Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2989 0 пікір 22 Қазан, 2009 сағат 18:28

Шадияр МОЛДАБЕК. Мақтааралдық оқушылар оқу орнына мақта теріп жүр…

Биылғы жыл мақта уақытынан бір айға жуық кеш егілгенімен, диқандардың қуанышына қарай өнім жақсы шықты. Бұрнағы жылдары бір Мақтаарал ауданының өзіне 25 мың гастербайтерлер көмекке келсе, үстіміздегі жылы олардың саны сегіз мыңнан аса қойған жоқ. Соның салдарынан қазір мақтааралдықтар бала-шағасымен ақ алтынды ақ ұлпаның астында қалдырып алмау қамына кіріскен. Мақтаның жайын білмек мақсатпен арнайы ауданға барып қайтқанымызда, аудан әкімінің орынбасары Жамантай Бейсенбаев терімнің бірқалыпты жүріп жатқанын айтты. Көрші аудандардан көмекке терімші тарту бірқатар қиындықтар тудырып отырған сыңайлы. Сол себепті оқушылар да өз отбасының еккен мақтасын жинап алуда жәрдемге шығып жатқанынан хабардар етті. Алайда тек сабақтан тыс уақытта. Жамантай Қанайұлы мұны нықтап айтты. Өйткені оқушылардың сабақтан қалып, терімге шығуына рұқсат жоқ. Оқушыларды, жоғары оқу орындарының студенттерін ақ алтын жинау науқанына араластыру Кеңестер Одағымен бірге келмеске кеткен болатын. Алайда...

Биылғы жыл мақта уақытынан бір айға жуық кеш егілгенімен, диқандардың қуанышына қарай өнім жақсы шықты. Бұрнағы жылдары бір Мақтаарал ауданының өзіне 25 мың гастербайтерлер көмекке келсе, үстіміздегі жылы олардың саны сегіз мыңнан аса қойған жоқ. Соның салдарынан қазір мақтааралдықтар бала-шағасымен ақ алтынды ақ ұлпаның астында қалдырып алмау қамына кіріскен. Мақтаның жайын білмек мақсатпен арнайы ауданға барып қайтқанымызда, аудан әкімінің орынбасары Жамантай Бейсенбаев терімнің бірқалыпты жүріп жатқанын айтты. Көрші аудандардан көмекке терімші тарту бірқатар қиындықтар тудырып отырған сыңайлы. Сол себепті оқушылар да өз отбасының еккен мақтасын жинап алуда жәрдемге шығып жатқанынан хабардар етті. Алайда тек сабақтан тыс уақытта. Жамантай Қанайұлы мұны нықтап айтты. Өйткені оқушылардың сабақтан қалып, терімге шығуына рұқсат жоқ. Оқушыларды, жоғары оқу орындарының студенттерін ақ алтын жинау науқанына араластыру Кеңестер Одағымен бірге келмеске кеткен болатын. Алайда...

Уәжге қарсы базына
Жамантай Бейсенбаев білмей айтты ма, әлде білсе де жасырып қалғысы келді ме, білмедік, білетініміз көптеген мақтааралдық мектеп оқушылары сабаққа бармай, алқап басына ақ алтын теруге кетіп қалады екен. Мұны жергілікті прокуратура анықтап отыр. - Қазанның 9-күні сағат таңғы тоғыз жарымда Мырзакент кенті, Жаңа жол ауыл әкімшілігіндегі Әбілқасым Фирдоуси атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Қ.Басиев, ұйымдастырушы Ю.Файзиев, психолог А.Сұлтанов және сынып жетекшілері С.Мирзаев, А.Сұлтанов, М.Сарбасова, Ә.Пазылбекова және А.Дебилованың қатысуымен осы мектеп оқушыларының сабаққа қатысу жағдайына тексеру жасалды.

Тексеру барысында сол күнгі күнделік кестесіне сәйкес алғашқы ауысымда оқитын 284 оқушының 45-і ғана партада отырған. Қалған 239 оқушының өздерінің отбасына тиесілі мақта алқаптарында мақта жинауға кеткені анықталды. Бұл жөнінде акт түзіліп, қорытындысымен аудандық білім бөлімі меңгерушісі мен аудан әкімінің атына ұсыныс енгізілді, - дейді аудан прокуроры Хали Маматаев.

Прокурордың сөзін негізге алсақ, Жамантай Бейсенбаевтың бұл жайттан бейхабар болуы мүмкін емес секілді. Осы оқиға анықталғаннан кейін аудан прокуроры Хали Рысқұлбекұлының тікелей тапсырмасымен өзге де мектептерге кенеттен тексеру жүргізу тапсырылады. Бұл жолғы бағыт - Атакент өңірі. Сонымен, Тоқжігітов атындағы орта мектепте 32 оқушы белгісіз себептермен сабаққа келмесе, Жамбыл атындағы орта мектепте бұл күні қара көрсетпеген 58 оқушының 28-і мақта алқаптарында жүргені анықталды. Ал Науаи атындағы орта мектептегі бірінші кезекте дәріс алатын 297 оқушының 170-і мектепте емес, мақта алқабында жүр екен. Тізім осылай жалғасып кете береді. Мұндай тексеру келесі күндері де Асықата, Жетісай өңірлерінде жалғасын тапты. Тағы да сол көрініс. Баланың көбі мақта алқаптарында.
Енді мына сорақылыққа қараңыз. Ең алғаш тексеріліп, бірінші ауысымда оқитын 284 оқушының 45-і ғана сабақта болғаны анықталып, осы олқылығы үшін акт түзіліп, аудандық білім бөлімі бастығы мен аудан әкімінің атына ұсыныс түсіруге себеп болған мектепті араға бес күн салып қайта тексергенде алдыңғы көрініс айна- қатесіз қайталанды. Бұл жолы да 284 оқушының бар болғаны 44-і ғана партада отырған. Өзгелері үйреншікті әдеттері бойынша мақта теруге кетіпті.

Небәрі 4-5 күнде аудандағы 118 мектептің 31-інің бірінші ауысымда оқитын оқушыларының сабаққа қатысу деңгейі тексерілді. Қорытындысына қараңыз: партада отыруы тиіс 8072 баланың 1872-сі (!) сабаққа себепсіз келмеген. Бұл - жалпы, оқушылардың 25 пайызы деген сөз.

Оқушы өліміне жол берілді
Оқушылардың мектепті тастап, мақта терімге шығып кетуі өз алдына, ал олардың жұмыс істеу барысындағы қауіпсіздігіне кім жауапты? Буыны қата қоймаған жасөспірімдердің күшін пайдаланушылар бұл жағын да ұмыт қалдырған сыңайлы. Мысал керек пе? Айтайық. Қазан айының 10-жұлдызы күні сағат шамамен 18:30-дарда Атакент - Сырдария тас жолының бойында мақта терімінен келе жатқан Бапышев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы, яғни 13 жасар Қ.Ермектегін К.Боев деген азамат «Деу-Ласетти» маркалы автокөлігімен соғып, жасөспірім ауыр соққыдан қаза болды. Ал бұдан бес күн бұрын тағы да сағат 18:30-дар шамасында Қызылқұм ауылының тұрғыны, уақытша жұмыссыз Т.Әбішев МТЗ-80 маркалы тракторымен Асықата - Шардара тас жолының бойында келе жатып, рульге ие бола алмай қалу салдарынан тракторға тіркелген екінші тіркеме жолдың шетінен сайға жанамалап құлаған. Мемлекеттік белгісі жоқ, техникалық жағдайы өте нашар трактордың тіркемесінде сол сәтте «Сарыарқа» орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Қ.Елеусізов пен сол мектептің 9-сыныбында оқитын 12 оқушы қыз болған. Апат салдарынан 4 оқушы түрлі дене жарақаттарымен кешкі сағат 21:40 минутта Асықата кентінің №1 ауруханасына түседі.

Бөлім бастығының орны - «больничный»
Мектеп директорының міндетін атқарушы С.Леспаева қолда барда қоныштан басқысы келсе керек, 5 қазан күні «Мақта-2009 жиын-терімге қатысу туралы» №676 санды бұйрық шығарады. Онда «оқушылардың мақта терім науқанына қатысуы сабақтан тыс уақытта жүзеге асырылсын, сынып жетекшілері оқушылардың ата-аналарының қарауында мақта терімге қатысатын оқушылар тізімін анықтап, олардың сабаққа қатысуы қатаң бақылауға алынсын» деген бұйрық шығарған. Сонда С.Леспаева ханымның ойынша, оқушылар үй жұмысына қай кезде дайындалулары керек?
Аудандық прокуратура бұл бұйрықты заңсыз деп тауып, оқушыларды терімге алып барған денешынықтыру пәнінің мұғалімі Қ.Елеусізов өз еркімен жұмыстан босатылса, математика пәнін мақтаға «арнаған» Б.Сүлейменоваға білім заңнамасын бұзғаны үшін «сөгіс» жарияланды.

- Осы заңбұзушылықтарға жол беруге бірден-бір себеп аудандық білім бөлімі мен мектеп басшылығы тарапынан тиісті ведомстволық бақылау өз деңгейінде жүргізілмеген. Мектеп оқушыларының жұмыс күшін тиімді пайдалануды және педагог қызметкерлері мен оқушыларды заңсыз жұмысқа тартуға тыйым салуды реттейтін қандай да бір шұғыл іс-шаралар жүргізбей, білім беру саласындағы мұндай бей-берекетсіздікті тоқтату мүмкін емес, - дейді аудан прокуроры Хали Рысқұлбекұлы.

Осы себепті де аудан прокуратурасы тарапынан аудан әкімінің және білім бөлімі меңгерушісінің атына мектеп директорларының қатаң жауапкершілігін шешіп, келешекте мұндай заңбұзушылықтарға жол бермеу жөнінде шұғыл шара қарастыру жөнінде ұсыныс енгізілді. Ал бірнеше жылдан бері ауданның білім саласының сапасын соңғы орындардан жоғары сүйрей алмаған бөлім басшысы Мәлік Ырсымбетов мырза ұзақ уақыттан бері «больничныйда»...

 

«Алаш айнасы» газеті 21 Қазан 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1522
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1378
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1125
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1149