Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4720 0 пікір 26 Қаңтар, 2010 сағат 06:03

Айдос САРЫМ: "ЕГЕР ТІРІ БОЛҒАНДА ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ АЛТЫНБЕК БОЛАР ЕДІ"

Ашық әңгіме
Айдос САРЫМ, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі:
"ЕГЕР ТІРІ БОЛҒАНДА, ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ АЛТЫНБЕК БОЛАР ЕДІ"

11.02.2006 жыл. Дәл осы күні ҰҚК-нің "Арыстан" тобының кейбір мүшелері асқан қанішерлікке барып, қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын жанындағы екі серігімен бірге оққа байлаған болатын. Сол бір қаралы күн қазақстандықтардың есінен әлі шыға қойған жоқ. Қанқұйлы қылмыс естеріне түскенде, әлі күнге дейін төбе құйқасы шымырлап қоя беретіні де жасырын емес. Арнайы орындар ардақты азаматымыздың өліміне тапсырыс беруші деп Ержан Өтембаевты атап көрсетті. Десек те, былайғы жұрт Алтыкеңнің өліміне шын кінәлілер әлі табылмады деп есептейді.

Ашық әңгіме
Айдос САРЫМ, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі:
"ЕГЕР ТІРІ БОЛҒАНДА, ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ АЛТЫНБЕК БОЛАР ЕДІ"

11.02.2006 жыл. Дәл осы күні ҰҚК-нің "Арыстан" тобының кейбір мүшелері асқан қанішерлікке барып, қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын жанындағы екі серігімен бірге оққа байлаған болатын. Сол бір қаралы күн қазақстандықтардың есінен әлі шыға қойған жоқ. Қанқұйлы қылмыс естеріне түскенде, әлі күнге дейін төбе құйқасы шымырлап қоя беретіні де жасырын емес. Арнайы орындар ардақты азаматымыздың өліміне тапсырыс беруші деп Ержан Өтембаевты атап көрсетті. Десек те, былайғы жұрт Алтыкеңнің өліміне шын кінәлілер әлі табылмады деп есептейді.

Міне, сол бір қаралы күнге де төрт жыл болып қалыпты. Біздің бүгінгі тақырып та осы жөнінде болмақ. Нөміріміздің қонағы - Алтыкеңнің үзеңгілес серіктерінің бірі болған және бүгінгі күні Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қорды басқарып отырған ұлтжанды азамат, белгілі саяси сарапшы Айдос Сарым мырза.
- Айеке, бүгінгі ашық әңгімемізді Алтынбек Сәрсенбайұлына арнағымыз келіп отыр. Қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы небәрі қырықтың қырқасынан енді асқан уақытында дүниеден озды. Алтыкеңнің ашық саясатқа, яғни оппозиция қатарына өткеніне де көп уақыт өте қоймаған-тын. Осыдан-ақ, ол кісінің көп мақсатына қол жеткізе алмай кеткенін білеміз. Жақын серігі ретінде Сіз Алтыкеңнің соңына жетпей қалған негізгі қандай жоспарларын атап бере аласыз? Ол кісінің негізгі армандары қандай еді? Сіздер бірге істескен әріптестері, жолдастары сол жоспар-армандарды соңына жеткізу үшін қандай қадамдар жасап жатырсыздар?

- Мынауыңыз өте қиын сұрақ екен. Білгенімше айтып беруге тырысайын. Мен білсем, Алтекең шын мәнінде өзінің кемеліне жетіп, өзін-өзі үлкен ұлттық көшбасшылыққа дайындап келе жатқан саясаткер еді. 2006 жылғы ақпан айындағы қайғылы оқиғалар орын алмаған жағдайда, Алтекең 2012 жылғы және одан кейінгі Президент сайлауларына түсетін еді деп ойлаймын. Қазақтың ұлттық санасы, жігері оянып келе жатқан кезде оның сайлауға түсіп, белсенділік танытуы, Президент Назарбаевқа шынайы балама болуы елдегі саяси ахуалды өзгерте алар еді деп сенемін. Тіпті сайлауға түспегеннің өзінде, оппозицияда жүріп-ақ биліктің ұлтқа қатысты саясатына оң ықпал жасайтын еді. Әттең дегеннен басқа не дейсің?..

Алтекеңнің армандарына келетін болсақ, менің пайымдауымша оның басты ойы - қазақ ұлттық мемлекетін құрып, оның тәуелсіздігі мен тұтастығын мәңгі сақтау дер едім. Әлі есімде, 2003 жылдың басында Алтекең Мәскеуден Алматыға келіп, мені бүгінгі 28 панфиловшылар паркіне шақырып алды. Екі сағаттай серуендеп жүріп сөйлестік. Сонда жұмыстың анық-қанығы туралы (мен ол кезде "Ақ жол" партиясының баспасөз хатшысы, кеңесшісі болып қызмет етіп жүрдім) сұрастырып, сөзінің соңында: "Айдосжан, мен мына елшіліктен кететін болдым. Әрі кетсе жылдың соңына дейін бір жағына шығарам. Ресейдің қысымы үдеп барады. Біздің шикі, ақша десе анасын сатуға дайын биліктегілерден үміт жоқ. Бұлай кете берсе, мыналар елімізді Ресейге бір-ақ қосып жіберуі де мүмкін. Басшыға айта-айта шаршадық, түсінбей ме, қасақана істей ме, кім біледі? Не болса да елге қайтып, қоғамның арасына еніп, ұлтты ояту керек. Жабық саясатқа қарсы тек ашық саясатпен күресуге болады. Алда Парламент сайлауы келе жатыр, соған мықты дайындық керек. Ұлттың сана-сезімін оятып, оның саяси ұстанымдарын билікке айқын көрсету керек" деген еді. Ақыры сол жылдың қараша айында Алтекең елге оралып, ашық саясатқа араласып кетті. Сол кезде өткен "Ақ жол" партиясының құрылтайында теңтөраға болып бірауыздан сайланды. Өзімен бірге партияға қазақтың қаймақтарын, ұлт зиялыларын ертіп келді. 2004 жылғы сайлауда шын мәнінде жеңіске жеткен "Отан" партиясы емес, дәл осы "Ақ жол" болатын. Биліктің зымиян саясаты мен сол "Ақ жолдың" ішіндегі сатқындық болмағанда, бүгін біз басқа қоғамда өмір сүретін едік...
Басқасына келер болсақ, Алтекең өзінің соңғы сұхбатында біраз нәрсені айтып үлгерген сияқты. Сол сұхбатында бірнеше ой айтып еді. Мысалы, "ұлт зиялылары билік алдындағы "борыштарын" толық өтеп болды, ендігі уақытта қарапайым халықтың жағына шығып, соның мұңын, мұқтажын билікке жеткізу керек" деп қадап-қадап айтқан болатын. Сол тұрғыда өзі бастап біраз жұмыстар жасап та үлгерді. Құдайға шүкір, сең қозғалған секілді. "Демократиялық оппозиция мен қазақ ұлтшылдары бірігуі керек" деген болатын. "Демократиялық дискурс пен ұлтшылдық дискурс айналып келгенде бір ұғым, мақсаты мен мүддесі бір" дегенді жиі айтатын. Онысы да орындалып келеді: оппозиция мен ұлтшылдардың арасы біршама жақындай түсті, өзара іс-қимылдар дәстүрі пайда болды. Үдеп келеді. Оппозицияның бірігуі хақында біраз еңбек етті. 2005 жылы "Әділетті Қазақстан" қозғалысын құруға ең көп еңбек еткен дәл осы Алтекең еді. Осыған қатысты ұзақ мерзімді стратегиялардың кескіні жасалып, оны іске асырудың бірнеше жолдары айқындалып жатты. Олар да бірте-бірте іске асып жатқан секілді. Әрине, өмірдің аты өмір, адамның аты адам. Кешігу де, ілгерілеу де, шегіну де бар. Бірақ іске асып келеді. Айта берсе әңгіме көп қой. Ең бастысы бүгінгі күні Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры құрылып, оның бай рухани және саяси мұрасын насихаттап келеміз. Бүгінгі айтып, жазып жүргеніміздің астарында Алтекеңнің ойлары мен сөздері жатыр.

- Кезінде Алтыкең «Айқын» басылымына берген сұхбатында тілшінің «шешендермен қақтығыс кезінде, казактармен кикілжің кезінде немесе оларға қарсы шыққан қазақ бауырларға басу айтып, оларды қайтарған мәселеде... Осының бәрін өзіңіз айтасыз, басқа жұрт айтпайды...» деген сауалына «Себебі, ол кезеңде бұл оқиғалардың барлығы сол күйінде жабық қалған еді, шешендермен, казактармен болған оқиға... Мен айтпаған талай оқиғалар бар. Құдай қаласа, оларды кейін кітап қылып шығарармын» деп жауап қатқан. Өкінішке орай, Алтыкең бұл мақсатына жете алмаған тәрізді. Ал сіздер бұл айтылмаған оқиғалар жөнінде білесіздер ме? Білсеңіздер, Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры осы кітапты жарыққа шығаруды жоспарына енгізе алады ма? Сонымен қатар, Алтыкеңнің жарыққа шықпаған сатиралық әңгімелері де аз емес көрінеді. Мұны да жинақ етіп шығару қажет сияқты... Және Алтыкеңнің сұхбаттары мен мақалалары топтастырылған «Тәуелсіз елде тәуменді тұлғалар болмауы керек» кітабына енбеген сұхбаттарды да жинақ етіп шығарады деп естіген едік кезінде...
- Алтекеңе қатысты көп адамдар біле бермейтін, естімеген әңгімелер жетерлік. Біздің білетініміз оның жартысына жетеді ме, жетпей ме, кім біледі? Біраз оқиғалар мен әңгімелер, өкінішке орай, өзімен бірге кетті. Алтынбек қоры осы тұрғыда біраз ізденістер жасап жатыр. Барлығы ойдағыдай болса, алдағы жылдары арнайы әдеби-деректі және ғылыми еңбектер жарыққа шығады. Оған арнайы тапсырыс жасаймыз. Сонымен қатар, "ғасыр сотына" қатысты арнайы бір кітап дайындап, оған сот ісіне қатысты барлық құжаттарды кіргіземіз. Мен білсем, ерте ме, кеш пе, Алтекеңді өлтіргендердің аты айқындалады, сот ісі қайта қаралады. Сол кезде әлі талай жағамызды ұстап, жанымыз түршігеді. Оған дейінгі мақсат барлық құжаттарды сақтап, олардың мазмұнын халыққа жеткізу. Алтекеңнің мұрасына келер болсақ, негізгі сұхбаттары мен мақалалары кітап болып жарық көрді. Кітап болып шықпаған ағымдағы саяси жағдайларға қатысты кішігірім сұхбаттары мен пікірлері бар. Өзі қатысып, бас болып, қол қойған талай ресми құжаттар бар. Олардың да уақыты келеді. Құдай қаласа, алдағы уақытта өзім де Алтекеңе қатысты бір кітап жазамын деп жоспарлап отырмын. Бірақ оған іштей дайындық керек. Өз басым әлі күнге дейін Алтекеңді өлімге қимай келем. Сол ма, әлде ішкі жауапкершілік пе, әйтеуір әзірге бірдеңе іштей тежегіш болып отыр. Егер қажетті мүмкіндіктерге қол жеткізсек, Алтекеңнің өлімі мен сот ісіне қатысты деректі фильм түсіруді ойлап отырмыз. Біраз әңгіме қаражат мәселесіне тіреліп отырғанын да ұмытпайық. Қолдан келгенді істеп келеміз. 2006 жыл алыстаған сайын көптеген нәрселер айқындалып, болған оқиғалар мен жайттарға деген көзқарастар өзгеріп келеді. Алтекең уақыт өткен сайын іріленіп, дараланып келеді. Көптеген оқиғалар қайта қарауды, қайта зерделеуді талап етеді. Басты жұмыс осы тұрғыда.

- Жалпы, қор бүгін қандай жұмыстармен шұғылдануда? Алдағы жоспарлары қандай? Қорды кімдер қаржыландыруда?
- Жоспар көп. Оның барлығын тізбелеп айта берудің қажеті шамалы. Олар іске асқан кезде өздеріңіз естіп те, біле де жатарсыздар. Басты бағыт үшеу: 1) Алтекеңді еске алу шараларын өткізу (11 ақпан мен 12 қыркүйек күндері еске алу шараларын ұйымдастыру, Алтекең атындағы журналистік премияны тапсыру т.т.); 2) Алтекеңнің саяси мұрасын дамыту, оны нақты саяси жобаларға не ғылыми еңбектерге арқау ету; 3) бүгінгі қазақ елі мен қоғамын терең зерттеу, терең түйсіну (бұл тұрғыда біраз еңбектер жарық көрді, бірнеше кітап дайындалып жатыр). Біраз мәселе, қайталап айтамын, қаржыға тіреледі. Бүгінгі дағдарыс кезінде қорға көмек көрсетушілердің саны азаймаса да, олардың қаржылық мүмкіндіктері біршама шектеліп қалды. Қорға көмек көрсетіп отырған тек қазақ бизнесмендері екенін басып айтайын. Біздер қордың Алтекеңнің атында екенін ескеріп қаржыландыру мәселесіне келгенде белгілі талғам мен тәкәппарлық танытуға міндеттіміз. Бәлкім, бұл қордың жұмысын тежеп те отырған болар. Алайда Алтынбек ағамыздың атына кір келмеуі керек. Мысалы, мен қордың Машкевич, Миттал сияқты атынан адам жеритін алпауыттардан ақша алғанын елестете де алмаймын. Анау бар, мынаны істеу керек деп жәрдемшілерді талғамай ақша ала алмаймыз. Одан да кейбір шараларды кейінге қалдырған абзал. Менікі дұрыс па, бұрыс па? Кім біледі? Менің ұстанымым осындай. Алдағы жылдары дағдарыстан шықсақ, жәрдемшілердің мүмкіндіктері ашылып, заман орнына келген соң қордың белсенділігі тек арта түсетініне кәміл сенемін.

<!--pagebreak-->
- Алтынбек Сәрсенбайұлы дүниеден озған соң, елдегі оппозиция басты идеологынан айырылды деуге болады ма? Жалпы, Алтыкең марқұм тірі болғанда, Сіздің ойыңызша, бүгін оппозиция қандай дәрежеде болатын еді деп ойлайсыз?
- Дәл солай. Оны Алтекеңнің достары да, жаулары да талай мойындады. Ол кісі шын мәнінде қазақ оппозициясының идеологы, стратегі болатын. Оның осы қасиеттерін оппозициядағы барлық топтар тірісінде мойындаған, бас иген. Сондықтан да белгілі оқиғалардан кейін оппозицияның әлсіреуі, есеңгіреуі орын алғаны да хақ. Оның тағы бір үлкен ерекшелігі, ол - тікелей мемлекет басшылығымен сөйлесіп, оппозиция мен билік арасында дәнекер болатын. Оның ұялы телефонын алып, мемлекет басшыларымен сағаттап сөйлесіп, жағдайды түсіндіріп жатқанына талай куә болғам. Кейбір кездері телефонның ар жағындағы кісілермен керемет сөзге келіп қалатын. Кейде тым қатты сөздер айтатын, олардың қарапайым нәрселерді түсінбей, қипақтап жатқанына күйіп-пісетін, налитын. Қажетті жағдайда оппозиция тарапынан шығатын мәлімдемелер мен ресми құжаттарды Президенттің өзіне тікелей жеткізе алатын, соның мүмкіндіктерін табатын. Оның талай мысалын айта аламын. Осыған дәнекер болған биліктегі адамдарды да жақсы білемін. Уақыты келген кезде оны да айтармыз. Алтекең дүниеден озған соң оппозиция мен билік бір-бірімен тілдесуден қалды. Оппозицияда биліктегілер сыйлайтын, сөзі өтімді адамдар некен-саяқ, жоқ десе де болады. Бұным оппозициядағылар жаман ия әлсіз адам дегенім емес. Алайды шынайы жағдай осы. Елдегі жағдайды, оппозицияның ойы мен істері туралы ақпарат Президентке жете бермейді. Жетсе бұрмаланып жеткізіледі. Бұл да анық нәрсе.
Оппозицияның жағдайына келер болсақ, менің ойымша, Алтекең тірі болса оппозицияның мүмкіндіктері әлдеқайда мықты болар еді. Кем дегенде басы біріккен, ойы анық, бағдары айқын күш болар еді деп ойлаймын. Бүгінгі күні байқап жүрем, көптеген оппозицияда жүрген адамдар реті келгенде "Алтекең марқұм бар болса былай етер еді, былай істер еді" деп жатады. Осының өзі көп нәрсені аңғартады емес пе? Қалғанын өздеріңіз топшылай беріңіздер.

- Алтыкең бір сұхбатында «Қазақтар саяси реформаларға дайын емес» деген сөз ұлтымызды «ақыл-есі дұрыс емес» деп айтқанмен бірдей. Халықтың парасат-пайымына, түсінік-түйсігіне ешқашан шәк келтіруге болмайды. Әсіресе, ауыл бәріне дайын» деген болатын. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасаудың алдында жалаулатып-жарнамалатып саяси реформалар жасаған болды. Бірақ, бұл саяси реформалар бір партиялы Парламентке жеткізді. Былайша айтқанда, шетелдік сарапшылар айтып жүргендей, бір қадам алға, екі қадам артқа жылжыдық. Міне, биыл ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасап отырмыз. Осы жылы Қазақстан билігі қандай да бір реформаларға, оңды істерге қадам жасайды ма? Сарапшы маман ретіндегі ойыңызды білсек.

- Алтекеңнің сөзіне, оның көреген ойларына алып-қосарым жоқ. Өзім де сол ойдамын. Ал ЕҚЫҰ-ға төрағалық мәселесіне келсек, оның қазаққа берері шамалы. Бұл тек жарнамашыл, жарапазаншыл оқиға болып өтеді де кетеді. Біздің ондағы төрағалығымыз елдегі реформаларға бастама болмайды. Ол бір қымбат әшекей, ойыншық. Мысалы, Назарбаев Франциядан қымбат костюм сатып алса, біздер міндетті түрде сол Франциядай боламыз деп ешкім айта алмайды ғой? Мына біздің төрағалығымыз да сол шетелдің "костюмі" сияқты. Киген адамға қуаныш, қалғаны ия санын соғады, ия қызғанады.
- Алтынбек Сәрсенбайұлының өмірден озғанына төрт жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде оның құпия өлімі жайында жаңа ақпараттар таба алдыңыздар ма? Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған уақытта қылмыстық істі қайта аштырып, тергеуді қайта жасатуға мүмкіндік бар ма?

- Тергеу мен соттың құжаттары толық қолымызда бар. Біраз ресми, бейресми ақпараттарды алып отырмыз. Оларды сақтау, өңдеу біздің міндетіміз. Болашақта бір мүмкіндік ашыла қалса, оны дереу пайдалануға әзірміз дей аламын. Бүгінгі жағдайда еліміздің сот және құқық қорғау орындары бұл мәселені "жылы жауып тастады". Алайда ертең заман сәл өзгерсе, алғашқы болып қайта қаралар екі іс болса, біреу Заманбектің, екіншісі Алтынбектің істері. Аман болсақ, оған да жетеміз. Сол кезде тапсырыс берген, тапсырысты орындаған, биліктің артын жабу үшін қызмет еткен, тергеуді бір ізге салып, оны бұрмалаған, сотта істі дұрыс қарамай, оны басқа жаққа бұрып кеткендердің аты шығады. Айналып келгенде бұндайлардың саны жүзден асады. Заман өзгерсін, бұлардың өздері бірінші болып алға шығып, ашыла сайрайды. Бүгін Қазақстан Еуропадағы адам құқықтары жөніндегі сотты мойындамай отыр. Егер Қазақстан оның пәрменін мойындаса, бір аптадан кейін Алтекеңе қатысты құжаттар оның алдына барар еді. Тағы да қайталап айтам, ЕҚЫҰ-ға төрағалық бізге ештеңе бермейді.

- Тақырыбымыздың ауанын өзгертсек. «Ел бірлігі» доктринасына байланысты билік берген уақыт та тәмамдалды. Балама доктринаны жасап үлгердіңіздер ме? Енді талқылауға қай доктрина түседі? Жалпы, қаңтардың 20-сына дейінгі жұмыстарыңыз жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз.

- Құжатты дер кезінде дайындап үлгердік. Оған бірнеше ұйым мен ондаған адам қатысты. Ол газеттер мен интернетке басылып шықты. Мазмұны мен бағытын кез-келген адам сол жерден оқи алады. Билікке ол құжат қазақ зиялылары мен ұлтшыл ұйымдарының атынан табысталды. Біздің талабымыз айқын: билік уәдесіне тұрып, біз жасаған балама жобаны ресми баспасөзге жарияласын; екі құжаттың басын біріктіретін екі жақтан бірдей адам қатысатын жұмыс тобын құрсын. Біздің ойымыз, ұстанымдарымыз дайындалған құжатта айқындалды. Болашақта сол құжатты кеңейтіп, үлкен құжат дайындап, оны болашақта өтетін Қазақ құрылтайының талқысынан өткізіп, қабылдатамыз. Сол құжат (манифест бола ма, басқа бола ма) жалпы қазақ ұлтын, қазақ қоғамын біріктіретін тұғырнама болуы керек. Ол мемлекет органдары мен саяси партиялар үшін бағдар болатын дүниеге айналса екен деп қалаймын. Ал Доктринаға келер болсақ ендігі шешім биліктің қолында. Егер билік шынайылық танытса, бірігіп жұмыс істеуге әзірміз. Егер ойын мен айлаға басатын болса - біздер саяси күресті одан әрі жалғастырып, үдетеміз. Бір соқыр айтыпты ғой "Көреміз" деп. Биліктің жауабын күтейік.

- «Кедендік одақ» аясында шу шығып жатыр. Беларусь мемлекеті одақ аясынан шығады деген сыбыс та бар. Былайша айтқанда, Қазақстан билігінің одақтан күткен нәтижесі қазірдің өзінде күйреп жатқандай. Болашақта қандай болмақ? Сарапшы ретіндегі пікіріңіз?

- Мен Кедендік одақ дегенге үлкен күдікпен қауіптене қараймын. Егер Ресейдегілер бұны "баяғы Кеңес Одағын қалпына келтіру" деп түсініп, бөріктерін аспанға атып жатса, біздің басшылықтың "алақайы" ақымақтық. Әзірге ақымақтық. Болашақта қылмысқа айналмасын деп тілейміз. Ерте ме, кеш пе, Қазақстан бұл Одақтан шығады деп сенемін. Билікке ұлтшыл күштер келсін, бүгінгі билік мақтанып отырған аймақтық одақтардың бірі де қалмас. Дәл қазіргі уақытта Ресей бізге бір қадам жасаса, біздер одан он қадам жасап қашуымыз керек. Ең алдымен рухани, саяси, ақпараттық салада. Ресеймен сауда-саттықты жасауға болар, алайда ағайыншылық пен достық болады дегенге сенбеймін. Қой мен қасқыр, жылқы мен аю он қосса да "дос" болмайды. Билік "кедендеткен", "одақтасқан" сайын оған деген ұлттың наразылығы еселеп өсе беруі керек. Дүйім қазақтың Ресейге деген көзқарасы белгілі: ата-бабасын миллиондап қырған мемлекет мен халықты кешіру оңай шаруа емес. Ол үшін Ресей өзі кешірім сұрау керек. Ал бүгінгі Ресей ондай қадамға дайын емес. Алдағы жиырма жылда бұл мүмкін емес. Ресей елімізге ондаған мииллиард доллар салса да қазақтың көңілін өзгерте алмайды. Мысалы, атам заманда түрік бабаларымызбен жауласқан Қытайға деген көзқарастар мыңжарым жыл ішінде аса қатты өзгере қойған жоқ. Ресейге де сондай көзқарас қалыптасып болды. Сондықтан бүгінгі "одақтардың" барлығының терең, тарихи, рухани негізі жоқ. Негізі жоқ, тамыры жоқ құбылыстар ұзаққа бармайды. Олар желдің ығына қарай жүйіткитін қаңбаққа ұқсайды. Ал қаңбақ мәуелі бәйтерек бола ала ма? Сондықтан осыған қарсы күрес тоқтамауы керек.
- «Миллион гектар жердің» жыры әлі де бітер емес. «АЗАТ» ЖСДП қаңтардың 30-ы күні осыған байланысты митинг өткізбекші...

- Оны толық қолдаймын. Ондай митинг болатын болса, оған қатысам. Қытайға жер берсек, миллиондап қытай енгізсек, біттік. Билік бұндай қадамға барса, өзіне-өзі ор қазады. Оған қарсы қазақ түгілі, орысың да қарсы шығады. "Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің" дейді ғой қазақ. Кейде, осы жер мәселесін билік Кедендік одақ пен Доктринаны өткізу үшін қасақана айтып отыр ма деп ойлап қаламын. Ондағы мақсат ана мәселелерден халықтың көңілін бұрып әкету. Солай болуы да мүмкін.
- Халықты тобырға теңеген Олжас Сүлейменовке қарсы хат жазып, оны Парижге жолдағаныңыздан хабардармыз. Ол жақтан қандай да бір хабар болды ма?

- Айтарымды айттым. ЮНЕСКО-дағы біздің елшіліктің поштасына жібердім. Шынын айтсам жауап күтіп отырған жоқпын. Олжас Сүлейменов кешегі күн мен келмеске кеткен қоғамның адамы. Оның пікірі мен үшін қызық емес. Адам ретінде, азамат ретінде білгенін істесін. Бірақ ондай адамдар ЮНЕСКО сияқты ұйымда елші болуға қақысы жоқ. ЮНЕСКО әлем елдерінің мәдениетін сақтау үшін құрылған ұйым. Ал Олжас Сүлейменов өз тілі, мәдениеті, тарихына, айналып келгенде ұлтына қарсы шығып отырса, ол ана жерде қай түрімен жүрмек? Жетпістен асты, алатынын алды, жейтінін жеді, демалсын енді. Әбден алжытып, беделін құм қылып оны елші қылып ұстаудың не керегі бар? Ол кезінде ұлттық рух үшін біраз еңбектенді. Талай қазақтың қазақтыққа қайтуына ықпал етті. Ол еңбегін мен жоққа шығара алмаймын. Алайда оның бүгінгі күнгі тірлігі сол еңбегін жоққа шығарып отыр. Мен мынадай астрономиялық мысалды жиі айтам: түнде далаға шығып, жұлдыздарды көреміз. Сөйтсек, біз көріп отырған жұлдыздардың жарығы олардың осыдан мыңдаған жыл бұрынғы жарқылы екен. Сол жарықтың жерге жетуі үшін мыңдаған жыл қажет. Ал осы арада кейбір жұлдыздар өшіп те қалады, жарылып та кетеді. Міне Олжас ағамыз да осындай "жұлдыз". Бұрынғы жарығы бар, ал өзі жоқ.

- Бүгінгі ашық әңгімеде біраз нәрсе айтылды ғой деп ойлаймын. Ой-пікіріңізбен бөліскен салиқалы әңгімеңіз үшін оқырмандар атынан алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта өзіңізбен тағы да келелі мәселелер жөнінде сұхбаттаса жатармыз деген үміттемін. Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Қонақпен әңгімелескен Е.МОЛДАБЕКҰЛЫ.

http://www.alash.ucoz.org

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1591
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1489
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1235
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1210