Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3453 0 пікір 12 Қазан, 2009 сағат 04:28

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ. Қазақты өзіне таныту миссиясы

Мылтық даусы естілді. Қасқыр құлап түсті. «Вольные люди говоришь?.. Ха-ха-ха»... Көк бөріден тарадық дейтін қазақтар ошарылды. Тұяқ серпуге шамасы келмеген көкжалдың қыңсылап барып үні өшті. Ұзап бара жатқан орыс шенеуніктерінің кекесінді күлкісі қырдың арғы жағынан естіліп тұрды. Отаршылдардың мейманасы тасып, қазақтың туы жығыла бастағанын режиссер осылай жеткізіпті. Әрине, біліп отырсыз, әңгіме Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының сиясы кеппеген «Біржан сал» кинофильмі жөнінде.

Мылтық даусы естілді. Қасқыр құлап түсті. «Вольные люди говоришь?.. Ха-ха-ха»... Көк бөріден тарадық дейтін қазақтар ошарылды. Тұяқ серпуге шамасы келмеген көкжалдың қыңсылап барып үні өшті. Ұзап бара жатқан орыс шенеуніктерінің кекесінді күлкісі қырдың арғы жағынан естіліп тұрды. Отаршылдардың мейманасы тасып, қазақтың туы жығыла бастағанын режиссер осылай жеткізіпті. Әрине, біліп отырсыз, әңгіме Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының сиясы кеппеген «Біржан сал» кинофильмі жөнінде.

Сал-серілердің жиынтық образына айналған ақын, сазгер, әнші Біржан Қожағұлұлының төл мәдениетеміздегі орны ерекше және ғұмыры да «соқтықпалы, соқпақты». Оның «Абай жолы» (М.Әуезов) мен «Адасқақта» (А. Сүлейменов) әңгімеленетін Абаймен, Ақан серімен кездесуінің өзі неге тұрады? Аңызға айналған «Біржан-Сара» айтысы өз алдына. Әннен ескерткіш соғылған сұлуларының әрқайсысы бір-бір поэма емес пе? Біздің пайымша, салдың дарынын, қазақ руханиятындағы орнын саралау үшін тұғырдағы Біржаннан гөрі жолы жаңа басталған уыз-Біржан қызғылықты болар еді. Жалындаған серілер тобының да серілер салтанатын сенімдірек сипаттары, көрермен көзайымына айналары шүбәсіз болатын. Соған қарамастан, авторлар сал ғұмырының соңғы жылдарын, және оның тағдыр кітабындағы еңбір трагедиялық беттерін әдейі таңдап алғандай. Неге? Себебі, бұл оқиғалар арқылы талант тағдыры, өнердің қадірі, қазақ рухының болмысы туралы неғұрлым тереңірек баяндауға, ойлануға шақыруға болады.
Фильмнің сюжет желісі салдың соңғы махаббатының айналасында өрбиді. Біржанның жүрегін дір еткізген әнші қыз Ләйлім аймақтағы ең ауқатты болыс Азынабайдың көзіне түсіпті. Ләйлімнің туыс-жақыны да, Біржан ауылының «тұздықтары» да Азынабай атынан именеді. Серінің алдында күрмеуі қиын сұрақ. Біржан таңдауын жасады. Ләйліммен салқын қоштасты. Есесіне, ел алдында «Ләйлім шырақты» орындаймын деп, ол Азынабайдың шабарманынан қамшы жейді.
Тәкаппар салдың күйреуі осы оқиғадан басталған. Адал жары Әпіш фәниден озды. Өз ағасы «жынданған» деп, қол-аяғын арқандап, қаматып тастады. Күллі қазақ даласында есімі дүркіреп тұрған Біржанның соңғы күндері қорлықта, құсалықта өтті. Асқақ, кербез, тарпаң мінез Біржанды тағдыр осындай тәлкекке салар деп кім ойлаған... «Бұл дүние абақты ғой есті жанға». Ең өкініштісі, бұл - оның тағы бір дүр сілкінетін «мизам көгі» еді...
Біржанның сабалғаны - өнердің сабалғаны. Біржанның қолындағы арқан - қазақ рухын көгендеген қыл бұрау. Туындыда қазір де «күн тәртібінде тұрған» мәселелер жетерлік. Ол - Біржан сөзімен айтқанда, «сарай ақын, сарай күйшінің етігімен төрге озуы», «шын өнердің бағлан басы табалдырықта қалуы». Шын дарынның алапатын теңге сыңғырының басып кетуі. Ол, түптің түбінде, қазіргі қазақ қоғамында қайта жанданып келе жатқан «бәйбіше-тоқал» мәселесі. Ал, талант тағдыры, ойлы адамның қасіреті - қай заманда саналарды мазалай берер мәңгілік тақырып. Өзіңіз айтыңызшы, ақындар, суретшілер, актерлер, режиссерлер... неге айдан түскендей болып жүреді? Неге олар қарапайым адамдардың мазасыз тірлігіне тосырқап қарайды? «Сұлулыққа іңкәрлік», «жүрек қартаймайды» деген - әпсана ма, әлде талант талайы сол ма? Фильмді көріп отырып Біржанын сарғайып күтетін Әпішке, ала жаздай әкесін көрмейтін Теміртасқа аяушылықпен қарай отырып, салдың «шоқтай шыжғырған» ішкі жалынына тәнті боламыз. Біржан бұл фильмде судан таза, сүттен ақ жағымды кейіпкер емес. Ол - ең алдымен, ізденісі таусылмайтын, беймаза ақын (әнші, сазгер...).
Картина ХІХ ғасыр аурасын жасай алған. Кейіпкерлердің киім киісі, декорация, реквизиттер ғана емес, адамдардың бет-әлпеттерінен, күнге тотыққан қоңыр жүздерінен (әсіресе көпшілік сахналарындағы қарапайым қазақтар) көшпелі дәуірдің иісі сезіледі. Бұл, ең алдымен, қазақтың қолына бұғау салған «бұратаналық» ғасырдың басы. Бұл - еркін елдің еркесі, дархан халықтың рухын көтерген серілердің дәурені өте бастаған дәуір. Бұл - қазақтың билігі қолды болып, халықтың отаршыл ояз бен озбыр болыстың қуыршағына айналған күн. Иә, сері келді дегенде қоғадай жапырылатын қазақ кімді, БІРЖАНДЫ сабағанда қауқарсыздық көрсетпей ме? Біржан сал мен оның үзеңгілестері - қазақтың салтанаты асқан көшпелі дәуірінің символы іспеттес. Елдің ғасырлар бойы қалыптасқан жарасымды тірлігі талқандалған күні серілер де тарих сахнасынан кетті. Картина осы шындықты қалтқысыз жеткізеді. Біржан тұлғасы арқылы қоғамның бет-бейнесін ғана емес, заманның беталысын да айшықтайды.
Келмеске кеткен сал-серілердің дәурені бізге ертегі сияқты елестейтіні, рас. Шұрқырасқан жұрт, қалы кілемдерге құлап, бәйбішелерге бас салып, қыз-қырқынға сыйлық үлестіріп жатқан, біреуі аю, екіншісі аққу бейнесіне енген серілер көрінісінің демонстрациялық сипаты басым. Біз осы күнге дейін сал-серілердің өмірі мен өнері туралы жарытып білмейміз, ал «Біржан сал» осы сеңнің көбесін сөкті деуге болады. Мысалы, неге қазақ серінің кез келген еркелігін көтереді? Неге оларға үлбіреген арулар құлай ғашық?
Қырғыздар жыр қылып айтатын Райымал мен Бегімайдың (Ш.Айтматов, «Ғасырдан да ұзақ күн») ғашықтық хикаясы сияқты, ғасырдан-ғасырға жететін «қалыпқа сыймайтын махаббат» «Біржан салда» да «бірінші планға» шығады. Біржанды сүю үшін асқан ақылдың қажеті жоқ, бірақ Азынабайға айттырылып тұрып: «Жетісуға қашайық!» - деп ұсыныс айту үшін үлкен ерлік керек. (Білетіндер: шын сүйе білу батырлықпен пара-пар дейді ғой). Елуден асқан ел ағасының осындай қызды іңкәр қылып қоятын бір қасиеті бар да. Алайда, «маңдай соры бес елі» серіге алаңсыз тірлік бұйырмаған.
«Біржан салда» оқиға тізбегі қисынды, әр бейненің өз шындығы бар. Әннің құдіретінен сескеніп тұрып, оны қор қылудан тайынбайтын Азынабайлар позициясының өзі қызғылықты. Жанбота болысқа басқа ракурстан қарау ұсынылады. Осы рөлдегі Айдос Бектемірдің жәрмеңке кезіндегі әлем-тапырақ ұсқыны есімізде қалып қойыпты. Актерлер арасында жанары қасіретке тұнған Гүлшат Тұтова ерекше көзге түсті. Әуезов театрының сахнасында ойнақы образдар арқылы танылып жүрген Тұтованы соңғы жылдар бедері («Әкем екеуміз» реж. Д.Саламат, «Жетімдер» реж. Е.Рақышев) драмалық таланты ешкімге дес бермейтін, позициясы мықты әртіс ретінде танытты. Ол сомдаған Әпіш - ибалы, ақылды, адал, қазақ жарының идеалы. Осы образ арқылы фильм авторлары экран алдындағы барша қазақ қыздарына: «Міне, сендер қандай едіңдер!» - дегісі келетін сыңайлы. Ақылгөй, парасатты қарттардың образы жібермей жүрген Саят Мерекеұлы тіршілік есебіне мықты, бірақ өнерге келте қарайтын Нұржан байдың рөліне жараса кетіпті. Осы ізбен әр бейнені тарата беруге болады, актерлер мүмкіндігін бұғып қалмағанға ұқсайды. Бір ғана көзқарасымен, қимылымен, әрекетімен есте қалған: Қазақстанның халық әртісі Хабиба Елебекова, немесе театр әртістері Дулыға Ақмолда, Қымбат Тілеуова сияқты орындаушылар да аз емес. Фильм бір оқиғаның айналасына топтастырылғанымен, қатысатын кейіпкерлер, «өтпелі» образдар өте көп. Дегенмен, экран уақытынан аз ғана енші алатын Азынабай, Жамбай (Болат Әбділманов), Көлбай, Маңғабыл (Сәбит Оразбаев), Жанбота (Айдос Бектемір), Жұбай, Байкенже - бәрі де өмірбаяны бар, түсінікті, толымды бейнелер болып шыққан.
«Біржан салда», шығыс танымының қисыны бойынша, әйелдер, аналар образы басымдыққа ие. Мысалы: Біржанның серілігін көрсету үшін экранда пайда болатын Мақпал. Ауылдың әміршіл бәйбішесі Мадияр. Сезім үшін құрбандыққа даяр Ләйлім. Және, әрине, қазақ азаматының арманы, жан-дүниесі жаншылып жатып: «Иттің итақайы қос-қостан қатын алып жатқанда, менің Біржаным неге тоқал алмайды екен?» - деп қалжыңдайтын, өзі өлім аузында жатса да: «Азаматтың ары тапталып жатқанда, бір қатынның өлімі садаға!» - деп ерінің намысымен бірге күйетін аяулы Әпіш. Олардың бәрінен сүйіспеншілік, отбасы үйлесімі сияқты аналық бастаулардың жылы лебі еседі. Еркек кіндіктен, ол да дәстүрлі танымға сәйкес, ақылгөй қария Маңғабыл бейнесі жағымды кейіпкер ретінде жадымызға сіңді. Байлық, билік, абырой сияқты жалғанның өткінші игіліктері үшін ұрыс алаңында жүрген азаматтар: Азынабайлар озбыр, Жамбайлар күйгелек, Нұржандар келте, Жанботалар жасқаншақ...
«Біржан салды» тамашалап отырып, бұл туынды соңғы жылдардың кино ауылындағы тәуір төлі екенін түйсінесің. Оның «ең бірінші бақыты» - сценарийі. Біржан әндерінің мәні жақсы ашылады. (Көмейіне кие қонған Еркін Шүкімановтың даусы құлақта қалып қояды). Сосын Мүсірепов пен Әуезов дәуірінен кейін дәл осылай, көркем тілдесетін кейіпкерлерді көрген емеспіз. Мұхтар Мағауиннің өзі бұл сценарийді мақұлдапты дейді. Мінберге шықпайтын, өзіне жарнама жасамайтын жазушы Таласбек Әсемқұлов сүбелі шығармаға негіз болар тамаша сценарий жазған. Актерлік ойынға жан бітіріп тұрған да - оның құйқалы диалогтары, ойлы, астарлы сөйлемдері.
Фильмнің «екінші бақыты» - сөздің де, әннің де қадір-қасиетін жақсы түсінетін, бас кейіпкерге рухани жақын Досхан Жолжақсыновқа кез келгені. Әсемқұлов пен Жолжақсыновтың тандемі фильмнің шоқтығын биіктетіп тұр. «Біржан салдың» қазақтың халықтық киносының шеруін жалғайтын санаулы туындылар санатына қосылары күмәнсіз. Жылдар бойы Қожықов пен Қарсақбаевтың «құлағын шулатқанда» біз осындай киноны аңсаған болатынбыз. Халық әлі күнге «Қыз Жібектегі» символмен жеткізілетін көріністерді жыр қылып айтады. Себебі, қазақта көрініс пәлсапасы жөнінен одан асып түсетін кино түсірілген жоқ. Ал, «Біржан салдағы» су астында түсірілген эпизод - сөз жоқ, 35 жыл бұрынғы Жібектің маржан шашатын назды қылығынан кейін жүрек түбіне тұнатын бірден-бір көрініс. Біз Сабалақты жардың үстінде сүйістіріп опа тапқанымыз жоқ, Ләйлімді шешіндіріп те биге шықпайтынымыз мәлім-ді.
Мына детальға қараңыз: фильм соңында Біржанға аруақ-ана елестейді. Оның ақ киінген ақсақал, немесе батыс танымындағы қанат байлаған періште емес, қошқар мүйізді бейнесі тапқырлығымен тәнті қылады. Кейінгі кезде киноның өнер екені ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Д. Жолжақсынов пен Р.Әлпиевтің «Біржан салы» осы қағиданы қайтадан есімізге салғандай. Бұл фильмде астарлап жеткізу шеберлігі сөзге ғана емес, көрініске де тән: жалп етіп сөнетін шам, айырбасталған белдік, су түбіне құлайтын әшекейлер, қораға сыймай, азаттық тілейтін Біржанмен рухтас қара жорға... Яғни, мазмұн мен пішін бір-біріне сақадай сай. Біржан мен Ләйлімнің сіркіреген жауында, қайыңдар арасында кездесуі сол кездегі кейіпкерлер жан-дүниесімен астасқан, аса романтикалық көрініс. Салдың сандырақтайтын сәттері батыстың үрейлі фильмдерін еске түсіреді. Камера (оператор Р.Ибрагимов) әр көріністен ең сұлу, таптаурын болмаған ракурстарды іздейді. «Арқаның кербез сұлу Көкшетауында» түсірілген картинадағы табиғат көріністері тамсандырады. Суретшінің (Р.Әлиев) жұмысына жұтынып қарайсың.
Қазақтың да маңдайына жақсы кино жазылған шығар? Қашанғы «Жаралы сезімнің» «әсерімен» жүруге болады? Байқағанымыз, орыстілді ақпарат құралдары «Біржан салға» іш тартып қалды. Шашыраңқы деді, таптаурын деді, «су астындағы эпизод сөзсіз оқулыққа енеді» деп кекеткен болды... Туынды түсірілмей жатып: «қазақта Біржан сияқты бардтар мыңдап саналған, ол туралы кино түсірудің не мәнісі бар» деп жазды. (Олардың қай Біржанды айтып отырғанын кім білсін). Есесіне қазақты биттеп-құрттап, үй ішінде дәрет сындыратын жабайы етіп көрсеткен «Тюльпанды» жапа-тармағай, ауыздарын ашып, көздерін жұмып мақтады. Ниетті сезесіз бе?
Рас, кез-келген туынды сияқты, «Біржан сал» да кемшіліксіз емес. Кей актерлердің, әсіре, театршылдығын, кей көріністердің жасандылығын, қайталанатындығын, дастархандардың жұпынылығын, бояулардың солғындығын айтпай кетпеске болмайды. Басымызға көтеріп отырған Біржанымыз астаудағы асқа қамшы жұмсағанда тіксініп қалғанымызды жасырмаймыз. Қай қазақ астан үлкен болыпты?
Мынаны ескеру керек: туынды Біржан салдың өмірінен хабары бар қазақы көрерменге арналған. Ол Біржанның әнін тыңдамаған, «Ләйлім шырақ» пен Көлбай-Жамбай хикаясын білмейтін адамға түсініксіздеу болады. Бұл шетел көрерменіне, батыс сыншысына емес, қазақ үшін жасалған туынды. Біз «шет ел, шет ел» деп шыр-пыр боламыз. Алдымен өзіміздің «шекемізді қыздырып» алу керек шығар? Өйткені қазіргі етек жауып, ес жию кезеңінде, қазақ рухының тың серпіліс табалдырығында тұрған кезеңінде кезек күттірмейтін міндет - қазақты өзіне таныту. Фильм авторлары сондай бір «құпия» мақсатты көздеген сыңайлы. Мұнда көшпелі тұрмыстың әсемдігі, қазақтың ұлт ретіндегі даралық қасиеттері: даналығы, үлкенді сыйлар инабаттылығы, жүйелі сөзге жығылар естілігі, шешендігі, т.б. насихатталады. Тумысында біз сондай едік.

 

Р.S. «Ел қартайыпты. Қазақ қартайыпты. Бәрі пәс! Бәрі еңкіш!»...
Қайран қаласың, бұл сөздер ХІХ ғасырдағы Біржанның ғана емес, ХХІ ғасырда Досханның аузынан шыққан сөздей әсер етті. Еңсеңді көтер, елім. Бұл - біздің еңкіш болатын, пәс болатын ғасырымыз емес.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1946
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2189
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1809
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1539