Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3223 0 пікір 15 Қазан, 2009 сағат 05:26

Жәди Шәкен. ҰРЛАНҒАН КІТАПТЫҢ ХИҚАЯСЫ

Қашанда шындықты жақта. Өйткені жұмақта шындық пен ізгілік қатар жүреді. Өтірік айтудан аулақ бол, тозақтағы зұлымдықтың  өзі өтірік айтудан басталады.

Мұхаммед пайғамбардың хадисінен

Әділет тілесе, атаңның болсын айыбын айт.

Мұхтар Әуезов

Ер Жәнібек есімін ұлықтауға байланысты 2006 жылы 9 маусымда Алматы қаласында ғалымдар үйінде «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты халықаралық ғылыми конференция өткен еді.

Осы конференциядан кейін өзім бұрыннан жинақтап жүрген материалдардың басын құрап «Ер Жәнібек» (І-том) кітабын құрастырдым. Кітап филология ғылымдарының докторы, профессор  белгілі әдебиетші ғалым Зұфар Сейітжанұлының редакторлығында 2008 жыл наурызда Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры жағынан Алматы қаласында екі мың данамен жарық көрген болатын. Кітапты көпшілік оқырманға жеткізу мақсатында 2008 жылдың 16-мамырында Алматыдағы Мемлекеттік орталық мұражайда «Ер Жәнібек» кітабының тұсауы кесілген арнайы таныстырылым өтті.

Қашанда шындықты жақта. Өйткені жұмақта шындық пен ізгілік қатар жүреді. Өтірік айтудан аулақ бол, тозақтағы зұлымдықтың  өзі өтірік айтудан басталады.

Мұхаммед пайғамбардың хадисінен

Әділет тілесе, атаңның болсын айыбын айт.

Мұхтар Әуезов

Ер Жәнібек есімін ұлықтауға байланысты 2006 жылы 9 маусымда Алматы қаласында ғалымдар үйінде «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты халықаралық ғылыми конференция өткен еді.

Осы конференциядан кейін өзім бұрыннан жинақтап жүрген материалдардың басын құрап «Ер Жәнібек» (І-том) кітабын құрастырдым. Кітап филология ғылымдарының докторы, профессор  белгілі әдебиетші ғалым Зұфар Сейітжанұлының редакторлығында 2008 жыл наурызда Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры жағынан Алматы қаласында екі мың данамен жарық көрген болатын. Кітапты көпшілік оқырманға жеткізу мақсатында 2008 жылдың 16-мамырында Алматыдағы Мемлекеттік орталық мұражайда «Ер Жәнібек» кітабының тұсауы кесілген арнайы таныстырылым өтті.

Тұсаукесерге қатысқан көрнекті ғалымдар Мәмбет Қойгелдин, Тұрсынбек Кәкішев, Нәбижан Мұхаметхан т.б-лар кезек-кезек сөз алып Ер Жәнібек Бердәулетұлының ерліктеріне тоқталып, кітаптың құндылығын сөз етісті. Бұл хабар БАҚ өкілдері арқылы бүкіл елге тарады. Осы бас қосуда мен бұл кітаптың Ер Жәнібек жайындағы еңбектің І-томы екенін, енді үш томның дайындалып жатқанын, жалпы төрт томдық еңбек екенін ескерткен болатынмын.

Қолдан қолға өткен «Ер Жәнібек» кітабы ел ішіне ғана тарап қалмастан Қытай, Түркия, Моңғолия, Германия елдеріндегі ағайындардың қолына да тиді.

Сөйтіп жүрген күндердің бірінде «Ер Жәнібек Халықаралық қоғамдық қорының» құрылтайшыларының бірі, жеке кәсіпкер Айбын Әубәкірұлы маған телефон шалып, Ер Жәнібек есімін ұлықтауға байланысты бірнеше азаматтың іздеп жүргенін айтты.

Олар бүгіндері Ер Жәнібек кесенесін қалауда көрнекті еңбек сіңірген Қанат Сүлейменов және Әнуар, Мұхтар деген жігіттер екен. Әңгімеміз жарасып, ұзақ сырластық. Олар Ер Жәнібектің керей екенінен басқа ешқандай тарихи дерек білмейтіндіктерін айтысып, материалдар болса беруімді өтінді. Мен «Ер Жәнібек» кітабының сексен данасын сыйлап едім қатты қуанды. Әрі осы жұмысты бастаған біздің өздерінің кесене қалауына рұхсат беруімізді, үлкендерді жиып батасын алу ойы барлығын білдірді. Біз қуана келісіп Айбынның иелігіндегі «Шаған» ресторанында ас ұйымдастырып, батыр рухына құран бағыштадық. Әрі асқа жиналған қауымға «Ер Жәнібек» кітабын сыйлап, азаматтарға алғысымыз бен ақ батамызды білдірдік.

Арада көп өтпей яғни 2008 жылдың тамызында Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданындағы батыр зиратының басына үй тігіп, кесененің ірге тасын қалау рәсімін өткіздік.

Ер Жәнібек халықаралық қорының атынан ас бергіздім. Қанат Сүлейменов бастаған азаматтар бірге болып, асқа Несіпбек Айтұлы, Дүйсенбай Селиханов секілді біраз қонақтар келді. Бас қосуға жиналған қауымға тартуым тағы да «Ер Жәнібек» кітабы болды.

Ер Жәнібек есімі неге ұлықталмайды деп жүргенде Қанаттың кесене жұмысын өз мойнына алып іске кіріскеніне ерекше қуанышты едік.

2009 жылдың ақпанына келгенде осы азаматтардың аузынан Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік Университетінің «Алаштану» ғылыми зерттеу орталығының директоры Тұрдықұл Шаңбайдың «Ер Жәнібек» атты тағы бір кітап жазып жатқанын естіп көңіліміз одан ары лепірді. Неге дейсіз ғой. Абылай хан дәуіріндегі атақты батыр Ер Жәнібек Бердәулетұлының тіке ұрпақтарының Қытай асып кетуіне байланысты Кеңес одағымен Қытай арасындағы ежелгі алакөздіктер салдарынан батыр есімі тым сирек ауызға алынатын болған. Басына да ескерткіш қойылмаған. Кейбір тарихшылар Тархан Жәнібекпен шатыстырып Ер Жәнібек ескерусіз қалып еді. Ендеше қазақ  тарихындағы осы ірі тұлғаны өз халқына қайта табыстау мақсатында мен бір емес төрт томдық еңбек дайындап жатсам, енді оған Тұрдықұлдың бір кітабы қосылып бес том болса біз қуанбай, кім қуансын!?

Шәкәрімтануға еңбек сіңіріп жүрген жас ғалым Ер Жәнібекке қай қырынан келер екен деп кітапты асыға күттік. Ақыры ол күнге де жеттік.

Жақында ғана (22. 09. 2009) Семей Мемлекеттік педагогикалық институтында Ер Жәнібек рухын ұлықтауға арналған «Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі және ұлттық құндылықтарды қалыптастыру» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Бір қызығы сөзге шығушылар құлақ тұндырарлық жарнамасын жасап жатқан Т. Шаңбай мырзаның кітабы жұртқа таратылмады. Төрдегі мінберде отырғандардың алдында бірде олай бірде бұлай жағалап жүрген қызыл тысты кітапқа қарап жұрт тамсанып отыр. Конференцияның соңына дейін таратылатын шығар деген үмітіміз селге кетті. Ешқандай шешім қабылданбай асығыс аяқтаған конференциядан шөліркеп сыртқа шыққанымызда атын естігенім болмаса өзін көрмеген Тұрдықұл мырзаға жабыса кеттім: «Кітабыңыздан бір дана алсам деп едім». Тұрдықұл мырза танымасты сыйламас деді ме менен үрке алыстап: «Аста, аста береміз» деп сырғақтай жөнелді. «Ғылыми кітап ғылыми конференцияда таратылмай аста таратылғаны несі» деуге үлгермей қалдым.

Ақыры батырдың басына қойылған көрнекті ескерткіштің ашылуына арналған Жармадағы асқа да ат басын тіредік. Шаңбаев мырза шаңын көрсетпей кетті. Ас тарарға таяғанда ақсақалдарға кітап сыйлағанын естідім. Маңайымда жүрген Ұлан Бапин, Рысбек Тоқтасын деген жігіттер Тұрдықұл мырзаның «Ер Жәнібекті» екі мың теңгеден саудалап жүргенін, өздерінің бір-бір дана кітап сатып алғанынан хабардар етті.

Т. Шаңбай мырзаны таба алмай шалдығып жүргенде оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодаухан мен «Көш» газетінің бас редакторы Бақытбек Бәмішұлы және белгілі әдебиетші Ахметжан Қайбар кезігіп, қолым жетпей жүрген «асыл кітапты» парақтай көрсетті. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Кітап мазмұнына көз жіберсем өзімнің «Ер Жәнібегімнің» көшірмесі.

«Ер Жәнібек» аталатын бұл кітап «Алаштану» орталығының дайындауымен 2009 жылы шілдеде Семей-Новосибирск «Талер-Пресс» баспасынан 1000 данамен жарық көріпті.

Дәл осы кезде орта жастардағы екі әйел мені іздеп келе қалды. Танысқандарына қуаныштылығын білдіріп, сумкасынан мен құрастырған «Ер Жәнібекті» алып шығып қолтаңба сұрады. Сол-ақ екен айналамды қоршап тұрған жігіттер екі кітапты салыстыра бастады. Екі кітаптың  айырмасы жоқ. Бар болғаны бірінші кітаптан төрт автордың мақаласы алынып тасталған. Олар Жәди Шәкенұлы, Зұфар Сейітжанұлы, Ердәулет Берлібаев, Бақытбек Бәмішұлы. Соңғы «Ер Жәнібекке» үш автор қосылған. Олар - Сұлтан Тәукейұлы («Ақыр Жәнібек» романынан үзінді), Жанат Ахмәди («Ел иесі» әңгімесі), Баянғали Әлімжанов (өлеңі). Бұдан сырт А. Татанайұлының есімі қайталанып, біз (Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы) шығарған «Ел қорғаны Абылай»  дастанынан үзінді қосылыпты. Қалған он бес тақырып түп-түгелімен, өңін өзгертпей, қаздың балапанындай тізіліп мұнда жүр.

Екі кітаптың ішкі ұқсамастығы осы ғана. Тек тоны басқа. Ауыл үйдің моншағын күндіз ұрлап, түнде таққан ғалымдардың «Ер Жәнібегі» мен шығарған кітапқа қарағанда айбатты көрініп, жарқырап тұр.

«Мүмкін сілтеме берген шығар» - деп кітапты аударып-төңкеріп көрім-ақ қарадық. Сілтеме - әдебиеттер тізімі атымен жоқ. Ер Жәнібекке байланысты ең алғаш рет зерттеу мақаласын жазып жариялаған Зұфар Сейітжанұлы мен Қазақстанда батыр жайында тұңғыш конференция ұйымдастырып, тұңғыш кітап шығарған Жәди Шәкенұлының есімі түгілі «Ер Жәнібек» кітабынан пайдаланғандары ешқандай ауызға алынбаған. Кітапты құрастырғандар: Талапбек Тынысбекұлы, Серікқазы Қорабай, Тұрдықұл Шаңбай. Олар бұдан бұрын осы аттас кітаптың шыққанынан мүлде хабарсыз сияқты.

Талапбектің есімін көргенде жыл басындағы бір іс ойыма орала кетті. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығындағы кеңсемде отыр едім өзіме сыйлас іні болып жүрген Талапбек кірді. Анда-санда бірдеме жазатыны бар. Ағалап-жағалап жүреді. Жақында үйлену тойы болып, шамамызша жәрдем жасап, үй болуына үлесімізді қосқанбыз. Аман сәлемнен соң: «Аға, сізде өзіңіз шығарған «Ер Жәнібек кітабының электрондық нұсқасы бар ма?» деп сұрады. Мен: «Оны қайтесің?» - дедім. «Өзім жұмыс атқарып отырған М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ежелгі әдебиет бөлімі ескі жырларды жинай жүр деп тапсырып еді. Соған Ер Жәнібек жайында жазылған дастандардың бірін кіргізейін деп ойлап едім» - деді жай ғана. Мен қуана келісіп: «ондай игілікке бермегенде қайтем»- деп, «Ер Жәнібек» кітабының қатесі қаралған ең соңғы нұсқасын компьютерден шығарып, ол ұсынған дискіге жазып бердім.

Қазіргі қайран қалып отырғаным, сол Талапбекке берген нұсқадан мына кітапқа берілгенде төрт автордың мақаласы ғана қысқарыпты. Оның орнына жаңадан үш автордың есімі қосылған. Үтір нүктесінен тартып, мен редакциялық өңдеуден өткізген сөз-сөйлеміне  дейін өзгермеген. «Ер Жәнібектің» мен құрастырып шығарған І-томында әр шығарманың қайдан алынғаны берілген болатын. Мұнда да сол қалпында жүр. Тіпті мұны «құрастырушы ғалымдар» «біз де бұрынғы нұсқасынан алғанбыз»  деу үшін әдейі қосқан сияқты. Бірақ олар менің әр қандай түпнұсқаны баспа өлшемі мен оқырман өресіне бағыттап өзгертіп пайдаланғанымды білмейтін еді. Мәселен кей жердегі «Абақ керейді» «керей» деп, кей жердегі кемшіл соққан дерекке толықтыру қосу дегендей. Осылайша олар «күндердің бірінде дау болып жатса, қытайда жарық көрген әуелгі нұсқасынан алғанбыз» дейтін соңғы мүмкіндіктерінен айрылғандарын да сезбеді. Ұрлықтың аты ұрлық - шодырайып тұр. Кітапты шығарушы, жауапты редактор Тұрдықұл мырза кітапты қаржыландырушы Қанат Сүлейменов пен Әнуар Бимурзиннен бір ақша алса, еңбектенбей-ақ қолға келген «алтын кітапты» саудаға салып пайдаға белшеден батып жүрген көрінеді. Тым құрыса көшіргеніне де еңбектенбей, «жансызы» арқылы электрондық нұсқаны алдырып, дайын олжаға «аңдату» аталатын кіріс сөз жазып, өз еңбегі ретінде жарнамалап жүр. Киелі ұстаз атын кірлетіп, бүйрегі бүлк етпей данышпан ретінде сайрап тұрғанын қайтерсің. Тұрдықұл мырзаның конференцияда кітап таратпай қашқақтап жүргенінің мәнісін енді білдім. Конференцияның әлдекімдерден алаңдағандай асығыс аяқталғанының да себебі түсінікті болды. Мұндайды қазақ сасқан үйрек артымен сүңгиді деп жатушы еді.

Онымен қоймай «қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегендей кітаптың бас-аяғын салиқалы адамдардың есімімен толтырыпты. Оқып көрейік:

«Редакция алқасы - бастамашыл топ: Тұрсынбек Кәкішев, Дәулет Тұрлыханов, Әнуар Бимурзин, Қанат Сүлейменов, Айбек Кәрімов (жетекші), Несіпбек Айтұлы, Шаймұрат Өтепбаев, Тұрдықұл Шаңбай».

Міне, Т. Шаңбайдың ойынша осы есімдер тұрса оған ешкімнің тісі батпайтын көрінеді. Басқасын білмеймін, әдебиет  үшін ақиқатты айтудан шаршамай келе жатқан Тұрсынбек ағамыз бен  бақай қулыққа бармайтын даңғыл көкірек Дәулет мырзаның бұл «сұмдықты» білмейтініне еш күмәнім жоқ.

Ал, кітаптың алғашқы бетіне президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының суреті басылған. Бұл суреттің берілуінің де өзіндік есебі бар сияқты. Маңдай термен жазылған адал еңбектің бетінде Нұрекеңнің нұрлы дидары жарқырап тұрса әрине қуанар едік. Бірақ, Т. Шаңбай мырза бұл жолы да шалыс басып, жаңылыс кеткен. Мұнда Елбасын ұлықтаудан көрі, ұлы тұлғаның суретін ұрланған кітаптың бетіне жапсырып, «көзір» ретінде пайдаланбақ болғаны бірден аңғарылады. Бұдан өткен масқаралау бола ма?! Дағдарыс заманындағы ғалымдардың «жаңа кіріс көзін» тапқан бейшаралық халін Елбасымыз сезе қалса Шаңбаевтың өзі түгілі шаңын да таппай қалар едік-ау.

Ұрпаққа ұлағаттылық сыйлайтын ұстаздық мінберде жүрген Тұрдықұлдың әдебиет ғылымына жасаған ұрлығы жағаңызды ұстатып, жаныңызды түршіктіреді. Ертең күні шәкірттерінің бетіне қалай қарайтынын да білмейсің.

Кітаптың соңғы беттеріне көз жүгіртер болсақ ешқандай түсініктемесіз Дәулет Тұрлыхановты бетке ұстап, кесене қалаушылардың суретін келсе-келмес жапсыра салған.

Жаңағы Елбасымыздың суретін арзан сауданың айырбасына салғаны сияқты әлемдік деңгейдегі үлкен азамат Дәулетті де Шаңбаевтың жасампаздығы қуыршаққа айналдырғысы келеді. Сөйтіп кітаптың бетін Н. Ә. Назарбаевтың суретімен ашып, соңғы бетін Дәулет Тұрлыхановпен жауып, мықты «қалқан» ұстаған Тұрдықұл мырза айыбы ашылып, абыройы айрандай төгілетінін ойламаса керек. Суды лайлап балық ұстамақшы болған баланың қылығын қайталуы бірде күлкіңізді келтірсе, енді бірде қабырғаңызды қайыстырады.

«Шіркін-ай, кітапты шығарудан бұрын маған хабарласып, пікір алса, бұрынғы кітапқа тағы да көп материал қосып, өзге кітапқа айналдыра салу оп-оңай еді ғой. Ондай болғанда Шаңбаевты шаңға қаптырудан аман алып қалар едік-ау» деп қиялдаймын мен.

Осы орайда тағы бір кітабымның «қолды» болғаны есіме түсіп отыр. 2007 жылы «Арда» баспасынан шыққан «Оспан батыр» кітабын алғаш рет мен құрастырып, батырдың немересі Өркенбек Нәбиұлының қолына берген едім. Ол кітапқа толықтырулар енгізіп өз есімін қосқан болатын. Кейіннен демеуші табуына байланысты Дәулеткерей Кәпұлы деген азаматтың да атын қосқысы келетінін айтқан. Мақұлдық бергенмін. Сөйтіп алғашқы нұсқаның құрастырушылары Ж.Шәкенұлы, Д. Кәпұлы, Ө.Нәбиұлы болып жарық көрген еді. Кітап екінші рет Мәдениет және Ақпарат министрлігінің тапсырмасымен қайта басылғанда менің атым алынып тасталыпты. Өркенбек пен «Арда» баспасының иесі Асқар Алтайдың қынжыла айтуынша бұл «жоғалту» «Дәулеткерейдің пысықтығы» екен. Жігіттермен «сотта сөйлесерміз» деп істі кейінге қалдырғанмын.

Енді міне «Оспанның» дауына «Ер Жәнібек» қосылды.

Баяғыда Абай өзінің аға-бауырларының осындай оғаш қылықтарына күйгенінен: «Қайнайды қаның, ашиды жаның, қылықтарын көргенде» деп күңіренсе  керек. М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Семей Мемлекеттік педагогикалық институты аталатын қасиетті шаңырақтардың астында отырған Т. Тынысбекұлы, С. Қорабай, Т. Шаңбайлардың және де айтыс ақыны деген аяулы атты жамылып есімі елге белгілі бола бастаған Дәулеткерейдің «қылықтарын көргенде» «жаныңыз ашиды».

Іні өзімдікі болғанмен әдебиет пен тарих халықтікі ғой. Көзің ашық, көкірегің ояу отырғанда жасалып жатқан қиянатқа қалай үндемей қаларсың.

Деседе Тұрдықұл сияқтылардың тұрлаусыз ісінен кітапқа аты жазылған азаматтарға кір жұқпаса екен дегенді ойлағанда кімді кіналарыңды білмей шаршайсың. Батырлар рухы үшін бәрін кешірейінші десеңде азаматтық ар-ұжданың көтермейді. Ұстаздың ұрлығын тимасақ шәкіртті қалай тәрбиелейміз, ұрпаққа не бетіммен қараймыз деп күйзелесің. Ұрланған кітаптың ұятына кімдер күйер екен деп өзің үшін емес өзгелер үшін Алладан кешірім сұрағың келеді. Айналаңда жүрген аға-бауырларыңның адамдық атқа құрмет қылып тезірек тәубаға келуін тілейсің. «Шексіз мейірімді Алланың кешіріміне ие болсаңдар, халық та сендерді кешер еді» дегенді жүректеріне құйғыңыз келеді.

Алла тағала бәрімізге сабыр, береке-бірлік, мейір, кешірімділік сыйласын, ағайын!.

Сендерден есе қайтару үшін емес, адасқан соқпақтарыңнан қайтарып,  дұрыс жолға салу үшін айтып отырмын бұл сөзімді! Ақ жүрегімнің ақиқаты қор болмаса екен!

 

0 пікір