Сенбі, 4 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3191 0 пікір 7 Желтоқсан, 2009 сағат 07:21

Гүлнәр СИҚЫМБАЕВА: ҚОҒАМДАҒЫ КЕЛЕҢСIЗДIКТI ЖҮЙКЕМ КӨТЕРЕ АЛМАЙДЫ

Сексенiншi жылдар  қазақ эстрадасының қайнаған қайнар бастауы болды. Интернет пен теледидардың айтарлықтай дамыған кезеңi болмаса да,   әдемi әндер қатары көпшiлiкке тез тарап үлгердi. Бiраз әншiлердiң  әндерi қазiргi тiлмен айтар болсақ, хитке айналып, тыңдарман құлағында әлi күнге сақталып келе жатыр. Сол буынның алғашқы сапындағы әншi Гүлнәр СИҚЫМБАЕВАМЕН сәрсенбiде сұхбаттасудың сәтi түскен едi.

 

Гүлнәр ханымға арнап ән жазатын ақын-композиторлар жоқ па әлде олардың шығармалары сiздiң көңiлiңiзден шықпай жүр ме? Сахнадан жырақтап жүргенiңiзге не себеп?

Менiң көңiлiмнен шығатын ақын-композиторлар жоқ емес, бар. Бiрнешеуiнiң әндерiн орындап жүрмiн. Сахнаға суырылып шыға бермесем де, халықтың iшiнде жүрмiн. Күнде шығып тыңдарманды жалықтырып алғаннан гөрi, сағындырып барып жарқ еткендi ұнатамын.

Сонда сiздiң сахнаңыз қазақтың тойына қарай ауысып кеткен жоқ па?

Сексенiншi жылдар  қазақ эстрадасының қайнаған қайнар бастауы болды. Интернет пен теледидардың айтарлықтай дамыған кезеңi болмаса да,   әдемi әндер қатары көпшiлiкке тез тарап үлгердi. Бiраз әншiлердiң  әндерi қазiргi тiлмен айтар болсақ, хитке айналып, тыңдарман құлағында әлi күнге сақталып келе жатыр. Сол буынның алғашқы сапындағы әншi Гүлнәр СИҚЫМБАЕВАМЕН сәрсенбiде сұхбаттасудың сәтi түскен едi.

 

Гүлнәр ханымға арнап ән жазатын ақын-композиторлар жоқ па әлде олардың шығармалары сiздiң көңiлiңiзден шықпай жүр ме? Сахнадан жырақтап жүргенiңiзге не себеп?

Менiң көңiлiмнен шығатын ақын-композиторлар жоқ емес, бар. Бiрнешеуiнiң әндерiн орындап жүрмiн. Сахнаға суырылып шыға бермесем де, халықтың iшiнде жүрмiн. Күнде шығып тыңдарманды жалықтырып алғаннан гөрi, сағындырып барып жарқ еткендi ұнатамын.

Сонда сiздiң сахнаңыз қазақтың тойына қарай ауысып кеткен жоқ па?

Жо-оқ! Қазiр сол тойдың өзi де азайып барады емес пе? Бүгiнгi үрдiс бойынша той иелерi кiмдi шақырту керектiгiн үйленiп жат­қан жастардан сұрайды екен. Ал олар, әрине, өзiнiң қатарластарын тыңдағысы келедi. Сондықтан тойға шығу жағына келгенде, жас­тардың жолы басым тұр. Дегенмен арагiдiк шақырған тойларға барып, әнiмдi салып беремiн. Ел сияқты атан түйенiң құнын да сұрамаймын. Жағдайына қарай бергендерiн аламын. «Гүлдер» ансамблiнде 1985 жылдан берi қызмет етiп келе жатырмын. Сол бiрлестiктiң арқасында шетелге шығармашылық сапарларға шықтық. Ауырып-сырқап жүрсек те, ыстық пен суыққа төзiп, әнiмiздi айта бердiк. Ал жаңа келген жастардың көбi ондай алыс сапарларға бармайтын көрiнедi. Өйткенi олардың денi қиындыққа төтеп бере алмайды. Өнердегi жастарға төзiмдiлiк жетiспей тұр. Жуырда ғана сол ансамбльдiң қырық жылдық концертiн өткiздiк. Сондай мерекелiк шараларына шақырса, қалмай барып тұрамын.

Дегенмен тележәшiктен көрiнбей кеткенiңiз де рас қой.

Телевидениенiң мамандары жаңадан шығып жатқан жастарға көбiрек қолдау көрсетiп отыр. Ол да жөн шығар. Ал шақырып жатса барамын, әйтпесе жоқ жерде өзiме жарнама жасауды жаным сүймейдi.

«Мен саған өкпелемеймiн», «Жан шуағым - мерекем», «Ғажайып танго» сияқты бiрнеше әнiңiз хитке айналған болатын. Сондай әндермен жарқ етiп шығып, жаңаша жағынан танылу ойыңызда жоқ па?

Жоғарыда айтқан әндер менiң жарқ етiп шыққан жас кезiмдегi «паспортым» едi. Ал қазiр қандай ән айтып шықсам да, Гүлнәр екенiмдi тыңдарман айнытпай таниды. Бұйырса, сахнада жүргенiме отыз жыл толады екен. Осы уақыт аралығында өзiндiк түр-тұлғамды қалыптастырып үлгерген болармын.

- Отыз жыл деген аз уақыт емес. Осы еңбегiңiзге орай мемлекет тарапынан алған қандай сый-құрметiңiз бар?

- Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi дегеннен басқа алған дәнеңем жоқ. Ептiлер несiбелерiнен құр қалмайды. Бермеген нәрсеге бола мен жармасып, жанталасқан жоқпын. Өнер мен мәдениетке жаны ашыған бiрден-бiр азамат Заманбек марқұм болды ғой. Әншi-күйшiлердiң көбiн баспанамен қамтамасыз еткен де - сол азамат-аға. Қазақтың қабырғасы қайысқан мәдениетi бүгiнгi күнi сондай азаматтарға сусап тұр.

- Елдiң ермегi болған «Екi жұлдыз» бағдарламасын тамашалап жүрген боларсыз. Тәжiрбиелi әншi ретiнде осы шоуға қандай баға берер едiңiз?

- Сенбi күнi үйде көп болмайтындықтан, ол бағдарламаны бастан-аяқ көруге уақыт таппай жүрмiн. Анда-санда көзiм шалып қалғаны болмаса.

- Ал өзiңiздi шақырды ма?

- Жоқ. Шақырса да, баруға бола ма, жоқ па, сол жағын дұрыстап ойланып алған болар едiм. Өйткенi көзi қарақты көрерменге сайқымазақ көрiнуiмiз мүмкiн. Бұл шоуды өзгеден көшiрiп, қайталап жатқанымыз - өз алдына бiр бөлек әңгiме. Мәселе - қосақтап берген жұбыңның ел алдында ұятқа қалдырмай, дұрыс ән айта алатындығында. Сол шоуға қатысып жатқандардың бәрiн жұлдыз деп айта алмаймын. Лұқпан Есеновтiң қызы Әлияны жұлдыз дейтiндей қай шығармашылық қырынан көрiп едiк? Жолдасы Парвизды қойшы - әншi ретiнде танылып жүрген адам. Басқасын қайдам, өз әндерiн қақалып-шашалып айта алмай жатқан әншiлердi көргенде, жерге кiрiп кете жаздайсың. Бiрақ сахналық безендiрулерiне шек келтiрмеймiн.

- Қазiргi «жеңiлдiң астымен, ауырдың үстiмен» жүретiн әншiлердiң әуенi де жеңiл-желпi болып кеттi. Себебi неде деп ойлайсыз?

- Бұл - парадокс. Халықтың құлағына үздiксiз келе бергендiктен бе, кейбiреуi мiңгiрлеп болса да, болымсыз әндердi айтып жүредi. Ал ХитТв арнасын қарағым да келмейдi. Ақын-композиторлар сол арнада күнi-түнi көрсетiлетiн негрлердiң әуенiне елiктеп ән жазуда. Өйткенi сондай «тауардың» жастарға өтiмдi екенiн жақсы бiледi. Осыған шектеу қойылса екен деймiн.

- Бүгiнгi күнi саясат деген пәле суырылып алға шықса, өнер мен мәдениет жетiм баланың күйiн кешiп, кейiнге сырылып қалды. Үкiмет тарапынан осы екi ұғымға көңiл бөлiнiп отырған жоқ деген ел iшiндегi пiкiрге не дер едiңiз?

- «Қазақконцерт» пен «Гүлдер» өз алдына беделi мен тарихы бар өнердiң ордалары едi. Екеуiн қосып, ашық акционерлiк қоғам жасап, масқара еттi. Бұл бiреудiң сатып алған бизнесi болып тұр ғой. Көп әншiлердiң мемлекет қолдау көрсетсе, «Гүлдерге» қайтып оралар ниеттерiн естiп жатырмыз. Бiрте-бiрте осы бiр жалғыз қара шаңырақтың тамырына балта шабылып кетпесе екен деп қорқамын. Жекеменшiк аталған соң, ол жердегi Алтынбек Қоразбаев пен Жеңiс Сейдоллаұлының қолынан да түк келмейтiн болып қалды. Өз ерiктерiмен ешқандай мәселенi шеше алмайды. Өйткенi басшылары Астанада отыр.

- «Гүлдер» концерт қояды десе, жұрт iшкен асын жерге қоюшы едi. Ел арасынан: «Гүлдердiң» бағдарламасы ұсақталып кеттi», - дегендi еститiн болдық...

- Мен сол ұжымға Ғабиден Тұяқбаев басшылық етiп отырған кезде келген едiм. Ол кiсi сахнаға шығарда әртiстердiң көйлегiнiң тiгiсi мен түймесiне дейiн мән беретiн. Ондай талапты ер адамның майда-шүйдешiлдiгi деп емес, өнердi сүйгендiгiнен деп танитынбыз. Ал қазiргi әншiлердiң сахнаға қалай киiнiп шығып жатқанына көңiл бөлген басшыны көрмедiк. Бiрақ «Гүлдердiң» қырық жылдығына арналған концерт өте ұнады. Жетекшiсi Жеңiстiң ұйымдастырушылық қабiлетiнiң арқасында концерт жоғары деңгейде өттi десем, қателеспеймiн.

- Балет бишiлерiн қартайтып, белдерi қайысқанша билетiп қоймай, өзге өркениеттi елдер сияқты, қырық жасқа келгенде зейнеткерлiкке шығару туралы ұсыныстарға Мәдениет министрлiгi құлақ аспай келедi. Ханға да, қарашаға да сөзiн өткiзе бiлген өнер адамдарына деген құрметтiң жоғалғанына не себеп?

- Бұл жайлы балетмейстер Болат Аюханов та аз айтып келе жатқан жоқ. Мыңқ еткен министрлiктi байқамадық. Әрине, ұят нәрсе. Бұдан артық айтарым жоқ.

- Осыған орай, «Белдерi қайыс­қан балет бишiлерiнен жерiген жұрт елу жылдан кейiн балет театрына барудан қалады», - деген пiкiрдi де естiдiк.

- Iшiмде жатқан талай қиналыс пен толғаныс бар. Бiрақ оларды ашып айта алмаймын.

- Айтпаймын дегеннен шығады, Мұхтар Шаханов бастаған зиялылар тобы билiктiң «Ел бiрлiгi» тұжырымдамасының жақсылыққа апармайтынын айтып, аштық жариялайтындарын хабарлауда. Халықтың мұң-мұқтажына байланысты осындай түрлi митинг, пикет, акциялардан өнер адамдарын кездестiрмеймiз. Әншi атаулы сұрапыл соғыста да суырылып алда жүрген едi ғой...

- Қоғамда болып жатқан келеңсiздiктер азамат ретiнде бiздi де алаңдатады. Өз басым, жан дүнием нәзiк болғандықтан, батыл қадам жасайтын жерлердi жүйкем көтере алмайды. Сондықтан саясатты қойып, қарапайым өмiрдегi ұрыс-жанжалдан аулақ жүретiн адаммын.

- Әйтсе де газет-журнал оқып дегендей, бiр уақыт теледидарға да үңiлерсiз...

- Әрине.

- Осы тұста отандық телеарналардың ұлттық өнердi насихаттау жағы көңiлiңiзден шыға ма?

- Әлбетте, көңiлiм толады. Түрiк ағайындастардың киноларын көрсетiп жатыр. Солардың адамды сыйлау сияқты көп жерлерi бiзге ұқсас. Сондай-ақ өзiмiз көрiп жүрген кәрiс хикаяларындағы кәрiстердiң де менталитетi бiзден алшақ емес. Қазақ классикасының қоржынына түскен «Алпамыс», «Менiң атым Қожа» сынды кинолардың қатарын сағынатынымыз рас. Бiрақ классиканы ғана iздеп қатып қалмай, жастардың жаңа дүниелерiне де бет бұрған дұрыс.

- Кейбiр әрiптестерiңiз тiрнектеп жан бағып жүрсе де, жағдайымыз жаман емес дегендi айтады. Бiрақ...

- Бiз, қазақ, қанағатшыл халықпыз ғой. Жоқты жоқ деп айтпайтынымыз да содан. Менiң де сiзге айтпаған талай сырларым бар. Оны еш уақытта ешкiмге айтпаймын да. Бұл да қанағатшылдыққа негiзделген мiнезiмнен болар. Жоғымды айтып, өзi де тұрмысы мен рухани жағынан жұтап жүрген елдiң еңсесiн түсiрiп алғым келмейдi.

- Заңның әлсiздiгiнен әйелдер жәбiрдi көп көруде. Ерiне араша түсiп, қоғамнан әдiлдiк таба алмай зар еңiрегендер қаншама. Қазақ қыздарын жылатпаған халық едi ғой...

-Заманның өзi солай болып тұрса, қайтемiз?

- Сол заманды жасап отырған адам емес пе?

- Осының түбiне өзiм де жете алмай келемiн. Бiрақ еркек атаулының екi қолына күрек жоқ болғандықтан, отбасын асырап отырған - әйелдер. Матриархат бiзге келе жатыр. Менi осы толғандырады. Ұлымның жасы жиырмада. Мамандығы - экономист. Соның болашағына алаңдаймын. Жұмыс табудың өзi шешуi табылмас қиын мәселеге айналды. Тапқан күннiң өзiнде сол орынға тамыр-таныстарын, туыстарын тықпалайды. Соның кесiрiнен бүгiнгi күнi нағыз мамандар жұмыссыз сенделуде.

- Қандай әже болып қартайғыңыз келедi?

- Ұлым бiр шүйкебасты ертiп келгеннiң өзiнде, оның алдында өзiм келiн болып жүгiретiн сияқтымын. Мұны әрбiр ата-ана жанымен сезiнедi. Себебi, өзi - жалғыз бала. Өзгенiң қызын өз қызымдай көрмеске амал бар ма? Дегенмен бүйрегiм ауылдың қызына көп тартып тұрады. Ал әжелiкке келер болсақ, қартайса да, қызымен жағаласқандар жоқ емес. Ашығын айтқанда, бұрынғы мен қазiргi әжелердiң арасы жер мен көктей. Бiрақ оның бәрi арғы тегiндегi тәлiм мен тәрбие­ге байланысты деп ойлаймын.

Динар

КАМИЛОВА,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT»9 (34) от 2 декабря 2009 г.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1150
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1054
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 785
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 909