Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Жаңалықтар 8121 0 пікір 9 Қараша, 2009 сағат 05:55

“ГҮЛДЕР МЕН КIТАПТАР” – МӘДЕНИЕТ ҚҰБЫЛЫСЫ

 

Кейінгі жылдары қазақ әдебиетінде қалың көпшілікке танымал болған есімнің бірі- Дидар АМАНТАЙ. Жақын арада проза шебері, танымал қаламгер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дидар АМАНТАЙДЫҢ  «ҚАРҚАРАЛЫ БАСЫНДА» деген кітабы жарық көрмекші.  Он мың дана таралыммен шыққалы отырған жинаққа автордың әр жылдары жазылған туындылары топтастырылған. Сонымен қатар, кезінде әдеби қауым арасында үлкен серпіліс тудырған, қаламгердің «ГҮЛДЕР МЕН КІТАПТАР» деген  атышулы романы да кітапқа енгізілген. Әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова мен жазушы Герольд Бельгердің «ГҮЛДЕР МЕН КІТАПТАР» жайындағы мақалаларын да осы кітаптан оқи аласыздар.  Біз төменде  сол «атышулы» роман жайында жазған танымал сыншы Әлия Бөпежанованың  талдау мақаласын abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына ұсынып отырмыз.

Әлия БӨПЕЖАНОВА

 

"ГҮЛДЕР МЕН КIТАПТАР" - МӘДЕНИЕТ ҚҰБЫЛЫСЫ

(Дидар Амантайдың жаңа романы туралы )

 

 

Кейінгі жылдары қазақ әдебиетінде қалың көпшілікке танымал болған есімнің бірі- Дидар АМАНТАЙ. Жақын арада проза шебері, танымал қаламгер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дидар АМАНТАЙДЫҢ  «ҚАРҚАРАЛЫ БАСЫНДА» деген кітабы жарық көрмекші.  Он мың дана таралыммен шыққалы отырған жинаққа автордың әр жылдары жазылған туындылары топтастырылған. Сонымен қатар, кезінде әдеби қауым арасында үлкен серпіліс тудырған, қаламгердің «ГҮЛДЕР МЕН КІТАПТАР» деген  атышулы романы да кітапқа енгізілген. Әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова мен жазушы Герольд Бельгердің «ГҮЛДЕР МЕН КІТАПТАР» жайындағы мақалаларын да осы кітаптан оқи аласыздар.  Біз төменде  сол «атышулы» роман жайында жазған танымал сыншы Әлия Бөпежанованың  талдау мақаласын abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына ұсынып отырмыз.

Әлия БӨПЕЖАНОВА

 

"ГҮЛДЕР МЕН КIТАПТАР" - МӘДЕНИЕТ ҚҰБЫЛЫСЫ

(Дидар Амантайдың жаңа романы туралы )

 

Бүгiнде сапалық жағынан өзгерiске түсуi заңды қазақ әдебиетiнiң жаңа буынының көрнектi өкiлi Дидар Амантайдың жаңа романы "Гүлдер мен кiтаптар" туралы жазуға ниеттенгеніме біраз уақыт болған. "Әні, міне" деп жүргенімде осы роман туралы аға буын жазушылардың бiр-бiрiне мүлдем кереғар екі пікірін оқыдым. Жаңаға, жақсыға сергек Гер-аға, Герольд Бельгер "Дидардың гүлдері мен кітаптары" атты мақаласында романды жоғары бағалаған /"Central Аsia Monitor",12.08.05, қазақшасы "azamat.kz",02.09.05/. Ал, жазушы-драматург Дулат Исабеков соңғы бір сұқбатының едәуір бөлігін сұқбат алушының қалауымен Дидар Амантайға арнап, оның шығармашылығына, "Гүлдер мен кітаптарға" сын айтады /"Ақжол-Қазақстан", 02.09.05./: "...оны роман деп айтатын болсақ, онда бүкіл дүние романға деген көзқарасын өзгертуі керек,.. оны роман деп айтуға болмайды" деп шорт кеседi.

Мәдени кеңістігімізге шыққанына он шақты жылдың жүзiнде Дидар Амантай шығармашылығы, жоғарыда аталған мақаласында Гер-аға айтпақшы, небір пікір қайшылықтарын тудырып келедi. Менiңше, оның объективтi де субъективтi себептерi бар. Объективтi себебi - Дидардың төл прозамызға саналы түрде құрылымдық өзгерiстер енгiзуге ұмтылатындығында. Ал, оны бiрден қабылдауға, зерделеуге оқырманның оқырмандық тәжiрибесi жетiспей жатады. Ницшеше қисындағанда: «автордың оқырманды ұятқа қалдырарлықтай немесе шошындырарлықтай парадокстары көп жағдайда кітаптан емес, оқырманның өз ойынан шығады». Бұл жағдайдың өзi, жалпы алғанда, қазақ кеңiстiгiнiң бүгiнгi таңдағы рухани-мәдени проблемасы екенiн мойындауымыз керек.

Дидар шығармашылығы көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен және жасампаз сұқбаттастық сипатымен ерекшеленедi. Мұның көркем көрiнiстерi - жазушының "Мен Сiздi сағынып жүрмiн" атты он-он екі ғана беттiк повесi мен жүз беттен сәл ғана асатын "Гүлдер мен кiтаптар" романы. Шығарма жанры оның көлемiмен емес, оның ой қуатымен, концепциясымен анықталады. "Мен Сiздi сағынып жүрмiн" сөзi аз, ой кеңiстiгi кең және де ол ой мәдени-философиялық контексте ашыла түсетiн, яғни жаңа заман талабына сай проза. Ал...

"Гүлдер мен кiтаптар" сынды шығарманы мен қазақ әдебиетiнде бұрын-соңды алғаш оқуым.

Бұл - мен үшiн сыншы ретiнде де, оқырман ретiнде де үлкен қуаныш; сын, егер шығармашылық екенi рас болса, сыншы әйтеуiр сыншылық мiндетiнен шығып қана емес, өнердiң өнерлiк тұрғысынан предметтiк әңгiме қозғауға болатын шығарма оқығандықтан туындаған қуаныш.

"Гүлдер мен кiтаптар" - көп планды роман. Әдеттегi ұғымдағы, себеп-салдарлы, классикалық үлгiдегi көп планды да көлемдi роман емес, көлемi шағын, соған қарамастан, конструкциясы өте дамыған - бiрнеше идеяны қат-қабат алып жүретiн роман; оқырманынан мәдени-философиялық оқылымды талап ететiн; "не бередi?" емес, "не аламын?" қағидасымен оқығанда ғана мәнi ашыла түсетiн роман;

яғни бұл тұста автордың емес, оқырманның мәселесi шығады. Басты бiр ерекшелiгi де - осы. Ал, мұндай туынды қазақ көркем әдебиетiне аса қажет-тi.

Романда бiрнеше пласт, қат-қабат бар. Автор оның бәрiн әдемi бiр үйлесiммен алып жүредi. Бiз маңыздылығы жағынан салмақтап, орын бөлмей-ақ, өз қабылдауымыз, яғни өзiмiзден цитата жасасақ, "не аламын?" үдесiнен келгенде, мынадай конструкция құрар едiк:

Бiрiншi шеңбер - ХХI ғасыр, яғни бүгiнгi күн. Әлiшер есiмдi жазушы үлкен бiр кiтап жазуға кiрiскен. Бүкiл ойы сол кiтапқа байланған. Сол кiтаптың идеясы, жазылуы барысындағы күнделiктi өмiрi, таныстары, бүгiнгi өмiр бейнесi, санасында бейнеленiп жатқан әлем бейнесi /картинасы/. Әлем картинасын кейiпкер тiкелей руханиятпен байланыстыра көредi. Сондықтан да ол бiр ерекше тынысты әлем. Бұл - бiр және де кейiпкердiң ұғымында:

... Кiтап дәуренi өткен. Кiтаптың қадiрi кеткен. Кезiнде кiтапқа бас иген, кiтаппен адам болған адамзат оған "сатқындық" жасады. Бұл құбылыс романның бас кейiпкерi Әлiшердiң мұңына, мүмкiн, трагедиясына айналған.

Сондай-ақ тап осы "cатқындық" бiр есептен, оның шығармашылық iзденiстерiнiң бастауы да. Өйткенi, нағыз өнердiң кезеңi - "әдебиеттiң өмiрдiң көркем бейнесi" емес, суреткер жасар жаңа әлем кезеңi екенiн терең сезiнетiн кейiпкер дәстүрлi әдебиет стилiнен саналы түрде бас тартады - өзге өлшемдi әдебиет жасауға ұмтылады. Мұнысынан жап-жақсы нәтиже шығады. Содан да барып оның оқырманы ендi өнер, мәдениет контексiндегi пәлсапа әлемiнде күн кешуге мүмкiндiк алады.

Шығарма "Әлішер" тарауымен, кейiпкердiң түс көруiмен басталады. "...Жорғалап келе жатып ол жердiң иісiн таныды, кiтаптың иісi шығады. Кәдiмгi шаң-топырақ басқан байырғы сары ала қағаздың таңсық алабөтен иісi тап иегiнiң астынан аңқып тұр..." Сiз тап осы түстi әлденеге заявка ретiнде қабылдауыңызға болады.

"... Аспан мен жердiң арасын қалың бозамық тұман жайлаған. Бұл неткен заман болды, ешкiм ойланып үлгерген жоқ, аласапыран аяқ астынан бауырына алып жаншып тастады. Ол ақ шаңқан бұлт iшiмен жайлап ақырын жүзiп келедi... ... Көк пен жер астасқан кезде қасқырдың ұлыған дауысынан аспан қайыра ажырап, көтерiлiп кетiптi деген аңыз бар едi..."

Жазушы жiгiттiң рухани iзденiстерiнiң өзегi - өз түп-негiзiн iздеуi, атап айтқанда, түркi әлемiн сонау түп бастауынан бүгiнге дейiн үзiлiссiз тарихын бiлгiсi, соны жазып-жасап шықпаққа деген ынта-ұмтылысы. Және осы жолдағы өзiнiң саналы iзденiстерi және оны кiтапқа түсiру жолындағы қарекеттерге бастауы. Бұл - екi.

"Дүние үлкен шеңбер iшiнде, ғұмыр үлкен шеңбер iшiнде,.. соған елiктеу" роман финалында шығарма - түс өңге айналуымен тұйықталады. Кейiпкер өнерлiк үлкен мақсаты - "Тәңiрдің Кiтабының" iргетасын қалап шығады. Бұл - үш. Ендi келесi шеңберге шығамыз.

 

Екiншi шеңбер. Ықылым замандар. Бiрiншi бөлiмдегi "Мұса, Ғайса, Мұхаммед, салла(А)ллаһу аләйһи уә сәлләм", "Заратуштра", "Дао, Бұдда, Құңфұдзы", "Сопы" тарауларында қазақ даласына әртүрлi дiндердiң келiп барлау жасауы, орнығуға ұмтылуы. Өткен күн, өткен кезең, өткен дәуiрлер тарихын бiздер қолжазбалар мен кiтаптардан оқып-бiлемiз. Қағаз бетiне түспеген небiр тарих тағы бар. Сондықтан да адамзаттың рухани айналымға түскен тарихының өзi кей тұстарда күмәндi. Адамзаттың пайда болуы, тарихи ғұмыры туралы небiр аңыз-әпсаналар жеткiлiктi. Автор осының түркiлiк болмысын нұсқалауға ұмтылады. Түркiлер арасындағы алғашқы күнә. Алғашқы өлiм. т.б... Бұл, бiр есептен, сонау түп-тарихтан тартатын жадыны ояту, жаңғырту әрекеттерi... Тәңiрi мен Түркi ұғымы арасына теңдiк белгiсiн қоюға пейiл Дидар романы - "Тәңiрдiң баласы түркiнi жоқтап күңiренген жетiм қоңырау."

 

Үшiншi шеңбер - Кiтаптар. Гүлдер. Яғни Әдебиет пен Өнер пәлсапасы. Сұлулық пәлсапасы. "Кітап дүниені өзгертпейді. Бірақ, жетім көңіл жалғыздықта оны өзіне медет тұтады". "Асқақ кiтап, әуелі, кiсiлiктiң белгiсi", - дейдi автор. "Гүл,..., бірінші кезекте, әуен." "...гүл - бәрібір, азаттық пен жалғыздықтың жалауы. Азаттықты іздеген жалғыздықтан жеңіледі..." "Кiтап ой ретiнде жалғыздықтың аясында дүниеге келетiн жұмбақ құбылыс, ал гүлдi серiк iздеген жаны нәзiк адам өсiредi. Гүл сезiмдi ой тудырады, кiтап ойдың сезiмiн дамытады."

 

Төртiншi шеңбер - Кiтаптың жазылу технологиясы, "Тәңiрдің Кiтабының" және жалпы бүгiнгi әдебиеттiң, автор ұғымындағы технологиясы. Инновация неде? ...

Бесiншi...

Алтыншы...

Романдағы әрбiр шеңбердi жеке-дара талдап шығуға болар едi. Әрбiр жеке тарауды да. Мысалы, "Қазақ ақындары" тарауын алыңыз. Бiрiншi пласт, бiр жарым-ақ беттiк суреттеу. Артық-ауыз бiр сөз жоқ... Бiрақ, бүкiл атмосфера бар...

 

Роман кеңiстiгiне енсеңiз, авторлық оймен қоса өзiңiзге бұрыннан таныс идеялармен, авторлармен ежелгi танысыңыздай жолығасыз. Iштей бiр ырзалықпен "cәлемдесесiз", сонсоң кейде онымен iштей полемикаға түсе бастайсыз. Өйткенi, бiрiншiден, олармен, ең алдымен, автордың өзi полемикаға түседi. Сонсоң - сiз: кейде автормен, кейде автордың авторларымен полемикаға түсесiз. Бiр ғана шарт. Басты шарт - тек сананы, бiлiм қорыңызды, өзiндiк көзқарасыңызды "iске қосыңыз". Сонда сiз:

ХХ ғасыр өнерi мен пәлсапасындағы небiр зерделемелерге автордың зерделемелерiн табасыз.

Айталық, Кiтаптар туралы әңгiме, яғни, журналист Жәмиламен сұқбат әдебиет әлемiнде күн кешетiндерге Хемингуэйдiң "Африканың жасыл қырларын", ал философиядағыларға Хайдеггердiң "Болмыс туралы сұқбатын" еске түсiруi мүмкiн. Тек бұл қайталау емес, Дидардың жазушылыққа, жазуға, кiтапқа өз көзқарасы, өз әлемi. Немесе "Автор" тарауы Борхестiң идеясын дамытқан Ролан Барттың автордың өлiмi концепциясын, "Тілдің дерті" тарауы Хайдеггердiң ХХ ғасырда негiзгi өзек-идея болып келген "Тiл - Болмыстың мекенi" қағидасының ХХI ғасырда Бродскийлер қағидасымен алмасқанын жаңғыртатынын... Романнан қазақтың жыраулық дәстүрі пласттарын да аңдайсыз. Түйiп айтқанда, романның мәдени-пәлсапалық кеңiстiгi кең. Ал, бүкiладамзаттық мәдениет баршаның игiлiгi екенiн еске алсақ, бұл тұста автордың көркем сөз өнерiнiң ерекше бiр үлгiсiнде жұмыс iстейтiнiн мойындамасқа болмайды. Мұндай ерекше үлгiде жұмыс iстеуге оның кәсiби философиялық бiлiмi мен суреткерлiк ұшқырлығы барынша мол мүмкiндiк бередi.

Ойжұмбақтық сипаты бар роман оқырманына пiкiрiн таңбайды, шындыққа үстемдiк жасамайды. Еркiндiк бередi. Мысалы, "Кiтаптар" тарауында автор 215-ке тарта шығарманы, "Қаламгер" тарауында 300-ден астам жазушыны атайды. Бұл - автордың рухани тәжiрибесi. Сiз бұл тiзiмдi өзiңiзше қисындауыңызға болады - өзiңiз қалағаныңызша өзге шығармаларды қосыңыз немесе бұл тiзiмде көргiңiз келмейтiндердi ойша сызып тастаңыз.

Романның авторлық мұрат-мақсатын iздеп әуре болмаңыз. Автор өз мақсатын да, кейiпкердiң мұраты мен күмәнiн де, т.б. туралы өзi айтады да отырады. Өзiнiң айтқан қағидаларын өзi жүзеге асырады.

Мысалы, өзi айтады: "...мақсат үшеу: кiтап дегенiмiз немене, бүгiнгi күн мен тарих дегенiмiз не, түркi дегенiмiз кiмдер?" Немесе бүгiнгi роман қандай болуы керек - автордың ол туралы өз ұстанымы бар. Тiл туралы да. Және де өз қағидасын өзi жүзеге асырады. Оның бiр айқын мысалы - романның екiншi бөлiмiндегi жырлар. Түркiлердiң пайда болуы, ежелгi тарихы туралы 25 жыр - роман iшiндегi роман. "Дәлірек айтса, қос том, он екі кітап, жеті жүз жиырма жыр. Бір томда - алты кітап, бір кітапта - алпыс жыр...Мен қысқа сөйлемдердің үтірмен бөліне отырып, ұзақ сөйлем құраған тілін таңдап алмақшымын", - дейдi автор. Өзi осылай - жыр үлгiсiмен жазады. Ой-сурет-ырғақ-екпiн - бәрi жинала келгенде көркем жыр түзеді... Экспрессия. Бiр жыр - бiр сөйлем. Мысалы:

" бiрiншi жыр,

деп жазды жаңа дәптердiң бетiне, божғын сақарада жаугершілік жылдары түйе қомында сақталып келген асқабы киіз кітаптың соңғы нұсқасы өртенгеніне бір жыл толғанда, Кейіктің аталас немере туысы Анақай қалың әскерін шұбыртып, төңірегіне жарық шашып арқан бойы тік көтерілген күн жүзіне қарата туралай бұрды, Кейік қаған түркі халқы қасиетті жазбалардан көз жазып қалған сәттен бастап сол кітапта таңбаланған бастан кешкен барлық уақиға қайыра оқыс қайталанарын оқыған еді, көп жұрт соңғы бетіне түскен күрмеудің ақырғы жолына аса назар аудара қоймайтын, ал бірақ Тәңірдің көк байрақты түркі ұлыстарына арнаған бұл жолдауында келешекке болжам жасаған ескерту низам бар еді,

екiншi жыр...

...жиырма бесiншi жыр..."

Болмысы - Тәңiрi болып отырған түркiлердiң ендiгi тарихы қалай таратылады. Оқырман ретiнде жалғасын күтесің. "Тәңiрдің Кiтабы" толыққанды түрде қалай, қашан жазылып шығады? Оны жазушының алғашқы бiр романының кейiпкері айтпақшы, әрине, "Дидардың өзi бiледi".

Роман кейiпкерi Әлiшерден авторлық, жеке тұлғалық бастау сезiледi. Ол - адам санасының тұтастығы жойылған, "әлемнiң кiндiгi - адам" қағидасы белгiлi бiр деңгейде мағынасынан айырыла бастаған, бұқаралық мәдениеттiң "жеңiп", адамның, қоғамның өмiр салты, тiптi дүниетанымы озық технологиялар аясында қалыптасып отырған кезеңнiң кейiпкерi деуге болады; белгiлi философ-мәдениеттанушы Әлмира Наурызбаева "постгуманистiк кезең" деп анықтама беретiн кезеңнiң кейiпкерi; алайда, рухани болмысы мықты, бойына өз заманының да рухани-мәдени мұрат-идеалдарын жинақтаған кейiпкер.

Өнер не үшiн керек? Кiтап не үшiн жазылады?

Суреткер Дидар Амантай "Гүлдер мен кiтаптар" романында да мәңгiлiк сауалдардың бiр парасына жауап iздеп шарқ ұрады, осы бiр рухани-пәлсапалық iзденiстерiне оқырманын да ортақ етедi. Романда жасампаздық рух, жанды әлдилер әдемi бiр мұң бар. Ойдың мұңы. Кез келген тарауын жеке шығарма ретiнде де оқуға мүмкiндiк тудыратын Дидар оқырманын ой кеңiстiгiнде еркiн жүздiрiп, өзi жауап iздейтiн сауалдарға өз қисынымен жауап берiп те шығады.

"Гүлдер мен кiтаптар" романы жаңа өнер философиясы ұғымдарынан таратқанда:

- аңыздық сана;

- түс философиясы;

- мүмкiн әлемдер мағынасы,..

тағы да басқа пәлсапалық-көркемдiк тұжырымдамалар аясынан талданатын толыққанды көркем текст. Рухани кеңiстiгi таза, мұраты биiк көркем текст.

"Гүлдер мен кiтаптар" - мәдениет құбылысы.

Әдебиет санасының өскенiн көрсететiн шығарма.

 

Мәдениет құбылысы жалпылық бола алмайды.

Бұқарашыл бола алмайды.

"Гүлдер мен кiтаптарға" қызығушылық әлдебiр интрига немесе оқиға қуудан емес, ойдың өзiнен, осы прозаның өзi тудыратын пәлсападан туады.

Романды қабылдайтындар да, мүлдем жоққа шығаратындар да бар, әлi бола берерi анық. Оның бiр себебiн сөз басында айттық.

Бiрақ, мұның бәрi - жекелеген адамның ғана емес, әдебиеттiң де санасында жүретiн қарекет-әрекеттер hәм осы қарекет-әрекеттердiң көрiнiсi.

 

қыркүйек, 2005 жыл

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2184
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2580
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2496
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1679