Жұма, 10 Мамыр 2024
Жаңалықтар 6493 0 пікір 6 Қараша, 2009 сағат 07:30

Тіл тағдыры үшін құрылған қоғам

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құру 1989-1991 жылдардағы ұлттық қайта жаңғыру, «демократиялық толқын» кезеңіне дөп келді. Тап сол кезде Үкімет мүшелері де, Жоғары Кеңес депутаттары да жүзеге асыра алмайтын аса күрделі қоғамдық істерді «Қазақ тілі» мүшелері қолға алды және кейбір ұйымдар мен жеке тұлғалардың кесе-көлденең тұрғанына қарамастан, пәрменді іс-әрекеттерімен қоғамдық санадағы қазақ тілінің болашағына деген сенімсіздіктің сірескен сеңін қақырата жарған олар «ә» деген кезде-ақ біршама нәтижеге қол жеткізді.

Біздің облыста қоғамның бастауыш ұйымдарын құру ісіне жоғары оқу орындарының ғалым-ұстаздары, жергілікті ақын-жазушылар, журналистер белсене араласты. Олардың ішінде Павлодар педагогика институтының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, профессор Ермек Өтебаев пен Павлодар индустриалды институты физика кафедрасының доценті,  техника ғылымдарының кандидаты Жеңіс Мардановтың еңбектері ерекше еді. (Енді екеуі де марқұм).

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құру 1989-1991 жылдардағы ұлттық қайта жаңғыру, «демократиялық толқын» кезеңіне дөп келді. Тап сол кезде Үкімет мүшелері де, Жоғары Кеңес депутаттары да жүзеге асыра алмайтын аса күрделі қоғамдық істерді «Қазақ тілі» мүшелері қолға алды және кейбір ұйымдар мен жеке тұлғалардың кесе-көлденең тұрғанына қарамастан, пәрменді іс-әрекеттерімен қоғамдық санадағы қазақ тілінің болашағына деген сенімсіздіктің сірескен сеңін қақырата жарған олар «ә» деген кезде-ақ біршама нәтижеге қол жеткізді.

Біздің облыста қоғамның бастауыш ұйымдарын құру ісіне жоғары оқу орындарының ғалым-ұстаздары, жергілікті ақын-жазушылар, журналистер белсене араласты. Олардың ішінде Павлодар педагогика институтының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, профессор Ермек Өтебаев пен Павлодар индустриалды институты физика кафедрасының доценті,  техника ғылымдарының кандидаты Жеңіс Мардановтың еңбектері ерекше еді. (Енді екеуі де марқұм).

Жеңіс Марданов (1945-2001 ж.ж.) «Қазақ тілінің» облыстық ұйымы басқармасының төрағалығына 1990 жылы сайланған соң, қоғамдық іспен айналысуға біржолата бет бұрды. Сол жылдың қазан айында өзінің ынта-жігерінің арқасында ұйымның үні «Дауаны» ашып, 1995 жылға дейін газеттің бас редакторы болып қызмет етті.  Газет материалдарын сұрыптап редакциялауда Нәсіполла Есімов, Байтұяқ Жанымбетов, Бақи Әбдіқадіров, Қайыр Жүнісқалиев тәрізді кәсіби журналистер  де көп еңбек сіңірді.

Ақсу ауданының әкімі Қуат Есімханов «Қазақ тілі» қоғамын қолдаумен қатар, ұлттық құндылықтарды ауданда қайта жаңғыртуға айрықша үлес қосты! Қуат Есімханұлы Ермак қаласының атауы Ақсуға өзгертілуіне, атаман Ермак мүсінінің алынуына, елдімекендер мен көше атауларының қазақшалануына, қала мен ауданда қазақ мектептері мен алғашқы қазақ балабақшасының ашылуына, аудан тарихындағы тұңғыш қазақ газеті «Ақжолдың» жарық көруіне, ұлттық мейрам «Наурыз» тойының сән-салтанатпен өтуіне, айтыс өнерінің жандануына тікелей ықпал етіп, ұйымдастыру ісінде басты рөл атқарды десек, артық айтқандық емес. Кейін ол Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы драма театрының материалдық базасының толығуына қомақты үлес қосты. Тіпті ол Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып істеп жүрген 2004 жылы «Ертіс дидары» газетінің редакторы, ақын Арман Қанидың 50 жылдық мерейтойына орай «Қазақ тілі» қоғамының атынан жазған біздің өтініш хатымызды қанағаттандырып, «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ» және «Тамшылар» атты екі бірдей жыр жинағының Павлодардағы «ЭКО» баспасынан жарық көруіне қаржылай демеушілік жасады!

Бірқатар кәсіпорындар мен мекемелерде «Қазақ тілінің» бастауыш ұйымдарын құру мәселесін сондағы тіл жанашырларының өздері қолға алды. Мысалы, сол жылдары 25 мыңдай жұмысшы еңбек ететін және олардың едәуір бөлігін қазақ жастары құрайтын Павлодар трактор заводы өндірістік бірлестігінің партия ұйымы хатшысы Мерсалық Тәліпов пен қызметкері Биеке Болатов тракторжасаушылармен Жеңіс Мардановтың кездесуін ұйымдастырып, қоғамның бастауыш ұйымын құруға қолдау көрсетті.  Сондай-ақ Ақсу ферроқорытпа зауытындағы қоғамның бастауыш ұйымы, сол өндіріс орнының жұмысшысы Төлеубек Әйтеновтың ынтасымен құрылды. Ұлтжанды, жігерлі осы азамат күні бүгінге дейін ұйым төрағасы қызметін абыроймен атқаруда. Мұндай игілікті істер Павлодар алюминий зауытында (Б. Әкімқұлов), «Екібастұзэнерго», «Екібастұзкөмір» және Тың теміржолы Павлодар бөлімшесі (Ә. Сарқыншақов) өндірістік бірлестіктерінде де қолға алынды.

«Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы құрылған алғашқы кезеңде оған көптеген мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, тіпті жеке тұлғалар да материалдық қаржылай көмек көрсетіп, моральдық қолдау да білдірді. Мәселен, тек 1990 жылы ғана облыстық ұйым  қорына кеңес ақшасымен 150 мың сом (рубль) кіріс түскен. Оның 70 мыңы облыстық атқару комитетінің бюджеттік қаржысынан бөлінсе, 24 мың 200 сомы «Пульс» акционерлік қоғамынан (басшысы Кеңес Жұмабеков) аударылды. Қаладағы басқа да өндірістік бірлестіктері мен кәсіпорындар да түрлі көмек көрсетті. Қоғам мүшелерінің жарнасы 15,8 мың сомды, «Дауа» газетін сатудан түскен қаржы 40 мың сомды құрады.

Басылымның тұсауы кесілгенде КАМТС (Коммерческая ассоциация по материально-техническому снабжению) кәсіпорны 30 мың сом (басшысы Тілеулес Асайынов) аударған. Осы тәрізді мәрт жандардың редакцияға я ұйымға қаржылай, немесе материалдық көмек көрсетулері ол кезде сирек кездеспейтін.

Облыстық ұйым 1991 жылы облатком есебінен екі жеңіл автомобильге ие болды. Сол жылдың 16 қыркүйегінде жалпы пайдалы аумағы 265,4 м2, орталықтандырылған су, жылу жүйелері мен санитарлық жүйесі қалыпты жұмыс істейтін бір қабатты жайлы үйді облыстық ұйым тұрмыстық қызмет көрсету фабрикасынан акт бойынша тегін қабылдап алған. Ертіс өзені жиегінде орналасқан іші кірсе шыққысыз, он шақты бөлмеден тұратын, залы мен асханасы да бар, айналасы сырланған тақтай дуалмен қоршалып, ауласына түрлі ағаштар отырғызылып, абаттандырылған бұл әсем үй Павлодар алюминий зауытының иелігінде болыпты. Кезінде бұл үйге ССРО үкіметінің мүшелері де тоқтаған деседі.

Облыстық ұйымға мемлекеттік мекемелермен қатар қоғамдық ұйымдар да кеңсе жиһаздары мен құрал-жабдықтарын, жүздеген кітаптар тарту етті. Тіпті жеке тұлғалардың өздері үй мүліктері: қазақы дөңгелек стөл, ыдыс-аяққа дейін сыйлады. Осындай зор қамқорлықтың нәтижесінде қысқа мерзім ішінде облыстық ұйымның мықты материалдық базасы құрылды. Облыстық ұйым жанынан «Дәулет» және «Ермек» атты шағын кәсіпорындар ашылып, жұмыс істеді.

Ұйым басқармасына қазақ тіліне байланысты проблемалар жөнінде ақпараттар жан-жақтан құйылып жатты. Оларды шешу жолдары туралы ұсыныстардың түрлі нұсқалары да, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мәселесіне қатысты тың идеялар да айтылды. Бұларды мәжілістерде талқылап, дұрыс шешім шығарып, тиісті орындардың назарына ұсыну ұйым басшылығының құзіретіне жатты. Ал, басқарма мүшелігіне енген мемлекеттік органдардағы жоғары лауазым иелері жұмыс уақытында қызметтерін қалдырып, басқарма мәжілістеріне қатысып отырды.

Басқарманың шешімдерімен өзге мекемелер түгел облыстық партия комитеті де санасты. Елбасының өзі «Мені де «Қазақ тілі» қоғамының бір мүшесі деп санаңдар» дегенде, қоғамға кім теріс қарасын?! Рас, шағын мекемелердің басшылары арасында «Мұндай қоғам ит өсірушілерде де бар» деп, қиямпұрыс жауап бергендер де ұшырасты. Бірақ, беделді мекемелердің басшылары үкіметтің саясатын аяқасты ете алған жоқ. Аудан басшылары жергілікті ұйымдардың өкілдері облыстық қоғамның құрылтайына, есеп беру-сайлау конференцияларына, тіпті кезекті жиналысына қатысуы үшін арнайы автобустар бөлді.

Өткізілген шаралардың, істелген жұмыстардың барлығы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа жария етілді, игі істері үнемі насихатталды. Сол кездегі телевизия және радио хабарлары жөніндегі облыстық комитеттің төрағасы, «Қазақ тілі» қоғамының  басқарма мүшесі Мұрат Әбдірахманов (облыстық ұйым басқармасының қазіргі төрағасы), телевизияның қазақ редакциясының бас редакторы, басқарма мүшесі Жұмасейіт Бижанов, радионың қазақ редакциясының  бас редакторы, басқарма мүшесі Ғалия Балтабаева, одан кейін осы қызметте істеген Социал Әйтенов, облыстық «Қызыл ту» (қазір «Сарыарқа самалы») газетінің редакторы, басқарма мүшесі Әлғожа Мұхамеджанов (марқұм) ұйым басшылығы мен белсенділеріне БАҚ-ты пайдалануына мол мүмкіндік берді.

Мұндай аса қолайлы жағдайда, мұншалықты күш-қуатпен облыстық ұйымның жұмыс істемеуі мүмкін емес еді! Бүгінгі күннің межесінен зер салғанда, қоғам құрылған алғашқы жылдары тау қопарарлықтай қарқынмен телегей теңіз іс тындырды.

Екібастұз қаласында «Қазақ тілі» қоғамының дүниеге келуі қарсаңында Ғалия Балтабаева, Амангелді Қаңтарбаев, Жұмағали Қоғабаев, Дәмет Қарашашева т.б. құрылуына ұйтқы болған «Мирас» ұлттық орталығының жұмыс қарқыны одан әрі өсе түсті. Кейін бұл орталық «Ата мұра» деп аталды.

Облыста «Қазақ тілі» қоғамының 11 аудандық, 2 қалалық (Павлодар, Екібастұз) Ермак аудандық және қалалық біріккен ұйымдары мен 405 бастауыш ұйымы жұмыс істеді. Олардың 130-ы кеңшарларда, 214-і шағын ауылдарда, қалғандары кәсіпорындарда, мекемелерде, оқу орындарында құрылды.

Аудандық және қалалық ұйымдардың төрағалығына әр жылдары сайланған Мүбарак Жаманбалинов (Ертіс), Ілияс Оспанов, Залмұқан Арынов,     (Ақсу), Алпысбес

Әділханұлы (Баянауыл), Жұмағали Қоғабаев (Екібастұз), Қайыр Ахметов (Май), Мәті Бахтияров (Железинка), Қаһарман Зағыт (Шарбақты), Қанатбек Құсайынов (Қашыр) сынды азаматтар қоғам жұмысын бірден үйіріп әкетті.

Соғыс және еңбек ардагері Қамантай Батталов ақсақал қоғамдық істі атқаруға келгенде бір өзі он адамға татитын. Ол 1989-1990 жылдары «демократиялық толқынмен» көзге түскен көптің бірі емес, одан бұрын да қазақ тілінің тағдыр-талайы үшін шама-шарқынша күрескен санаулы азаматтардың бірі еді. Кезінде оның қазақ мектептерінің проблемалары жөнінде жазған хаты обкомның бюросында талқыланды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық ұйымының басқарма мүшесі, қазақ тілінің асқан жанашыры, ұлтжанды азамат Қамантай Батталов дүниеден өтер кезінде «Қазақ тілін сақтаңдар» деген сөзді қайталап айтып жатып көз жұмды.

Облыстық «Қазақ тілі» қоғамына таудай үлес қосқанымен, жұртшылықтың назарына ілінбей тасада жүрген тіл жанашырларының бірі  - белгілі шежіреші, ғылым кандидаты Тілеукен Еңсебаев. Ол коғам  жұмысын ғылыми негізде жүргізуге баса назар аударып, көп еңбектенді. «Дауа» газетінде 1990-жылдардың бас кезінде оқырмандардың сұранысына сай келетін тарихи проблемалық материалдардың қомақты бөлігін дайындаған осы Тілеукен Еңсебаев еді. Ол өзі жинаған және редакцияға түскен шежірелерді, тарихи тұлғалар және оқиғалар туралы деректер мен аңыздарды зерттеп, бір ізге түсіріп жүйелеуде тер төге еңбектенді. Бұл дүниелердің бір бөлігі «Дауаға» жарияланып, кейін Жеңіс Тілекенің «Шежіре» кітабына енді. Орыс, қазақ тілдерінде бірдей жазатын Тілеукен Ахметұлының еңбектері басқа басылымдарда да жарық көрді. «Ертістің Павлодар өңірінің тарихи жөніндегі очерктері» 2001 жылы қазақ және орыс тілдерінде кітап болып шықты. Төкең бұл өңірдің ежелгі заманнан бері қазақтардың атамекені болғанын дәлелдеп, М.Горбачев, А.Солженицын, В.Жириновский тәрізді саясатшылардың «Қазақстанның оңтүстік өңірінен басқа жерлерінің барлығы Ресейдің ежелгі жерлері еді...» деген топшылауымен «қаруланған» жергілікті тарихшыларға тойтарыс беріп келді.

Кезінде аймақтық БАҚ-та жауапты қызмет атқарған  Ертістің Кереку өңірінің майталман журналистері Сәкен Шаймерденов, Айтжан Бәделханов, Мұхаметжан Дәуренбеков, Әлғожа Мұхамеджанов, Социал  Әйтенов, Төлеубек Қоңыров, Бақыт Баймұратов, Қайыр Жүнісқали қоғамның белсенді мүшелерінің қатарында болып, оның басты-басты проблемелары, бағыт-бағдары жөнінде материалдарды газет беттерінде жиі жариялап жүрді.  Қоғамға Қ.Сәтбаев қорының директоры Оралбек Қожанұлы мүмкіндігінше қол ұшын беріп отырды.

Қанапия Асқаров,  Едіге Қайырбеков, Еркін Баяндин, Темірболат Дайкенов, Тельман Айтқазин, Олжабай Жармакин, Қабыкен Жұмабеков, Қаратай Қоңқаев, Қайрат Әбенов, Бақыт Сағындықов, Миграж Сағидуллин, Көкіш Әміржанов, Рәшит Сәбитов, Құдайберген Пішенбаев,  Қайыркен Шарипов, Тоғайбай Кентаев, Қаһарман Нұртаза тәрізді ұлтжанды азаматтар, Бақыт Сүбекова, Зәру Ибраева, Зәра Қожахметова, Сара Ерденова, Қазиза Наурызбаева сынды ардагер ұстаздар мен тіл жанашырлары қоғам құрылғаннан бері оның жүгін бірлесе көтерді.  Павлодар қаласындағы оқу орындарында Айдарғазы Мәкешев, теміржол саласында Қуандық Баязит қоғам жұмыстарын белсенділікпен атқарды.

Қазақ тілі  мен ұлттық өнердің өркен жаюына   елеулі үлес  қосқан өзге ұлт өкілдерінен облыстық  ұйымның басқарма мүшесі Василий Ильющенконың, Екібастұз қаласындағы «Атамұра»  мәдени орталығының директоры Александр Верещактың, Павлодар инновациялық университетінің профессоры Владимир Шнайдердің есімдерін ерекше атар едік.

Облыстық «Қазақ тілі» қоғамы Кіші Ассамблеямен (Қ. Дәржұманов), мұсылман әйелдері Лигасының облыстық ұйымымен (З. Қожахметова) ынтымақтаса жұмыс атқарды. «Азат» қозғалысының облыстық бөлімшесімен бірлесіп 1992 жылы Ермак қаласындағы Ермак ескерткішін алдыртуға, «Невада-Семей» қозғалысының жергілікті бөлімшесімен тізе қосып Семей ядролық полигонында сынақтар өткізуге қарсы наразылық митингілерін ұйымдастыруға белсене араласты. Ермак қаласының атауы Ақсу деген атауға өзгертілуіне, облыс орталығындағы, қалаларындағы отаршыл саясатты дәріптейтін жарнама іспеттес көше атауларының Тәуелсіз Қазақстанның мәртебесіне лайықты атаулармен ауыстырылуына облыстық ұйым мүшелері де ат салысып, зор үлес қосты. Сонымен қатар, облыстық ұйым мүшелері қазақ тіліндегі мерзімді баспасөз өнімдеріне жұртшылықтың жазылуын ұйымдастыру, Металлургтер мәдениет сарайында Абылай хан бастаған халық каһармандарының ерлік істерін бейнелейтін көріністерді сахналау тәрізді тікелей өз міндетіне жатпайтын игі істермен де айналысты.

Дегенмен, тіл мәселесіне байланысты бірталай істерді жүзеге асыру 1993 жылдан бастап жаңадан құрылған Тілдер жөніндегі республикалық комитетке, одан кейін Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің тіл бөліміне жүктелген соң, мемлекеттік органдар тарапынан «Қазақ тілі» қоғамына деген қамқорлық саябырсыды және «Қазақ тілінің» қоғамдық өміріміздегі рөлі бірте-бірте төмендей түсті. Жұртшылықтың қоғамдық іске деген ынта-ықыласы да бәсең тартып, «демократиялық толқын» басылды. Республиканың оңтүстік және батыс облыстарына қарағанда тілге қатысты көптеген проблемалар шешімін таппаған Павлодар облысында да осындай жағдай орын алды. Енді көп қаражат тілейтін үлкен шараларды облыстық ұйымның жүзеге асыруы неғайбыл еді.

Кейінгі «қаржысыз» төрағалар Сәрсенбай Шектібайдың кезінде «Тіл өнері» халық университетін, Ерсайын Бимағановтың тұсында ұйымның жаңа басылымы «Ертіс дидарын» ашуға қол жеткізуі облыстық «Қазақ тілі» қоғамының үлкен жетістіктері деп санауға болады. 1999 жылдың 30 желтоқсанында №1 саны жарық көрген бұл газеттің де Ертістің Павлодар өңірінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің көтеріле түсуіне және ұлттық сана-сезімнің жоғарылай түсуіне біршама ықпал етті.

Облыс әкімдері Ғалымжан Жакиянов, Даниал Ахметов, Қайрат Нұрпейісовтың шешімімен қабылданып, жұмыс істеген облыстық «Алтын тіл», «Ана тілі» тілдерді қолдану мен дамытудың облыстық бағдарламалары және бағдарлама аясында әр айдың бірінші сәрсенбі күні өткізілетін «Мемлекеттік тілде сөйлеу - азаматтық парызымыз» акциясы мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге айтарлықтай ықпал етті. Акцияны өткізуге мемлекеттік органдармен қатар «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы, сол тәрізді басқа да қоғамдық ұйымдар мен оқымысты мамандар да атсалысты.   Әсіресе С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, оның ректоры Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ерлан Мұхтарұлы Арын басқарған ғалымдардың тарих, мәдениет салаларында, тіл майданында атқарған еңбегі ұлан-ғайыр.

Ал құрамы М. Әбдірахманов (комиссия төрағасының орынбасары), А.Тайгуллин, ПМУ-дың профессорлары Қ. Жүсіпов пен Е.Жұматаева, сондай-ақ Қ. Әлібаев, А. Бахриденова, С.Елікбай, Е.Рақымжанов тәрізді білікті мамандармен жасақталған «Оқушылардың мемлекеттік тіл білімінің деңгейіне және мектептердегі қазақ тілі мұғалімдерінің сапалық құрамына бақылау жасайтын қоғамдық комиссия» біршама тыңғылықты істер атқарды.

Облыс тілдерді дамыту қоғамдық Қоры құрылып, оның атқарушы директоры қызметіне жігерлі басшы Шәкәрімов Қабидолла Нұрсейітұлының тағайындалуы тілді дамыту бағыттандағы игілікті істердің басталуына ықпал етті. Қор қаржысы есебінен қазақ тілін үйренушілерге, мемлекеттік тілде іс жүргізушілерге, аудармашыларға аса қажетті оқулықтар мен сөздіктер, балаларға арналған өлеңдер мен ертегілер жинағы жарық көрді; орта мектептер оқушылары арасында «Абай оқулары» өткізіліп, байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұлы ақынның туған жеріне саяхат жасады. Қор «Әй, жарайсың» конкурстарын өткізуге демеушілік көрсетті. «Ертіс дидары» газетін айына 2 рет шығаруға жеткілікті мөлшерде қаржы аударды. Сонымен қатар, тәуелсіздіктің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ертіс дидарының» тілшісі, күрескер ақын Арман Қанидың «Ар алдында» атты тұңғыш жыр жинағының 1 мың данамен «ЭКО» баспасынан жарыққа шығуына қолдау көрсетті.

Ана тілімізге шарапаты тиер осындай үлкенді-кішілі шаралардың жүзеге асуына «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы көшбастаушы болмаса да, атсалысқаны анық.

2001 жылдың маусым айында басқарма мен алқа құрамында өзгерістер енгізіліп, Мұрат Әбдірахманов төраға қызметіне бекітілді.  2003 жылы «Қазақ тілі» қоғамы жанынан  тіл мамандарының біліктілігін жетілдіру орталығы (директоры Тоғайбай Кентаев) ашылып, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің 350-ден аса аудармашысы мен тіл маманын курстық дайындықтан  өткізіп, арнайы куәлік берді.

Курста Павлодар қаласы жоғары оқу орындарының ғалым-ұстаздары Олжабай Жармакин, Айтмұхамбет Тұрышев, Жақсыбай Сарбалаев, Айман Зейнуллина, Рыскүл Шакаман, Бекен Сағындықұлы және мемлекеттік органдардағы білікті тіл мамандары Ульян Мақұл, Шолпан Кинжикова сынды өз ісінің шеберлері дәріс берді. Тыңдаушыларға аударма теориясы мен практикасы, тіл мәдениеті, оқыту теориясы мен әдістемесі, компьютерді игерту негіздері бойынша дәрістер «Қазақ тілі» қоғамы жанынан  арнайы жабдықталған кабинетте өткізілді. ( М. Қайырбаев к-сі, 32 үй,  № 12 кабинет, тел: 32-18-19).

Гүлнар Сәдуова (Алюминий зауыты), Шолпан Кинжикова (облыстық қаржы департаменті) тәрізді мамандардың қазақ тілінің өрісін кеңейтуге, «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдарының жұмыстарын ұйымдастыруға байланысты озық іс-шаралары жинақталып, тиісті мекемелерге, қазақ тілін оқып-үйренуді мақсат тұтқан қызметкерлерге үлгі ретінде таратылды.

Облысымыздың құрылғанына 70 жыл толған мерейлі жылында қаламыздағы әсем ғимараттардың бірі - «Достық үйінен» «Қазақ тілі» қоғамына да орын бөлінді.

Ұйымның «Ертіс дидары» газетінде (редакторы Арман Қани) тіл проблемалары, ономастика мен топонимия мәселелері, қазақ балабақшалары мен мектептері жағдайы жөніндегі материалдар ұдайы жария етілуде.  Мемлекетіміздің тіл саясатына байланысты пікірталас тудырмақшы  болған кейбір тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының теріс әрекетіне газет арқылы дұрыс жауап берілуде.  Тіл мәселелерімен қатар облыстың мәдени өмірін көрсететін мақалалар топтамалары да жариялануда. Мәселен, академиктер Қаныш Сәтбаевтың 105 жылдық, Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойына, сондай-ақ ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 150 жылдық мерейтойына орай жарияланымдар топтамалары жарық көрді.

Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (бастығы Талғат Әбілқасымов) құрылғаннан бері облыстық «Қазақ тілі» қоғамына және оның «Ертіс дидары» газетіне қолдау көрсетуде. Соның нәтижесінде қоғам мүшелері мемлекеттік тіл жөніндегі  комиссиялар құрамына еніп, акциялар өткізуге, жиналыстарда келелі мәселелерді талқылауда белсенділік көрсетуде. Газетті көлемін ұлғайтып, айына бір рет жүйелі шығарып тұруға қол жеткізілді, басылымның http://ertisdidary.ucoz.kz/ сайты ашылып, республикаға, тіпті шетелдерге де таныла бастады. Сайт биыл баспасөз қарсаңында Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты республикалық конкурста ІІІ орын алды. Айта кететін жайт, І және ІІ орындарға лайықты жұмыстар жоқ деп танылды. Газетте қалалар мен аудан көшелеріндегі билбордтарды, ғимараттардағы  жарнамалар мен маңдайша жазуларын  дұрыс ресімдеу мәселелеріне арналған арнайы бет ашылды.

Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасымен бірлесе атқарған нәтижелі істеріміздің қатарына  өлке аудандары мен қалалары жастарының «Әй, жарайсың!» өнер сайысын  келтіруге болады. Бұндай сайыстар өзге ұлт өкілдері жастарының қазақ тілі мен өнеріне деген қызығушылығын оятып, құштарлығын арттыруға септігін тигізді. Мұның өзі мемлекеттік тілді меңгеру барысында ұтымды тәсілге айналды.

«Қазақ тілі» қоғамы облыс Тілдерді дамыту басқармасы жанынан ашылған «Ана тілі» орталығымен де (директоры Жолдыбай Жәмінов) ынтымақтаса жұмыс істеуде.  Облыс «Шаңырақ» мәдени орталығымен (директоры Ермұрат  Тілегенов) бірлесе жүргізген іс-шараларымыздан ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның туғанына 100 жыл толуына, дала данасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 150 жыл толуына  арналған мерейтойларда Павлодар қаласы және Баянауылда өткен республикалық ақындар айтысын  атауға болады. Қоғам белсенділері  С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап кітапханада  (директоры Майя Жиенбаева) қазақ тілі мәселелері бойынша «Тіл мәдениеті» университетінің (жүргізуші Назым Шайкенова) жұмысына да қатысуда.

Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік тілдің өңірде дамуына айрықша назар аударуда. Кадрларды тілге үйретуге арналған арнайы курстар ашылуы мен қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалардың ашылуына қажетті мүмкіндіктер тудырылып, тиісті жағдай жасалуына да көңіл бөлуде. Жуырда мемлекеттік тілді дамыту мәселесі жөнінде кеңес өткізіп, қала және аудан әкімдерінің, сондай-ақ кейбір ведомстволар басшыларының іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру бойынша атқарған іс-шаралары жөнінде есебін тікелей өзі тыңдап, тиісті шешімдер қабылдады.  «Қазақ тілі» қоғамының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық ұйым төрағасы М. Әбдірахмановты қабылдап, біршама мәселелердің оң шешілуіне де ықпал етті.

Сонымен қатар, облыс басшысы мәдениет пен өнер салаларын да назарда ұстауда. Конституция күні мерекесі қарсаңында облыстың мәдениет және өнер салаларының дамуына қосқан жеке үлесі мен мәдени әлеуетті нығайтуға бағытталған жемісті еңбегі үшін шығармашыл зиялылардың бір тобын  әкім гранттарымен марапаттады.

Биылдың өзінде тікелей облыс әкімінің мұрындық болуымен облыс ақындарының «Наурыз» айтысы және Конституция күні мерекесіне орай «Азаматпын. Еркінмін. Еріктімін...» атты аймақтық ақындар айтысы өткізілді және осы мәдени шараларды Бақытжан Әбдірұлының өзі көріп тамашалады.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы мүшелері Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деген қағидатын берік ұстанып, облыс әкімінің тілдерді дамытуға арналған кезекті бағдарламасын жүзеге асыруда нәтижелі еңбек ете береді деп білеміз.

Мұрат Әбдірахманов,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы

Павлодар облыстық ұйымының Басқармасы төрағасы

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1911
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2008
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1682
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1515