Жұма, 10 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3774 0 пікір 3 Қараша, 2009 сағат 05:09

Аша Матай: Мен мінген ат сұлу әрі асау болды

Қазақстандағы танымал жас әншілердің бірі - Аша Матай. R&B бағытындағы әндерді жеріне жеткізіп айтатын ол бүгінде актриса деген атқа лайық болып жүр. Досхан Жолжақсыновтың басшылығымен таспаланған «Біржан сал» фильміндегі Аша сомдаған Ләйлім рөлі көпшіліктің ықыласына бөленді. «Біржан сал» фильмінің түсірілу барысы туралы жас актрисамен сұхбаттасқанды жөн көре отырып «қандай сәттер есіңде қалды?» деп сұрағанымызда ол «кинода мен мінген ат қаншалықты сұлу болса, соншалықты асау еді» деп жауап берді. Осы жауабынан-ақ біз замандас құрбымыздың тұлпар мінездес тәкаппар өнердің жалына қол салғанын ішімізден берік түйдік...

-         Аша, сенің бұл рольге қалай таңдалғаның мені қатты қызықтырып отыр. Қандай да бір кастингтен өттің бе? Бәрі қалай басталып еді?

Қазақстандағы танымал жас әншілердің бірі - Аша Матай. R&B бағытындағы әндерді жеріне жеткізіп айтатын ол бүгінде актриса деген атқа лайық болып жүр. Досхан Жолжақсыновтың басшылығымен таспаланған «Біржан сал» фильміндегі Аша сомдаған Ләйлім рөлі көпшіліктің ықыласына бөленді. «Біржан сал» фильмінің түсірілу барысы туралы жас актрисамен сұхбаттасқанды жөн көре отырып «қандай сәттер есіңде қалды?» деп сұрағанымызда ол «кинода мен мінген ат қаншалықты сұлу болса, соншалықты асау еді» деп жауап берді. Осы жауабынан-ақ біз замандас құрбымыздың тұлпар мінездес тәкаппар өнердің жалына қол салғанын ішімізден берік түйдік...

-         Аша, сенің бұл рольге қалай таңдалғаның мені қатты қызықтырып отыр. Қандай да бір кастингтен өттің бе? Бәрі қалай басталып еді?

-         Шынымды айтсам, бұл киноға түсу менің ойымда болмаған. Әкемнің өтінішімен бір тойда ән айтып болып, кеткелі жатсам маған бейтаныс жан  жақындап келіп: «Айналып кетейін, мен іздеген адам өзіңсің. Сені киноға түсуге шақырамын. Мүмкін болса, қалта телефоныңның номерін қалдыршы»,-деді. Мен бұл адамды әдеттегі өнерімді бағалаушылардың бірі деп  ойлап,ештеңе қалдырмай жүре бердім. Сол кезде жанымызға әкем келді де, осы кісімен сөйлесіңіз деп кетіп қалдым. Кейін білдім, ол кісі Ерік Жолжақсынов екен. Арада бірер күн өткеннен кейін кастингтен «аман-есен» өткенім туралы хабар алдым. Сонсоң, ата-анаммен кеңесіп, киноға түсу керек деген шешім қабылдадым. Нәтижесі жақсы болған сияқты.

-         Сен өзің заманауи,  әндерің де осы дәуірге лайықталған қызсың. Ал кинода сонау ғасырдағы боямасыз қазақ аруының образын жасадың. Өткен заманға сапар шегу қиын болмады ма? Ләйлімнің ролін сенімді алып шығу үшін біраз дайындалған боларсың?

-         Әрине, алғашында өте қиын болды. Мен қазіргі күннің, ХХІ ғасырдың «жемісімін». Ал фильмде ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың бас жағы сипатталады. Біржан салды бұрын мектеп оқулығындағы шағын мәліметтер бойынша және  Сарамен айтысы арқылы білетінмін. Ал фильмге түсу барысында тұтастай Біржан әлемін аштым өзім үшін. Көз қиығымен-ақ көп нәрсені ұғындыратын қазақ қызының образын алып шығу үшін көп еңбектенгенім рас. Айнаға қарап қимыл-қозғалысымды реттеп, қайтсем жақсы ойнап шығамын деген сұраққа күндіз-түні жауап іздеумен болдым. Әдеби кітаптарды парақтап, іштей үлкен психологиялық дайындықты өткердім. Оның үстіне, менің кейіпкерім өзімен қатар жігітке емес, үлкен адамға ғашық. Осыны халыққа жеткізудің қиын соққанын жасырмаймын. Мен бұл оқиғалар өз өмірімде болып жатқандай сезінгендіктен, нанымды ойнаған сияқтымын. Көрерменге тартымды туынды ұсынамыз деп талпынған түсіру алаңындағы қызметкерлердің, Досхан ағаның ақыл-кеңесі маған қанат бітіргендей болды. Түсіру алаңында орын алған оқиғалар сөз жоқ, маған үлкен сабақ болды. Менің бір қадам болса да алға аттауыма серпін берді. Сонымен қатар, мен киноға ешқандай бояу жақпай түстім. Бұл үшін қобалжыдым, әрине. Себебі, осыған дейін опа-далапсыз камера алдында тұрмағанмын. Қуанышыма орай, бояусыз да әдемі көрінеді екенмін. Әдетте, 10 дубьлге дейін жалғасатын көріністерді 3-ақ дубльде сәтті шығардық. Мұны да мен өнер жолындағы жеңістерімнің бірі деп білемін.

-         Кадрдың сыртында, тек түсіру алаңында қалып қойған қызық оқиғалар көп болған шығар...

-         Әрине, ондай сәттер көп болды. Фильмде Ләйлімнің киіз үйдің ішінде отырып ән салатын жері бар ғой. Сол көріністі түсіріп жатқанбыз.Жаз мезгілі, күн аптап ыстық. Киіз үйдің қақ ортасында от жанып жатыр. Үстімде етек-жеңі ұзын қазақы көйлек, басымда бас киімім тағы бар. Осындай ыстыққа қарамастан, әнімді шырқап тұрғанмын. Бір кезде киіз үйдің төбесі қозғалатын сияқтанды. Жәй, көзіме көрінген шығар деп әнімді тоқтатпадым. Шамалыдан соң қасымдағы адамдар айғайлап, шыңғырып, қашып жатыр. Түк түсінбей тұрғанымда киіз үй жалп етіп құлап кетті.Төбесіндегі киізі қатты қалың әрі ауыр болған екен де, уықтар оны көтере алмапты. Осыдан соң қазақы киіз үйге кіруге қорқып қалғаным бар. Тағы бір есте қалған жайт, мен мінген аттың қызықтары. Ол қаншалықты сұлу болса, соншалықты асау еді. Алғаш мінгенде мені ұшырып әкете жаздады, алайда мен тақымымды босатпай, мойнына жабысып алдым. Еш қорыққан жоқпын.

-         «Біржан салдың» алғашқы көрсетілімін қарап отырып не түйдің?

-         Премьераны көріп отырып  көзіме жас алдым. Өзімнің осындай арқалаған жүгі ауыр рольді жауапкершілікпен алып шыққаныма сенбедім. «Біржан сал» менің рухани баюыма, шығармашылық жағынан өсуіме, ішкі дүниемінің жаңаруына себепкер болды. Мен өнер сахнасында босқа жүрмегенімді, қолымнан титтей болса да бірдеңе келетінін сездім. Ал кино саласының майталмандары маған жақсы сөздер арнағанда қуанғанымды жоққа шығармаймын. Осы ретте, Досхан ағаға зор алғыс білдіргім келеді.

-         Өзің түскен «Астана - ғашықтар мекені», «Обратная сторона» фильмдері жөнінде не айтасың?

-         Негізі, ең бірінші «Біржан сал», сосын «Астана - ғашықтар мекені», ең соңынан барып «Обратная сторона» түсірілді. Ал көрерменге алғаш боп «Астана - ғашықтар мекені» мен «Обратная сторона» жол тартып кетті. Данияр Саламаттың жетекшілігімен түсірілген «Астана - ғашықтар мекенінің» идеясы тамаша, жастарды есірткі мен темекіден, жаман әдеттен аулақ болуға үндейді.Тек дұрыс аяқталмағаны жөнінде сын-ескертпелер көп айтылуда.  Ал «Обратная сторона»  боевик жанрындағы фильм болғаннан кейін менің көптеген трюктерге, атыс-шабыстарға куә болуыма тура келді.

-         Біраз киноның басын қайырып тастадың. Ал сенің кәсіби актриса емес екендігіңді білеміз. Бұл саланы терең меңгеруге талпыныс бар ма?

-         Әрине, бар. Бүгінгі таңда мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық заңгер мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Құдай қаласа, биыл бітіремін. Сонсоң, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына құжат тапсыру - баста мақсаттарымның бірі. Бәрі болашақтың еншісінде.

-         Аша, сен әрі әнші, әрі актриса, әрі тележүргізушісің. Осылардың ішінде жаныңа жақыны қайсысы? Сонымен қатар, сазгерлік қырыңмен танылғың келмей ме?

-         Ешқайсысын бөліп-жармаймын. Бірақ, елге ән арқылы танылғанымды білемін. Ән - менің өмірімнің ажырамас бөлшегі. Ол барлығынан биік тұрады.  Ән шығаратын өнерім де аздап бар, алайда, ол тек өзіме ғана мәлім, оларды жарыққа шығармаймын.

-         Қазір әншілерді «қазақ» және «қазақстандық» деп бөліп жүрміз. Сен қай топқа жатасың?

-         Мен бұлай бөлуге үзілді-кесілді қарсымын. Киелі сахнада жүрген әрбір «әу» дей алатын жан қазақ эстрадасының қарыштап, дамуына қызмет жасауы керек. Қалғандарының бәрі бос әңгіме.

-         Айтпақшы, сенің «Тағдыр жолы» атты әніңе түсірілген клип пен Айгүл Иманбаева орындайтын «Таңғы елес» әнінің бейнебаянында біраз ұқсастықтар бар екенін байқағанмын...

-         Мұны маған біраз адам айтқан. Мүмкін, екі туынды бір адамның, Рашид Адай Сүлейменовтың қолынан шыққасын кішкене ұқсап кеткен шығар. Азғантай жерлері ұқсас дегенге келісуге болады, бірақ «Таңғы елестің» айна-қатесіз көшірмесі дей алмаймын.

-         Шығармашылығыңда нендей өзгерістер болып жатыр? Жеке концерт беретін ойың жоқ па?

-         Жуық арада алғашқы күйтабағым жарық көреді. Және бейнеклипім де бітуге таяп қалды. Үш киноға шақырту алғанмын, соның біреуінің түсірілу жұмыстары басталып кетті. Жеке концерт беретін уақытым әлі болған жоқ. Сахнаға келгенім кеше ғана, келе салып төр менікі дегім келмейді. Ол үшін мен біраз еңбектеніп, көп шаруаларды тындыруым керек.

-         Қазақ қыздары көп кие бермейтін бокс қолғабын әлі шегеге ілген жоқсың ба?

-         Жоқ, бокстасқанды мен жақсы көремін. Бұл қазақ қыздары көп құп көрмейтін спорт. Бірақ, мен соның бастамашысы болғым келеді. Үлгі тұтатын боксшым әрі бапкерім - Марат Мәзімбаев. Бокстағы қазақ жігіттерінің аяқ алысын қадағалап отырамын.

 

Сұхбаттасқан Ақырыс Сейітқазы

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1894
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1958
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1648
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1497