Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3743 0 пікір 26 Қаңтар, 2010 сағат 07:24

Дилара ИСА. Үш ауыл Өзбекстанда қалып қойды

Оңтүстiк Қазақстан облысының бiр топ тұрғыны бес мың азаматтың аманатын арқалап «Жас Алаш» редакциясының есiгiн қақты. Өзбекстан мен Қазақстанның шекара сызығында туындаған даулы мәселенiң түйiнiн тарату үшiн. Ата-бабамыз бiлектiң күшiмен, найзаның ұшымен көздiң қарашығындай сақтаған туған жерге араша түсу үшiн. Қазақ-өзбек шекарасын делимитациялау кезiнде Қазақстан жағында қалады деп келiсiлген 5 елдiмекендi жоқтап, дәл осы ауылдардың кейбiрi ала тақиялы ағайындарға өтiп кеткенiн өкiметтегiлерге ескерту үшiн.

МӘСЕЛЕНIҢ МӘНIСI

Оңтүстiк Қазақстан облысының бiр топ тұрғыны бес мың азаматтың аманатын арқалап «Жас Алаш» редакциясының есiгiн қақты. Өзбекстан мен Қазақстанның шекара сызығында туындаған даулы мәселенiң түйiнiн тарату үшiн. Ата-бабамыз бiлектiң күшiмен, найзаның ұшымен көздiң қарашығындай сақтаған туған жерге араша түсу үшiн. Қазақ-өзбек шекарасын делимитациялау кезiнде Қазақстан жағында қалады деп келiсiлген 5 елдiмекендi жоқтап, дәл осы ауылдардың кейбiрi ала тақиялы ағайындарға өтiп кеткенiн өкiметтегiлерге ескерту үшiн.

МӘСЕЛЕНIҢ МӘНIСI

Жасыратын түгi жоқ, екi елдiң аумағы айқындалып, еншiлерiн бөлiп алғанына жиырма жылдың жүзi толса да қазақ-өзбек шекарасындағы дау-дамай таусылар емес. Басқасын былай қойғанда, көршi елге барып-келудiң өзi ақыретке айналғалы қашан. Ұрыс-керiс, атыс-тартыс, одан қалса өлiм-жiтiм де осы шекарада орын алып тұр. Тарихы тамырлас, ауылы аралас, қойы қоралас екi елдiң арасында неге дау-дамай көп?
- Қазақстан-Өзбекстан арасындағы мемлекеттiк шекараны делимитациялау туралы шарт бойынша Арнасай плотинасы мен оның айналасындағы 5 елдiмекен Қазақстан жағында қалатын болып келiсiлген-дi. Дәл осы 5 ауыл ауызға алынғанымен, олардың аты аталып, түсi түстелмедi. Бiздiң бiлуiмiзше, осы бес ауылдың қатарына «Көктасты», «Қарабай», «Қостақыр», «Арнасай» және «Амангелдi» елдi мекендерi кiруi тиiс болатын. Алайда, арада түсiнбеушiлiк болып, аталған бес ауылдан тек «Арнасай» мен «Қостақыр» алынады да, қал­ған үшеуiнiң орнына «Жексембай», «Құлшығаш», «Жiбек жолы» елдiмекендерi жазылады. Бiрақ, дәл осы үш ауыл сол кездiң өзiнде Қазақстанға қараған. Былайша айтқанда, Өзбекстаннан екi ауылды ғана қайтарып алдық. Ал «Көктасты», «Қарабай», «Амангелдi» ауылын көршi елге ненiң құрметiне сыйға тартылғаны бiзге беймәлiм, - деп сөз бастады «Жайлаукөл» ауылының тұрғыны Оспан Асанов.
Тұрғындардың айтуынша, кезiнде Хрущев оңтүстiк өңiрдiң Қызылқұм, Шымқорған, Арнасай ауданын Өзбекстанға берiп жiберген. Ал ала тақиялы ағайындар осы үш ауданның басын қосып Жызақ облысын құрған. Сол тұста-ақ өзағаңдар Қызылқұм ауданын үш ауданға бөледi. Яғни, Мақтарал, Киров және Жетiсай ауданына. Кейiн егемендiк алып, Қазақстан жер даулағанда баяғы облысқа айналған үш ауданымыздың бiреуi ғана қайтты. Таратып айтқанда, өзағаңдар «үш аудан алдық» деп осы жiлiктелген Қызылқұмның жерiн берумен шектелдi.

АУЫЛ - ҚАЗАҚТАРДIКI, КҮРЕ ЖОЛ МЕН МАҢАЙДАҒЫ ЖЕР - ӨЗБЕКТЕРДIКI

Дәл қазiр «Жайлаукөл» елдiмекенiнде отыз екi үй түтiн түтетiп отыр. Тұрғындар мал өсiрiп, егiн егедi. Ауыл халқының бәрi де - Қазақстанның азаматы. Тек делимитациялау деген мәселе шыққанда ғана жергiлiктi әкiмшiлiк «Қазақстанның азаматы болғандарыңызбен, тұрып жатқан жерлерiңiз өзбектердiкi» дегендi айтқан.
«2006 жылы ауылдан 500-600 метр қашықта шекара бағаналары қағылды. 2009 жылдың қыркүйек айында екi елдiң шекарашылары қатар жүрiп дәл осы бағаналарды ауылдың iргесiне жылжытты. Жергiлiктi басшылар келiп, «мына екi үй бұзылады, сiздер де қам жасай берiңiздер», - дедi. 2006 жылы қағылған бағаналар неге бұлай жылжыды? Түсiнiксiз-ақ. Осы уақытқа дейiн тек бiздiң ауылдың айналасынан Өзбекстанға 300 гектар жер кеттi. «Қостақыр» елдiмекенi де қаншама жерiнен айырылды. Шардара ауданындағы құмды жерлердiң де бiрталайы берiлдi. Түсiнбейтiнiмiз, Н.Ә.Назарбаев «Делимитациялау бiттi. Шекара мәселесi шешiлдi», - деп қадап айтты. Ендi келiп неге өзгеруде? Ата-бабамыздың көздiң қарашығындай сақтаған жерi есепсiз кетiп жатыр ғой», - дейдi Оспан Асанов.
Шекара сызығында тұрған ауылдардың үстiнен Мақтарал-Шардара тас жолы өтедi. Ұзындығы - 25 шақырым. Егер шекара дауы бiтпесе, бұл жол өзбектердiң еншiсiне кетейiн деп тұр. Онда шекара шегiнде тұрған халық көршi ауданға бару үшiн Келес арқылы 250 шақырым жолды басып өтуi керек. Шардара ауданынан Мақтаралға тартылған электр сымдары да осы арадан өтедi. Қағылған бағаналар көршi елдiң аумағында қалған. Ендеше, бiлдей бiр ауданның жарығы жанып-өшуi де ендi көршi елге тәуелдi.

«ӨЛСЕК ӨЛIГIМIЗ ОСЫ ЖЕРДЕН ШЫҚСЫН, КӨШПЕЙМIЗ!»

Шекара шекiсiнен зардап шегiп отырған бас-аяғы бес мыңға жететiн тұрғындардың атынан Н.Назарбаевқа да, К.Мәсiмовке де талай рет хат жазылған. Әйтсе де, мардымды жауап, нақты нәтиже жоқ. Сондықтан да үш мыңға тарта тұрғын өткен жылдың қыркүйек айында «Амангелдi» елдiмекенiнде наразылық шарасын ұйымдастырыпты.
- Мақтарал ауданының әкiмi, полиция бөлiмiнiң бастығы, ҰҚК-ның өкiлi, аудан прокуроры ауылға келiп жиналыс ашты. «Амангелдiдегi бүлiкке үн қоспаңыздар», - дедi. Және «Көкса­райдан жер телiмiн беремiз. Көшiңiздер», - дейдi. Дәл осындай қиын кезеңде көшу оңай ма? Кiм бүтiн тұрған баспанасын бұзғысы келедi? Ата-мекен, туған жердi қалай қиямыз? Бәрiнен де «Жайлаукөлiмiз» қымбат қой, - дейдi Оспан Асанов.
«Арнасай» ауылының тұрғыны Қайрат Шылмырзаев: «Осы даудың кесiрi жетi ауылға тиюде. Атап айтсам, «Қостақыр», «Арнасай»,«Амангелдi», «Жiбек жолы», «Жайлаукөл», «Алмалы» және «Шолпанқұдық» елдiмекендерi. Дәл қазiр үйлердi бұзу басталып кеттi. Мәселен, «Қостақырда» 12 үйдiң үйiндiсi ғана қалды. «Арнасайдың» 30-40 баспанасы бұзылды. Жалпы, шекара сызығы айқындалып, қыспаққа алу басталды. Соңғы кезде өзбек шекарашылары үйiмiзге рұқсатсыз кiрудi, төлқұжатымызды қайта-қайта тексерудi әдетке айналдырды. Қоқан-лоққы көрсетудi шығарды. Қазiр Амангелдi, Арнасай арқылы Шардара ауданына алып баратын тас жолмен жүру қиын. Ал ауылдың ақсақалдары «өлсек өлiгiмiз осы жерден шықсын, көшпеймiз» деп отыр», - дейдi.
Өзбекстанның қоржынында кеткен Қазақстанның бұрынғы Шымқорған, Арнасай ауданы дәл қазiр 5 аудан, 50 шаруашылыққа айналған. Осы елудiң iшiнде Мақтарал ауданымен жанасып Амангелдi және Арнасай кеңшары тұр. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара туралы келiсiм жасалды. 2440 шақырым жер шекара аумағы деп бекiтiлгенiне сегiз жыл толса да, дау-дамай әлi бiтпей жатыр. Н.Ә.Назарбаев пен И.Каримов қол қойған келiсiмде де дәл осы Арнасай ауданына қатысты былай делiнген: «Арнасайдағы бес елдiмекен де ондағы плотинамен бiрге Қазақстанға берiледi». Тұрғындардың дәлелдi сөзiне қарағанда, белгiсiз себептермен бұл бес ауылдың екеуi ғана Қазақстанға қайтарылған. Қалған үш ауылды бүгiнге дейiн ешкiм дауламаған. Ол ол ма, қайтарылды делiнген бес ауылдың аты бар да, заты жоқ. Бiрi - көлдiң орны, екiншiсiне жан баласы бармайтын көрiнедi. Керек десеңiз, «Жiбек жолы» мен «Құлшығаш» елдi мекендерi бұрыннан-ақ «Мақталы» совхозының төртiншi бөлiмшесiне қарағаны туралы дерек те бар.
Оңтүстiк Қазақстан облысының бес мыңға тарта тұрғыны жеке бастың пайдасын күйттеп, шырылдап жатқан жоқ. Ата-бабасы қоныс еткен, кiндiк қаны тамған атамекендерiнiң жат қолына өтiп, сұраусыз қалғанына ашынады. Бес елдiмекендi қайтару кезiнде осыған жауапты азаматтардың шалалығына, жауапсыздығына қынжылады. Дер кезiнде картаға үңiлiп, ап-анық көрiнiп тұрған елдiмекендердiң тағдырына алаңдамаған билiкке өкпелейдi.
Сондықтан да алатақиялы ағайындардың еншiсiнде қалып қойған елдiмекендердiң мәселесiн, қазақ-өзбек шекарасындағы ахуалды жiтi тексеру үшiн арнайы комиссия құру керектiгiн алға тартуда. Өйткенi, дәл осы даудың шыққанына, оның ақпарат құралдарында жарияланғанына, аудан, облыс басшылығының құлағдар болғанына бiрталай уақыт өттi. Бiрақ, бәрi де «бiз шешетiн мәселе емес. Бұл - Н.Назарбаев және И.Каримовтың келiсiмiмен жасалатын шаруа» дейтiн көрiнедi...

"Жас Алаш" газеті

 

 

0 пікір