Engineer­ing» компаниясы жасаған, өндi­рiс­тiк қуаты - 1 350 МВт System 80+ эволюциялық реакторын атап өтуге болады. Қазiр әлем елде­рiнде жұмыс iстеп тұр­ған екiншi буындағы реакторлар мен осы биылғы 2010 жылы iске қо­сылатын экономикалық көрсет­кiш­терi бұрынғы реакторлардан көш iлгерi, жетiлдiрiл­ген үшiншi буындағы реакторлардың жұмыстарын зерттеу мен үйрену елiмiз­дiң атомшыларына да өте пайдалы болар едi.

Iлесбек Байжанов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесi

Шымкент шаһары

 

*Мақала дайындалып болғанда, «Қазатомөнеркәсiп» компа­ния­сы ҚР Үкiметi Үйiнде 2009 жылдың қорытындысы бойынша берген жылдық есебiнде өндiрiлген уран - 13 665 тонна деп көрсеткенiн бiлдiк.

 

БIЛЕ ЖҮРIҢIЗ

Уран - Д.И.Менделеевтiң химиялық элементтерiнiң топтық жүйесiндегi табиғатта кездесетiн 92-шi радиоактивтi элемент. (Қазiр бұл жүйеде 109 химиялық элемент бар). Ол - орасан қуат көзi. Уран табиғатта сирек кездесетiн және шашыранды элементтер қатарына жатады. Бiрақ жер қыртысындағы шашыраңқы орналасқан уранның үлесi алтыннан 1000 есе, күмiстен 30 есе көп. Табиғаттағы үлес салмағы мырыш пен қорғасынмен бiрдей болса да, негiзгi массасы тау жыныстарында, топырақта, табиғи суларда шашырап таралғасын, оны өндiру iс жүзiнде тиiмсiз әрi мүмкiн де емес. Табиғатта оның аз бөлiгi ғана кен орындарында шоғырланған. Ал мұндай кен орындары көптеген елдерде мүлдем жоқ.

 

Айтпақшы

Сауат Мыңбаев, энергетика және минералдық ресурстар министрi:

«Маңызды мәселе: АЭС-тiң құрылысы басталғанға дейiн ресейлiк мердiгер бұл АЭС-те өндiрiлетiн электр қуатының бағасына ке­пiл­дiк бере ала ма? Әйтпесе бұл жобаға 2 миллиард (дол­лар. - Ред.) мемле­кеттiк немесе мемле­кет­тiк-мiс қаржыны төге салып, бәсекеге сай келмей­тiн бiр­шама жоғары бағаға электр қуатын өндiруге тура келе­дi. Бiрақ ол кезде шегi­нерге жер қалмайды. «ВБР-300» ресейлiк реакторының базасындағы АЭС-тен өндi­рi­­ле­тiн электр қуаты газ отын­ымен жанатын ТЭЦ-тен алынатын электр қуатынан қымбат болса, АЭС салудың қажетi бар ма? Себебi, Маң­ғыстау - газ өндiрi­летiн аймақ».

Министрлiктiң кеңейтiлген алқа мәжiлiсiнде айтылған сөз.

15 қаңтар, 2010 жыл

 

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 04(41) от 27 января 2010 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1530
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1394
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1144
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1158