Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2947 0 пікір 7 Қазан, 2009 сағат 05:19

Қабылсаят ӘБІШЕВ. Қазақстанға есептесу үшін емес, абыройын еселеу үшін келейік

Қабылсаят ӘБІШЕВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы:

- Көші-қон комитетіне өзіңіз келгелі жұмыс бір жүйеге түсе бастады. Қазір Отанына келіп жатқан қандастарымыздың арасында квота ала алмай, сол үшін есік тоздырып жүрген жағдайлар азайған секілді?

- Шынын айтқанда, квота мәселесі үлкен қиындыққа, дауға, саудаға айналып кеткен екен. Біз келгеннен кейін осыны реттеу бағытында жұмыс жүргізудеміз. Осы салаға қатысы бар басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, квота алу жүйесін жөнге келтірдік. Арнайы бұйрықтар шығарып, квотаны алу тәртібін өзгерттік. Сондай жаңа тетіктерді кіргізудің арқасында, көшіп келген қандастарымыздың барлығы квота алатын мүмкіндікке қол жеткізді. Биылғы ғана емес, 2004 жылдан бастап, азаматтығы шықпай, квотасын ала алмай жүргендердің бәрі мемлекет бөлген қаржыларын алды. Қазіргі күні Алматы мен Астана қаласынан басқа барлық облыстарда квотаны кідіріссіз алу мүмкіншілігі бар. Елге келген оралман бұрынғыдай, таныс іздеп, пара беріп, квота алудың жолын қарастырмайды. Құжаты дұрыс, адам саны анық екені дәлелденсе, алатын несібесіне қиналмай жетеді. Енді ағайындарға тек «келіңіздер» дегенді ғана айтамыз. Құдайға шүкір, ақшамыз бар. Биылғы жылға бізге әлі он мыңдай отбасы керек. Он мың квота иесіз тұр.

Қабылсаят ӘБІШЕВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы:

- Көші-қон комитетіне өзіңіз келгелі жұмыс бір жүйеге түсе бастады. Қазір Отанына келіп жатқан қандастарымыздың арасында квота ала алмай, сол үшін есік тоздырып жүрген жағдайлар азайған секілді?

- Шынын айтқанда, квота мәселесі үлкен қиындыққа, дауға, саудаға айналып кеткен екен. Біз келгеннен кейін осыны реттеу бағытында жұмыс жүргізудеміз. Осы салаға қатысы бар басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, квота алу жүйесін жөнге келтірдік. Арнайы бұйрықтар шығарып, квотаны алу тәртібін өзгерттік. Сондай жаңа тетіктерді кіргізудің арқасында, көшіп келген қандастарымыздың барлығы квота алатын мүмкіндікке қол жеткізді. Биылғы ғана емес, 2004 жылдан бастап, азаматтығы шықпай, квотасын ала алмай жүргендердің бәрі мемлекет бөлген қаржыларын алды. Қазіргі күні Алматы мен Астана қаласынан басқа барлық облыстарда квотаны кідіріссіз алу мүмкіншілігі бар. Елге келген оралман бұрынғыдай, таныс іздеп, пара беріп, квота алудың жолын қарастырмайды. Құжаты дұрыс, адам саны анық екені дәлелденсе, алатын несібесіне қиналмай жетеді. Енді ағайындарға тек «келіңіздер» дегенді ғана айтамыз. Құдайға шүкір, ақшамыз бар. Биылғы жылға бізге әлі он мыңдай отбасы керек. Он мың квота иесіз тұр.

- Өзіңізді ел білікті заңгер ретінде біледі. Көші-қон саласында жаңа заңнамалық өзгерістер бола ма?

- Біз бүкіл көші-қон үрдісіне байланысты заңнамаларды тәртіпке келтіре бастадық. Көші-қон туралы үлкен заң жобасын дайындадық. Бұл тек этникалық қазақтарға ғана тән заң емес. Онда еңбек миграциясы, туристік және діни миграция т.б. бәрі қамтылған. Бұл бүкіл Қазақстанға келушілерді реттейтін, олардың құқықтық мәртебелерін қамтамасыз ететін үлкен құжат дайындалды. Бұл заңды Үкімет толық қарап, желтоқсанда Парламентке енгізбекші. Осыған  байланысты жүздеген заңнамалар да өзгереді.

- Заң жобасында оралмандарға қатысты қандай өзгерістер болады?

- Оралмандарға қатысты айтар болсақ, квота беру, оралман мәртебесі мен азаматтықты беру, оларды тіркеу мен ықтияр хатқа қолдарын жеткізу секілді күрделі салаларды осы заң арқылы реттемекпіз. Бұл әрине, біздің ғана ісіміз емес. Осыған қатысты барлық министрліктер атсалысты. Біз оралмандардың көші-қон мәселесіне деген көзқарасын өзгерттік. Сенім қалыптастырдық. Алатын жәрдемақылары мен квоталарының нақты қолдарына тиетініне көздері жетті. Жоғарыда айтқанымдай, өткен жылдарда жалған оралман қаптап кеткені мәлім. Құжаты келеді, бірақ оралман жоқ. Болмаса келген оралман баласының санын артық көрсетеді. Бұл жағдайдың бәріне қазір шектеу қойылды. Жемқорлыққа қарсы Елбасының тапсырмасына орай, біз көптеген шараларды жүргіздік. Нәтиже де жоқ емес.

- «Нұрлы көш» бағдарламасы жайында ақпарат бере кетсеңіз? Оған қызығушылық танытып жатқан ағайын бар ма?

- «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында үш пилоттық жоба жұмыс істеп жатыр. Оның біреуі Көкшетау қаласының жанындағы Қызылжар елді мекенінде. Онда 276 үй салынып жатыр. Бұйыртса, құрылысы осы қазан айында бітеді. Соған 276 отбасы керек.

- Үйдің бағасы қандай, оның қаржысын қайтару қалай жолға қойылған?

- Мысалы, Көкшетаудан алтын байыту кен орны салынып жатыр. Онда екі жарым мың адамға жұмыс дайын. Келген оралман кен орнына және Көкшетау мен Қызылжарда жұмыстарға орналасады. Жаңағы үйге кірген соң бес жыл бойы бір тиын төлемейді. Бірақ табыстарының белгілі бөлігін бес жыл бойы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» есепшотына жинайды. Бес жылдан кейін сол ақшаны төлейді. Ал үйлерінің қалған ақшасын банк берген төрт пайыздық несие арқылы он жыл бойы төлеп құтылады. Мұндай жағдай еш жерде жоқ. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласында көпқабатты үйдегі 200 пәтер жөндеуден өткізілуде. Құрылысы басталып кетті. Курчатовта жұмыс орындары бар. Оған да 200 оралман отбасын орналастырамыз және Шымкент қаласының іргесінде 1725 үй салынбақшы. Оның биыл 500-і пайдалануға беріледі. Бірақ ондағы жер иесі азаматтығын алған оралмандардың өздері.

- Бағдарлама келесі жылы да жалғасатын шығар?

«Нұрлы көш» бағдарламасы келесі жылы жеті өңірде жалғасады. Құрылыстың инфрақұрылымдарына жергілікті бюджеттен, үй салуға мемлекеттен ақша бөлінеді. Биылғы бастама жаман емес. Бұл жұмысты әлеуметтік корпорациялар жүргізіп жатыр. Басқа да қолға алған шаруалар көп. Айтып отырғаным тек істеп жатқан жұмыстың бастылары ғана.

- Бағдарлама аясында салынған үйлерге қандастарды тарту жайы қалай? Шетелдегі қазақтармен байланыс жолға қойылды ма?

Жер шарының түкпір-түкпірі, Аргентина, Канада, Кореядағы қазақтарға дейін сөйлесіп отырмыз. Мысалға, Меккеде жүрген қазақтарды Сауд Арабиясындағы елшіміз Қайрат Лама Шарип арқылы тізімге алып, елге жеткізбекпіз. Ондағы ағайындармен келістік. Көшіп келуге дайын. Бірақ қаражаттары жоқ. Қазір осы мәселеге байланысты алдағы уақытта қажыларды Меккеге апаратын әуе компанияларының басшыларына Спорт және туризм министрлігі арқылы хатпен шықтық. Әлі жауап ала қойған жоқпыз. Қажыларды апарған соң ол ұшақтар әуежайда тұрмайды ғой. Артқа бос қайтады. «Соған салып ала келіңдер, сауап болады» деп жалынып жатырмыз. Өйтпесек оларды тікелей ұшақпен барып әкелуге мемлекеттен қаржы қарастырылмаған. Олар көп те емес, 140 адам. Елге келетін болса, қолдарына құжаттарын беріп, бейімдеу орталығында білмегенін үйретіп, қоғамға сіңіріп жіберер едік қой. Сондықтан әуе компаниясы басшылары мен туристік фирмалардың жетекшілерінің құлағына бұл сөзіміз жетеді деп ойлаймын.

- Биылға бөлінген 20 мың квотаның бәріне ие табыла ма? Өйткені соңғы кездері елге келетін ағайын сәл сиреп қалды ғой?

- Біз квота мөлшерін жүз пайызға болмаса да 80-90 пайыз орындасақ дейміз. 20 мың отбасын әкеле алмасақ та шамамыз жеткенше тырысамыз. Себебі бұған мынау экономикалық дағдарыс әсер етеді. Мысалға, Қытай қазақтарына паспорт жасату - үлкен әңгіме. Біздегідей оңай ала салмайды. Ол үшін Қазақстаннан шақырту алдырады. Оның сыртында екі рет хат келу керек. Содан соң барып Қытай жағы паспорт істейді. Оған жарты жылдай кетеді. Паспорт қолға тиген соң барып Үрімшідегі біздің елшіліктен виза аштыру керек. Сосын оның жолына қаражат қажет дегендей. Осы аралықта 7-8 ай уақыт кетеді екен. Ал шақырту алуға, паспорт жасатуға бәрінің шамасы келе бермейді. Ол үшін сәл де болса жағдайы болуы тиіс. Биылғы тоғыз айда Қазақстанға Қытайдан 5 мың 900-дей ғана қазақ өтіпті. Сонда жыл соңына дейін тек 10 мың адам өтер. Оны 3 адамнан бөлсең, 3 мың отбасы.

- Мұндай қиындық басқа елдерде де бар шығар?

Моңғолияны айтсақ, онда құжат жасау онша қиын емес. Бірақ олар Ресей шекарасынан өткені үшін виза аштыруға 12 мың теңгеден ақша төлейді. Отбасында бес адам болса, 60 мың теңге төлеуі керек. Ол - 400 доллар. Моңғолияда ондай ақшаны табу оңай емес. Оның сыртында жолға және басқа да қажеттіліктерге қаржы керек. Жалпы, жиыны 1000 доллардай ақша керек. Ондай ақша оларда жоқ болғандықтан, Қазақстанға өте алмай отыр. Күнде келіп-кетіп жүрген байлар бар. Олар өз шаруасымен жүреді. Ал таудың ішіндегі, егін басындағы қарапайым малшы мен диқан ақшасының аздығынан жете алмай отыр. Өзбекстанда да солай. Үйін сатып кетейін десе өтпейді. Малы да арзан. Еңбекақы жоқ. Бір айда табатыны біздің ақшамен 3 мың теңгедей ғана. Біз барып көшіріп әкелгенмен мемлекеттің арасында ондай келісім жоқ. Бас салып барып көшіре алмаймыз. Өткен жолы Орынборға барғанда Елбасымыз Ресейдің президентімен келісіп, еркін келу мәселесін шешті. Дегенмен олар да үй-жайын сатып, зейнетақысын тастап кетуге тәуекелдік ете алмайды. Омбыдағы, Орынбор мен Волгоградтағы, Самара мен Астрахандағы қазақтар тарихи атамекенінде отыр. Олар қашып барған қазақтар емес, ноғайлы заманынан, Алтын орда хандығынан бері отырған атамекені. Қытай мен Өзбекстан және Моңғолиядағы қазақтар да солай. Тарихи атамекендерінде отыр. Елге келейін десе, әкелерінің бейітін қимайды. Айналсоқтап жүргенінің бір себебі - сол. Көрдіңіз бе, осы жылғы 20 мың квотаны толтыру қиын. Біз биылша бұл жоспарды бірнеше жылдан бері квотасын ала алмай жүрген қандастардың есебінен орындаймыз.

- Жаңа әр елдегі Отанына жете алмай отырған қазақтардың қиыншылығын егжей-тегжейлі айтып өттіңіз. Соларды мемлекет арасындағы мәміле, болмаса заңдық күшке ие құжатты келісім арқылы ауқымды жоба аясында көшіріп алудың жолдары жоқ па?

- Келісім болсын, болмасын, паспорт пен виза керек қой. Оның бәрін тегін әкелу - қиын шаруа. Қытайда заң ханзу мен қазаққа бірдей. Өзбектерге де «неге қазақтардың үйін сатып алып, бері қарай жіберіңдер» деп айтпаймыз ғой. Біздің бір ғана айтарымыз: «Көшіңдер ағайын, біз әлемдегі қандастарын жинап жатқан төрт мемлекеттің біріміз. Израиль, Польша, Германия және Қазақстан». Басқа кім бар осылай келіңдер деп шақырып жатқан? Мынадай қиын заманда қайта соған рақмет айтуымыз керек. Бұл мемлекеттің міндеті емес, жасап отырған жақсылығы. Мемлекет ертең «алмаймыз, қабылдамаймыз, өзімізде жағдай болмай жатыр» десе, өзінің құқы. Осыны сезіну керек. «Ойбай көшірмей жатыр» дейді. Мемлекет қалай көшіреді? Қандай шарт болуы мүмкін? Тек «осындай біздің елге көшіп кетуіне, соған үгіт-насихат жасауына рұқсат беріңіздер» деген бір ғана шарт жасасуға болады. Машинаны апарып қойып, желкесінен сүйреп, көлікке күштеп тией алмаймыз ғой. Қай жерде тұрғысы келеді, ол адамның еркі. Оны тіпті конституция шектей алмайды. Сондықтан келісімшартпен деген жай айтылған сөз. Иә, баяғыда еңбек шарты деген болған. Моңғолиядан барып, бәленбай мың адамды бір жолда алып келдік. Бұл тарихта бір-ақ рет кездескен оқиға. Қазір оны ешкім істей алмайды. Ешбір мемлекет өздерінің азаматтарын бергісі келмейді. Өйткені адамдарын жіберу оларға пайдалы емес.

- Қазақтарды жіберуге қытайлар да құлықсыз ба?

- Әрине, құлықты емес. Өзбектер қазір сегіз миллионға азайып кетті. Азаматтары кетіп жатыр. Демографиялық өсім деген алтын байлық қой. Неге біз қазақты шақырып жатырмыз? Неге біз қазақтарды ынталандырып, бала санын көбейтіңдер деп жатырмыз. Себебі мемлекетке адам керек. Жан саны неғұрлым көп болса, мемлекетіміз соғұрлым қуатты болмақшы. Баяғыда даладан тауып алған балаға ата-бабаларымыз Олжабай деп ат қойып, мәз болған ғой. Сырттан адам қосылса, ортаға тартып, сіңдіруге тырысқан. Адамның көп болғанын қалаған. «Өтемістен туған он едік, Онымыз атқа мінгенде, Жер қайысқан қол едік» деп Махамбет тегін айтпаған ғой. Мәселе этникалық сипатында емес. Азаматын жіберуге ешкім жол бере қоймайды. Еуропаны қараңыз, қаншама халықты қабылдап жатыр. Арабын да, түрігі мен қазақты да бәрін бойына сіңіріп жіберіп жатыр. Біз де келген адамның бәрін қазаққа айналдырып, сіңіріп жіберуіміз керек. Қытай да, орыс та, өзбек те осындай саясатты ұстанып отыр. Бұл бізге де қажет саясат. Кейбір қандастарымыз бұл жерге келгенде қазақты көбейту үшін соларды ортаға сіңіріп, ұрпақтары демографиялық ресурсқа айналу үшін келуі керек.

- Келген  ағайынды жоспарлы түрде Солтүстік және шекара өңірлерге орналастыру жұмыстары жүргізіле ме?

- «Нұрлы көштің» мақсаты да сол. Көштің бәрін «Нұрлы көшке» жатқызбау керек. Жұрт осыны түсінбей жүр. Тіпті бір үлкен құжатта да солай жазыпты. Квотаға бөлінген ақшаның бәрін «Нұрлы көштің» қаржысы депті. Бағдарлама биыл үш жерде ғана жүзеге асады. Келесі жылы жеті жерде. Ол бойынша ағайынды шекара өңірлері мен солтүстік облыстарға орналастыру жоспарланып отыр. Қалғандары квотасын алады, өз еркімен орналасады. Солтүстікте әкімдер оралмандарға үй салып беріп жатыр. Маңғыстау облысында тіпті келген қандастарға, 80 мың оралманға Мұнайлы деген аудан құрып берді. Үйді өздері салғанымен, жер беріп, коммуникация жағына, бәріне көмектесті. Бұл мысал басқа өңірлерде де бар. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Аягөз, Көкпекті аудандарының маңынан жер беріп, орналасуларына жағдай жасап жатыр. Өз бетіммен үй саламын, мал бағып, еңбек етемін деген адамдарға әкімдер көмегін аяп жатқан жоқ. Текке айқайлай берудің керегі жоқ. Мемлекет шамасы келгенше жағдайын жасап бағуда. Тек келсе болды. Елбасымыз бөліп берген 20 мың квотаны үлестірейік, келіңдер дегенге келмей, жігеріміз содан құм болып отыр ғой.

- Қазақтар көп шоғырланған елдерге барып, заңға қайшы келмейтіндей үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қалай қолға алынып жатыр? Сол елде тұратын ықпалды адамдар арқылы ағайынның бетін елге бұрса, келетіндер көбейетін болар?

- Бұл бағытта да жұмыстар қызу жүруде. «Нұрлы көш» бағдарламасын жарнамалау ретінде төте жазу, парсы әліпбиі және латынша тілдерде шағын кітапшалар жасап таратудамыз. Радиодан сөйлеп жатырмыз. Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының басшысы Мамашев және оның адамдары барлық елдерді аралап жүр. Елшіліктер жұмыс жасауда. Менің өзім үш мемлекетке барып, аралап келдім. Қызметкерлеріміз көш жұмыстарын ұйымдастырып, Өзбекстан мен Моңғолияда отыр.

- Бәрі бір ауыздан келу үшін де ұлттық тұтастықты көздеген үлкен сана, терең таным керек қой? Соны бір идеология деңгейінде қарау қажет дейсіз ғой?

- «Отандарыңа ие болып, осындай заманның жақсы кезінде келіп алыңдар» дегенге қуану керек қой. Мемлекет құшағын жаюда. Ертең нарықтық экономика толық орнаған соң ұлтарақтай жердің бәрін адамдар меншіктеп алады. Ауа мен судың өзін сатып аласың. Сол кезде көшіп келіп, «әй, маған жер бер, мал бағамын, үй саламын» дегенмен ол қиындау болады. Қазір адамдардың меншікті психологиясы өте тереңдеп бара жатыр. Енді он-он бес жылда Қазақ- станда бос жер де қалмайды. Бетпақтың шөлін де бөліп аламыз. Нарық толық күшіне енгенде ағайыншылық жүрмейді. Еуропа елдерінде тіпті адамды жерлейтін бейіттің орнын сатып алады. Қазір бос қалған ауылдардағы үйлерді жөндеуден өткізіп беріп жатқан әкімдер бар. Мынадай жағдай үнемі бола бермейді. Сондықтан ағайынға тағы да сәлем айтамын: «Мынадай заманның оңында келіп алыңдар!» Кейін сол қазақтар отырған елде не жағдай боларын құдай білсін?! Көшуі үшін адам басына салық төлетуі мүмкін. Сондықтан айналайын ағайын, Жоңғар қақпасы ашық тұрғанда бәрің өтіп алыңдар.

- Көшкен оралмандар шекарадан өткенде жүктеріне салық төлейтін жағдайлар кезігеді. Мысалы, шаруашылығына пайдаланатын тракторына бажы төлеуі керек дегендей. Бұл қалай реттелуі керек?

- Заң бойынша оралманның дүние-мүлкіне тиіспеуі керек. Ол көштің жүгі болып есептеледі. Ал үлкенірек трактор секілді техникалар, сауда мақсатында алып өтпек болған басқа да заттар болатын болса, оған кеденнің белгілі салық мөлшерлемелері бар. Сол бойынша ақша алады. Шындығында, бұның бәрі Парламент депутаттарының қолында. «Анау бір тыртылдаған жалғыз тракторына тиспей-ақ қойыңдар, шаруасын істейтін көлігі» ғой десе жетіп жатыр. Оны енді депутаттар шешетін мәселе. Алдағы заң жобасында бұның бәрі қаралатын болар.

- Жалпы, көші-қон жайына тоқтала кетсек. Басқа елден келіп, қазақ қыздарына үйленіп, осы елге сіңіп кетіп жатқан жағдайлар көп пе?

- Ондай жағдайлар көп. Және ешкімге қой деп айта алмайсың. Өткенде радиодан естідім, қазақтар Нигериядан дей ме, бір жерден келін алдық  деп, мәз болып, шапалақ ұрып жатыр. Адам болғаннан кейін, сезім бар жерде адам баласы аралас некеге жол береді. Басқа ұлттың өкілдері, мысалға, орыстар, қытайлар біздің қазақтың қыздарын алып жатыр. «Қазақтың қызы басқаға шықпасын» деген заң шығара алмайсың ғой. Оған заң жазуға тіпті, Конституция рұқсат бермейді. Ол адам баласының шексіз құқығы. Кімді сүйіп, кіммен тұрмыс құрамын дейді, ол өзінің мәселесі. Басқа ұлттың өкілдері Қазақстанның азаматтығын тезірек алу үшін, Қазақстанда қалып қою үшін, қазақ қыздарына үйленіп жатқан фактілердің бар екенін мен жасырмаймын. Биылдың өзінде 28 қытай, 28 қазақтың әдемі қаракөз қыздарын алып, некеге тұрған. Біздің жігіттер де басқа ұлттан алып жатыр. Әсіресе, қырғыздармен некелесу қатты жүруде. Осында жүрген қырғыз жігіттері де қазақтың қыздарына үйленіп, азаматтық алып, қалып қоюға ынта білдіріп жатыр.

- Бұл болашақта ұлттық қауіпсіздігімізге әсер етпей ме, әсіресе, Қытай сынды алып елдің азаматтарының сұғына кіруі, азаматтық алуы қатерлі емес пе?

- Заңда көрсетілгендей, азаматтық алудың да өзіндік шарттары бар. Оның бәрін талдап отырсақ уақыт жетпес. Ал Қытай болашақта не ойлайды деген секілді геосаяси жағдай менің құзырыма кірмейді. Оған талдау жасамай-ақ қояйық. Еңбек миграциясы бойынша айтсам, қазір елімізде 46 мыңдай адам жұмыс жасап жатыр. Тек елімізде жоқ мамандық иелерін шақырамыз. Оны да мемлекет шектеп жатыр. Өз еркімен келіп жатқан өзбектер мен қырғыздар да бар. Олар жөнінде Президентіміз «Біздің елден пана сұрап, нәпақа іздеп келсе, қалай кірме дейміз. Бүгінгі көрші әрі бауырларымыз» деп өз пікірін айтқан болатын. Оларды еңбек күші ретінде тартып, есепке алған емеспіз.

- Оларды заңсыз эмигранттар деуге келе ме?

- Жоқ. Олардың паспорттарына шекарадан таңба басылғаннан кейін, тәртіпке сай құжаттары рәсімделгесін заңсыз деп айта алмаймыз. Біз бұл сөзді тек басқа балама таппағаннан кейін ғана айтып жүрміз. Өйткені олар еңбек миграциясы квотасына кіретіндердей арнаулы мамандыққа бөлініп, жұмысқа орналаспайды. Былайша айтқанда, беймарал жүрген адамдар.

Датым:
Отанды сүю, қазақты сүю, халықты сүю деген жеке бастың пайдасына, қалтадағы ақшаға байланбауы тиіс. Кешегі Қабанбай мен Бөгенбайлардың, Абылай мен қаз дауысты Қазыбектердің, Алаш қайраткерлерінің отаным деген сезімі, отан үшін жанын пида қылу деген сенімге бағытталған. Бүгінгі ағайын, біз де ұсақталмайық, отан деген сезімді бір қалаш нанға, бір мың долларға айырбастамайық. Қазақтың жері деп, ата-бабамыздың қаны төгілген, сүйегі жатқан атажұртым деп келейік. Отанымызға есептесу үшін келмейік, абыройын еселеу үшін келейік!


Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ, Астана

"Алаш айнасы" газеті 6 қазан 2009 жыл

 

0 пікір